18 Желтоқсан 2018, 12:24 687 0 Тайқазан Арман Құдайберген

Тәуелсіздік тағылымы

Жуырда Алматыдағы «IT» инновациялық техникалық колледжінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын негізге алып мерекелік кеш өтті.

Студент жастар ҚР Тәуелсіздігінің 27 жылдығы мен «Желтоқтан оқиғасына 32 жыл» толғанын ескеріп, азаттық жолында құрбан болған боздақтарға тағзым жасады. Мерекелік кешке университет басшылығы мен оқытушы ұстаздар құрамы, Алматы қаласының студенттері, құрметті қонақтар мен БАҚ өкілдері қатынасты. Колледж студенттері үшін желтоқсан оқиғасының көзін көрген, шараға қатысқан Ақкүміс Ықыласова арнайы шақыртылды. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асхат Бекназарұлы: «Тәуелсіздік жолы, Желтоқсан жаңғырығы жайлы біздер, біздің мұғалімдер айтып-ақ жүр. Сол жылдарды көзімен көрген, қиындығын басынан кешірген, аяз табын сезінген жандардың өз аузынан естісе әсерлі әрі бүгінгі күннің қадірін жете түсінер деп ойлаймыз. Қашан да студенттерімізге адал, отансүйгіш, білімді болыңдар дейміз. Осы мерекелік кештен жастарымыз үлкен тағылым алып қайтады деген ойдамын», ‒ деді өз сөзінде. Оқу жылы басталғалы бері колледж студенттері қалалық, республикалық байқауларда топ жарып, жеңімпаз атанған екен. Университет басшылығы мерекенің шымылдығын құттықтау сөзбен бастап, көпшілік алдында жүзден жүйрік шыққан студенттерді марапаттады.

Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Ақкүміс Ықыласова жастар қойған сұрақтарға жауап берді. 1986 жылғы желтоқсан айының қандай қиынға соққанын, оның зардаптарын, бірнеше жыл бойы ұрпақ армандағанын айта келіп: «Қазір 2 балам, 1 келініммен бірге аядай бір бөлмеде тұрып жатырмын. Жылда желтоқсан жақындаған сайын бір қуаныш, бір өкініш арбасып мың түрлі күй кешемін. Тәуелсіздікке жетер ешқандай бағалы дүние жоқ», ‒ деді.

Мерекелік кеш  «IT» инновациялық техникалық колледж студенттері дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар