Қалтай Мұхамеджанов: Абайы бар қазақ адаса қоймас

Қалтай Мұхамеджанов: Абайы бар қазақ адаса қоймас

Қалтай Мұхамеджанов: Абайы бар қазақ адаса қоймас
ашық дереккөзі

«ҚЫРШЫНЫН ЖЫР ЕТКЕН,АРМАНЫН ТУ ЕТКЕН ҚАЗАҚ»

* * *

..Байқаңдар, ағайын, халық тарихы – киелі ғимарат. Оның есігін адал пейіл, ақ жүрекпен ашыңдар. Ал саясатқа келсек, бұл да медицина, математика сияқты қиын мамандық. Оның ішкі механизмінің тілін тауып, тамырын басу деген жыланның тісін санап, арыстанның азуын емдеуден де ауыр шаруа. Сондықтан тарихқа да, саясатқа да сақ болған жөн. Осындайлардың ортасынан шыққан не ұлттық үлгісі, не азаматтық нішәні белгісіз кейбір рухани қызметкерлер «Қазақ әлі ұлт болып қалыптаспаған, әлі этнос қалпында» дегенді шығарып жүр. Оларға айтарым, этнос дегеніміз – «биогенетическая категория» деген ғылыми тұжырымға жүгінсек, қазақ жеті атаға дейін қыз алыспау пәтуасына келген күннен бастап бұл дәуірді басынан кешкен болып табылады. Ал енді «национальность – социокультурная категория» дегенді мойындасақ, бұл дәуірді қазақ басынан кешіп келе жатқалы қай заман. Сонда біз әріге бармай-ақ, ұлттық рухани мәдениетіміздің мақтанышы Шоқан, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтарды этностың еншісіне берсек, алдымен бұлардың қай папуастардың әйелдерінен туғанын дәлелдеуіміз керек. Бұдан 1200 жыл аса бұрын Орхон-Енисей жазбасында қазақтың қолтаңбасы болғаны өз алдына. Ежелгі Шығыс пен гректердің ғажайып туындыларын ұлт жасамай, этнос жасады дегенге кім сенеді? Иллиада мен Одиссеяны немесе «Шахнама» мен «Слово о полку Игоревені» ұлт жасамай этнос жасап еді дегенге кім сенеді? Демек, этнос адам баласының балаң шағы болса, ұлт – есейген, өз тілінде әдебиет пен мәдениеттің негізін қалай бастаған шағы. Түптеп келгенде, капиталистік ұлт, социалистік ұлт дегендер марксизм алхимиктерінің сәуегейлігінен туған ұғымдар. Олар – әдейі әрбір ұлтты өз тарихынан, өз мәдени мұрасынан айыру саясатын көздеген қағидалар.

* * *

...Ұлттық идеология демекші, осы кезде баспа беттерінде «бізде ол жоқ» деп жар салушылар көбейіп кетті. Алдымен басын ашып алайық. Идея – мұрат болса, идеология соған жетудің ғылыми жолдары. Қайсы бір ұлт болмасын, оның келбетін танытатын тілі, діні, дәстүрі, тарихи өткен жолы. Жіліктеп айтсақ, ұлттық идеология бір күнде қаулы шығарып, қарар қабылдап, сабынан ұстата қоятын саптыаяқ емес. Ол ғасырлар бойы қалыптасады. Оның тағдыры әріде жатыр. Керек десең, тамыры ананың әлдиі – бесік жырынан басталады. Баршаға мәлім ерлікті, адалдықты, азаматтықты, әдеп-әркенді уағыздайтын батырлар жырлары мен эпостарды былай қойғанда, мақал-мәтелдер, дуалы ауыздан шыққан қанатты сөздердің өзі идеология атаулының қай халықта болмасын қайнар көздері. Осы қазақтың бағзы заманнан келе жатқан жігіттің – өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты деген киелі ұғымдар бар. Әрбір азамат осы үш жұртқа да бірдей қамқор болуға борышкер. Осыған орай, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Үйден безсең де, діннен безбе» деген қағидалар ұлттық мұраттың қадау-қадау ережесі емес пе? Ұлан-байтақ мекеніңді қорғауда осылар қай патриоттық ұраннан кем түседі?

* * *

...Осында отырған тарих ғылымы тағының иелері мен таяғын ұстап жүргендердің, маған қазақ халқы тарихи сахнаға шығып, ұлт болып ұйытқы тапқалы жүзге бөлініп, әр хандыққа қолы жеткелі, мемлекет атанып мәмілеге келгелі, не таққа таласып, не байлық-баққа таласып, не жерге таласып өзара соғысқанын дәлелдеп бере алатын біреуі бар ма? Кешегі күнге дейін, керек десең қазір де шым-шытырық шайқасты бастан кешіріп отырған Шығысты былай қойғанда, өзіміз білеміз-ау деген Еуропаға зер салайықшы. Людовик ХІ-ге дейінгі (15 ғ.) француз тарихын алыңыз, Иван Грозныйға дейінгі (16 ғ.) Ресей тарихын алыңыз, Отто Бисмаркке дейінгі (19 ғ.) Германия тарихын алыңыз, бәрі қашан бастары қосылып, қашан мемлекет іргесі бекігенше өзара қырқысудан көз жазды ма? Осы кезеңдер қазақтың жүздік кезінде де, хандық кезінде де өзінің куә болған, көз алдынан өткен дәуірлері еді ғой. Бақсақ, осы бес ғасырдан аса уақыт өресінде қазақ даласында өзара бірде-бір соғыс болып көрмепті. Әлбетте, ел болғасын ағайын арасында азды-көпті қырғи-қабақ, қиян-кескі қылықтар көрінетін. Бірақ олар жесір дауы, барымта-сарымтадан әрі аспайтын. Қазақ: «судың іргесін шым бекітеді, сөздің іргесін шын бекітеді, ардың іргесін дін бекітеді, даудың іргесін қыз бекітеді», – деп ондайлардың аузына кезінде құм құйып отырған екен.

* * *

Жаңа біз қазақ халқы өзара соғыспады дедік. Енді осының сыры неде екен? Соған келейік. Меніңше, мұның сыры – қазақтың генетикалық кодында – нәсілдік шартында жатыр. Дүниежүзіндегі халықтардың ішінде жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі тек қазақта ғана бар екен. Классикалық демографиялық рәсімінде бұл 175 жыл деген сөз. Көшпелі халық жыл сайын мерзімді жерлерінде жайлау-қыстауында бір-бірімен араласып, тоқайласып жатады. Бір күні Алтайдың қызы Атырауға ұзатылады, Сырдың қызы Ұлытауға кетеді, Ұлытаудың қызы Сыр бойына келін болып түседі. Сөйтіп бой жеткен қыз арқылы келген салт-дәстүр, әдеп-әркен, ән-күй, жыр-жоралғы араласып кетеді. Ақыры Абай мен Махамбетті, Бұқар мен Сүйінбайды туғызған елге тілмаштың керегі болмай қалады. Осылайша қазақтың ана тілі қалыптасады. Ана тілі дейтін себебі де ұлттық тіліміздің негізін қалаған қазақтың қыздары боп шығады. ...Ана демекші, басқа халық, ұлттарға қарағанда, қазақтың әлеуметтік өмірінде әйел әулетінің орны ерекше. Қазақта «тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деген мәтел бүкіл фольклорда бой көрсетеді. Бұл майдан даласының өзінде де азаматтармен қыздардың да бірге жүргендігін дәлелдейді. Қазақ: «Алып анадан туады», «аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» деп жатады. Осының өзі әйел қауымының біздің қоғамда ерекше орнын танытады.

