Нәшіне келтіріп шай құю

Нәшіне келтіріп шай құю

Нәшіне келтіріп шай құю
ашық дереккөзі
2018 жылы Қытай қазақстандық білімгерлерге 125 оқу грантын бөлді. Жалпы, бүгінде Қытайда 14 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатыр, оның ішінде 1500-ге жуығы түрлі гранттар бойынша білім алуда. Берілген грант бойынша оқу және жатақхана шығындары жабылады, сондай-ақ, ай сайын 2-3 мың юань шәкіртақы беріледі. ҚР Ұлттық Банкінің бағамы бойынша бұл 100-150 мың теңгеге тең. Ал Қазақстан халықаралық келісімдер бойынша биылғы оқу жылына шетел азаматтарына 140 білім грантын бөлді. Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасының есебі бойынша 2018 жылға қазақстандық студенттерге шетелдік университеттер 10 мыңнан астам грантын бөлген. Бұл тек «Болашақ» бағдарламасы негізінде, ал басқа да бағдарламалар арқылы кетіп жатқан студенттердің нақты есебі жоқ. Әлемде шетелдік студенттерге арналған білім грантын арттыру тенденциясының мәні неде және сол мемлекеттер ішінде, Қытайдың білім беру жүйесі қандай? Біз саналы, білімді, алғыр жастарымыздан айырылып жатқан жоқпыз ба? Шетел түгілі Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу арман еді кезінде. Ал қазір талап болса, қанатты кеңге жаюға жол ашылды. Жастардың дамуына, өсіп-өркендеуіне таптырмас мүмкіндік. Ұтымды жағы көп: тіл үйрену, жер көру, алдыға ұмтылу, іштей өсу, соңғы технологиялармен жұмыс істеу, жаңашылдыққа бейімделу. Десек те, үлкен қауіп те бар. Ол – бойына білім мен тәжірибені жинақтаған жас маманнан, елдің азаматынан айырылып қалу. Жыл сайын Түркия, Венгрия, Америка, Қытай сынды мемлекеттер қазақстандықтар үшін оқу гранттарының санын көптеп бөліп келеді. Аталған мемлекеттер ішінде, оқу жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар Қытай мемлекетіне тоқтауға тиіспіз. Қытайдың білім беру жүйесі Қазақстандағы сияқты бірнеше кезеңнен тұрады. Мысалы, бакалавриатта оқу мерзімі – 4-5 жыл; магистратурада – 2-3 жыл; докторантурада – 2-4 жыл. Ал егер сіз шетелдік студент болсаңыз, аталған жылдарға тағы бір жыл қосылып, сол уақыт бойы сіз тіл үйренесіз. Тіл оқу түсінікті дейік, Қазақстанда бұл жағдайға аса көңіл бөлінбегенімен, Түркияға барсаңыз да, Америкаға барсаңыз да алдымен мемлекеттік тілді білетіндігіңіз жөнінде сертификат сұрайды. Ал Қытай сұрамайды, бірақ бір жыл үйретеді және тек қана қытай тілін емес. Сонымен қоса, Қытайдың тарихын, мәдениетін, салтын, ұстанымын, ұлттық биін, шай құю өнерін, тіпті, әр шайдың тарихына дейін үйретеді. Егер шайды нәшіне келтіріп құя алмасаңыз, емтиханнан құлайсыз. Емтиханнан құласаңыз гранттан айырыласыз, гранттан айырылсаңыз сөмкеңізді жинап, басыңызды салбыратып еліңізге ораласыз. Бәрі де болмашы шай үшін. Біз үшін болмашы ғана нәрсе шығар, бірақ Қытай үшін ол – ұлттық мүдде, салт-дәстүр, мәңгілік құндылық. Бір ескере кететін жайт, қай факультетке түссеңіз де, математиксіз бе, физиксіз бе, химиксіз бе, саясаттанушысыз ба – бәрібір. Басты талап – шайды дұрыс құя білу. Тіл үйретуде Қытай иероглифтерін боятып отырып үйретеді. Артқы фонда міндетті түрде Қытайдың халық әндері қосулы тұрады. Тіпті, сабақ үстінде де өшпейді ол әуен. Басыңда Қытайдың тарихы, құлағыңда музыкасы. Босай қалғанда, Қытай ұлттық билерін билетеді. Ал енді көз алдыңызға елестетіңізші, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген қытай студенттерінің қазақ әліпбиін жаттап, сүтпен қоюлап шай құйып, қолы бос кезінде «Қамажайды» билеп, я қазақтың халық әндерін айтып жүргенін. Олар түгілі орыс топтарындағы қазақтармен қазақша сөйлесуге қауқарсызбыз. Осыдан кейін ол байғұстардан не сұраймыз дейміз де, баяғы ақкөңілдігімізге басып, мәселенің бетін ашпай жатып жаба саламыз. Қытайдан үйренер тұс – осы. Ұлттық мүддеге берік болу, елдің байырғы тарихын, мәдениетін сыйлау, пайдалысын