Оның кино әлеміне алғашқы қадамы өткен ғасырдың 70-жылдары жарық көрген «Құлагер» фильмінен басталды. Ақан серінің мылқау баласын сомдаған 7 жасар бүлдіршіннің болашағы сол кезде-ақ бағдарланып қойған еді. Араға жиырма бес жыл салып ол өз саласына – режиссураға қайта оралды. 1990 жылдары көрерменнің көзайымына айналған «Құс» қысқаметражды фильмінің жалғасы – «Ай Күнді сүйеді» киноновелласының тұсаукесері өтті деген ақпараттан соң іле-шала оның биыл Қазақстан атынан Канн кинофестивалінің Short Film Corner бағдарламасына қатысатыны туралы жаңалық ақпарат құралдарында лезде тарап кетті. Осы орайда фильмнің режиссері, композитор, продюсер Әлі Шер Сүлейменмен әңгімелескенді жөн көрдік. Сұхбат өнер мен мәдениеттің шеңберімен шектелмей, қоғам өмірінің өзге салаларындағы өзекті мәселелерді де қаузады.
– Тырнақалды туындыңыз – «Құс» қысқаметражды фильмі 1990 жылы жарық көрген еді. Оның жалғасы тек 25 жылдан соң ғана экранға шығып отыр. Көрерменді неге мұнша ұзақ күттірдіңіз?
Мәскеудегі Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтын тәмамдаған соң, 1988 жылы елге оралдым. Режиссер, сценарист ретінде алғашқы жобаларым сол кезден басталды. «Айналайын» фильмінің сценарийін жаздым, «Құс» қысқаметражды фильмін түсірдім. Көркем фильмдерде бірлі-жарым рөлім болды. Туындыларым бағаланып, 1992 жылы Қазақстан Жастар мемлекеттік сыйлығын алдым. Куаныш көпке созылған жоқ. 1993 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты киностудиямыз жабылып қалды. Қақпасына қара құлып салынды, қолымызға «жұмыссыз» деген бір-бір қағазды алып, жан-жаққа тарап кеттік. Басқа салаға бет бұруыма тура келді. Музыкамен кәсіби түрде шұғылданып, шоу-бизнеске түрен салдым. Телевизияда, коғаммен байланыс, бизнесте бақ сынап жүрдiм, аткарылған жұмыс пен үйренген кәсіп аз болды дей алмаспын. 25 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. «Құс» фильмін түсіргенде жасым небәрі 25-те еді. 25 деген режиссура үшін, жалпы шығармашылықтың қай саласы үшін де өте аз ғұмыр. Саралаудан – сезімнің, ойдан – сөздің көп шағы. Тәжірибе толыспаған, көрерменге айтар ойың жүйелене қоймаған кез. Кейінгі 25 жылды өзімді, өмірді тануға, тәжірибе жинақтауға арнадым. Ел көрдім, жер көрдім, әр саланың адамдарымен араластым. Бірақ түбінде кино әлеміне қайта оралатынымды білдім. – «Құс» фильмі жарық көре салысымен Киевте өткен «Молодость» Халықаралық кинофестиваліне қатысып, байқаудың бірінші жүлдесіне ие болған екен. Сондай-ақ Мәскеу мен Ташкент кинофестивальдарында да жоғары бағаланыпты. Қазіргі уақытпен, киноның бүгінгі мүмкіндіктерімен салыстырғанда оның көмескі тартып, шикі секілденіп тұруы заңды шығар. Жастығыңызды бекер жазғырып жатқан жоқсыз ба? – Кинематографтың ол кездегі қауқарын қазіргі әлеуетімен салыстыруға болмас. Стилистикалық, эстетикалық тұрғыдан алып қарасақ, ет қызуымен жасалған эпизодтар бар. Бірақ фильмнің негізі – көтерген тақырыбы, идеясы күні бүгінге дейін өзектілігін жоймағанына, қазір де көрерменнің жүрегін жаулап, сезімдерін билейтініне көзім жетті. 