* * *

...Өкінішке қарай, қазір дастарқан басында болсын, кейде баспасөз беттерінде болсын, зиялымын деген кейбіреулердің аузынан: «Қазақта бірлік болмаған», – деген сандырақты естігенде қарап жүріп қарның ашады. Олай болса тарихқа жүгініп көрейікші. Баршасын көзінен тізіп жатпай-ақ, екі мысал: егер бірлік болмаса, 1643 жылы Жетісудағы Салқам Жәңгірдің кезінде жоңғарлар шайқасына сонау жердің түбі қияннан, кіші жүздің Алшын руынан Жалаңтөс батыр жиырма мың сарбазымен Жәңгірге келіп, бірге шайқасып, жау бетін бірге қайтарар ма еді? Егер бірлік болмаса, о жақ бұ жағы үш жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысының ең соңы – 1729 жылғы Аңырақайдағы 40 күндік қиян-кескі шайқасында Ұлы жүз сарбаздарын Саурық батыр, Орта жүз сарбаздарын Қара керей Қабанбай, Кіші жүз сарбаздарын Тайлақ батыр басқарып, арыстандай алысып, түбегейлі жеңіске жетер ме еді? Осыдан артық бірлік-берекенің үлгісі болар ма? Өзіңіз қараңыз, мына дүниежүзінде көлемі жағынан 9-орын алатын байтақ мекенді бізге сан ғасырлар бойы не қытай, не орыс, не фарсы қорғап берді ме? Білетіндердің есебі бойынша, осы жер үшін кейінгі екі жарым ғасырда 6 миллионнан аса батыр-бағландарымыз құрбан болған екен. Осыны біле тұра бабаларымыздың әруағының алдында «бізде бірлік жоқ» деуге саңылауы бар қазақтың дәті қалай шыдап, аузы қалай баратынына таң қалам.

* * *

Рухани мұрадан басқа ізі қалмаған талай ұлы халықтар өткен жоқ па? Халық санының көбеюі, азаюы, мүлдем жоқ болып кетуі тағдырдың қолындағы таразыға байланысты. Бүгін көп екенмін деп кеуде соғып желбуаздану – күпірлік. Бері салғанда бейпарасаттық, әрі салғанда рухани соқырлық пен мәдени қайыршылықтың көрінісі. Соны көріп отырған біздің Орта Азия, Ресей, Кавказ өңіріндегі түркі тектестер бір-біріне тіксіне қарайтындай не қара басты? Бүйте берсек, сапа жағынан да, сана жағынан да, бәрімізді қосқанда он орап алатын шекаралас отырған екі алпауыттың мазағына желеу болғаннан басқа не қалады? Бөлінгенге бөрі дайын. Тоқтыны жеген қасқыр, түйе етінен жиіркенбейтінін әр сәт есімізде сақтағанымыз абзал. Анау алыстағы Түркиядан неге үлгі алмаймыз? Ол саған құшағын жайғанда, кемдігінен, аздығынан жайып отыр ма? Бәрі бірліктің мүддесі емес пе? Мұндайда «түбіттен тікен, кіседен кісен іздегенше» тағдыр саған өміріңде бір рет, бәлкім, соңғы рет, есіңді жияр аз ғана пұрсат берген екен, соны опық жеп қалмау үшін, оң-солымызға салауатты сабырмен қарап, бірлік-ынтымақтың жолында ұқыпты ықыласпен пайдаланып қалсақ не етті? Көрші бауырымыздан бір жейдеміз артықтығына мәз болып, уақытты оздырып алсақ, келер ұрпақ өмірі кешірмейтіндігін есте неге тұтпаймыз? Күштінің қанжығасында байланып, ғасырлар бойы үмітіңді үрей басып келген жәутең көзіңнің қанды жасын неге ұмытасың? Сен бүгінгі бостандығыңа ғасырлар өресінде құрбан болған, қан кешіп, қазаға сүрінген ата-бабаңның әруағын сыйла. Сенің бүгінгі тәуелсіздігің – солардың аманаты. Бес күнгі тоқтығыңа құл болмай, тарих алдындағы жауапкершілігіңді жан-жүрегіңмен сезін. Сені ұл тудым, тағдырымды тапсырдым деген халқымыздың қарғысына ұшыраудан Алла сақтасын!

