Әбілқайыр мен Бопай сұлу

Әбілқайыр мен Бопай сұлу

Әбілқайыр мен Бопай сұлу
ашық дереккөзі
Қазақ елінің тарихында есімдері алтын әріппен жазылған батыр әйелдер болды. Ерлігі мен ақылдылығының арқасында тарихта аты қалған Бопай сұлу (Әбілқайырдың бәйбішесі, ХVІІІ ғасыр), Бопай (Кенесарының қарындасы, ХІХ ғасыр). Алдымен Бопай сұлуға тоқталуға міндеттіміз. Бопай сұлу туралы өте аз жазылды және жалған жазылды. Бопай түгілі оның жұбайы Әбілқайыр хан туралы қанша көп жазылса да, көбіне өтірігі басым болды. Əйгiлi қазақ батыры Жəнiбек (өлген жылы − 1751 ж.) жаздың бiр əдемi күнiнде, нөкерiмен келе жатқанда ағаштың түбiнде ұйықтап жатқан бозбаланы көредi. Бала алаңсыз ұйқыға берілген, жанында қару-жарағы. Тегiн бала емес екенiн сезген Жəнiбек батыр танысып, жөн сұраспақшы болып, найзасының ұшымен түртiп оятады. Оянып кеткен бала бұған шамданып, садағына жармасады да, дереу атып салмақшы болып кезене бергенде Жəнiбек батыр: − Тоқта, бала, тентек болма, жөн сұрасайық. Мен Жəнiбекпiн, атымды талай естiген боларсың. Бiз саған доспыз. Өзiң кiмсiң? − деп сұрапты. Сонда Əбiлқайыр садағын кезеген күйi: − Əйгiлi Жəнiбек батыр болсаң боларсың, мен ешкiмге бағынышты адам емеспiн. Алайда жаныма келiп, ат үстiнде тұрып найзамен түрткен адамды аямаймын. Мен кедеймiн, кедей болсам да намысымды ешкiмге бермеймiн. Достығың рас болса, өз жөнiңмен жүре бер, мен де өз жөнiммен кетейiн. Мен сұлтан Əбiлқайырмын, – дегенде қатесiн мойнына алған Жəнiбек батыр атынан түсiп, баланың қолын алады. Бозбаланың əрбiр сөзi мен оттай жанған көзi, келiстi батыр пiшiнi Жəнiбек батырға қатты әсер етеді. Мiне, сол күннен бастап олардың жолы өмiр бойы бiрге болған. Қысқасын айтқанда, Əбiлқайыр туралы аңыздардың көбi оның балалық шағының оншалықты жеңіл бола қоймағанын дəлелдейдi. Сондықтан ол ерте ержетiп, жастық өмiрiн қиыншылықпен өткiзген. Қажы сұлтанның жəне оның туыстарының балалары Арал теңiзiнiң солтүстiк жағын қыстап, жазда Торғай, Ырғыз өзендерiнiң жоғарғы жағында, яғни Ембi өзенiне жақын жердi жайлайтын. Бұл жерлер 17-ғасырдың соңынан бастап Ресей итаршыларының шабуылына душар болды. Олар − негiзiнен Ресейдiң атты казак отрядтары мен солардың жандайшаптары қалмақтар еді. Ресей патшасы I Петрдiң сүйген құлы Аюке тұсында қалмақтар аса күшейдi. Қазақ елiне шабуыл жасау үшiн Ресей патшасы қалмақтардан ештеңе аяған жоқ. Едiл қалмақтарының жəне орыс казак отрядтарының қазақ елiне жасаған шабуылдары мен зұлымдықтары туралы белгiлi ғалым Н.Я. Бичурин: «Желая соблюдения договора с Россией, согласить с удовлетворением своей склонности (к хищничеству он (Аюке хан) обратил свое оружие на Урал на киргиз-казахов, которых беспощадно ограбил и сверх того покорил своей власти маньмолакских туркменцев», − деп жазған едi. XVIII ғасырдың бiрiншi жартысы, əсiресе, Аюке хан тұсында (1724 жылы өлдi) Ресей империясы Едiл қалмақтарын бақайшағына дейiн қаруландырып, казак отрядтарына не берсе, оларға да соны бердi. Аюке ханның күшейгенi соншалық, Каспий өңiрiндегi халықтардың бəрi одан қорқатын едi. Тiптi, елiн жан-тəнiмен қорғаған жас батыр Əбiлқайырдың өзi Аюке ханмен достық қатынаста болуға тырысты. Орал (Жайық) орыс казак отрядтары мен Кiшi жүз қазақтарының ұзақ жылғы соғыстарын көре жүрiп, Əбiлқайыр осынау қырғын соғысқа белсене араласты. Əбiлқайырдың осындай ерлiктерiн көрген қазақ елiнiң игi жақсылары оны қалай құрметтесе, Ресей отаршыларымен қайта-қайта соғысып жүрген башқұрт халқы да оны сыйлап, бас идi. 1704-1711 жылдары башқұрттардың Ресей отаршыларына қарсы ұзақ уақытқа созылған қарулы көтерiлiсi кезiнде Кiшi жүзден оларға ерекше көмек бергендердiң бiрi Əбiлқайыр батыр едi. Аталмыш көтерiлiстiң ең қарқын алған кезi, 1708-1709 жылдарда Əбiлқайыр Арал өңiрiнен 3000 əскермен келiп, башқұрттарға көмектескен. Арал өңірі деп аталатын өлкенің бір шеті қазіргі Маңғыстау жері екенін айта кету міндетіміз. Сонда ол қарақалпақтардың да 100 жiгiтiн өзiмен бірге ала келеді. Сол кездегi оның беделiнiң өскенi соншалық, башқұрт халқына Ресей отарынан босану үшiн Əбiлқайыр сияқты қолбасшы керектігі сезілді. Сондықтан оны башқұрт халқы хан көтермекшi болған. Сол кездегi құжаттарда қазақтардың Башқұртстанға келiп, көтерiлiстi қолдағаны туралы: «…Пришли к ним казачьи орды силы многое число…» , «С ним за одно каракалпаки, касаки и ногайской даруги башкиры все…» – деп жазған болатын. Басқа бiр құжатта «…из казачьи орды ушли в башкирцы воевать 3000 человек, да каракалпаков 100 человек, да каратабунцев 250 человек…» – деп нақты санын жазған. Алайда башқұрт көтерiлiсiне көп жəрдем еткен Əбiлқайыр батыр 1709 жылдың күзiнде əскерiмен Түркістан жаққа қайтып кетедi. Мiне, Əбiлқайыр өмiрiндегi осы аталған жылдар Қазақ тарихында ерекше орын алады. Өзi қызу араласқан башқұрт көтерiлiсiн орта жолда тастап кетуге Əбiлқайырды не итермеледі? Əбiлқайыр өзiнiң 3 мың əскерiмен башқұрт ағайындарға көмектесiп жүргенде Қазақстанның оңтүстiгiне 1708 жылы жəне 1709 жылдың басында жоңғарлар қайта-қайта шабуыл жасады. Қазақ елi аса қиын жағдайда едi. Қазақ елiнiң игi жақсылары – билерi ақылдасып, Тəуке ханның келiсiмiмен башқұрт жерiнде жүрген көп əскерi бар Əбiлқайырды шұғыл шақыртады. Сол кезге дейiн оның беделi, батырлығы жəне қолбасшылық қабiлетi жан-жақты көрiнiп, зор құрметке ие болып үлгерген. Едiл мен Жайық өңiрiн қызғыштай қорғап, талай ерлiк жасап, орыстың казак отрядтарын сан рет талқандаған Əбiлқайырдың еңбегi қазақ халқына да, башқұрт халқына да белгілі едi. Əбiлқайырды арнайы шақыртқан билер кеңесi Қарақұмдағы 1709 жылғы құрылтайда оны ақ киiзге көтерiп, Кiшi жүздiң ханы сайлайды. Бұл, əрине, қазақ тарихында күтпеген оқиға едi, себебi осы уақытқа дейiн Кiшi жүзде хан болған жоқ, басқа жүздер секiлдi Орталық ханға бағынатын. Алайда Орал казактары отрядтары мен оның итаршылары − қалмақтар шабуылынан əбден титықтаған елдi қорғау үшiн ендi ресми хан басқару керек болды. Ал осынау құрметтi орынға жан-жақты еңбегi сiңген Əбiлқайырдан асқан адам жоқ. Мiне, осылай көптiң ұйғарымымен, халықтың қалауымен, хан Тəукенiң ықыласымен Кiшi жүздiң, яғни Ресей империясымен қақтығысы əлдеқашан басталған қазақ елiнiң бiр бөлiгiнiң ханы болып Əбiлқайыр сайланды. Ендi Əбiлқайырдың жауапкершiлiгi мен қызметi көбейдi. Кiшi жүздi хан болып басқарып, оны Ресейден қорғау мiндетi үстiне қазақ елiн жоңғарлардан қорғауды ұйымдастыру мiндетi де жүктелдi. Ес бiлгелi Ресеймен соғысып жүрген Əбiлқайырдың əскерi көп едi жəне халық алдында беделі де зор болатын. Қытай мен Ресей секiлдi алпауыттардың айтағымен шығыстан қайта-қайта шабуыл жасап жатқан жоңғарларға қарсы тұру, алда тұрған үлкен шайқастарға елдi ұйымдастыру керек болды. Жас батыр Əбiлқайыр адай елiнiң қызына құда түсіп, барлық ырым, салт-дәстүрмен алғаны рас. Сол əйгiлi сұлу Бопай туралы айтатын болсақ, тарихи жазба деректерде оның аты жиі кездеседі. Əбiлқайырдың басқа əйелдерi болса да, Бопайды екiншi əйелi болғанына қарамастан «сұлтанша» деп жазады, яғни қазақ тiлiнде жəне əдет ғұрпында оны «бəйбiше» секiлдi құрметтеп айтады. Талай жiгiт ғашық болған Бопай сұлу Кiшi жүздегi белгiлi батыр Мырзатайдың апасы (əлде қарындасы) болатын. Əбiлқайырдың Бопай сұлуға үйленуi жəне екеуiнiң арасындағы шынайы махаббат пен ынтықтығы туралы ел iшiнде көптеген аңыз əңгiмелер тараған. Сандаған нұсқасы бар. Сол ғашықтар хикаясы туралы əдемi аңыздың қысқаша мазмұны мынадай. …Кiшi жүздегi əйгiлi батыр Жəнiбек пен Əбiлқайыр келе жатып, күн батар алдында бiр ауылға түседi. Бұл бiр батырдың ауылы екен. Ауыл иесi аса бай адам, жасы үлкен кiсi екен. Оның бойжетiп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Əбiлқайыр ес-ақылы кетiп ғашық болады. Жəнiбек батыр бұған таңқалады. Себебi ол бұрын қыз көрмей жүрген жiгiт емес, үйленген азамат яғни отау иесi жас төренiң мына мiнезiне таңданбай қайтсiн… Келесi күнi жолға шыққан соң Əбiлқайыр күтпеген өнер шығарып, сол жерде қалатынын айтады. Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын деп Жәнібек батырға ермей қалып қояды. Сол ауылға қайтып келген Əбiлқайыр өзiнiң төре тұқымынан екенiн жасырып, Бопайдың əкесiнiң малын бағуға жалданады. (Невольник. Предание о киргиз-кайсацком хане Абулхаире. //ТОВ. (Тургайские областные ведомости). 1899. № 52. стр. 7-8...) Ұзын бойлы, батыр тұлғалы Əбiлқайыр жылқышы болып жүрсе де, аз уақыт iшiнде ауыл адамдарына жақсы жағынан көрiнiп, құрметке ие болады. Əрине, ерекше жылқышы көп ұзамай Бопай сұлуға да ұнап қалады. Сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да жан-тəнiмен ұнатып, ғашық болады. Осылай ғашықтар романы басталады. Ғашықтар енді Бопай сұлудың əкесiнiң рұқсатын сұрайды. Сұлтан деген аты болғанмен жалғыз атты кедей жiгiтке қызын бергiсi келмеген шал неше түрлi айла-шарғыны ойлап табады. Соның бiрi:«Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат жəне 60 ақсұр ат əкелесiң, əйтпесе қызымды бермеймiн…», − деп шарт қояды. Осындай ауыр шартқа амалсыз келiскен жас батыр, бiр айдың iшiнде осы айтқаныңызды əкелемiн деп аттанып кетедi. Ғашықтық өртiне күйiп-жанған жас батыр, тiрi жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын деп серт берген Əбiлқайыр əлгi айтқан жылқыны ағайындарынан сұрайды, алайда ешқандай нəтиже шықпайды. Шарқ ұрған жас батырдың осындай аянышты күйiн естіген Жəнiбек батыр жетiп келедi. Қу кедейлiк қолын кесiп отырған жас төренi аяған, əрi келешегiне сенген Жəнiбек батыр Əбiлқайырға керектi 150 айғырды санап бередi. Оған қоса өзi барып, Бопай сұлуға құда түседi. Сөйтiп, əйгiлi қазақ батыры Жəнiбек екi ғашықтың басын қосып, үлкен азаматтық жасайды. Əрине, бұл оқиға халық аңыздарының əртүрлi нұсқаларының бiрi. Алайда Əбiлқайырдың Бопай сұлуға үйленуi аса көп қиыншылық жағдайда болғанын осындай аңыздардың көптiгi дəлелдейді. Қазақ елiндегi ежелден келе жатқан дəстүр бойынша, əрине, Бопай сұлудың басы бос болмаған. Басқа қазақ қыздары сияқты оның да атастырған жерi болды. Оның үстiне осындай байдың қызын кез келген адам айттырмайды, əрине, мықты адам айттырады. Мiне, осынау қиыншылықты жеңу үшiн Əбiлқайыр мен Бопай сұлу тек бiр-бiрiне ғашық болып қана қойған жоқ, сондай-ақ, ежелгi дəстүрдi бұзуға мəжбүр болды. Қалай болғанда да Əбiлқайыр сынды жас батырдың Бопай сияқты əйгiлi сұлуға үйленуi оның өмiрдегi бақыты едi. (Невольник. Предание о киргизском хане Абулхаире. ТГ. (Тургайская газета). 1900. № 1.стр.5...) Бопай Əбiлқайыр үйiне құтты келiн болып түстi. Ол келiн болып түскелi Қажы сұлтан шаңырағының тасы өрге домалай бастады. Көп ұзамай Əбiлқайырды халқымыздың игi жақсылары ақ киiзге көтерiп, хан етiп сайлады. Адамзат тарихындағы ұлы адамдар сүйiспеншiлiгiн еске алсақ, Юлий Цезарь мен Клеопатра, Аттила мен Онория (Рим императорының қарындасы), сондай-ақ, Шоқан Уəлихановтың басындағы махаббат хикаялары адамдар арасындағы сүйiспеншiлiктiң аса құдіреттi күшiн көрсетедi. Əбiлқайыр мен Бопай сұлу арасындағы шынайы ғашықтық пен махаббат қазақ елiндегi келешек ұрпақ үшiн тамаша үлгiлi оқиғаның бiрi болды. Əбiлқайыр қазақ елi алдындағы азаматтық борышын адал орындағаны белгiлi. Ал Бопай сұлудың өз басы да қазақ əйелiне тəн кiшiпейiлдiлiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық жəне басқа ізгі қасиеттерiмен Əбiлқайыр шаңырағында жақсы келiн, əрi жақсы бəйбiше атанды. Əбiлқайыр шаңырағына келiп түскен Бопай сұлудың аса беделдi болғаны соншалық, көптеген саяси iстерді ақылмен шешуге көмектескен. Жасынан батыр атанған Əбiлқайыр тез ашу шақыратын жəне бойында өркөкiректiк, яғни өктем қасиеттер болған. Ал сондайда Бопай ханым тоқтау салып, сабырға шақырып, сабасына түсiрiп, қиын мəселелердi шешiскен. Сондықтан Бопай ел iшiнде ол «Бара бəйбiше» атанған. Бара бəйбiше деген термин туралы батыс Қазақстанда бiрнеше ұғым бар. Негiзiнен − ақылымен, даналығымен елге қадiрлi болған бəйбiшелердi солай атаған. Жалпы, бəйбiше деген сөз тек бiрiншi əйелi болғаннан басқа да сыйлы, қадiрлi жəне беделдi əйелдерге айтылады. Ал Бара бəйбiше деп, бəйбiше атанған əйел ғана емес, ел iшiндегi аса беделдi аналарымызды айтқан. Осы уақытқа дейiн Бопай туралы арнаулы зерттеулер болмаса да, зерттеушiлер ол туралы көбіне төре қызы деп, ал кейбiреулерi адай руының қызы деп жазғаны рас. Бопай төренің қызы деп жазғандардың бірі Көшім Есмағанбетов (Қазақ Ұлттық энциклопедиясы, 1 том)... Бiздер де кезiнде Джон Кэстлдiң «Сұлтанша» деп жазғанына қарап, төре қызы болар деп ойлағанбыз. Белгiлi зерттеушi И.В. Ерофеева төренің қызы деп арнайы жазған болатын. Дегенмен ол «…дядя хана Нуралы, батыр Младшего жуза Мырзатай…», – деп пікір білдірді. Мысалы, Тевкелевтің күнделігінде: «...