25 жылдан кейін оның жалғасын жұрт құныға, қызыға көрді. – Біткен іске сыншы көп. Көрерменнің талқысына салынған соң мақтаудың да, даттаудың да болатыны белгілі. Кімнің пікіріне көбірек иек артасыз? Ең бірінші сыншыңыз кім? – Өнерде жүрген адамның ең бірінші сыншысы – өзі. Алғашқы идеясынан бастап тұсаукесерге дейінгі әр қадамым өз бақылауымда. Ал ең бірінші көрерменім – жолдасым, балаларымның анасы – Әсел апайың. Ол – өнертану ғылымдарының өкілі, өнердің өз адамы. Сондықтан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін менен артық білмесе, кем білмейді. – Анаңызбен де кеңесіп отыратын боларсыз. Белгілі жазушы-драматург, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова фильмге қандай баға берді? – Анамның пікірі мен үшін өте маңызды. Батасын алмай, үлкен іске кіріскен емеспін. Ақылын айтып, артық кеткен жерімді түзеп, кем түскен жерімді толықтырып отырады. Ол кісі кино саласының жілігін шағып, майын ішкен адам. Қазақ ССР мемлекеттік кино комитетінде бас редактор болды, «Жаңа фильм» журналына жетекшілік етті. Қаншама режиссерлер мен драматургтердің томағасын сыпырып, өз қолынан ұшырды. Анам ретінде ғана емес, маман ретінде де ол кісінің көмегіне көп жүгінемін. «Ай Күнді сүйеді» фильміне келсек, туынды анамның оң бағасын алды. – Баспасөзге берген бір сұхбатыңызда: «Табиғи, пәк ғұмырдың ұзақтығы 7-ақ жыл» деген екенсіз. Пендешілік 8 жастан бастала ма сонда? – 7 жастан кейін әлеуметтік ғұмыр басталады. Адам баласы жеті жасқа дейін және 77 жастан асқан соң өзінен жоғары, биiк құдіретпен тікелей байланыста бола ма деп ойлаймын. Өмірге пәк, таза көзбен қарайды. Мәселен, еңбектеп жүрген бала алманың алма деп аталатынын білмеуі мүмкін. Бірақ оның иісін алыстан жазбай таниды, дәмін де ештеңемен шатастырмайды. Мұқағалидың «Сәби болғым келеді» деп жырлауы бекер болмаса керек. 7 жастан кейін мектеп, жоғарғы оқу орны, жұмыс, қоғамдық істер – қым-қуыт тірлік тізбектеле береді. Тіршілікке деген көзқарасың күрт өзгереді. Санаңды «Өмірдің мәні – біреуді басып озу, қай істе де өзіңдікі жөн екенін дәлелдеп, жеңіске жету» деген ой билейдi. Адамның жалған «мені» пайда болады. Менің әкем, менің шешем, менің ойыншығым деген меншіктер менің отбасым, менің жұмысым, менің табысым деген иеліктерге айналады. – Сіз режиссерлар мен музыканттарға ғана емес, журналистерге де әріптессіз. Бір кездері «Атамекен», «Майдан», «Асар» атты төл жобаларыңыз арқылы тележурналистикада да өз қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Көк жәшіктің бүгінгі тыныс-тіршілігін бақылап отырасыз ба? – Жоқ, мүлдем көрмеймін. Телеарналардың не беріп, не қойып жатқанынан бейхабармын. – Неге? Отандық телеөнімдер тартымсыз ба? – Арналарды отандық, шетелдік деп бөліп жатқан жоқпын, теледидарды мүлдем қоспаймын. Ақпараттық сайттарды да ақтара бермеймін. Аптасына бір рет шолып шығуым мүмкін. Елең еткізген құбылыс, назарымды жаулаған оқиғалар аз. Телевизия – ақпарат құралы. Мен ақпарат емес, білім іздеймін. Екеуін шатастырмаған жөн. Телевизияның танымдық функциясы бар дегенге сеніңкіремеймін. Ақпараттың білімге айналу құбылысы адамның өз санасында жүзеге асады. Адам мың кітап оқуы мүмкін. Бірақ сонша кітаптан алған ұшан-теңіз ақпараттың білімге айналдыру тетіктерін таба білмесе, уақыты мен күш-қуатының зая кеткені. Мәселен, сіз бидайды дақыл