заманауи тұрғыда тұтынудан тартынбау. Жалпы, қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі жоғары білім беру жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырауда. Ондағы өзгеріске серпін беретін бірнеше ірі үрдіс қалыптасқан. Бірінші үрдіс – жоғары білім беру жүйесін кеңейту және жоғары білімі бар халық үлесін арттыру. Қарқынды дамып келе жатқан елдерде жоғары білім беру жылдам дамуда. Соңғы 45 жылда әлемдегі студенттер саны 15 есеге өсіп, бүгінде университеттерде жарты миллиардтан астам адам білім алып келеді. Соңғы жылдары Қазақстанда да жоғары білімі бар жұмыскер халықтың үлесі өсіп, 30 пайызға жеткен. Алайда Сингапурдегі жұмысшылардың 50 пайызы жоғары білімге ие. Екінші үрдіс – жоғары білім берудегі интернационализация. Бұл дегеніміз сырт білімді игеру арқылы адамды сол білімнің бөлшегі ретінде қалыптастыру. Яғни, шетелден студенттерді көптеп тарту арқылы әр мемлекет өз біліміне негізделген тұлға қалыптастырады. Оған дәлел – әлем бойынша шетелдік студенттер саны 41 жылда 8,3 есеге артып, 5 миллионға жеткен. Ал қазір бұл үрдіс тіпті жылдам дамуда. ЮНЕСКО болжамдарына сенсек, 2025 жылға қарай шетелдік студенттер саны 7 миллионға жетпек. 2017 жылғы есеп шетелдік студенттердің ең көп бөлігі Америка Құрама Штаттарында екенін көрсетті. Қазірде онда миллионнан астам шетел студенттері оқып жатыр. Яғни, әлемдегі шетелдік студенттер жалпы санының 24 пайызы – АҚШ-та, 11 пайызы – Ұлыбританияда, 10 пайызы – Қытайда. Көш бастап тұрған мемлекеттер осы үшеуі. Мамандардың айтуынша, жоғары білімнің интернационализациясы қысқа уақыт ішінде мемлекет экономикасына оң әсер етіп, елдің геосаяси жағдайын нығайтады. Мысалы, 2013-2014 оқу жылында Франция шетел студенттерін тартуға бөлінген қаржыдан 1,5 есе артық табыс тауыпты. Шетел студенттерінің тегін оқып, тұруына 3,5 миллиард АҚШ доллары бөлінген. Ал онда білім алуға келген шетелдік студенттер ел ішінде саяхаттауға 5,4 миллиард доллар жұмсаған. 2014-2015 жылдары Ұлыбритания университеттерінде оқуға шетелдік студенттер 4,8 миллиард доллар төлеп, оған қоса әртүрлі тауарлар мен қызметтерге 5,4 миллиард долларын жұмсаған. Яғни, Ұлыбритания жоғары оқу орындары арқылы жылына 10,2 миллиард доллар таза табыс тауып отыр. Бұндай үрдісті талантты, талапты жастар үшін жаһандық күрес десек те болады. Сарапшылардың пікірі бойынша, көп ұзамай жауды жеңу үшін оның мықты әскери базасының болуы маңызын жоғалтады. Қарсылас мемлекетті жеңу үшін бар болғаны оның жас әрі дарынды бөлігін өзіне тартып алу арқылы сол елді қауқарсыз, білімсіз қалыпта қалдыру. Сондықтан дамыған елдердің көпшілігі шетелдік студенттерді мүмкіндігінше көп тартуға тырысады. Осы мақсатта Германия 2020 жылға дейін 350 мың шетелдік студентті тарту жоспарын 2016 жылы-ақ артығымен орындап тастаған. Сол жылдың өзінде Германияда 358,8 мың шетелдік студент тіркеуде тұрған. Шетелдік студенттерді тарту бойынша Қытай Азиядағы ең алдыңғы орында болуды көздеуде. Бекіткен талапқа сай 2020 жылға дейін Қытай университеттерінде 500 мың шетелдік студент оқуы керек. Қазақ­стан­дықтардың Қытайға оқуға тіл білмей-ақ, оңай әрі тез түсіп кетуі сондықтан. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы да 2017 жылдың мамыр айында Ресейдің жоғары оқу орындарындағы шетелдік студенттердің санын үш есеге арттыруды міндеттеді: 2017 жылы 220 мың адамнан – 2025 жылы 710 мың адамға дейін. Ал Түркияда қазіргі таңда 115 мың шетелдік студент білім алуда. Бауырлас елдің мақсаты – студенттер санын 350 мыңға жеткізіп, шетел студенттерін көп оқытатын мемлекеттер қатарындағы үздік бестікке кіру. Қазақстанда да шетелдік студенттерге гранттар бөледі. Десек те, жоғарыда аталған мемлекеттермен әзірге таласқа түсе алмаймыз. Орташа есеппен Қазақстан шетелдік студенттерге жылына 100-ден аса грант