Робототехникадан сайыс өтті

«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы және Тәуелсіздік күні  мерекесіне орай партияның «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар» жобасын іске асыру аясында Батыс Қазақстан облысында робототехникадан Робосумо, Кегельринг бағыттарында сайыс өтті.

Жарысқа барлығы 8 бен 16 жас аралығындағы облысымыздың аудандарынан және Орал қаласының мектептерінен 100-ге жуық оқушы қатысты. «ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың заманы болғаннан кейін біздің жасөспірімдеріміз робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу сияқты дүниелерге үйір болады. Осыған орай биыл «Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы 15 IT-сынып ашқан болатын. Аталмыш IT-сыныптарда облыс бойынша 1500 оқушы білім алып жатыр. Ашылған IT-сыныптардың арасында биыл облысымызда алғаш рет қатысушылардың арасында робототехникадан көлемді жарыс ұйымдастырып отырмыз», – дейді «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің консультанты Архат Исламғали.

Ал жарысқа қатысушы Теректі ауданы, Долинный  ауылының 9-сынып оқушысы Сартөле Құдайберген: «Менің басты мақсатым – робототехниканың бүкіл қыр-сырын біліп алып, үй шаруасында ата-анама көмектесетін металлдан мықты робот құрастыру. Ал бүгінгі қолымдағы роботтың мақсаты – Кегельринг жарысынан жеңу», – дейді.

Бұл жарысқа 40-қа жуық команда қатысып отыр. Шара мақсаты – IT-сыныпта білім алушы жас бүлдіршіндеріміздің осы күнге дейін алған білімдерін, қол жеткізген жетістіктерін көрсету. Балалардың жарысқа деген қызығушылығы жоғары, әсіресе, робоспортқа өте құмар, бейімі, таланты бар балаларды іріктеп алып, болашақта одан әрі республикалық жарыстарға жолдама берілмек. Жарыс соңында балалар алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button