күйінде жемейсіз ғой. Диірменге тартып, ұн жасап, қамыр ашытып, оны пісіріп барып тұтынасыз. Оқыған мың кітабыңнан керегіңді алып, игілігіңе жарата алмасаң, уақытты бекер өлтірудің қажеті жоқ. Ақпараттық жүйелер білім береді деген жалған көзқарастан арылу керек. Олар тек ақпарат береді. Ал оны түсіну мен ұғу, қорыту мен игеру өзіңнің ішкі сана-сезіміңнің қабылдау деңгейіне байланысты. Мысалы, менің медицинаға қызығушылығым бар, сонғы 8 жылдың iшiнде бірнеше саласын зерттеудемiн. Молекулярлық медицинада, гомеопатия мен фитотерапияда, энерготерапияда ақпарат өте көп, біразымен таныстым. Бірақ қанша оқысам да, бәрін асай беру шарт емес. Ақпарат – бiлiмге, бiлiм – тәжiрибеге айналуы қажет. – Белгілі адамдардың баласы болу адамға үлкен жауапкершілікті жүктейтіні анық. Өнерге алғаш қадам басқан шақта ата-анаңыздың есімі үлкен демеу болғанын үнемі айтып жүресіз. Бұл қарыздың қайтарымы перзенттік парыздың өтемінен бөлек болар? – Казақ өнерінің нымшасына тері сіңген адамдардың баласы болу оңай нәрсе емес. Бұл – үлкен жауапкершілік, ауыр жүк. Атақты адамдардың перзенттері мойындарына ауыр қамыт іледі. Ол жеңіл өмір емес, жеңіл өмір деп ұғып жүргендердің ту биікке көтерілгені шамалы. Ата-анасының өткен жолымен жете таныс баланың жауапкершігі екі есе артады. Әулетіңнің атына дақ түсірмей, ата-анаң жеткен биікке сенiң де ұмтылуың шарт. Артыңнан ерген балаларыңа кімнің немересі екенін түсіндіру, ата-әжесінің атына лайық болуды ұқтыру қажет. Қазақ халқының салт-дәстүрінде бұл үлгі-өнеге бар. Сонықтан дәстүрді берік ұстанар болсақ, бұл қасиет балаларға да беріледі. – Балаларыңыз Асқар Сүлейменов пен Алтыншаш Жағанованың шығармашылығымен жете таныс па? – Балаларым ата-әжесінің шығармаларын түсініп оқитын жасқа жете қойған жоқ. Үлкен ұлым 6 жасынан бастап АҚШ-та тұрады. Оның қазақ тілінің деңгейі бір-екі жылдық тілтану курстарын тәмамдағанмен бірдей. Ағылшыншасы, аздап орысшасы мен французшасы бар. Бірақ Қазақстанға жиі келмегендіктен қазақ тіліне шорқақ, ол жағынан осалдаумыз, шыны керек. Оған Асқар Сүлейменовтің лингвистикалық прозасын оқу оңайға соқпасы анық. Бәлкім ағылшын тіліне аудару керек шығар. Екінші ұлымның жасы 13-те. Әдебиетті оқып қана қоймай, көкейіне тоқитын жасқа енді жетті деп ойлаймын. Үшінші ұлым 7-де, төртіншім 4 жаста. Жастары жетіп, ақылдары толысқан соң ата-әжесінің шығармаларын ғана емес, қазақтың мықты қаламгерлерін міндетті түрде оқытамын. – Сөз күйінде қалдырмай, Асқар Сүлейменовтің шығармаларын ағылшын тіліне аудару ісін қолға алғыңыз келмей ме? – Әрине. Әкемнің туындыларын орыс, ағылшын тілдеріне аудартқым келеді. Бұйырса, қаржы көздерін қарастырып, осы мәселені шешуді қолға аламын. Тағы бір асқақ арманым бар: екі деректі фильм түсіргім келеді. Бірі – әкем жайлы, екіншісі – анам туралы. Қазір қолға алып, жоспарлап қойған жобаларым сапталған соң, арманымды жүзеге асыру жолында тер төгу керек. – Қолға алған жобалар деп көпшілікті елеңдетіп қоймай, кеңірек тоқталып өтсеңіз. Көрерменге ұсынбағыңыз не? – Канн фестивалінің қорытындысы шығып, «Ай Күнді сүйеді» фильмін көрсеткен соң, сәуірден бастап екінші фильмге көшеміз. Жаңа киноновелланың аты – «Тұлпар». Қазақтың төл бейнесін сипаттайтын жоба. Киноновелла шал мен тұлпардың байланысын өзек етпек. Қарияны жан серігіне айналған жануарды өз қолымен бауыздауға душар еткен не, шал тұлпарын бауыздай ма, жоқ па – көрермен бұл сұрақтардың жауабын «Тұлпарды» тамашалау кезінде алар. Фильмнің сценарийі дайын, бюджеті есептелген. Қаржы көздерін, демеуші болатын адамдарды іздестірудеміз. Кино саласында қай кезеңде де ақша – шешуші құрал. Қажетті сома жиналса, фильмнің көрерменге жол тартар күні алыс емес. – Әлемдік киноиндустрия краудфандинг әдісін батыл қолдана бастады. Мәселен, ресейлік режиссер Андрей Шальопа «28 панфиловшылар» фильмі үшін дәл осы тәсілмен, яғни көрермендердің көмегімен 30 миллион рубль жинаған. Қазақстандық режиссерлер бұл әдіске баруға неге жүрексінеді, әлде қазақ көрермендерінің белсенділігі төмен бе? – Оны толықметражды фильмдер түсіріп жүрген режиссерлерден сұрау керек. Қысқаметражды фильмдердің табиғаты мүлдем басқа. Фильм түсіріліп болған соң, бір-екі көрсетілімнен кейін оның деңгейі анықталады. Әлемдік туындылармен бәсекеге түсе алатындай жоғары деңгейде болса, халықаралық кинофестивальдарға қатысады. Фестивальдар аясында киножәрмеңкелер ұйымдастырылады. Жәрмеңкелерде өз туындыңды продюсерлер мен дистрибьюторларға ұсына аласың. Көңілінен шығып, фильмнің коммерциялық құқықтарын сатып алатын болса, фильмнің қайда, қашан көрсетілетінін солар шешеді. Сондықтан «Ай Күнді сүйеді» фильмінің тағдыры әзірге белгісіз. Қазақстанда көрсетіле ме, көрсетілмей ме – тап басып айта алмаймын. Киножәрмеңкелерде әлі түсірілмеген жобалар да синопсис деңгейінде сатылып кетуі мүмкін. Кейбір продюсерлер жартысын, кейбірі қажетті соманың 100 пайызын құюы ықтимал. Қазақ фильмін Америка, Франция мен Португалия жұртшылығы көретін болса, қуанамыз әрине. Еліміз бен жерімізді, мамандарымыздың әлеуетін танытуға тамаша мүмкіндік емес пе? Бірақ өзім түсірген туындыны алдымен өз көрерменім, қазақ аудиториясы көргенін қалаймын. Мәселе қаржы көздеріне келіп тіреледi. Бұны қалай шешуге болады? Меніңше кино туралы жеке заң қабылдап, құжатта салаға меценаттарды тартудың жолын жеңiлдету керек. Біздің белді де білекті кәсіпкерлеріміз, әлеуетті компанияларымыз бар. Егер мәдениет пен спортқа қаржы құйғысы келетін азаматтар үшін жеңілдіктер жасап, салықтардан босатудың жолы қарастырылатын болса, өнердің өрісі кеңейе түсер еді. Мысалы, шетелдік тәжірибені алатын болсақ, спорт ұжымдарына, байқаулар мен турнирлерді өткізуге ақша бөліп жүрген кәсіпкерлер жыл соңында салықтан босатылады. Біз де демеушілікті заң жүзінде жүйелесек, өнерге, әсіресе, кино саласына демеу болғысы келетін азаматтар баршылық. Солардың арқасында режиссерлеріміз бен продюсерлеріміз сыртқа елеңдеуді, қаржы іздеп шетел асуды қояр еді. Егер қазақ киносын экономикалық тұрғыдан қолдағымыз келсе, «Мәдениет туралы» заңға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізген жөн. Қазіргі таңда отандық кинопрокаттың 95 пайызы Голливудтың блокбастерлерінен тұрады. Біздің коммерциялық өнімдер қаншалықты табысты болса да, олардың үлесін шетелдік өнімдермен салыстыра алмайсың. Менің ойымша, заңмен негіздеу арқылы кинопрокаттағы шетелдік фильмдерге