Жаңалықтар

Анасының қызылшаға қарсы екпе салдырмауы құрсақтағы баласына әсер етеді

ашық дереккөзі

Анасының қызылшаға қарсы екпе салдырмауы құрсақтағы баласына әсер етеді

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин 1 жасқа толмаған балалардың қызылшамен ауыруына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қызылшаға қарсы екпе бала 1 жасқа толғанда ғана егілуі тиіс. «Бір жасқа толмай қызылшамен ауырған сәбилер ана құрсағында қажетті иммунитетті ала алмаған. Демек, аналары дер кезінде екпе салдырмаған. Әрине, 90-жылдары вакцинаның жетіспеушілігі байқалды, барлығына жетпеді. Ал қазір аналардың салғырттығынан балалар зардап шегіп отыр. Болашақ аналар осыған мән беруі керек», - деді Ж. Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, Ж. Бекшин екпе салдырмау құқығы берілген Еуропадағы жағдайды ерекше атап өтті. «Біз үлгі ететін Еуропада қазір 70 мыңнан астам жағдай тіркеліп отыр. Екпеге қатысты еркіндік осындай жағдайға әкеп соқты. Қазір Францияда қызылшаға қарсы екпе міндеттелді. Италия да осы саясатты ұстануға көшті. Біздің елімізде жыл сайын 4-4,5 мың адам екпеден бас тартады. Ескі көзқараспен немесе діни себептермен екпе салдырмайтындар жиі кездеседі. Бұлай орта ғасырға кетіп қалудың қажеті жоқ», - деді бас санитарлық дәрігер. Дегенмен, дәрігерлер жүргізген түсіндіру жұмыстарынан кейін мыңдаған тұрғын екпе салдыруға келісім берген. «Жыл басынан бері 2,5 мың қазақстандық өз пікірін өзгертіп, екпе салдыруға келісім берді. Бұл жұмысты жалғастыра бермекпіз. Екпенің қажет екенін халыққа дұрыс түсіндіру маңызды», - деп өз сөзін түйіндеді Жандарбек Бекшин.