Жаңалықтар

Астанадағы мектеп асханаларында ас мәзірі өзгереді

ашық дереккөзі

Астанадағы мектеп асханаларында ас мәзірі өзгереді

Астанадағы мектеп асханаларында жаңа жылдан бастап ас мəзірі өзгереді. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасының басшысы Əнуар Жанғозин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Əнуар Жанғозиннің айтуына қарағанда, келесі жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған ас мәзірі қаладағы 41 орта мектепке енгізіледі. Содан кейін бұл өзгеріс басқа мектептерді де қамтитын болады. Тарқата айтқанда, алдағы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің №717 бұйрығындағы жаңа өзгерістерге сəйкес, тамақтану ережелері жарияланады. «Біріншіден, балалар жаңа ас мəзір бойынша толыққанды тамақтанады. Екіншіден, аталған мəзірге түрлі тамақ түрі, яғни денсаулыққа пайдалы жемістер мен көкөністер енгізілмек. Мысалы, таңертең балаларға жаңа ас мәзірі бойынша сүттегі күріш ботқасы, бутерброд (май мен ірімшік), жеміс-жидек, алма немесе күріш, қант қосылған шай беріледі. Ал сағат 10-нан кейін оқитын оқушыларға сиырдың етінен жасалған котлет, макарон, алма және қант қосылған шай беріледі», - деді басқарма басшысы Астана қаласы әкімдігінде өткен брифингте. Əнуар Жанғозиннің айтуынша, жаңа ас мәзірінің бағасы әр балаға 355 теңге болады. Жалпы келесі жылы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 4 млдр теңге шамасында қаражат қарастырылған. Ал жаңа ас мәзірін Қазақ тағамтану академиясы мақұлдап отыр.