салық салу керек. Сол салықтан түскен қаржы қазақ киносының дамуына жұмсалуы тиіс. Яғни шетелдік киноның табысы артқан сайын, отандық фильмдердің әлеуеті де арта түспек. Бұл жүйе Франция кинематографында кеңінен қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеген. Бұған қоса, қазақ киносын түсіруге мұрындық болғаны үшін, эфир уақытынан көбірек орын бергені үшін телеарналарға да преференциялар берілуі тиіс. Мен экономист емеспін, бірақ отандық киноны дамытудың мұндай жолдары көкейге қонымды деп ойлаймын. – Қазақ өнерінің қай саласын алып қарасақ та, мейлі кино мен театр, бейнелеу өнері мен сәулет өнері болсын, шетелде насихатталуы көңіл көншітпейді. Сыртқы ортамен мәдени байланыстың жолға қойылмағанын жуырда вице-министр Бердібек Сапарбаев та сынға алды. Қалай ойлайсыз, бұл қазақ өнерінің нарыққа бейімделе алмағанын көрсете ме? – Қазақ елінде дарынды адамдар өте көп. Күні бүгінге дейін арамызда жүрген өнер майталмандары бар, олардың өкшесін басқан аға буын мен өнер саласында енді ғана бой көрсетіп жүрген жас таланттар бар. Кино мен театрда ғана емес, бейнелеу өнерінде, би өнерi, операда, сәулет өнерінде де дарындар жетерлік. Сыртқы насихатты арттыру үшін алдымен ішкі насихатқа мықтап ден қою керек. Қазіргі жағдайда мәдени даму сараланған, өлшеніп-пішілген, терең талданған стратегия жолымен жүруі керек деген ойдамын. Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, Кедендік одаққа мүшеміз, Дүниежүзілік сауда ұйымына енетін күн де алыс емес дейді мамандар. Бұл интеграция тек экономикалық алмасу емес. Тетігін тапсақ, рухани байланысқа, мәдени алмасуға да жолдар ашылып отыр. Не өндіріп жүрміз, не ұсынып отырмыз, не жинап жүрміз – қолда бардың бәрін жүйелендіріп, бір ізге түсіру қажет сиякты. Өнер азаматтарының, мәденет қайраткерлерінiң, дарынды тұлғалардың, Мәдениет және спорт министрлігінің алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Алла каласа, Қазақстан деген мемлекет, қазақ деген халық жер шарына енді ғана құлаш сермей бастады, оның әлемге танылар, көптің аузына ілінер күні әлі алда. Жаһандануға бір кездері үрке қарайтын едік, қазір оған мойынсұндық. Жаһандану деген не? Экономикалық тұрғыдан алсақ, бұл ірі трансконтиненталдык, халықаралық корпорациялардың пайда болуы. Идеологиялық тұрғыдан, яғни ақпараттандыру жағынан да мүмкіндік мол. Айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызатын интернет деген құрал бар. Спутниктік жүйе арқылы әлемнің кез келген бұршынан ақпарат ала аламыз. Мәдени тұрғыдан алсақ, халықаралық байқаулар мен басқосулар бар. Біз бұл құбылыстарға тәуелді болмасақ та, ішкі дамуымыз сыртқы ортамен тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек. Жаһанданудың әрбір халықтың ұлттық ерекшеліктерін жойып жіберетін қауқары бар. Қазiр қандай істі қолға алсақ та, алтынқазығымыдың мықты болуына ерекше көңіл бөлу керек. Киіз үй тұрғызғанда біз ең алдымен неден бастаймыз? Үлкен бақанға бекітіп, шаңырақ көтереміз. Кейін шаңыраққа уықтармен бекимiз, уықтарды керегеге байлаймыз. Содан соң кіретін есігін орнатамыз. Қаңқасы жасалған соң, сыртын әдемі киізбен қаптап, шаңырағына түндік жабамыз. Жел мен суық өтетiн бірлі-жарым