«Мейірімді жүрекпен»: Ақтөбеде көрсетілген көмек

«Мейірімді жүрекпен»: Ақтөбеде көрсетілген көмек

«Мейірімді жүрекпен»: Ақтөбеде көрсетілген көмек
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы ардагерлерді, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ақтөбелік партиялықтар «Мейірімді жүрекпен» акциясын жүзеге асыруда. Акция аясында «Жас Отан» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы жалғызбасты қарияларды қамқорлығына алды. «Жасотандықтар» зейнеткер Ұмсынай Ибрашеваның үй жұмыстарына жәрдемдесті. Жастардың бірі жиһаздардың шаңын сүртсе, екіншісі барлық бөлменің еденін жуып берді. Бұл – 82 жастағы жалғызбасты әжеге үлкен көмек. Өз кезегінде зейнеткер «жасотандықтарға» өмір жолын әңгімелеп, ақыл-кеңесін айтты. «Мен Орал қаласының тумасымын. Үш ағайынды едік. Інім дүниеден өткеннен кейін әпкем екеуіміз Ақтөбеге келдік. Біраз жыл тігінші болып жұмыс істедім. Жолдасым екеуміз бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Алайда балам жазатайым суға кетіп қайтыс болды. Жолдасым ауыр қайғыдан миына қан құйылып, көз жұмды. Қазір жалғыз қалдым. Қарттық әркімнің де басына түседі, сондықтан аға буынға үнемі қамқор болыңдар», – деді Ұмсынай Ибрашева. «Жасотандықтар» әжейге жиі барып, әр сенбі сайын көмектесуге келісті. Айта кетейік, Ұмсынай Ибрашева жазда пәтерін жөндеуге «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалынан көмек сұраған болатын. Содан кейін Ақтөбе қалалық мәслихатындағы партия фракциясының мүшелері қаржы жинап, пәтерін жөндеп берді. «Мейірімді жүрекпен» акциясы Шалқар ауданында да жалғасын тапты. Мұнда партияның аудандық филиалы көпбалалы Алдановтар отбасына көмек көрсетіп, қысқа қажетті азық-түлік алып берді. Әйгерім мен Мақсат қайтыс болған туыстарының 5 баласын қамқорлығына алған екен. Өздерінің 3 баласымен бірге қазір 8 бала тәрбиелеп отыр. «Біз аудандағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға «Мейірімді жүрекпен» акциясы аясында көмек ұйымдастырудамыз. Оның ішінде Алдановтар отбасы да бар. Бұл отбасы 2014 жылы партияның қолдауымен үйлі болды. Студент балалары «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша уақытша жұмысқа орналастырылды», – деді партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жарылқасын Шамбалаев.