* * *

Өнердің классикалық қазынаға айналған озат үлгілеріне уақыт оздырып барып қайта оралып отыру үлкен мәдениеттің айнымас салтының бірі. Адамзат ақылы қалдырған оқшау мұралар заманнан-заман өткен сайын тек қана эстетикалық нәр алып, көңіл көтеріп қызықтау үшін ғана емес, негізінде әр ұрпақ, әр буынның тәрбие алып отырар ұстазы. Оның классика аталып, өлмес-өшпес өміршеңдікке ие болар сипаты да, құдіреті де осында жатуы ықтимал.

* * *

Қазақ қауымы ежелден әнді қос қанаты деп таныған. Бір қанаты ырғақ-әуен болса, екінші қанаты өрнекті ойға құрылған құнарлы сөз. Ұлы Абайдың: «Құр айқай бақырған құлаққа ән бе екен?» дейтіні де содан. Жалғыз қанатты құстың ұзаққа бармайтыны белгілі. Сөз демекші, бізде тым тәуір даусы бар жігіттер мен қыздардың кейде өз үніне өзі ғашық болып, әулекілене жөнелгенін көргенде сөз сорлының қай жерде жаны шығып, қай сайда қаңқасы қалғанын да аңғармай қаласың. Бүкіл ән мәтініндегі он шақты дауысты дыбысты қыл арқанға көгендеп алып, не мектебі, не мекені белгісіз жайдақ шырқаумен қанша құлпыртсаң да, «Өнер алды қызыл тіл» деген ұғымнан әзір қол үзе қоймаған халыққа әлгі даңғаза дарымайды, құлаққа кірпідей, денеге түрпідей қадалады. Демек, ән көңілдің күйін оятса, сөз ойға түрткі. Ойсыз күйдің күні құрысын.

* * *

Асылында, талант табиғатының тылсым құпиясы, сиқыр сыры бөгде көз былай тұрсын, сол талант иесінің өзіне де жауабын таптырмас жұмбақ болып қала беретін шығар. Кейде, өнерге көңілдес келіншегіндей жеңіл-желпі қарайтын, «жазушы» деген атаққа ғана мәз боп жүретін желөкпе дембуаздар болмаса, нағыз таланттың бірі «мен осылай едім» деп кеуде соқпаған ғой. Өйткені өнер атаулы киелі кеселге жөргегінде жатқан қай уақытта «қағынғанын» ол қайдан білсін! «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген кемеңгер Абайдың өзі де кім екенін білмей, оның жауабын келер ұрпаққа арқалатып, күні бүгінге дейін басымызды қатырып келе жатқаны бар емес пе. Соның өзінде «ұлысың», «дәнішпансың» дегеннен басқа қай сырын алып қарық қылдық...

* * *

Өлім мен өмірдің екіұдай таласын өз көзімен көріп, өз басынан өткендердің туа біткен таланты болса, шыншыл болмасқа жайы жоқ. Небір ұлы арпалыстарды, шендескен шындықтарды жүрек елегінен өткізгендердің сыршыл болмасқа әлі жоқ. Әдебиеттегі жаңашылдық адам болмысын бұрынғыдан гөрі тереңірек түсінуге көмектесетін жаңа сыр. Арғы жағында ондай жаңа сыр, жаңа шындық жатпаған жаңашылдық оқырманның жан-дүниесін байытар жаңа қазына емес, жай әшейін көз алдар алабажақ, көңіл алдарқатар көп өтіріктің бірі.

* * *

Шындыққа жүгінсек, халқымыздың арғы-бергі тұрмысында суреткерлер назарына жөнді ілікпей, зерделі ой, зерек қиялдың арнайы аттанысын күткен қат-қабат өмірдің қойнау-қуыстарында талай тірлік пен сан-қилы сыр-сипаттың сиқыр құпияларын бауырына басып, әлі әдебиет арқауына айналмай жатқан тақырыптарда қисап жоқ. ...Әңгіме тақырыптың үлкен-кішілігінде емес, суреткердің шеберлігі мен тереңдігінде деген қағида бар ғой. Тек келсаптан қазық шығара алмайтын «шеберлік» пен кездіктен қанжар соғам деген «зергерліктен» сақтасын. Әдебиет пен өнер мұндай әумесерлікті көтере алмаса керек.