Июля двадесят третияго ж числа Абулгаир-хана шурин, а ханши ево Попай родной брат адайского роду Муртазай Сатыралды-биев сын брегадиру Тевкелеву от большаго Абулгаир ханова сына Нурали-салтана подал письмо и отправил от него, салтана...» – деп Бопай сұлудың руы нақты айтылады. Бопай сұлудың шыққан тегiн осылай деп жазған басқа мақалаларды ескере келiп, белгiлi ақын Светқали Нұржанның «Хан кегi» атты поэмасына тоқталайық. Бұл көлемдi поэмада Əбiлқайыр қастандықпен өлтiрiлгеннен соңғы оқиғалар жырланады. Автор сол кездегi ел iшiндегi беделдi адамдар портреттерiн сомдай келiп, Бопайдың шыққан үйi мен туыстары туралы жан-жақты айтыпты. Ол негiзгi материалдарды шежiреден алған секілді. Шежiренiң барлық нұсқасында Табынай Сүйiндiк батыр жазылған. Ол ХVII ғасырдағы белгiлi тарихи тұлға, елiмiздi қалмақтардан қорғағанда талай ерлiк көрсеткен. Сүйiндiк батырдың 5 ұлы, 2 қызы болған. Солардың үшеуi белгiлi батырлар − Мырзатай, Құрмантай, Тұрмантай. Ал қыздары Қанай мен Бопай. Əбiлқайыр үйiнiң Мырзатай батырмен тығыз байланыста болуы тарихи шындық, себебi Бопай Мырзатай батырдың қарындасы. Ол, əсiресе, Əбiлқайыр хан қастандықпен өлтiрiлгеннен кейiн Барақ пен оның жанына ергендерден кек алуға белсене қатысады. Бұл тарихи оқиғаларды дəлелдейтiн Мырзатайдың Орынбор басшыларына, яғни И.И. Неплюевке арнап жазған хаттары. Батыр Орынборға жазған əрбiр хатын Барақ пен оның айналасындағылардың өлтiрiлгенiн хабарлау үшiн емес, Неплюевтiң Əбiлқайыр өлiмiн мұқият ұйымдастырғанын бетiне басу үшiн жəне олардың да басында сондай трагедия болуы мүмкiн деп қорқытып, ескерту жасағысы келген сияқты. Мырзатай батырдың жазған хаттарындағы хабарларды Нұралы хан Əбiлқайырұлы да растайды. Осы жағдайлар туралы И.В. Ерофеева: «Информацию Мырзатая об убийстве султаном Ералы батыра Сырымбета, как о завершающей акции дела кровной мести семейства покойного хана, полностью подтвердил и уточнил три года спустя сам Нуралы, сообщивший о поступке своего брата в личной письме к А.И. Тевкелеву от 3 января 1753 года», − деп жазған болатын. Нұралы ханның сол хатында: «Султан Ералы совершил ночью с дружиной своих батыров военный набег в ставку фамильного врага, где убил батыра Сырымбета и его жену, а семью Барака и все имение, служителей, служанок и верблюдов их… в добычу получил» − деп жазылған. Жəне одан ары қарай: «Через одну ночь… всех трех злодеев разорил…» деген Нұралының сөзiне қарағанда, Күшiк, Барақ жəне Сырымбет батырдың отбасынан ешкiм тiрi қалмаған. Трагедия деген осы емес пе? Осынау қайғылы қырғын кезiнде Барақтың бiр келiнi мен қызы ғана аман қалған деседі. Мырзатай батырдың жəне оның əкесi Сүйiндiк батырдың есiмдерi қазақ тарихында өшпес орын алған. Бопай сұлу есiмi «Ардақты бəйбiше», «Бара бəйбiше» жəне «Ардақты ана» болып ел есiнде мəңгi қалды. Ел iшiнде қыздарға Бопай деп ат қоюшылар көбейді. Мысалы, Кенесарының қарындасы Бопай Қасымқызы ХIХ ғасырдағы қазақтың батыр қызы едi. ХVII ғасырдың екiншi жартысында, яғни 1748 жылы Əбiлқайыр өлгеннен соңғы дəуiрдегi тарихи документтерде Бопайдың аты көп кездеседi. Оның Орынбор басшыларына жəне Петербургке жазған хаттары сақталған. Бопай Сүйiндiк қызы 1780 жылы 31 мамырда қайтыс болғанын жоғарыда айтқанбыз. Алайда ел ақындары мен ақылгөй қарттары аузынан Бопай есiмi түскен жоқ. Белгiлi жырау Абыл Тiлеуұлы /1777-1864жж./ Есiм ханға айтқан толғауында: Ассалаумағалейкум, сұлтан Есiм, Ақсұңқар алған аңын өзi жесiн. Адайға алмағайып күн туып тұр, Бiр қолда осы жерде сүйектесiм! − деп, оның Əбiлқайыр мен Бопайдың немересi екенiн айтып тұр. Есiм Нұралының үлкен баласы, шешесi Күшiк сұлтанның (Барақтың ағасы) қызы болатын. Ол 1795-97 жылдары Кiшi жүз ханы болды, бiрақ Сырым Датұлы бастаған көтерiлiсшiлер қолынан қаза тапты. Ал Абыл ақынның Баймағамбет сұлтанға айтқандарының iшiнде мынандай толғаулар бар: …Апамнан (Бопайдан) туған əкең Айшуақ хан, Табаның таймай тұр-ау мiнген тақтан. Дəлiрген тажал сынды дəрежеңдi, Деп жүрсiң Құдай қорып, Қыдыр баққан, – деп оның əкесi Айшуақ Əбiлқайыр мен Бопайдың төртiншi баласы екенiн меңзеген. Сондай-ақ, ол Баймағамбет сұлтанның ел iшiнде жасаған қылмыстарын: …Ер өлдi деп етек бұлап жылай-тұғын, Бай-еке, қай iсiң бар елге жаққан! – деп, бетiне басады. Жоғарыда айтқанымыздай Əбiлқайырдың Бопайдан басқа да əйелдерi болды. Бопайдан кейiн əртүрлi жағдайда екi əйел алған екен. Алайда барлық құжаттарда Бопай сұлудың ғана аты аталады. Оның осынша құрметке ие болуы тек Əбiлқайыр ханның əйелi ғана емес, өзiнiң жеке басының ақылдылығы мен беделiнде болса керек. Басқа хан-сұлтандармен салыстырғанда Əбiлқайырдың əйелдерi өте аз. Мысалы, оның баласы Нұралының 13 əйелi, ал Абылай сұлтанның 12 əйелi болғаны белгiлi. Бұл жағдай, өмiр бойы Ресей империясымен соғысқан Əбiлқайырдың жеке басына уақыты аз болғандығынан болар. Əбiлқайыр хан мен Бопай сұлудың алты перзентi дүниеге келдi. Солардың бесеуi ұл, бiреуi қыз бала. Ұл балалары:
  1. Нұралы – (1710/11-1790). 1748-1786 жылдары Кiшi жүз ханы,
  2. Ералы – (1720-1794). 1791-1794 жылдары Кiшi жүз ханы; 1771 жылы қалмақтарды Балқаш өңірінде екі рет талқандаған қолбасшы.
  3. Қожахмет – (1722-1749),
  4. Айшуақ – (1723/24-1810). 1797-1805 жылдары Кiшi жүз ханы;
  5. Əдiл – (1730-1750). Əбiлқайыр балаларының iшiнде Қожахмет пен Əдiл жастай қайтыс болған. Əдiлдiң суретiн 1736 жылы алғаш салған Джон Кэстл. Қызы Зылиха шамамен 1745 жылдары дүниеге келген. Әкесi Əбiлқайыр хан қаза болғанда ол əлi кiшкентай бала едi. Əбiлқайыр ханның кейінгі екi əйелiнiң бiрi қалмақтың торғауыт руының қызы болатын. Одан Шыңғыс деген ұлы мен бiрнеше қыздары дүниеге келдi. Шыңғыс 1720 жылдары дүниеге келiп, 1750-55 жылдары қайтыс болған. Соңғы əйелi башқұрт елiнiң қызы болатын. Одан Əбiлқайырдың Қаратай (1738-?) деген ұлы дүниеге келдi. Соңғы екi əйелi туралы айтатын болсақ, Əбiлқайыр қалмақпен көп соғысты, башқұрттарға көп көмек бердi. Əбiлқайыр 1736 жылғы көтерiлiс кезiнде де башқұрттарға ерекше жəрдем берген едi. Қаратай сұлтанның 1738 жылы туғанына қарағанда Əбiлқайыр осы əйелiне башқұрлардың көтерiлiсі кезiнде үйленген болар. Қалмақ əйелi туралы əртүрлi мəлiметтер баршылық. Соған қарағанда ол Едiл қалмақтары мырзаларының бірінің қызы болуы керек. Егер ол қарапайым қалмақ қызы болса, Орынбор бастықтарына шағым жасап, əкесiнiң үйiне қайтарылуын өтiнбес едi. Əбiлқайырдың жетi ұлы болса, оның қыздары да әжептәуір көп еді. Жоғарыда айтқанымыздай бiрiншi əйелiнен туған бiр қызды Кiшi жүздегi Жəнiбек сұлтанға жəне бiр қызын Абықай сұлтанға берген. Қалмақ əйелiнен туған бiр қызын Бұхар ханы Əбiлфейзге беретiн болып құдаласып қойғанда, Əбiлфейз қайтыс болып кетедi. Кейiн сол қызын кiмге бергенi белгiсiз. Өзiнiң туған ағасы Тоқтамыстың жəне əкесi Қажымен бiрге туған ағаларының қыздарын да жақсы жерлерге ұзатқан. Мысалы, бiреуiн Кiшi жүздегi сұлтан Батырға күйеуге берген болса, Қарашаш атты сұлуды жас батыр, сұлтан Абылайға ұзатқан. Қарашаш Абылайдың бiрiншi əйелi. Осы мəселе туралы алғаш жазғандардың бiрi Ш.Уəлиханов болатын. Ол Абылайдың бiрiншi əйелi Қарашашты «Əбiлқайыр ханның əлде Қайыптың қызы болу керек» деп екi-ұшты жазған. Шындығында, Қарашаш сұлу Əбiлқайырдың да, Қайыптың да қызы емес едi. Ол Əбiлқайырдың ағасы Тоқтамыстың қызы болатын. Əбiлқайыр ағаларының бiр қызын Хиуа ханы Шахтемiрге ұзатады, оның есесiне, iнiсi Бұлғайыр сұлтанның баласы Досалы сұлтанға Хиуа ханы Шерғазының қызын алып бередi. Бiз жоғарыда айтқанымыздай Əбiлқайырдың шыққан қара шаңырағы, яғни Бөлекей сұлтан əулетi басқа төрелерге қарағанда өспей қалған аз ауыл. Оның үстiне бұл әулеттен бұрын ешкiм хан болып сайланбаған. 1709-10 жылы осы аз үйлi ауылдан Əбiлқайыр хан болып сайланды. Оның арманының бiрi Едiл-Жайық өңiрiне қазақты еркiн жайлату болса, екiншi арманы өзiнiң аз үйлi ауылын көп үйлi ауылға жеткiзу болатын. 1748 жылы дүниеден өткенiне дейiн тек соңғы арманы ғана орындалды. Бопай сұлудан туған бес арыстан көп немере көргенi рас. Əсiресе, үш ұлы Нұралы, Ералы жəне Айшуақтан сансыз немере көрдi. Егер Қожахмет пен Əдiл дүниеден ерте өтпегенде олардан да талай немере көрер ме едi? Мысалы, Əдiлден тек екi немересi (Тұрсын мен Ағын) дүниеге келдi. Қожахметтен жəне қалмақ əйелiнен туған Шыңғыстан ұл балалар қалған жоқ. Башқұрт əйелiнен туған Қаратайдан төрт ұл қалды, басқа перзенттерi қыз балалар едi. Көп немеренi үлкен баласы Нұралыдан көрдi. Ол 1711 жылы туған. Əбілқайыр хан 1748 жылы қаза болған соң, оның орнына халық хан сайлаған себепті, Нұралы өмiр бойы байлық пен сəн-салтанат ортасында өмiр кештi. Сондықтан оның көп əйелi болды. Əкесi Əбiлқайыр əйгiлi батыр, қолбасшы, хан болса да, қазақ елi үшiн ұшан-теңiз көп еңбек сiңiрсе де, əйелiнiң саны төртеуден асқан жоқ едi. Бұл жағдай оның өмiр бойы сыртқы жауларымен күресiп өткенiн, яғни тəттi өмiрдiң қызығын аз көргенiн бiлдiредi. Ал Нұралы ханның көп əйел алғандығы соншалық, И.Г. Георги мəлiметiне қарағанда 12 əйелi, А.И. Левшиннiң жазуларына жүгiнсек 16 əйелi болғанын көремiз. Нұралы хан көп əйелiнен 75 перзент (Левшин бойынша 66) көрген екен. Ұлдарының саны – 40. Нұралы хан ұлдарының iшiнде тарихи құжаттарда 36 баласының аттары кездеседi. Олар: Есiм, Бөкей, Ғизалы, Қожахмет, Бабық, Шошқара, Бөлеке, Бердiғали, Пiрəлi, Бегəлi, Елтай, Есенəлi (Есентай), Жалтыр, Ишалы, Қаратай, Қондырау, Жиеналы, Құлтай, Мыңдалы, Сейдалы, Сығай, Көбей, Жарас, Қорқылтай, Айтөре, Артыққали, Шоқа, Мұхаметқали, Абылай, Арыстан, Бердəлi, Орман, Өзбекəлi, Жүсiп, Дербiсəлi, Фазылбек….