қуыстарды жамау керек. Қазақтың мәдениеті, дәстүрі мен салтын, тілі мен ділін – бар байлығын сақтап қалу үшін, жаңа заманға бейімдеу үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуі ауадай қажет. Егер ауыл-аймақтағы кітапханалар сандық технологияга көшсе, интернет еліміздің түкпір-түкпірінде қолжетімді болса, қандай жақсы. Урбанизация қарқыны неге жыл өткен сайын артып барады? Ауылдағы технологиялык, ақпараттык, мәдени құбылыстардың дамуы баяу болғандықтан жастардың біразы ат басын қалаға бұрады. – Кинематографтағы үзеңгілестеріңіздің еңбегін, салаға енді ғана түрен салған жастардың аяқ алысын бақылап отыратын боларсыз. Сіздіңше қазақ киносының соңғы 2-3 жылдағы табысы қайсы? – Кино саласында екі бағыт бар: коммерциялық және коммерциялық емес. Біріншісі кино арқылы бизнес жасауды көздесе, екіншісі – таза өнер. Екеуi де ел үшiн. Бiрақ пайдасы мен құндылығы әртүрлi. Қазір алғашқысы басым түсіп тұр, тек табыс табу үшін түсірілген фильмдер көптеу. Сапасы сын көтермейді, арзан сериал деңгейінде. Ортаңқол дүниесiн көрсетіп, «кино түсірдім» деп жалпақ әлемге жар салып жүргендер жетедi. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Әркімнің талғамы әртүрлі. Маған ұнамайтын туынды басқаға ұнауы мүмкін. Мені қызықтыратыны – екінші бағыт, яғни киноөнер. Елімізде ғана емес, шетелдік кинематографта да есімдері танылып үлгерген жастардың бары қуантады. Олар бәйгеге қосылса, тілеулерін тілеп отырамын. Меніңше, түсірген туындың сапалы болуы үшін кино өнерін жан-тәніңмен сүюің керек. Өнерге баюдың жолы деп емес, ойыңды жеткізудің, көппен диалог орнатудың жолы деп қараған жөн сияқты. – Қазақта «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген тәмсіл бар. Сіз бір емес, бірнеше кәсіпті қатар алып жүрсіз. Егер уақытым мен күш-қуатымды бір ғана салаға, айталық киноға арнасам, өнерге бергенім көп болар еді деген өкінішіңіз жоқ па? – Жоқ, өкінген емеспін. Жылқы бағудың қыр-сырын білетін жылқышыға жалғыздан гөрі бiр үйір жылқыны баққан оңай. Алла Тағаланың әмірімен кей адамның маңдайына өзінің және жақындарының игілігі үшін ғана емес, көптің игілігіне қызмет ету парызы жазылуы мүмкiн. Табысты істің 99 пайызы еткен еңбегіңе байналысты, 1-ақ пайызы дарынның үлесіне тиеді-ау. Тоқсан тоғыз пайыз талантты болса да, оны шыңдау үшін тер төкпеген адамнан ештеңе шықпайды. Тағы бір түсінгенім, кішігірім нәрселермен шұғылданып жүрген адамның ірі дүниеге тісі батпайды, уақыты да, шама-шарқы да жетпейді. Өзіме келер болсақ, кино, музыка, әдебиет – үшеуі де шығармашылықтың салалары болғандықтан, бір-бірімен тығыз байланысты. Біреуі екіншісіне кедергі келтірмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұрады. Табиғаттың құбылуына қарай жылдың әр мезгілінде әр салаға ықыласым артады. Мысалы, көктемде музыкаға, жазғытұрым кино саласына, күз бен қыста уақытымның басым бөлігін әдебиетке арнаймын. – «Ай Күнді сүйеді» фильмі қоғамдағы махаббат пен мейірімнің тапшылығын арқау етіпті. Сіздіңше, бұл құндылықтардың құнын төмендеткен не? Қоғам неге қатыгез боп барады?
Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА
Суреттерде: "Ай күнді сүйеді" қысқаметражды фильміндегі көріністер