* * *

Меніңше, қандай бір жазушы болмасын, қай тақырыпқа жазса да, ол өзі өмір кешіп отырған заманының идеясы рухында заманының мүддесін көздеп, заманының мұқтажын іздейді. Замандасының талғамына сай, дәуірінің талабына жауап қарастырады. Соны тапқан бүгінгінің жазушысын бүгінгінің сөзін айтып отыр деп білемін.

* * *

Әрбір ақын-жазушының, өнер қайраткерінің рухани мәдениетіміздегі орнын айқындайтын негізгі мәселе – оның ұлттық мәдениетке қосқан үлесімен өлшенеді.

* * *

Мен өзім тарихи тақырыпқа шығарма жазған емеспін. Көптен ойым бар, бірақ қорқа берем. Ол үшін тарихты білу аз. Ғасырларға сапар шегу оңай емес. Өйткені сен, өз заманыңның тарихқа жіберген өкілісің. Заман талабы, оқырман ойынан шығарыңа сенбесең сапар шегіп керегі не? Алдар Көсе мен сайтанның картоп еккені сияқты түйнегін түбіне қалдырып, тарихтың сояу сабағын арқалап келгеннен не абырой, не атақ. Менің қорқатыным сол. Қысқасы қай тақырып болса да заманыңмен үйлесу, үндесу таппаса – зая кеткен еңбек, арам төгілген тер, тұл тебіреніс, дәйексіз даңғаза болып қала бермек.

* * *

Осы күнгі қабырғалы халықтардың әдеби мұрасы, азаматтық тарихына зер салсақ, бірлік-ынтымақ үшін небір батыр-бағланы, аяулы аруы құрбан болған. Тарихтан талай өгейлік көрген қазақ халқы да бұл кер кезеңді басынан өткізген. Міне, «сыймай емес, сыйыстырмай жүрген» кеселдің бірі ру тартысы. Ағайын арасындағы алтыбақан алауыздық. Бауырдан бақастық, жақыннан жәбір шеккен қор тірлік. «Бақытсыз елге басшы табылмай», «батыр дегені қарақшыға, ақсақал дегені аяңшыға айналған, сең соққандай сергелдең кезеңнің кейпі. Шерменде өмірдің шерлі шежіресі. Сырттан торыған жау өз алдына, іштегі лаңның түрі осы. Бұл бір ел басына беймезгіл түскен нәубет. Осыған мойынұсына жүрген халықтың бойында құдіретті сес бар. Әруағын таптатпас айдын бар. Сол заманның өзінде қыршынын жыр ете білді, арманын ту ете білді. Олардың үзілмеген үміті – бүгінгі ұрпақтың жеткен биігі.  width=

«ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ ТҰЗАҚШЫ КӨП»

* * *

Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды алып құсқа теңесек, оның бір қанаты ғылым болса, бір қанаты мәдениет пен әдебиет.

* * *

Ақын, жазушы дегеніміз – ұлттық рухани паспорты.

* * *

Рухани тозған мемлекет – мешел баламен бірдей.

* * *

Абайы бар қазақ адаса қоймас.

* * *

Теңiз тартылады, мекен өзгередi, қалалар қирайды, қорғандар құлайды, бiр құламайтын мәңгi қорған – халықтың тiлi.

* * *

Қай ұлт болмасын оның ұлттық келбетiн (менталитет) танытар үш қазық – тiлi, дәстүрі, дiнi. Бүкiл ұлттың рухани қазынасы осы үш бұтты ошақтың қазанында қайнайды…

* * *

Сауатты сөйлеу мен сауатты ойлаудың айырмасы аспан мен жердей.

