Әлихан Бөкейханның 15 томдығы

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы мен тұлғалық энциклопедиясы жарық көрді. Жинақта Әлихан Бөкейханның әр жылдары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген мақалалары, ғылыми зерттеулері, 1897-1901 ж.ж. Қазақ облыстарын зерттеген «Щербина экспедициясының» материалдары, Л.Н. Толстой шығармаларынан аударған әңгімелері, өтініштері, хаттары және хаттамалары қамтылған.

Тұсаукесер рәсімі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «АЛАШ» ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Шараға институт ғалымдары, профессор-докторлар құрамы, тарихшылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Кітаптың тұсауын Уахит Шәлекенов, Мәмбет Қойгелді, Сатыбалды Нарымбетов сынды тағы басқа құрметті азаматтар кесті. Кездесуде сөз алған тарихшы Мәмбет Қойгелді: «1994 жылы Бөкейханов туралы алғашқы жинағымды шығардым. Кейіннен сол кітапты негізге алып деректі фильм түсірілді. Бүгінгі тұсауы кесіліп жатқан 15 томдықтың да орны ерекше. Болашақ үшін жасалып отырған айтулы еңбек», ‒ деп бағасын берді.

Сондай-ақ, 15 томдық жинақта Әлихан Бөкейханның баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары, азанамасы, корреспонденция, жеделхат, сөйлеген сөздері, әдеби сын, фольклорлық зерттеу, ашық хаттары, саяси сатиралары, әңгімелері, фельетондары жинақталып отыр. Ә.Бөкейхан іздеп жариялаған архив құжаттары, монографиялары, тарихи танымдық очерктер мен естелік, саяси шолу, үндеу, Мемлекеттік Дума, бас майданнан берген хаттарын да оқуға болады. Редакция алқасының мүшесі Сұлтан Хан Аққұлы: «Әлихан Бөкейхан шығармалары өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриотизм сыйлайды. Ғалымдар бірнеше жыл бойы ізденді, зерттеді, біз осылай жанкештілікпен 15 томдықты шығарып отырмыз. Осыған атсалысқан, демеушілік жасаған барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Бөкейханов мұралары 15 томдықпен түгесіліп қалмайды. Бұйыртса 16-17-18 томдары шығып жалғасып кете береді деп ойлаймын», ‒ деп ағынан жарылды.

«Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясына Ә.Бөкейханның өмірбаяндық деректері, қайраткерлік қызметі, ғылыми, публицистикалық, аударма мұралары туралы мақалалар енгізіліп отыр. Сонымен қатар, Алаш қозғалысына қатысты мағлұматтар, Алаш қайраткерлерінің өмірбаяндары, ғалым жөнінде жазылған еңбектер мен олардың авторлары туралы да мәліметтер беріліп отыр. Тұсауы кесілген кітаптар қалың оқырмандар үшін теңдессіз туындылар болмақ.

Back to top button