Талдықорғанда онкологиялық дертті ерте анықтау орталығы іске қосылды
Талдықорғанда онкологиялық дертті ерте анықтау орталығы іске қосылды
Елбасы Жолдауында айтылған онкологиялық ауруларды ерте анықтау тапсырмасын орындау мақсатында Талдықорғанда арнайы орталық іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл еліміздің денсаулық сақтау саласын цифрландыруға бағытталған бірегей жоба. Радиологиялық-ақпараттық кешен онкологиялық ауруларды алғашқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Орталық Алматы облысындағы 13 емдеу мекемесінің 70-тен астам қондырғыларымен байланысқан. Жасанды интеллект аппараттардағы ақпаратты жедел саралап, рентген суретінен ісіктің бар-жоғы, деңгейі туралы нақты ақпарат береді. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асқан. Жаңа бағдарламаны Түркия мемлекетінің мамандары қазақстандық әріптестермен бірлесіп құрастырған.
«Біздің елімізде диагностиканың ерте жасалуына екпін беру өте маңызды. Бұл жоба өкпе мен сүт безі обырын анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл орталықтың пайдасы өте көп деуге болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева.