Бір сусын бар жұртымда, ішсең уыз ұртыңда
Бір сусын бар жұртымда, ішсең уыз ұртыңда
Айлық жалақым түскен күні базардан үйге қажетті азық-түліктерді сатып алып тұрып, ұлыма қымыз сатып әперемін деп берген уәдем есіме түсті. Бірден сүт өнімдерін сатып тұрған апайдың жанына бардым. Жүзі жылы ұшыраған сатушыдан қымызды кесеге құйып беруін өтіндім. Дәмі тіл үйірді. Балалар қазір айлығымды... Иә, қымызды күтеді.
Таяуда сүт өнімдерін сататын апайға жолығып, әдеттегідей екі литр қымыз алдым. Cүт өнімдерін сатудың қыр-сыры туралы әңгімелеп беруін өтіндім. Апай бірден келісімін берді.
Аты-жөнім – Гүлшат Ақбосанова. Түркіменстанның тумасымын. Педколледжді тәмамдап, 18 жыл ауылда мұғалім болып қызмет істедім. Тарихи Отаным – Қазақстанның Алматы облысы, Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылына көшіп келгенбіз. Қазір Ұзынағаш ауылында тұрамын. Көшіп келген жылдары жеті жыл тауық фабрикасында істедім. Кейін мал шаруашылығымен айналысып, үйде он шақты сиыр саудым. Сүт мөлшері көбейіп кетті, алайда көршілерге арзан бағаға сату тиімсіз. Сөйтіп, 2011 жылдан бастап Ұзынағаш базарында сүт саттым. Бастапқыда базарға 20-30, кейін 50 литр сүт апарып жүрдім. Ол кезде қазіргідей контейнерім болмады. Жазда сүт мөлшері көбейсе, қыста азаяды. Сүт тартқыш сатып алып, қаймақ сата бастадық. Қоспасыз таза өнімге клиенттер табылды. Осылайша кәсібімді дамыттым. Көршілердің сүтін, қымызын сатып алып, Ұзынағаш базарында саттым. Шыдамдылық пен табандылықтың арқасында тауар түрі көбейіп, тұтынушылар саны өсе бастады.
Қазір қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, сүзбе, айран, қаймақ, қатық сияқты сүт өнімдерін үйде қолдан өндіремін. Күйеуім, балам және қыздарымды жұмыспен қамтып, отбасылық кәсіпке айналдырдым. Сауда жасайтын орнымды жалға аламын, салық төлеймін. «Шығынсыз – кіріс жоқ» демекші, шығын мөлшері түсімнен асып түсетін күндер де болады. Шіліңгір шілденің ыстық күндерінде сүт көп күнге шыдамай, ашып кетеді. Қазір екі тоңазытқыш сатып алдық. Оның өзі сүт өнімдерін сақтауға жеткіліксіз. Сондықтан жазда сүттің бағасы арзан, ал қыста қымбат болады. Бағаны өсірсек, тұтынушылар наразылық білдіреді. Олардың ойынша, сүт өнімдері өздерінен шығып жатқандықтан және жалпы ауылдың базарында арзан сатылуы тиіс. Әрине, мал шаруашылығымен айналысатындарға бағаның көтерілгені тиімді. Себебі жем-шөптің бағасы қымбат. Көпшілік осыны түсінбейді. Бірақ тұтынушыларымыздан айырылсақ, шығынға ұшырайтынымыз айдан анық. Қысқасы, сүт сату оңай шаруа емес. Алматыға да апарып саттым. Қазір базарда бәсекелестерім көп. Дегенмен, кәсібімді жүргізуге ыңғайлы Ұзын-ағашқа жететін жер жоқ сияқты.
Одан кейін Жамбыл ауданының тұрғыны, сүт өнімдерін сататын жалынды жас кәсіпкермен сұхбаттасып, сүт өнімдерін сатудың қыр-сыры туралы жан-жақты білдім. Есімін құпия ұстауды сұраған азаматтың алға қойған мақсаты биік, атқарған жұмыстары ауқымды.
«Сүт өнімдерін сатумен айналысу біреуге оңай, біреуге қиынға соғады. Мысалы, көп жағдайда алыпсатарлар сүтке су қосады. Сүттің қай ауылдан әкелінгені, кімдікі екендігі базарда біліне бермейді. Бірақ сүтке су қосқандықтан, пісірген кезде сүттің сапасы нашарлайды. Ал біз өзіміздің сиырдың сүтін сатамыз. Сауудың қиындығы көп. Өрістен келген сиырдың желінін тазалап, сабындап жуамыз. Жарылып кетпес үшін дәріханалардан арнайы жақпамай алып жағамыз. Малға күтім керек.
Жазда ірі қара өрісте жайылады. Әр сиырға айына 2-3 мың теңге төлеп бақтырамыз. Сиырдың сауылым уақыты 8 айды құрайды. Мен 25 сиыр сауамын. «Сиырдың сүті – тілінде» дейді халық даналығы. Қыркүйек айында сүт мөлшері көбейеді. Күн суыта бастағанда сүт азаяды. Қыста жем-шөп беріп, күтімді көбейту маңызды. Күніне әр сиырға кем дегенде 2 келі жем беріледі. Кейбіреулер қыста сүт бағасы неге қымбаттайды деп сұрайды. Қыста өрісте жайылмағандықтан, үйде жем-шөппен бағамыз. Сондықтан қыста малды бағу шығыны өседі. Мысалы, бір сиыр күніне құны 500 теңгелік шөп жейді. Малдың азығы мол, айналасы таза, жылы болуы тиіс. Ылғалды қорадан суық тиіп ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан екі айда бір рет ақылы вакцина салдырамыз. Ауырып қалса, дәрі-дәрмегін сатып алып, мал дәрігері ыстық укол немесе система салады. Сиырды қалқа жерде күтімсіз бағуға болады деген пікірге қарсымын.
Кейбіреулер сүт өнімдерін Алматыдағы көп қабатты үйлердің ауласына апарып сатады. Меніңше, бұл тиімсіз. Жолда көлігің бұзылып қалуы мүмкін, әрі жанармай көп шығындалады. Оған қарағанда, Алматыдағы дүкендермен келісімшартқа отырып сатқан дұрыс. Мысалы, мен Алматыдағы үлкен сауда орындарына апарып сатамын. Сүт ол жерде зертханадан өткізіледі. Жеке кәсіпкер ретінде аты-жөнім сүт өнімінің қорабының сыртында жазылады. Әр әкелген сайын сүт өнімдерін зертханада тексеріп алады. Сатушы тарапынан форма-2 анықтамасын талап етеді. Бұл малдың денсаулығы туралы анықтама. Егер тексерістен өтпесе, яғни вирус анықталса, 50 мың теңге көлемінде айыппұл салады. Сондықтан тұтынушылар қолдың сүтін аларда сенімді дүкендерден алғаны жөн. Базардағы сүт өнімдері сапасының 70 пайызы сенімсіздік тудырады. Сүтке су қосатынын қарапайым халық тексеріп жатпайды ғой.
Жазда сүт сату қиын. Көпшілік мұздатқышқа мұз қылып салып апарады. Мен ондайға қарсымын. Сүт құрамын өзгертіп, дәрумендері «өледі» деп есептеймін. Адал еңбекпен ғана нәпақа табамын. Әрі сүт өнімдерін сатудың түсімі молырақ.
Құрт өнімдерін кейбіреулер әк қосып жасайды деп естимін. Біз сүзбе мен қатықты араластырып, аздап тұз сеуіп, күнге кептіріп, үй жағдайында дайындаймыз. Оны да супермаркеттермен келісімшартқа отырып, сатамын.
Дүкендердегі құрамына химиялық элементтер қосылған сүттің бағасы қымбат болса да, көпшілік әуес. Оның дәміндегі өзгерісті таза табиғи сүтті ішіп жүрген адам бірден байқайды. Қаралағаным емес, сүт өндіретін зауыттар естуімше 1 литр таза сиырдың сүтінен 3-10 литр аралығында сүт өндіреді. Халық тауардың брендіне қызығады. Табиғи сүттің сақталу мерзімі жазда бір-екі күннен аспайды және малдың жем-шөбіне кеткен шығынын толтыру үшін арзан бағада сатады»,− дейді ол.
Міне, сүт өнімдерін сататын саудагерлердің түйткілі аз емес. Кездескен кедергілерге мойымай, ата-бабамыздың асыл өнімін халық денсаулығының нығаюына жұмсап келе жатқан сүт өнімі саудагерлерінің қоғамдағы рөлі жоғары болуы тиіс. Көпшілік зауыттарда өндірілетін сүт қоспасына қарай жүгіреді. Сәбиге қажетті қоректік заттар, гормондар, ферменттер, ақуыздар, көмірсулар мен витаминдерге бай ана сүтінен кейін пайдалылығы жөнінен екінші орында тұрған малдың сүтінің құрамы туралы көп айтуға болады.
«Уикипедия» ашық энциклопедиясындағы мәліметтерге қарағанда, сүт – барлық жастағы адамдар үшін жұғымдылығы жоғары оңай сіңетін өнім. 100 грамм сүтте 3 граммға жуық ақуыз, 3,2 грамм эмульгацияланған оңай сіңетін май, көптеген мөлшерде оңай сіңірілген кальций мен фосфор қосындылары, сондай-ақ, белгілі мөлшерде А1, В2, Д дәрумендері бар және де жазғы уақытта сиыр сүтіндегі бұл дәрумендер қыстағыдан едəуір көп болады. Мал сүтінің құрамындағы ақуыздар: альбумин – жас организмнің өсуі, глобулин – иммунитеттің қалыптасуы үшін қажет. Сүт майы глицеридті қоспалардан тұрады. Салқындатылған сүтте май түйіршіктерінің 0,1-20 мкм болатын суспензия, ал жаңа сауылған сүт пен ысытылған сүтте эмульсия түрінде болады. Осы түйіршіктер сүт біраз тұрғаннан кейін оның бетіне кілегей болып жиналады. Сүт лактозасы (дисахарид) – таза күйінде ақ түсті, кристал тәрізді ұнтақ. Оны айран, қымыз ашыту үшін және медицинада, бактериологияда қоректік орта дайындау үшін қолданады. Сүттің минералдық құрамы: макроэлементтер (кальций, фосфор, натрий, калий, күкірт, хлор, магний, т.б.) мен микроэлементтерден (цинк, мыс, темір, күміс, т.б.) тұрады. Сондай-ақ, ферменттер, гормондар, иммунды денелер, газдар да кездеседі.
Сондықтан сиырдың табиғи сүтін сатып ішкенге не жетсін. Базарда қыста тоңып, жазда ауладан-аулаға жүгіріп сүт өнімдерін сатушылардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар қолжетімді бағада денсаулыққа қажетті сүт сатады. Ал ақ ішпеген адамның ішегі ағармайтынын онша ойлай бермейтініміз өкінішті-ақ.
Майра Алдабергенова
Алматы облысы,
Ұзынағаш ауылы