Өзбекстанда ақылы жолдар пайда болады
Өзбекстанда ақылы жолдар пайда болады
Өзбекстанда 2020 жылдан бастап ақылы жолдар пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл Министрлер кабинетінің 2018-2022 жылдарға арналған «Жол қозғалысы қауіпсіздігі тұжырымдамасын іске асыру» жөніндегі шаралар туралы құжатта көрсетілген. Осыған орай 2019 жылдың 1 маусымына дейін Өзбекстанның даму бағдарламасы негізінде ел аумағында ақылы жолдарды кезең-кезеңмен іске асыру бойынша ұсыныстар дайындалуы тиіс. Жолдар заман талабына сай барлық инфрақұрылымен қамтамасыз етілмек. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге аспақ. Ақылы жолдар тізіміне Ташкент-Шымкент бағытындағы жол да енгізілуі мүмкін. Дей тұрғанмен өзбекстандық жүргізушілер тақтайдай тегіс жол төселіп, жағдай жасалса ақы төлеп жүруге қарсы емес.
«Ақылы жол болса жақсы. Мен жақында Қытайға барып келдім. Ол жақтың жолдары тақтайдай тегіс. Магистральдардың бойында қызмет түрлерінің бәрі бар. Біз де жақсы жолмен жүргіміз келеді. Осы жүйе бізге де енгізілгенін қалаймыз. Бес-он сом төлеу қиын емес қой. Бастысы, жүргізушілерге жағдай жасалса деймін»,– деді жүргізуші Батыр Ибрагимов .