«Қайтқан малда қайыр бар»

«Қайтқан малда қайыр бар»

«Қайтқан малда қайыр бар»
ашық дереккөзі
Жуырда Ақмола облысында 3 күнде мал ұрлығына қатысты 20 қылмыстың беті ашылып, 236 түлік иелеріне қайтарылды. Мал ұрлығының алдын алу, ескерту және малды құжатсыз тасымалдаудың жолын кесу үшін 5 желтоқсаннан бастап, өңірде «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы жүргізілді. Облыс аумағындағы автокөлік жолдарының бойында 30 мобильді топ жұмыс істеді. Олар тәулік бойы мал және ет өнімдерін тасымалдаушыларды тоқтатып, құжаттарын тексерістен өткізді. Шараның алғашқы үш күнінде полиция қызметкерлері 80-нен астам автокөлікті тексеріп, құжатсыз мал және ет өнімдерін тасымалдауға қатысты 13 оқиғаны анықтаған. Сонымен қатар, шағын базар, ет комбинаты және шұжық цехтары, мал және ет өнімдерін сату және сатып алу орындары тексерілді. Әсіресе, аудан орталықтары мен қалаларға кіреберіс жолдың бойы қатаң бақыланды. Мал ұрлығына қатысты 20 қылмыс анықталса, оның 18-і бұрын жасалған. Қылмысқа қатысы бар 16 адам ұсталды. Есіл ауданында Орловка ауылының тұрғынына жайылымнан жоғалып кеткен 44 бас жылқысы қайтарылды. Жоқ іздеушінің айтуынша, шығын көлемі 3,5 миллион теңгеге бағаланды. Арнайы құрылған топ жедел іздестіру шарасы барысында жоғалған жылқыларды Жақсы ауданының аумағынан тапты.