* * *

Өнерде елiктеудiң баянды болмайтынын бәрiмiз де бiлемiз. Нағыз өнер адамына өзiн қайталаудың өзi қиын.

* * *

Кейде шабыттан гөрi, табыт көп елестейдi.

* * *

Арам ойыңды жасырам десең, бетiңе арсыз күлкi ойнат.

* * *

Түнде перде жамылсаң, күндiз қай тесiкке кiресiң.

* * *

Әлбатта, уақыт атаулының өлшемі әрқилы. Ғасыр жүгін арқалайтын жыл бар, жылдың жүгін арқалайтын күн бар.

* * *

Қашанда ұлы істер тарихи қиын кезеңдерде байызын тапқан.

* * *

Халық тағдыры – адам парызы, қоғамның даму қозғалысы – уақыт үкімі.

* * *

Мекен-тұрағынан ауғанда да халықтың арқалап кетер жалғыз байлығы, қазынасы – тiлi. Тiлiнен айырылған халық адамзат тарихының кемесiнен, назарынан тыс қалады.

* * *

Патриотизм атты киелi ұғымның қай заманда да генераторы – идеология. Тиянақты идеологиясы жоқ мемлекет құбылнамасы жоқ кемемен бірдей.

* * *

Идеология демекшi, мұның бiр өзектi саласы – дiн. Бiр кездерi немiстiң атақты философы Иммануил Кант: «Мораль и нравственность формирует религию» деген екен.

* * *

Дiн мен философия қатар келе жатқан сала. Философияның иесi – жеке адамдар болса, дiннiң иесi – қалың бұқара.

* * *

Аяқтының бәрi адам емес, оқымағанның бәрi надан емес.

* * *

Әр кiтап оқыған сайын, надандығымның бiр бетiн ашам.

* * *

Мен бiлетiн шексiз екi дүние бар: бiреуi – аспан, екiншiсi – ақымақтық. Басқасының бәрi өлшеулi.

* * *

Ұлылықтың нышанын ұлы адамдар ғана дәл тануы мүмкiн.

* * *

Сана сәулесiн нұрландыра парасат-парқын тану – бiлiм мен талантты тоғыстырады. Қиялға қанат, талапқа топшы бiтiредi. Ұшқынның жалынмен шарпысы дарынның дауылын үйiредi.

* * *

Күлкiсiнiң көркiн келемеж қылжақтан, әзiлдiң ажарын әдепсiз әжуадан iздеу – талғам таразысының жеңiлдiгiне саяды.

* * *

Бірлесіп істеген жұмыста береке болмақ, байбаламнан бірлік күшті.

* * *

Тіл тағдыры мен дін тағдыры – болашақ мемлекеттің өсер-өнер берік қазығы.

* * *

Қоспасыз таза өнердің қауым мен қоғамға айтары көп.

* * *

Әрбір ақын-жазушының, өнер қайраткерінің рухани мәдениетіміздегі орнын айқындайтын негізгі мәселе – оның ұлттық мәдениетке қосқан үлесімен өлшенеді.

* * *

Сезімге берілмеу керек. Біздің заманымыз – сезімнің заманы емес. Ақылдың айлаға, ерліктің зорлыққа құл болған заманы.

* * *

Бір күнгі тойғаның ертең он күнгі ойраныңа айналып кетуі ғажап емес. Тәуелсіздікке тұзақшы көп.

* * *

Халық, Отан деген ең алдымен ақын адамға керек. Халықсыз ақын – қанатсыз қыран.

* * *

Қайғысыз күн болды ма? Арман – анамызға, қайғы-қасірет – қалыңдығымызға айналғалы қашан.

* * *

Адам сезімі суалып, қиялы қуара бастағанда тек жаттағанына жармаса береді.

* * *

Кейде бүгінгі өмірдің сыр-сипатын ұғу үшін адам баласы алысқа, өзінің өткен шалғайына зер салады.  

Дайындаған Ахмет ӨМІРЗАҚ