Шалқардың шапағаты

Шалқардың шапағаты

Шалқардың шапағаты
ашық дереккөзі
Арманның ақ қанаты оны Семей Мемлекеттік медицина институтына алып келген еді. Шыңғожадағы орта мектепті тәмамдаған ауыл баласы қалаған мамандығы бойынша оқуға қиналмастан түсіп кеткен. Курстастары қатарлы «емдеу ісі дәрігері» мамандығын алып шықты. Бала кезде сындардай бойына үстіндегі ақ халаты құйып қойғандай жарасып тұратын, көрер көзге сымбатты көрінетін Аягөз орталық ауруханасының дәрігері Байыров Болатқа қызыға қарайтын. Осы кісідей ақ халат киіп, аурухана ішінде алшаңдай басып жүрсем деп армандайтын балаң жүрек. Арманның ақ құсы алдамапты. Институт қабырғасынан шығысымен Аягөз орталық аудандық ауруханасына дәрігер хирург болып орналасты. Міне, содан бері де соққан желдей, шапқан аттай 20 жыл бір күнгідей болмай өте шыққан. Бұл аралықта дәрігерлік қызметтің талай баспалдағынан сүрінбей өтті. Осы орталық ауруханада жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі, хирургия бөлімінің дәрігер хирургі, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, Бородулиха аудандық медицина бірлестігінің директоры сияқты жауапты қызметтерде болды. Ал 2013 жылдан күні бүгінге дейін Аягөз орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқару үстінде. Бүгінде Шалқар Омаров Шығыс Қазақстан облысындағы білікті басшы кадрлардың ортасынан ойып орын алғанын былай қойғанда, ол хирургия саласынан қол үзген жоқ. Жоғары санаттағы хирург ретінде күрделі оталарға қатысады. Хирургке бірінші біліктілік, жедел шешім қабылдау, өмір мен өлім арасында жатқан адамды аман алып қалу үшін батылдық, салқынқандылық қажет болса, осы қасиеттердің бәрі Шалқар Жүнісұлының бойынан табылады. Осыдан біраз жыл бұрын 103 жастағы кейуананың ішек құрылысына ота жасау қажет болған кезде бас дәрігер оны өз міндетіне алған. Сәтті өткен отадан кейін қарт ана төрт жыл өмір сүріп, 107 жасқа келіп қайтыс болды. Күнделікті отаның бірі болса да, мұны неге ерекше айтып отырмыз? Осы бір мысалдан-ақ орталық аурухана дәрігерлерінің адам тағдырына араша түсуде Гиппократ антына адалдықтарын аңғаруға болатындай. Шалқар орталық аурухананың бас дәрігері қызметі тізгінін қолына алған тоқсаныншы жылдардың соңы қиыншылыққа толы еді. Тәуелсіздікке енді қол жеткізген тұста ел экономикасы тоқырау үстінде болатын. Қаржы жетіспегендіктен барлық салада құлдыраушылық болды. Мұндай келеңсіз жағдайды медицина саласы да бастан кешірді. Ауруханалардың материалдық-техникалық жағдайы сын көтермеді, дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезілді, дәрігерлер жалақыларын айлап ала алмай жүрді. Міне, осындай жағдайда жаңа басшы өзінің іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Орталық ауруханада пациенттерге біртіндеп барлық жағдайлар жасала бастады, аурухана бөлімдерінен бөлек консультативтік-диагностикалық емхана, басқа да қосымша бөлімшелер ашылды. Аурухананың қосымша бөлімшелеріне клиникалық-диагностикалық зертхана, физиотерапия бөлімі, шағын диагностика (ЭКГ, Эхо-КГ, УЗИ, эндоскопия), рентген және флюрография кабинеттері кіреді. Бүгінгі күні ауыл тұрғындарына бес қызметкері бар, құны 85 миллион теңге тұратын зертхана, ЭКГ, гинекология, стоматология, окулист, рентген кабинеттерімен жабдықталған жылжымалы кешен қызмет көрсетуде. Шалқар осы қызметке алғаш келгенде ауруханада жалғыз УЗИ аппараты, онда істейтін бір ғана маман болған еді, қазір аппарат саны бесеуге жеткен. Орталықта тұрғындарға 152 білікті дәрігер, 554 орта буынды медицина мамандары қызмет көрсетуде. Бас дәрігер облыс әкімі Даниал Ахметов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың медицина қызметкерлерінің шет елде білімдерін жетілдіруге қамқорлық жасап отырғанына ерекше ризашылығын білдірді. Алдыңғы жылы Лондонда бес адам, ал биыл он дәрігер болып қайтқан. Мұндағы дәрігерлердің баршасы жоғары санатты екені қуантады. Бүгінгі таңда қазақстандық медицина тың жаңалықтарға толы. Солардың бірі – роботталған хирургия. Бұқаралық ақпарат құралдары Өскеменде роботталған хирургия орталығы жұмыс істей бастағанын, осы жобамен жасалған операциялардың сәтті өтіп жатқанын жазуда. Жаңа технологияның бір артықшылығы сол, ота барысында адам денесін жарақаттамайды. Елбасы Н.Назарбаев Өскеменге келген сапарында осы бірегей хирургия орталығында болып, Шығыстың медициналық инновацияларды енгізуге қосқан зор үлесіне жоғары баға берген болатын. Аягөздік дәрігерлер де өріс ала бастаған осы тың тәсілді қолдануды ойластыру үстінде. Мұнда жыл сайын 300-ге жуық әртүрлі операциялар жасалады. Егер робот тәжірибеге енгізілсе, бұл көрсеткіштің арта түсері сөзсіз. Үстіміздегі жылы Аягөз орталық ауруханасында жоғары технологиялық Инсульт орталығы ашылды. Бұл орталық Аягөз халқына ғана емес, Үржар, Жарма және Тарбағатай аудандары тұрғындарына да қызмет көрсете бастаған, алда жиыны 200 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсететін болады. Еліміз бойынша бұл аудан орталығында ашылып отырған тұңғыш Инсульт орталығы болып саналады. – Менің өмірімде естен кетпес бір жағымды оқиға болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің облысқа келген жұмыс сапарында облыс дәрігерлерімен тікелей байланысқа шықты. Осы тікелей байланыс барысында мемлекет басшысының ана мен бала денсаулығына, онкологиялық ауруларды жаңа әдістермен емдеуге, емдеу мекемелерін бүгінгі заманның талабына сай соны құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ұдайы көңіл бөлетінін аңғардық. Елбасымен тікелей телебайланыс кезінде маған да ол кісімен тілдесуге мүмкіндік туған еді. Өз мекемем жайлы қысқаша мағлұмат бере келіп, аудан тұрғындары мен дәрігерлер қауымы атынан зор ризашылығымды білдірдім, ұлы мақсаттарға жету жолындағы абыройлы қызметіне толағай табыс тіледім, – дейді Шалқар Жүнісұлы сол бір ұмытылмас сәтті ерекше толғаныспен еске алып. Елімізде бүгінде кардиохирургия, нейрохирур­гия саласы жақсы дамуда. Бұрын осы сырқатқа шалдыққандар отаны Ресейге барып жасаттырып жүрсе, сондай күрделі оталар Қазақстанда да жасала бастағаны белгілі. Шалқар Жүнісұлы осын­дай жүрек тамырларына күрделі операциялар Аягөзде де жасалса деп армандайды және он­дай күндердің де туатынына кәміл сенеді. Аудандық мәслихаттың депутаттығына Ақши, Тарбағатай, Сарыарқа ауылдық округтерінен сайланғандықтан осы аймақ тұрғындарының мұң-мұқтаждарына сергек қарайды. Ол бірінші кезекте осы өңірдегі дәрігерлік амбулаториялық бөлімшелердің ғана емес, аудандағы барлық бөлімшелердің материалдық-техникалық жағынан жақсы жарақтануын басты назарында ұстауда. Ауылдық округтердегі 18 дәрігерлік амбулатория үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Компьютерлік томография арқылы 200-ден астам адам денсаулықтарын тексеруден өткізген көрінеді. – Шалқар Жүнісұлы, өзіңіз басқарып отырған орталық аудандық аурухана турасында біраз мағлұмат алдық. Енді жеке өміріңіз жайлы да әңгіме қозғаудың реті келіп тұрғандай. – Өзім көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. Аягөз қаласында 1976 жылы туғанмын. Әйелім Самал дәрігер кардиолог, бір шаңырақ астында жиырма жыл тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Әкем Жүніс пен анам Роза қарапайым адамдар. Ата-анамыз біздерді адалдыққа тәрбиеледі, елдің ала жібін аттамаңдар деп өсірді. Бір сыныптасым жұмыссызбын, отбасым қиындық көруде, лайықты жұмыс тауып берші деп алдыма келді. Жылу қазандығына от жағушы етіп орналастырдым. Бірақ көп ұзамай жұмыстан шығарып жібердім. Неге дейсіз бе? Айтайын. Бар-жоғы екі қап көмір ұрлағаны үшін, мұнысы бейнекамераға түсіп қалыпты. Соны кешіре алмадым. Сұрап келсе, одан көпке рұқсат беретін едім ғой. Жалған сөйлегендерді, ұрлық жасағандарды жаным жек көреді. Әке-шешеміздің «ала жіпті аттамаңдар» дейтін сөзі қаныма сіңгендіктен осылай істеген шығармын. – Жоғарыда төрт перзентім бар деп қалдыңыз. Іштерінде болашақ дәігерлер бар ма? – Тұңғышымыз Мәди Семей Мемлекеттік академиясының екінші курсында оқып жүр. Ол өзі бала кезінен әрнәрсеге әуес болатын. Жедел жәрдемде істеп жүргенімде көлік ішіне лып етіп менен бұрын кіріп кететін. Ал ота жасауға кіріп кеткенімде ординатор бөлімшесінде тапжылмастан күтіп отыратын. Бала күнінен ақ халаттыларға көзі қанық болғандықтан болар, мектеп бітірісімен бірден мединститутты таңдады. Ұлымнан зор үміт күтемін және әке үмітін ақтарына сенімдімін. Осы сапарымызда Шалқар Омаров бастаған аягөздік дәрігерлердің зор серпіліс үстінде екенін көзімізбен көрдік. Елбасымыздың соңғы Жолдауында дәрігерлердің еңбекақыларын көтеру жөніндегі көкөйге қонымды сөздері оларға қанат бітіргендей. Тұрмыс жақсы болса, еңбектің де нәтижелі болары анық.  

Мира Мырзағали

Шығыс Қазақстан облысы,

   Аягөз ауданы