Батамен елді көгерткен
Батамен елді көгерткен
Жуырда Шығыс Қазақстан облысында «Ақ бата, асыл мұра» атты бата беруден облыстық байқау өтті. Үржар ауданына қарасты Қарақол ауылында тұратын Зияда Бекбаев 22 қатысушының ішінен жеке дара шығып, жеңімпаз атанды. Ақсақал тоқтаусыз төрт-бес сағат бата бере алады. Жасы 92-ден асқан батагөй қария қол жайып келген жанға ізгі тілегін қара өлеңмен төгілте жөнеледі. Бір ғажабы, ауылда агроном болып еңбек еткен ақсақалға бұл қасиет соңғы 10 жылда қоныпты. Тіпті тақырыпқа сай, келін түсіру, қыз ұзату, жолаушыға, жас ұрпаққа деп тілектерін біріне бірін ұқсатпай өлеңмен өреді екен. Мұның бәрі ертеректе ескі дастандар мен жырларды, нақыл сөздерді ерінбей оқып, көкейге құйғанның нәтижесі болса керек. «Келешек ұрпақ өсіруде қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса-дағы пайдасы тиер-ау деген мақсатпен: Біріңді-бірің сыйла, балаларым! Көз алартып, тәкаппар қарамағын! Ақылменен өзара табыспасаң, онда, шіркін, түкке де жарамадың. Қара суды бөліп іш туысыңмен, сәби бала сияқты күлкісімен. Тамаша бәрі әдемі ұнап тұрар, Туғандарын білдіріп бір кісіден», – деп өсиет айтады. Батагөй ақсақалдың 11 баласынан тараған 60-тан астам немере, шөберелері бар. «Ендігі арманым – зиялы жүректен шыққан бұл өнерді ұрпағыма да үйретіп кетсем», – дейді қария.