Жаңалықтар

14 жастағы кәсіпкер

ашық дереккөзі

14 жастағы кәсіпкер

Ақтөбелік оқушы Серік Берікұлы 14 жасында кәсіпкер атанды. Ол көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығын ашты. Ақтөбе облысы, Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықта тұратын Серік Берік­ұлы қазір көлік жөндеп жүр. Шұбарқұдық гимназиясының оқушысы техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, табыс табуға көшкен. Оқушы математика пәнінен олимпиадаларға қатысып, тіпті, ғылыми жетекшісімен бірге жаңалық ашып жүр. «Серік Берікұлы 7-сыныптан бастап ғылыми жұмыстар жазып жүр. Қазір ол 9-сынып оқушысы. Математика пәні бойынша мектепте, аудан, облыста олимпиадаларға қатысып жүр. Қоспаны араластыру есебі бойынша ғылыми жұмыс жазуда. Тұзға су, құмға цемент араластыру кезіндегі есепке арнайы формула ойлап тапты. Екі әдісі бар. Өткен жылы еш нәтиже бермегенімен, биыл «Дарын» ғылыми жұмыстар байқауында екінші орын алды. Ал машина жөндеуге деген қызығушылығы әкесіне көлік жөндеуге көмектескенде оянған, солайша диагностика қоюды үйренген. Компьютерлік диагностикаға арналған бағдарламаны сатып алуға 40 мың теңгеден астам ақшасын жұмсады. Өткен жылы осы істі бастаған болатын. Көлік жөндеудің бәрін өзі меңгерді. Оқушы есебінде өте алғыр, математика пәніне жүйрік», – деді Шұбарқұдық гимназиясының мұғалімі Тимур Сарин.