Құс етінің саудасы қызып тұр

Құс етінің саудасы қызып тұр

Құс етінің саудасы қызып тұр
ашық дереккөзі
Жуырда ҚМДБ халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі «The Caspian International Restaurants Company» ЖШС-на қарасты «КFС» ресторандар желісіне берілген «ҚМДБ халал» сертификаты өз күшін жойғандығын хабарлады. Бұл тақырып бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Желі қолданушылардың бір тобы қара пиарға теліп, жалған ақпарат десе, енді бір топ «жақсы болған екен» деп пікір білдірген. Шындығы қайсы? Жылдам дайындалатын тағамдар ішінде халыққа ең ұнамды ас ретінде танылып үлгерген полковник Сандерстің өнімі расында да «ҚМДБ халал» сертификатынан айырылды. Баспасөз таратқан ақпарға сүйенсек, Ресейден тасымалданатын құс етінің сапасы соңғы кезде тым нашарлап, көрсетілген талаптарды белден басқан. «КFС» ресторандар желісі Ресей Федерациясына қарасты халал стандарт талаптарына сай өндірілетін, ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС-нің арнайы оқытылған қасапшылары тек қана қолмен бауыздап, бірнеше ауысыммен жұмыс істеген, «өлексе жеммен қоректендірілмеген» «Белая птица» құс өнімдерін пайдаланып келді. Алайда, РФ тарапынан туындаған заңдық шектеулерге байланысты «КFС» ресторандар желісіне тасымалданатын «Белая птица» тауық өнімдерінің көлемі азайғандықтан, «КFС» мекемесі басшылығы «Белая птица» құс өнімдерімен қатар, ҚМДБ халал стандарты талаптарына сәйкес келмейтін басқа да бірнеше «Құс фабрикаларының» тауық өнімдерін қолданып жатыр», делінген хабарламада. Ал «Caspian International Restaurants Company» ЖШС басшысы Юрий Бабич болса, «Біз өнімдеріміздің сапасына баса ден қоямыз. Дүниежүзілік бірнеше сапа стандарттарын сақтап келеміз. Олардың қатарында «Халал» белгісі де бар, бола береді. Біз оны алдыңғы қатарға қоямыз» деді ресми баяндамасында. Халық арасындағы екіжақты пікір осы себепті туындап отыр. Сөйтсек Юрий Бабич бола береді деген «Халал» белгісі бар сертификат «Дүниежүзілік халал өнімдер индустриясының» арнайы рұқсаты екен. Енді ҚМДБ халал стандарттау бөлімі мен Қазақстандағы «Дүниежүзілік халал өнімдер индустриясының» мамандары ортақ келісімге келу керек іспетті. Бір айта кетерлігі әлем бойынша құс етіне деген сұраныс артып отыр. Жыл сайын өндірілетін тауық етінің көлемі – 90 миллион 805 мың тоннадан асып жығылады. Мамандардың айтуынша құс етінің әлемдік нарығы 2025 жылға қарай 7 трлн 300 млрд долларға жетпек. Аталған салада Азия-Тынық мұхиты аймағы ең ірі нарыққа айналмақ. Ал ондағы Қытайдың үлесі 40 пайызды құрауы мүмкін. Әзірше Америка Құрама Штаттары көш басында. Өткен жылы АҚШ-та 19 млн тонна құс еті өндірілген. Екінші орында Бразилия, қалған орындарға Еуропалық Одақ елдері – Қытай Халық Республикасы, Үндістан, Ресей Федерациясы мен Мексика Құрама Штаттары жайғасыпты. Алайда, АҚШ өнім өндіруден алда болғанмен, оны сыртқа шығаруды құп көрмейтін сыңайлы. Өйткені экспорттаушы елдердің көш басында Бразилия тұр. Олар бір ғана жыл ішінде 4 миллион 150 мың тонна құс етін экспортқа шығарған. АҚШ болса, әлем нарығында 3 млн тонна құс етін саудалапты. Қалған 16 миллион тоннамен ішкі сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Еуроодақта 1 млн 300 мың тонна, онан кейін Таиланд пен Қытай елдері келеді. Қазақстанға жеткізілетін құс етінің едәуір үлесі америкалықтарға тиесілі. Өткен жылы 127 мың 200 тонна жеткізілген. Ал Қазақ-стан 172 мың тонна құс етін импорттаған. Біздің елімізде де тауық етіне сұраныс артып отыр. Орташа есеппен тоқсан ішінде әрбір жан басы 1,1 келі тауық етін тұтынады. Мұндағы өсім көрсеткіші 6,9 пайызды құрайды.