Шетелдегі қазақтар: Бізге ортақ әліпби қажет

Шетелдегі қазақтар: Бізге ортақ әліпби қажет

Шетелдегі қазақтар: Бізге ортақ әліпби қажет
ашық дереккөзі

Шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері «Түркістан» газетінің редакциясына сәлемдесе келді. «Түбі бір түркінің жұрты, Алаштың қара шаңырағы – Түркістан шетелдегі ағайын үшін айбынды атау», – дейді қонақтар. 

Қонақтар Қазақстанға Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Шетелде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерін қазақстандық қоғаммен ақпараттық жұмыс жүргізу үшін жұмылдыру» атты жоба аясында келген.  Делегация құрамында ардагер журналист Абдулсәмет Алтай (Франция), Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы  Абдулқайым Кесіжі мен «Қазақ мәдени орталығының» төрағасы Шұғайып Ерол (Германия), «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова (Ресей), этнограф Құндыз Бахатрысбай (Моңғолия), меценат Сүлейман Шадкам, кәсіпкер Харун Хұдаяр (Сауд Арабиясы) және елімізден суретші Камила Жапалова, шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей, «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова сынды кісілер бар. Ұлт басылымын ардақтаған ағайынды «Түркістан» газеті редакторының бірінші орынбасары, жазушы, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Жаңабек Шағатай, жауапты хатшы Көлбай Адырбекұлы, журналист Есенгүл Кәпқызы бастаған редакция ұжымы қарсы алды.

Қонақтарға «Түркістан» газеті редакторының бірінші орынбасары Жаңабек Шағатай шығармашылық ұжымды таныстырып, «Түркістан» халықаралық газетінің құрылу тарихы, бүгінгі ақпараттық бағыты, ұстанымы туралы кеңінен әңгімеледі. Ал атажұрттан жырақта жүрген ағайын «Түркістан» газетінің шетелдегі қандастар мәселесін, көші-қон тақырыбын күн тәртібінен түсірмей жазып келе жатқандығына ризашылықтарын білдірді.

Бұдан бөлек қандастарымыз бүгінгі әлем қазақтарын біріктірудегі басты түйткілді атап өтті. «Қазақ елі бүгіндері барлық көрсеткіштер жағынан ілгері тұрған мемлекетке айналуда. Осы орайда тілегім, бізді атажұртпен байланыстыратын арнайы газеттің шығарылуы қайта қолға алынса дейміз. Біріншіден, бұл еларалық байланысты нығайтса, екіншіден, төте жазу деген ұлттық құндылығымыздың сақталуына демеу болар еді. Бұлай деп отырғаным, кешегі темір құрсау кезеңде шетелдегі ағайындарды ұлттық мәдениетке үйреткен осы төте жазу еді», – дейді Абдулқайым Кесіжі баспасөздің шетел қазақтары өміріндегі маңызы жайлы айтқан сөзінде. Ал Абдулсәмет Алтай: «Қазақстандағы латын қарпі, Қытайдағы латын қарпі және Еуропада қолданылатын латын қаріптері мүлдем бөлек. Ортақ әліпби болмаған соң қаншама ұлттық дүниелерімізді, ұрпақтарымызға жеткізе алмай отырмыз. Осы орайда шетелдегі қазақтар үшін латын әліпбиінің ортақ үлгісін құрып, оны біріздендіру әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Бұл мәселені алдағы уақытта шешу қажет», – деген ойын ортаға салды.

ADS_9654

Сондай-ақ, Ресей қазақтары да Қазақстан тарапынан үлкен қолдауға мұқтаж екен. Бұл туралы Мәскеудегі «Астана» қорының президенті Жарқын Өтешова: «Алматыда бір орыс халқының қоғамы құрылса, оған бөлме беріліп, өздерінің газеттерін шығаруға Қазақстан көмектесіп жатыр. Ал бізде қалай?! Бір емес, Ресейдің 17 өңіріндегі «Қазақ қоғамын» дамытуға бөлме де берілмеді, газеті де шығып жатқан жоқ. Сондықтан осы мәселеге мемлекет көңіл бөлсе дейміз. Әлем бойынша 42 мемлекетте 5 млн. қазақ тұрып жатқанын ескерсек, соның басым бөлігі Ресейде. Еуропадағы қазақтарға қарағанда, Ресейдегі қазақтар ата-бабасынан бастап сонда туып-өскен. Мәселен, Омбы, Орынбор, Саратов, Мәскеу сынды қалаларында ата-бабаларынан бастап сонда өмір сүретін қаншама қазақ отбасы бар. Осы мәселені мемлекет ұмытпаса деймін», – деді.

Қиыр қыстап, шет жайлап жүрген қандастарымыздың атап айтқан мұқтаждықтары шешімін таппайтын күрмеуі күрделі дүние емес. Жауапты министрліктер тарапынан ынта мен жігер жетіспегендіктен «тұралап» тұрған іс. Қазақстанның беделі әлемге танылған сайын алыстағы ағайынның да мерейі арта түсуге тиісті. Ал әліпби мәселесіндегі түйткілді көкпардай тартқылап жүрген зиялы қауым мен жауапты мамандардың ымыраға келер күнін зор үмітпен күтеміз.