2018: Қазақ спортшыларының бір жылы
2018: Қазақ спортшыларының бір жылы
2018 жыл Қазақ спортшылары түрлі додаларда бақ сынады. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін спорт ‒ біздің батырларды да несібесіз қалдырған жоқ. Талай тарлан спортшылар жарқырап танылса, біршама мықтыларымыз өз карерасын аяқтап елді таң тамаша етті. Қазақ спортында бір жыл ішінде қандай өзгеріс болды? Даму үдерісі қай деңгейде?
ҚЫСҚЫ СПОРТТЫҢ ХАЛІ
Жакартада өткен жазғы Азия ойындары талай таланттарды танытты. Сары құрлықтың 45 елінен ең үздік деген 9 мыңнан астам спортшы спорттың 42 түрінен сынға түсті. Қазақстан құрамасынан 440 спортшы қатысты. Спортшыларымыз 15 алтын, 17 күміс және 44 қола, жалпы 76 медаль иеленді. Елімізге алғашқы алтынды семсерлесуден Дмитрий Алексанин сыйға тартса, екінші және үшінді алтынды велоспорттан 150 шақырым қашықтықта және 40 шақырымдық жекелей сында сайысқа түскен Алексей Луценко тарту етті. Джиу-джитсу спортшылары Дархан Нортаев пен Руслан Исраилов та ел қоржынын алтынмен толықтырды. Каратэші Гузалия Гафурова, көркем гимнастикадан Адиля Тлекенова, Даяна Абдирбекова және Алина Адилханова сынды қыздарымыз командалық сайыста жеңімпаз атанды. Алина Адилханова жекелей сында да топ жарып, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атағына қол жеткізді. Үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Жакартадағы Азия ойындарында да әлемнің ең үздік спортшысы екенін дәлелдеп, төртінші рет Азия ойындарын жеңді. Дзюдошы Дидар Хамза, самбошылар Ділшәт Құрышбаева мен Бағлан Ибрагим, ескек есуші Инна Клинова және су добынан Қазақстан ерлер құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, қазақстандықтар үміт артқан күресшілер мен боксшылар бірде бір алтынсыз қайтты. Осылайша, жалпыкомандалық есепте Қазақстан тоғызыншы орынға жайғасты.ӘУЕСҚОЙ БОКС ӘЛЕМІ
2018 жыл шаршы алаңда ешкімге дес бермеген отандасымыз Геннадий Головкин үшін, оның барлық жанкүйерлері үшін спорттағы сәтсіз жыл болғандай. Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында мексикалық «Канело» Сауль Алвареспен екінші рет жұдырық түйістірген «GGG» төрешілер шешімімен жеңіліске ұшырап, WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Бір жыл ішінде екі рет шаршы алаңғы шыққан Головкин мамыр айында америкалық боксшы Ванес Мартиросянды 2 раундта сұлатып салғаны да ел есінде. Бұл Мартиросянның 4 жеңілісі, ал Головкиннің үздіксіз 38 жеңісі еді. Айдар Шәрібаев, Сағадат Рахманқұл алғаш рет қарсыластарына есе жіберді. Есесіне кәсіпқой ринг қазақтың жаңа батырларымен толығып келеді. Атап айтсақ, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Садриддин Ахметов, Батыр Жүкембаев, Әли Ахметов, Мейірім Нұрсұлтанов есімдері әлемдік аренада өз орынын табуда. Аталған боксшыларымыз бірде-бір рет қарсыласынан жеңілген жоқ. Жәнібек Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған тұңғыш әрі жалғыз қазақ атанды. Данияр Елеусінов те әлемдегі ең мықты промоутерлік компания Matchroom Boxing-пен келісімшартқа отырды. Елеусінов кәсіпқой бокстың жарқын жұлдыздары Дэниел Джейкобс, Энтони Джошуа сынды былғары қолғап шеберлерінің промоутері Эдди Хирнмен бірге жұмыс істеуде. Ол кәсіпқой бокста өткізген бес жекпе-жекте де жеңіске жетіп, үш кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. Небәрі 20 жастағы Садриддин Ахметов те болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған оғландар қатарында. «Қазақ сарбазы» лақап атымен танылған боксшы бес кездесу өткізіп, барлығын нокаутпен аяқтады.КҮРЕСШІЛЕР ЕРЛЕДІ