Жүгенсіз ата-анамен жекпе-жек

Жүгенсіз ата-анамен жекпе-жек

Жүгенсіз ата-анамен жекпе-жек
ашық дереккөзі
Ұстаз – ұлы есім. Ұрпақ тәрбиелеудегі олардың орны ерек десек те, бұл күні «мұғалім мәртебесін көтеру» туралы жиі айтылатын болды. Әсілі, ұстазын құрметтеген халықта мұндай түйткіл болуы мүмкін емес. Өкінішке қарай, бұл күні ұстаздың беделі – елдің абыройы деп білетіндер азайып бара жатқандай. Бүгінгі шәкірт ұстазды ұлықтаудан қалып барады. Бұл – бүкіл қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Содан болар, Білім және ғылым министрлігі ұстаздарға тіл тигізгендерге айыппұл салу туралы ұсыныс әзірлеуге кірісті.

Айыппұл шешім бола ала ма?

Өткен жұмада прокурорлар, Әділет, Білім және ғылым министрліктері «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасын талқылады. Осы құжатта педагогтың намысына тигендерді жазалау туралы тармақ болады. Алайда әзірге айыппұлдың сомасы белгісіз. Сондай-ақ, мұғалімді артық жұмыстан босату жағын да қамтыған заң жобасын WhatsApp арқылы министрлік әрбір ұстазға жібермек. Сөйтіп, еліміздегі 3 мың мұғалімнің пікірін күтеді. Заң жобасы қоғам талқылауынан да өтеді. Ал қаңтарда заң жобасын Үкімет пен Парламент қарайды. «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын бекітуді бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында тапсырған еді. Содан бері тиісті ведомстволар ұстаздардың беделін биіктетуге сеп болатын құжатты әзірлеуге кіріскен. «Жаңа заң жобасының тұжырымдамасын бекіттік. Оған педагогтың мәртебесі мен абыройына нұқсан келтіргендерді әкімшілік жауапқа тарту туралы ұсыныс енгізбекпіз. Әркім өз міндетін орындасын. Бұл заңды көп адам күтіп отыр», – дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева. Мұғалім деген мәртебелі мамандықтың қадірі қашқанын талай мәрте сөз қылып, талқылағанымызбен, ұстаздар қауымының беделін биіктету әлі күнге дейін қолдан келмейтін шаруаға айналып тұр. Ал Елбасы Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталғаннан кейін министрлік жедел қимылдап, заң жобасын әзірлеп үлгерді. Бірақ министрлік ұсынған әкімшілік жауапкершілік жағдайды түзетуге қаншалықты септігін тигізе алады? Бұл – уақыттың еншісіндегі сауал. Жалпы, мұғалімнің алдын көрмеген адам жоқ. Бүгінде игі жақсы атанып жүрген министр, депутат, әнші, спортшы, жазушының бәрін үлкен өмірге дайындайтын, жанамын дегенге от, шабамын дегенге ат беретін сол кісілер. Бірақ еңбегі ерен болғанмен, осы мамандық иелері көбіне еленбей жатады. Бұрындары мұғалім келе жатса, ығысып жол беретін, именетін жұрттың біразы бүгінде оларды итеріп өте шығатын деңгейге жетті. Тіпті, балама жекідің деп мұғалімді соққыға жыққандарды, қоқан-лоққы жасап қорқытқандарды да көріп-біліп жүрміз. Ал ата-аналардың балаларының көзінше мұғалімдерге дөрекі сөздер айтуы – жас жеткіншектің алдында ұстаз беделін айрандай төгеді. Мұғалім қауқарсыз, құқығы тапталған адамға айналады. Қазіргі кезде диктофон, фотоаппарат, мобильді телефон қолдану арқылы оқушылардың мұғалімдердің беделін түсіруі жиілеп кетті. Мұны мұғалімдер де жоққа шығармайды. 16 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Гүлшат есімді ұстаз (мектебі мен фамилиясын көрсетуден бас тартты) бүгінде мұғалім атаулының қадірі қалмағанын айтады. «Қазір бізде бедел, мәртебе деген атымен жоқ. Балаларға қолыңның ұшын тигізсең, шаруаң бітеді. Ата-аналардан бұрын алдымызда отырған шәкірттеріміздің өзі: «ата-анам үстіңізден арыз жазады» деп қорқытатынды шығарған. Ал сол өзімізді қорқытып жүрген бала сабаққа келмесе де, біреумен жаға ұстасып қалса да, тәртіп бұзса да, жауап беретін – біз. Қазіргі уақытта ата-аналардың баласына қарауға уақыты жоқ. Бәрі жұмысбасты. Балаларын мектепке әкеп тастайды да, ары қарайғы жауапкершіліктің бәрін біздің мойнымызға арта салады. Бір жағдай орын ала қалса, тағы да келіп бізден есеп сұрайды. Сонда біз балаға білім береміз бе, оның жүрген-тұрғанын аңдып отырамыз ба? Осыны ата-аналар неге ойланбайды екен?», – дейді ұстаз. Бұл күнде ерінбегеннің бәрі мұғалімнің «кемшілігін» бетіне айтып, ұстазды жерден алып, жерге салатын болды. Ұстазының алдын кесіп өтпейтін қазақ қоғамында қазір үлгерімі төмен, тәртіпсіз оқушы үшін ұстазды кінәлайды. Тіпті, шәкірті төпелеп ұрып жатса да, болысудың орнына, мұғалімнің педагогтық біліктілігі жоқ дейді. Осыдан кейін бала алдында мұғалімнің беделі қалайша биік болмақ?! Оқушы мен ұстаз арасында кикілжің орын алған жағдайда мектеп басшылығы да мұғалімнің құқығын ескермей, шағымданып келген ата-ананың сөзіне құлақ түреді. Сөйтіп, мұғалімнің оқушымен тіл табыса алмауы оның тәжірибесіздігінен болып, тағы да ұстаз айыпты боп шыға келеді. Ал мұғалімнің құқығын сонда кім қорғайды? Басшылықтан да, ата-анадан да, қала берді оқушысынан да сөз еститін ұстазға кім пана болады?

Ұстазды ұлықтайтын шәкірт қайда?

Бүгінде қазақстандық ұстаздардың білім саласындағы шенеуніктерден басқа, ата-аналар мен өздері білім нәрімен сусындатып, тәрбие беріп жүрген оқушылары тарапынан көріп жүрген қысымдары шектен шығып кеткен десек, артық болмас. Бәріміз ұстаздарды балағаттау, тіпті қол жұмсау, балаларының тәрбиесіздігіне кінәлау, тағы сол сияқтыларды бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Тіпті, мектеп оқушысы мұғалімінің үстінен арыз жазыпты десе, қазір селт етпейтіндер көп Солай болуға тиісті санаймыз. Қит етсе, шетелдік тәжірибені тілге тиек ете қоямыз. Олардағы тыйым, бұзақы балалардың ата-аналарына салынатын айыппұл туралы айтқымыз келмейді. Ата-аналар да бұл күні баласының сөзіне ілесіп, мұғалімдерге құрмет көрсетуден қалып барады. Қит етсе, ұстазды айыптап, олардың жер-жебіріне жететін болған. Осы жылдың басында Алматы облысы, Боралдай кентіндегі Кенен Әзірбаев атындағы №15 мектепте орын алған оқиға бүкіл елді шулатқан еді. 6-сынып оқушысы ата-анасына өзін мұғалімнің ұрғанын айтып барады. Бұл істің мән-жайын анықтамаған анасы мен әпкесі мектепке барып, мұғалімді сабап тастайды. Нәтижесінде мұғалім емханаға жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, мұғалім бас ми жарақатын алған. Араша түспек болған тағы бір мұғалім де жарақаттаныпты. Бұл арқылы ата-ана баласына қандай үлгі көрсетті? Әке-шешесінің ұстазды соққыға жыққанын естіп-білген шәкірт мұғалімді қайдан сыйлай қойсын? Ал осындай әрекетке барған ата-ананың ойында не бар? Бұрындары оқушы мұғалімнен сөз естісе, ата-анасы «Не бүлдірдің?», «Мұғалім тектен-текке қол көтермейді, өзің бірнәрсе бүлдірген боларсың» деп баласын айыптап, кінәні содан іздейтін еді. Тіпті, баласының тәртіпсіздігі үшін ұстаздан кешірім сұрап жататын. Ал қазіргі ата-аналар ше? Бүгінгінің кейбір ата-аналары балаларына «Басыңнан сөз асырма», «Мұғалім бірнәрсе айтса, бірден маған айт», «Мұғалімнің саған дауыс көтеруге құқығы жоқ» деп үйретеді. Ал осы сөздерді құлағына құйып алған шәкірттер мұғалімді сыйлау түгілі адамды сыйлай ала ма? Қазіргі уақытта ата-аналар оқушының тәрбиесін түгелдей мұғалімге артып тастаған секілді. Тіпті, мектеп – білім ордасы емес, жүгенсіз ата-аналардың жекпе-жекке шақыратын орнына айналғандай. «Ұстаздың айтқаны заң, оған қарсы шығуға болмайды» деген қағида адыра қалды. Баласы жетістікке жетсе, ата-аналар «өзім берген тәрбиенің арқасы» дейді, бұзақылық жасап жерге қаратса, кінәнің бәрін мектеп пен мұғалімге ысырып қоятыны жасырын емес. Қазір ұстаздар тентек пен бұзыққа дауыс көтерсе, үстімнен шағым түсе ме деп қорқады. Яғни,  мұғалім  оқушының қабағына, ата-ананың пікіріне тәуелді болып қалды. Кейбір оқушылар мұғалімдерін қалай қорлағандарын бейнекамераға түсіріп, интернетке салуды әдетке айналдырып алған. Ғаламтордан мұндай бейне роликтердің сан мыңын табуға болады. Кейбіреулер арнайы сайт ашып, мұғалімнің жынына тиюдің әдіс-амалдарын үйретуді де арнайы қолға алғанын амалсыздан айтуға тиіспіз.

Адам ұстаздан неге алыстады?

Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғам да, жеке адам да ұстаздан алыстап кетті. Ұстаздың қадірін ұғынбайтындар көбейді. Ал мәртебесі төмендеген мамандық иелері басшылық бекіткен барлық талапты орындаудан жалтармайды. Сонда да, мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге тырысатын жан жоқ. Түрлі қоғамдық шаралар мен науқандар кезінде мұғалімдерді жұмысқа жегіп қоятыны да талай әңгімеге тұздық болған. Мерекелік шаралардың билеттерін оқушыларға жалынып жүріп өткізетін де – ұстаздар, сайлау бола қалса, учаскелерде кезекші болатын да – ұстаздар, қала не аудан орталықтарында өтетін шараларға оқушыларды қинап апаратын да – ұстаздар. Осының бәрі ұстаздардың қоғамдағы қадірін қашырып жібергені даусыз. Осы ретте, мұның бәріне мұғалімдерді айыптап шыға келетіндер көп. Бірақ бала-шағасының ас-ауқаты үшін табанынан тозып жұмыс істейтін ұстаздардың жағдайына аса қатты бас ауыртпаймыз. Олардың да айтқанға жүріп, айдағанға көнбеске амалы да жоқ. Өйткені мұғалім сол мектептен алған жалақысымен отбасын асырап отыр. Еуропаның кейбір елдерінде педагог мәртебесі оның білім беру секторына байланысты белгіленеді. Қоғамдық білім беру секторында еңбек ететін мұғалім мәртебесі мемлекеттік қызметкермен тең. Ал жекеменшік мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерде ондай мәртебе жоқ. Австрия, Бельгия, Канада, Грекия, Дания, Испания, Португалия, Финляндия, Франция, АҚШ-та мұғалімдер қай секторда еңбек ететініне қарамастан, мемлекеттік қызметкер болып саналады. Нидерландтарда үкімет пен әкімшілікке қарайтын мектеп мұғалімдері ғана мемлекеттік қызметкер есебінде болса, Жапонияда ағарту саласы қызметкерлері туралы арнайы заң бар. Финляндияда педагог мамандығы аса қадірлі. Мұнда ең жоғары жалақыны педагогтар алады. Сондай-ақ, Қытайда мұғалімдердің жалақысы, ұлттық заңнамаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерден кем болмауы тиістігі жазылған. Ал біздің елде бүгінге дейін ұстаздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын бірде-бір заң жобасы болған емес. Ал «Білім туралы» заңда көрсетілген педагог қызметкердің құқықтарын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Аталмыш заң жобасында «педагог қызметкер өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына құқылы» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Алайда бұл ұстаздардың беделі мен мәртебесін көтеруге сеп болмай тұр. Енді «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы бекітілсе, жағдай өзгерер деп үміттеніп отыр ұстаздар қауымы. Ұстаздың қадірі, мұғалімнің мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» деуі тегін болмаса керек. Иә, ұстазға тән қасиеттің барлығы олардың бойынан табылып тұрса, ешкім оған негізсіз мін таға алмайтыны да анық. Бұл тұрғыдан келгенде ұстаз да ұқыпты, білікті, жан-жақты азамат болуы тиіс. Мұғалімнің ең негізгі миссиясы – оқушының өз-өзін тануға, дамытуға әрдайым ықпал жасау. Мұғалім де, оқушы да өз міндетін атқарып, бір-біріне сыйластықпен қарағанға не жетсін?!