Мерекеге толымды тарту

Мерекеге толымды тарту

Мерекеге толымды тарту
ашық дереккөзі
Елдік пен теңдіктің мерекесі саналатын Тәуелсіздік күні қарсаңында жамбылдықтар қуанышқа бөленді. Өйткені ұлық мерекеге орай Жамбыл облысында бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілді. Мәселен, мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Таразда 60 пәтерлі үй пайдалануға беріліп, баспаналылар қатары арта түсті. Көпқабатты тұрғын үй жалдамалы негізде салынған. Бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер жетім балаларға, мемлекеттік қызметкерлерге, көпбалалы және толық емес отбасыларға беріледі. Дәл осы мереке қарсаңында Тараздағы 15-ықшам ауданда да тұңғыш рет қоныс тойы тойланды. Мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 80 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйдің салтанатты ашылу рәсіміне қоныстойын тойлағалы отырған отбасылар мен жергілікті билік өкілдері қатысты. Жақсылыққа жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев құттықтап, салтанатты түрде баспана кілтін табыстады. Айта кетейік, Жамбыл облысында тәуелсіздік жылдары 1 млн 200 мың шаршы метрден астам тұрғын үй берілген. Мұның көлемі келер жылы да арта түспек. Қазіргі уақытта өңір бойынша 23 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Оның 16 мыңдайы Таразда тіркелген. Оларды баспанамен қамту үшін 13,14, 15-шағын аудандарда тұрғын үй құрылысы қызу жүргізілуде. Сонымен қатар, Тәуелсіздік мерекесіне арналған тарту аудандар мен ауылдарда да жалғасты. Тәуелсіздік тартуынан Байзақ және Меркі аудандары да қалыс қалған жоқ. Көкөзек ауылында медициналық тірек үлкен сый болса, Меркіде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы жұмысын бастады. Ғимарат ішіндегі ойын бөлмесі баланың ой-санасын жетілдіретін, дамытатын ойыншықтармен толтырылса, дене шынықтыру бөлмесі арнайы құрылғылармен жабдықталған. Жалпы, аудан бойынша 335 мүмкіндігі шектеулі бала болса, әзірге 25-і арнайы сараптамадан өтіп, осы жерге жолдама алып отыр. Облыс әкімінің атынан орталыққа теледидар тарту етілді. 120 түтіні бар Көкөзек ауылы тұрғындары да мерекеде берекелі біткен істе бас қосты. Заманауи үлгіде салынған медициналық тірек енді денсаулық сақшысы болмақ. Нысанның құрылыс жұмыстарына 62 млн теңге қаражат жұмсалған. Ал Шу ауданының тұрғындары тәуел­сіз­дік тойын аудан орталығынан шалғай жатқан Көкқайнар ауылдық округінде жаңа дәрігерлік амбулаториясын пайдалануға беруден бастады. Әлеуметтік нысан ауылда тұратын 1800-ге тарта тұрғыннның сапалы өмір сүруіне сеп болары анық. Мерекеде Бәйдібек ауылының тұрғындары да фельдшерлік амбулаториялық пунктінің ашылу салтанатына куә болды. 8 ай ішінде бой көтерген нысан заманауи қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ, аудан орталығы Төле би ауылында инфрақұрылым жақсара түсті. Ауылдың батыс бөлігінде орналасқан кәріз жүйесін және жабдықтарын қайта жаңғырту нысаны ашылып, пайдалануға берілді. Инженерлік инфрақұрылымның жалпы ұзындығы 11 шақырымнан асады. Сондай-ақ, Шу тұрғындарына қуаныш сыйлаған басты жаңалық – 75 пәтерлік жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі. 5 қабатты тұрғын үйдің ашылуына қатысқан аудан әкімі тұрғындарды қоныстой қуанышымен құттықтады. Пәтер кілттері бірінші ретте әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған жандарға, жетім балаларға, жалғызбасты аналар мен мемлекеттік қызметкерлерге берілді.