бөледі. Тәжікстаннан – 90 адам, Қырғызстаннан – 4 адам, Қытайдан – 20 адам, Моңғолиядан – 1 адам, Украинадан – 1, Беларусьтен – 3, Египеттен – 1, Ауғанстаннан – 46 адам. Яғни, Қазақстанға шет елден келушілер көшін Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай бастап тұр. Бастапқы екі елдің экономикалық ахуалын ескерсек, Қазақстан экономикасына тигізетін әсері шамалы болар. Керісінше, Ауғанстаннан келген студенттердің ағылшын тілін меңгеруі жақсы болады да, олар мектеп жасындағы қазақ балаларына репетитор болып, оңай ақша табумен айналысады. Базарға барып киім алса да, онда чексіз жүйе болғандықтан, мемлекетке пайданың түсер-түспесі де белгісіз. Ал батыстан келіп, Қазақстанда білім алып жатқан студентті таппайсыз. Неге? Себебі елде білім беру жүйесі төмен. Астанадағы Nazarbayev университеті мен Алматыдағы ҚБТУ заманауи талапқа сай шығар. Ал қалған университеттер туралы ауыз толтырып айта алмайсыз, өкінішке қарай. Сондықтан назарға бірінші алынуы керек мәселе – жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін қатаңдату. Заманға сай білім беру. Оқулық, жұмыспен қамту мәселелерін дұрыс жолға қою қажет. Қытай шетелдік студенттерді тарту арқылы оларға кеткен шығынды қайтарып алатыны белгілі. Бұл Қытай экономикасына, біріншіден, оң әсерін тигізеді. Екіншіден, жай ғана оқытып қоймай, шетелдік студенттерге қытайша ән айтқызып, ұлттық биін билетуінің астарында не жатыр? Шай құю тәсілін үйретуді былай қойғанда, сабақ барысында қытай халық әндерін тыңдатуының себебі неде? Жә, оқыту мәдениеті сондай делік. Басқа ұлттың мәдениетімен танысу да адам бойындағы жан-жақтылық қасиетін оятады, мәдени өсім береді, танымы кеңейеді. Бірақ Қытайдағы қайта түзеу лагері ше? Қытайдағы өзге ұлт өкілдерін күштеп, түзелгенше айлап-жылдап лагерьге қамап, қысым көрсету арқылы Қытайдың әнұранын айтқызып, мәдениетін сіңіртіп, «адамдардың миын жуу» тәсілін қолданып жатқандығы әлемнің назарын енді-енді аударып келеді. Деректерге сүйенсек, бүгінде саяси қайта түзеу лагерінде 1 миллионнан астам өзге ұлт өкілі қамауда жатыр. Оның ішінде, Қазақстан азаматтығын алып, Қытайға қайта барған қандастарымыз да бар көрінеді. Себебі қытайдан келген көршісі я танысы туралы айтқанда, «сол кеткеннен хабар-ошарсыз кетті» дегенді де көп еститін болдық жұрт аузынан. Бәрі жақсы болса, бір хабарын беретіні анық. Синьцзяньда 1,5 миллион қазақ бар. Базбірі Қытайда көрсетіліп жатқан қысым туралы айтып, арызданған. Ал қайта түзеу лагерінен қашып шыққан ұлты ұйғыр Мехригүл Тұрсынның халықаралық бірлестікке берген дерегі интернет қолданушыларының жағасын ұстатты. Лагерьде көрген азабы адам сенбестей, тек кинода орын алатын оқиға сияқты. Өзінің айтуы бойынша, әйелдерге күнде дәрі берген, ол дәріден кейін ағзада неше түрлі өзгерістер пайда болып, кейбірі талып, кейінгілері өмірмен қош айтысқан. Осыдан кейін Германия, Франция, Канада, АҚШ халықаралық бірлестігі Қытайды саяси қайта түзеу лагерін жабуға шақырған, ал Қытай бұл елдің ішкі саясаты деп жауап қайырды. Қазақстандағы Қытай елшісі Чжан Ханьхуей де ол жағдайлардың барлығы Қытай заңына байланысты реттеліп отыр деді. Осыдан Қытайдың ұлттық мүддеге өте берік халық екенін байқауға болады. Ұлтың қытай болсын-болмасын Қытайды өз туған жеріңдей, еліңдей көруің керек. Егер нағыз патриот болып, Қытайға адал еңбек етсең, ол да саған барын береді. Жақсы көрмеуі мүмкін, десе де материалдық жағынан толықтай қамтамасыз етеді. Ал оның көңілін қалдырып, жүрек қалауын істеу – сатқындықпен пара-пар. Бұл мәселеге Қытай өте қатты көңіл бөледі. Қытайға оқуға аттану күннен-күнге оңай болып бара жатуы да тегін емес. «Тегін» дегенді естіп, жаппай атой салып аттанбас бұрын, қай елге, қандай мақсатпен бара жатқанын жастар білуі тиіс. Алатынын алып, елге қайтса игі, қайтпай қалса кімге игі?!