Жаңалықтар

Жастар бас қосқан жиын

ашық дереккөзі

Жастар бас қосқан жиын

«Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы жанындағы саясаттанушылар орталығы «Жас саясаттанушылар» мектебінің мүшелерімен кездесті. «Қазақстан және әлеуметтік қауымдастық» деген атаумен өткен басқосу ашық лекция форматында өтті. Басқосудың мақсаты – еліміздегі саяси-әлеуметтік мәселелер төңірегінде жастардың пікірін тыңдап, тарихи сана қалыптастыру, жастарды ғылымға тартып, партияның қазіргі жұмыстарын түсіндіру. «Алдағы жоспарлар өте ауқымды. Біздің облыс көлемінде әлі зерттелмеген қасиетті жерлерді зерттеу, этнографиялық-археологиялық экспедициялар ұйымдастыруды қолға алмақпыз», – дейді «Нұр Отан» партиясы жанындағы Саясаттанушылар орталығының мүшесі Сайфолла Сапанов. Айта кету керек, өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының бастамасымен «Қарой – Шейітсай – Қарой», «Ақмешіт – Бекет ата» автоэкспедициялары ұйымдастырылып, құрамында саясаттанушылар орталығының мүшелері, жас ғалымдар мен өлкетанушылар бар топ көптеген тың деректер жинақтады. Ал биыл халықаралық деңгейде «Сарайшық – Арыстан баб – Қожа Ахмет Ясауи – Әйтеке би кесенесі (Өзбекстан)» экспедициясы ұйымдастырылып, Ұлы жібек жолы бойындағы қалалар тарихы зерттелді. Экспедицияларға қатысушылардың бірі «Жас саясаттанушылар» мектебінің мүшесі Әділбек Өмірзақ: «Аталған экспедицияның 60-65 пайызы жастардан жасақталды және ұйымдастыру жұмыстары да негізінен жастарға жүктелді. Бұл жастардың тарихты білуге бетбұрыс жасауын үйлестіру, құрамдағы «жас отандық» белсенділер арқылы рухани бабаларымыздың өміріне қайта бір үңілтіп, насихаттау болса, бір жағынан жауапкершілікті шыңдау, сынау, тәрбиелеу. «Тарих –халықтың жады мен зердесі». Ендеше, жадымыздағыны қайта жаңғыртып, ортаға оралту, бабаларымыздың қазақ елінің бірлігі, жерінің тұтастығы үшін жасаған істерін білу, саралап, талдап, маңызын түсіну, мақсатын түйсіну, оны болашаққа жеткізу – біздің буынның парызы. Қазіргі уақытта өз елінің патриотына, елін сүйген азаматқа тән Ұлттық сана қалыптастыру жолында шынайы тарихты білу арқылы тарихи сананы бекіту маңызды. Сапар барысында елдікті ту еткен ерлердің өмірі мен қызметі турасында бізге беймәлім болып келген көптеген деректер мен дәйектерге қанықтық», – деп атап өтті.