Əбiлқайырдың екiншi баласы Ералыдан көрген немерелерiнiң тарихи құжаттарда бесеуiнiң ғана аттары кездеседi. Олар: Темiр, Жантөре, Ақай, Бөлекей жəне Бабу… Ал, үшiншi баласы Айшуақтан Əбiлқайыр 17 немере көрген. Олар: Сығали, Сапақ, Жантөре, Айтмұхамбет, Серғазы, Баймұхамед, Қыдыр, Өтебəлi, Қатан, Шайбақ, Тоққожа, Жақсылық, Қадырғали, Əлғазы, Нұрмұхамет, Тəуке, Жақып… Ералы жəне Айшуақ хан атанса, немерелерiнiң iшiнде де хандық дəрежеге жеткендерi баршылық. Есiм Нұралыұлы, (1795-1797), Пiрəлi Нұралыұлы (1770-1815), Жантөре, Айшуақұлы (1805-1809), Серғазы Айшуақұлы, (1812-24), Бөкей Нұралыұлы (1802-15), Қаратай (1806-24), Сығай (1816-24), Бөлекей (1780-1808), Темiр (1817-24) сынды немерелерi Кiшi жүз жерiнде хандық дəрежеге жеткендер болса, Бөлекей Ералыұлы жəне Ағын Əдiлұлы сияқты немерелерi Хиуа хандығына қолы жеткендер едi. Мысалы, Ағын Əдiлұлының 1770-71 жылдары Хиуа ханы болғаны белгiлi. Сол орынға Əбiлқайыр көзiнiң тiрi кезiнде үлкен ұлы Нұралыны да отырғызған болатын. Əбiлқайырдың шөберелерiнiң iшiнде хандыққа қолы жеткендерi Қасым (1808-27), Маты (1817-24), Жəңгiр (1824-45), Қайыпқали (1830-50), Сауқым (1837-43). Олардың iшiнде ең бiлiмдiсi жəне Бөкей ордасында ұзақ уақыт хан болған Жəңгiр хан. Əбiлқайырдан бастап өсiп-өнiп, көбейген Бөлекей сұлтанның əулетiнде батыр ұлдар ғана емес, сұлулығымен жұртты таң қалдырған қыздар да көп болды. Күйеу балалардың iшiнде Батыр сұлтанның баласы, Орта жүз ханы Əбiлмəмбеттiң баласы Əбiлфейiз (1783 ж. өлген) сұлтан, Кiшi жүздегi аса белгiлi ханның бiрi Арынғазы (1815-21 жылдары хан болған), сондай-ақ, Хиуа хандары Елтүзер (1804-06), Аллақұл (1826-42) жəне Мұхаммед Амин (1846-55) т.б. бар едi… Бөкей ордасының ханы Жəңгiрдiң татар əйелi Фатимадан туған қызы Зылиқа − қазақ əйелдерi iшiнде алғаш рет еуропалық бiлiм алған жан. Жалпы, Əбiлқайыр хан ұрпақтарының көбi ХIХ ғасырда Орынбор, Қазан, Петербург сияқты үлкен бiлiм ордаларында бiлiм алды. Əбiлқайырдың беделiнiң күштi болғаны соншалық, Хиуа ханы тағына талай рет өз адамдарын отырғызды. Мысалы, 1727 жылы Хиуа ханы етiп ағасы Тоқтамыстың баласы Мамай сұлтанды отырғызды. Одан соң күйеу баласы Батыр Қайыпұлы (1771 жылы өлген) сұлтанды отырғызды. Кейiнiрек ол Кiшi жүз сұлтаны Елбарысты Хиуа ханы етiп отырғызды (1728-40 жылдары). Көп ұзамай Елбарыс Əбiлқайырға күйеу бала болды. Жалпы айтқанда, Əбiлқайыр 1748 жылы қаза болғанға дейiн Қазақстан – Орта Азия, Қазақстан – Жоңғария, Қазақстан – Ресей, Қазақстан – Иран сияқты халықаралық қатынастарда шешушi тарихи тұлға болды.  

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ және Мадрид университеті

профессоры, тарих ғылымдарының

кандидаты