Шексіз далада – Чехияның ірі қарасы
Шексіз далада – Чехияның ірі қарасы
Қазақстан ауыл шаруашылығы өкілдері енді ірі қараларды Чехиядан тасымалдауға мүмкіндік алды. Жуырда еліміздің мал шаруашылығы мамандары екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту жобасы аясында Чехия Республикасына барған болатын. Етті және сүтті асыл тұқымды ірі қараларды тасымалдау үшін тараптар өзара келісімдерге қол қойды.
Қазақстан делегациясының өкілдері мүйізді ірі қараны экспорттаумен айналысатын 5 компания өкілдерімен кездесіп, Чехияның ауыл шаруашылығы министрлігі мен осы елдің экспорт банкінде болды. Сондай-ақ олар малшылар одағында 6 ірі ферма мен 2 тұқым станциясының жұмысымен танысты. Енді отандық малшылар Simmental, Angus және Holstein сияқты ірі қара түрлерін қазақ даласына алып келмек. Чехия фермалары мен ғылыми-зерттеу институттары Қазақстанмен ынтымақтастықта еңбек етуге мүдделі екенін айтып отыр. Бұл бағытта олар тек Қазақстанға мүйізді ірі қараны жеткізуге ғана емес, қазақстандық тұқымдарға да қызығушылық танытқан. Малды асылдандыру елде мүйізді ірі қараның сапасы мен экономикалық тиімділігін дамытудың маңызды құралдарының бірі саналады. Чехияда бұл жүйе осыдан 50 жыл бұрын енгізілген және осы салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілген. Мысалы, Чехиядағы әр сиырдан сауылған сүт деңгейі ЕО көлеміндегі үздік көрсеткіш болып табылады.