Елбасы мемлекеттік наградаларды табыстады
Елбасы мемлекеттік наградаларды табыстады
Ерең еңбегімен дараланғандар бүгін Елбасының қолынан мемлекеттік марапаттарды алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізілетін дәстүрлі шара барысында Президент «Барыс», «Парасат», «Құрмет», ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Айбын» ордендерін және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін табыстады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық иегерлерін де құттықтады. Атап айтқанда, «Алқоңыр дүние», «Ана сыры», «Шуақты шақ» өлеңдер жинағының авторлары мен «Анаға апарар жол» көркем фильмінің ұжымын және «Абай операсының» қойылым тобы марапатталды. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай жоғары мемлекеттік награда еліміздің өркендеуіне үлес қосқан тұлғаларға ғана берілетіндігін атап өтті. Бүгін еліміздің барлық өңірінде 1600 отандасымыз осындай марапатқа ие болды.
Ал ең жоғары марапат «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы биыл 3 азаматқа берілді. «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев пен Шымкент қаласындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Алина Соловьева осы наградаға лайық деп танылды. Сондай-ақ «Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова да осы тізімнен көрінді.
«Аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы, сізді баршамыз үшін ең қасиетті мереке Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Менің еңбегімді осылай жоғары бағалаған еліме алғысым шексіз. Және Отанымыздағы тыныштық пен тұрақтылық үшін Елбасы ана жүрегіммен сізге алғыс айтамын. Елдегі бейбітшіліктің арқасында біз балалармызды тәрбиелеп, өз мақсаттарымызды іске асырып келеміз. Ертеңгі күнге нық сеніммен қараймыз. Ал мен халықтың әлеуметтік жағдайын одан сайын көтеру үшін әрмен қарай да үлес қосуға атсалысамын», – деді Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова.