Мұрат МҰХАМЕДОВ, Сенат депутаты: Тәуелсіздікті қолдан берер жайымыз жоқ
Мұрат МҰХАМЕДОВ, Сенат депутаты: Тәуелсіздікті қолдан берер жайымыз жоқ
Парламент Сенатының депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы Мұрат Мұхамедовпен сұхбат тәуелсіздіктің жиырма төрт жылында қазақтың түгенделмеген есесі, ұлттық ұстындарды бекемдеудегі мүлт кеткен тұсы, өзгеде кеткен ақысы, халқының көрген талқысы мен халықаралық саясаттағы алпауыттардың тартысына ұласты.
– Қазақ хандығының 550-жылдығы республикалық деңгейде хандықтың туын тіккен мекен – Жамбыл облысында тойланды. Той Ұлытауда басталып, одан әрі Астанада жалғасын тапқан еді. Бұл кезекті мерейтойлардың бірі емес, Қазақ мемлекеттігінің бес ғасырдан аса тарихы бар екенінің ресми түрде мойындалуы. Бұған дейін кейбір саясаткерлердің «Қазақта мемлекеттілік болмаған» деген қисынсыз пікір айтқанын естіп жүрміз. Осы мерейтой мұндай жөнсіз сөзге жоғары мінберден берілген ресми жауап сияқты. Әлбетте, Қазақ мемлекеттілігінің тарихын одан да әріден бастауымыз керек дегенді тарихшы ғалымдар айтып-дәлелдеп жүр-ақ. Әйтсе де, бүгінгі күннің қуанышы – 550 жылдықтың ресми түрде мойындалуы емес пе?
– Аристотель айтты деген сөз бар: «Жоқтан бар пайда болмайды». Бұл пәлсапалық ұғымды мемлекетке қаратып қолданар болсақ, ұлан-ғайыр қазақтың даласы жоқтан пайда болған жоқ, бағзыдан болған және бола береді де. Ал бұл дала иесіз емес еді. Біздің мемлекеттің тарихы кеше емес, тоқсаныншы жылдардан емес мыңдаған жылдардан әрі басталады.
Тарихи жазба деректерге жүгінер болсақ, біздің дәуірімізге дейін бұл жерде сақ мәдениеті өркендеген, оны арехологиялық ескерткіштер айғақтайды. Біздің заманымызда сайын далада билік құрған ғұн тайпасы аттың тізгінін Еуропада тартып, бір кезде дүрілдеп тұрған Рим империясын тітіреткен. Одан беріде Оғыз мемлекеті дәуірледі, бұл заманда Сыр бойында қанат жайған қалалардың ізі әлі күнге дейін сақталып қалған. Батыс Түркі қағанатының қанат құрған жері Моңғолиямен шекаралас жер. Ал Моңғол дәуірінде Алтын Орда мен Ақ Орданың сүйегін құраған қазақ халқының рулары еді. Дешті Қыпшақ мемлекетінің, Әбілхайыр хандығының қарамағындағы халық та біздің ата-бабаларымыз болатын. Иә, осы Көшпелі өзбектер мемлекетінен ресми түрде Қазақ хандығы бөлініп шығып, өз алдына мемлекет болғанына бес ғасырдан аса уақыт өтті. Бірақ оған дейін де осы далада салтанат құрған ірілі-ұсақты мемлекеттердің құрамында болған қазақ рулары, тайпалары еді. Оны ешкім жоқа шығара алмайды.
Қазақ хандығы құрылғалы бері оның шекара белдеуі кейде кеңейіп, кейде тарылып отырған. Жалпы алғанда, бүгінгі Қазақстанның шекара көлеміне сәйкес келетін мемлекетті ұстап тұрған мықты хандар болды. Өткеннің алмағайып кезеңінде бірде Жоңғар шапқыншылығынан, енді бірде Орыс отаршылдығынан теперіш көрсе де, қазақ өз мемлекеттігінен айрылған емес. XVIII ғасырдан бастап қазақ жері біртіндеп Ресей империясының отарына айнала бастады. Одан соң Кеңес Одағы тұсында социалистік жүйенің құрамдас бөлшегі болғанда да, автономды республика ретінде өз территориясын, өз Конституцисын, төл тілін, ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалды.
Қазір өткенге сабырмен шолу жасар болсақ, жетпіс жыл бойы Кеңес Одағы құрамында болған тұста қазақ халқының ұтқаны да бар, ұтылған жері де аз емес. Ұтқанымыз – Қазақстанда көптеген зауыт-фабрикалар салынды, колхоз-совхоздар құрылды, көшпелі шаруашылықтан индустриалды республикаға айналдық, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік инфрақұрылымдар салынды, жолдар түзілді, ел жаппай сауаттандырылды – мұның бәрін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ұлттық тіл мен ділді сақтау, салт-дәстүрді ұстап қалуда осалдық танытып, діни діңгектен айрыла жаздағанымыз – оңбай ұтылған тұсымыз. Ең ауыр соққы – ұжымдастыру кезінде 2,5 миллион адам аштықтан қынадай қырылды, басқа мемлекетке бас сауғалап кетті. Саяси репрессияның салдарынан қазақ ұлты өзінің сүт беті қаймағынан айрылды, өзегіне құрт түсті. Тың және тыңайған жерлерді игереміз деген ұранмен дәстүрлі мал шаруашылығына арналған мыңдаған гектар шабындықтан айрылып қалдық, табиғи жер қоры күрт азайды.
Осының бәрін жіпке тізіп отырғанда, қазақтың өткенін кім жоққа шығара алар? Сондықтан кейбір шетелдік саясаткердің «Қазақта шекара болмаған, қазақ мемлекеттілігі деген ойдан шығарылған» дегені бос сөз.
Тарихқа жүгінсек, қазақта бағзыдан өзіне тиесілі жері болды, дәстүрлі экономикасы болды, ал ұлттық тілі, діні, салт-дәстүрі атадан-балаға жалғасып келе жатыр.
– Той болған соң оның «әттеген-айы» ілесе жүрер. Бес жүзден жылдан аса тарихы бар мемлекеттіліктің мерейтойын жариялап, оның салтанатын айшықтауда белгілі бір мемлекеттік масштаб жетіспейтін сияқты. Алдыңғы жылы Абылайханның 300-жылдық тойы да Көкшетауда елеусіздеу болып өтті. Шындығында, бұған дейін талай мәртебелі ЕҚЫҰ саммиті болсын, Азиада болсын, т.б халықаралық жиындарды, талай мемлекеттік маңызды шараларды абыроймен өткіздік қой. Ал ұлттық тарихымызға, өткенімізді қастерлеуге келгенде неге дәл сондай салтанат, серпін сезілмейді? Елдің рухын көтеріп, серпілтетін леп қайда?
– Иә, мемлекеттілігіміздің мерейтойы бүкіл ел болып, тұтас халық болып тойлануы тиіс. Бірақ мемлекетіміздің тарихына байланысты шараны өз дәрежесінде атқара алмай жатқанымыз – біртұтас идеологияның кемшіндігінен деп білем. Идеология саласының тұтқасын ұстаған азаматтардың тұғырнамалық негізі жетіспей жататындай көрінеді. Естеріңізде болсын, осыдан бір-екі жыл бұрын мемлекеттік хатшы Марат Тажин ұлттық тарихты қайта зерделеуді қолға алған болатын, жап-жақсы тың бастама еді, аяқсыз қалды.
– Неге?
– Бұл енді жекелеген адамдардың ынта-жігеріне, ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты деп есептеймін. Мысалы, осы тойды өткізуге де мемлекеттен қажетті қаражат бөлінді. Бірақ тойға бөлінген ақша асып-тасқанға, дастарқанға шашқанға емес, халықты, ұлтты біріктіретіндей, ұрпақ үлгі алатын іске жұмсалғаны жөн деп ойлаймын. Осы жағы кемшін қалды. Мұны мен идеология саласындағы азаматтардың ынта-жігерінің деңгейінен көрем.
– Сонда идеологияның тұтқасы кімдердің қолында?
– Әрине, идеологияны мемлекет жасайды. Мемлекет деген үлкен ұғым, ал тарылта айтқанда, мемлекет дегеніміз – билік. Мемлекеттік билікте идеологияға жауапты лауазым иелері бар. Ұлтты ұйыстыратын, халықты жұмылдыратын, елді серпілтетін тұжырымдамалар осы азаматтардан шықса жарасар еді. Той Ұлытауда басталды, Астанада өтті, Қазақ хандығының құрылған жері Тараз облысының аумағында тарқатылды. Бірақ Абылайханның ту тіккен мекені Көкшетауға да дүбірлі тойды апару керек еді.
Қазақ хандығының мерейтойы бір-екі күндік мереке емес, Астанадағы не Тараздағы бірнеше күндік дүбірлі шаралармен шектеліп қалмауы керек. Қазақ мемлекеттігінің тойы сонау түкпірдегі ауылдардан бастап, аудандарда, облыс орталықтарында, ең әуелі білім беру ордаларында жалғасын табуы тиіс. Өкінішке қарай, осындай жүйелі түрде тыңғылықты шаруа атқару жағы жетіспейтіндей көрінеді.
Идеологиямыздың ақсап тұрғаны білім беру саласындағы қалыптасқан жүйеден көрінеді. Мектеп бағдарламасында Қазақстан тарихына берілетін сағат саны әлі де аз. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген бүлдіршіндердің санасында бала күннен «Менің елімнің, халқымның, ұлтымның, мемлекетімнің тарихы осындай» деген ұғым қалыптасып, оның сан қилы шежіресі егжей-тегжейлі баян болып, санасына құйылуы керек. Біз орта мектепте Қазақстан тарихын оқыту мәселесіне енді ғана жете көңіл бөле бастадық. Онда да қазіргі оқулықтардағы тарих кешегі Кеңестік оқулықтардағы оқиғалар желісін қайталайды. Отаршылдық тұсындағы тарихымыздан әлі арыла алмай келеміз. Ұлттық тарихымыздағы көптеген ақтаңдақ беттері әлі ашылған жоқ.
Алдағы уақытта Қазақстан тарихын барлық мектептерде мемлекеттік тілде оқыту қолға алынады. Шын мәнінде, бұл баяғыда атқарылатын іс еді. Жалпы, ұлттық білім беру жүйесінде мектеп ордаларын тілдік ерекшеліктерге орай бөлу – түбірімен қате. Өркениетті елдердің көбінде ағылшын тіліндегі мектеп, неміс тіліндегі мектеп деген бөлініс жоқ. Білім беру жүйесі мемлекеттікі ме, онда мектеп мемлекеттік болуы керек, солай ғана аталуы тиіс, оған қосымша лақап жапсырудың қажеті жоқ. Сонда ғана барлық мемлекеттік мектептердегі оқу бағдарламаларын біріздендіруге болады. Мысалы, орыс тілі мен әдебиеті барлық мектептерде орыс тілінде өте ме, солай болуы заңды, оған дау жоқ. Бірте-бірте математика, физика, химия сияқты пәндерді халықаралық стандарттарға сәйкес ағылшын тілінде оқытуға көшу керек шығар. Ал адамның сана-сезімін, болмысын қалыптастыратын, дүниетанымын кеңейтетін, жан-жүйесіне өлшеусіз ықпал ететін қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география пәндері барлық мектептерде тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Білім және ғылым министрлігі ұйқысынан оянғандай, осындай өзекті мәселелерді енді қолға ала бастады. Бірақ жаңадан басталған іс қашан жүзеге асар, қашан нәтиже берер – ол жағы күңгірт. Өкінішке қарай, идеология саласында осындай тежелістерден әлі арыла алмай келеміз.
Алысқа бармай-ақ көршілес елдердің өнегесіне қарайықшы. Өзбекстан мектептерінде барлық пәндер өзбек тілінде жүреді, одан соң екінші кезекте ағылшын тіліне басымдық берген. Жақында Әзірбайжанға барып қайттым. Бұл елде де орыс тілін мектептерде шектеп, оның орнына ағылшын тілін оқытады. Орыс тілін тіпті міндетті пәндердің санатына кірмейді, оны үйренем дегендер өз таңдауы бойынша ғана оқиды. Ал бізде орыс тілі әлі мемлеккеттік стандарт бойынша міндетті түрде оқитын пәндер қатарында.
Өзіміз де көріп жүрміз, орыс тілі ТМД шеңберінен аттап шықсаңыз, қажетіңізге жарамай қалады. Сондықтан жас ұрпақ ғаламдық көшке ілесуі үшін мектептерде мемлекеттік тілден кейін ағылшын тілін үйретуді, ағылшын тілінде оқытуды біртіндеп қолға алуымыз керек. Орыс тілінің сағаттарын азайтып, оның орнына әлемдік қарым-қатынас тілі – ағылшын тіліне басымдық беруіміз керек.
– Осыдан бес-алты жыл бұрын қоғамдық пікір «Бізде мемлекеттік идеология жоқ» дегенге саятын. Қазір идеология саласында белгілі бір бағыт, ілгерілеу бар сияқты көрінгенімен, әлі де шашыраңқы. Идеологияның тіреуі не бізде?
– Біздің елде Конституциямызға сай қоғамда пікір алуандылығы құпталады, сақталады әрі қорғалады. Бұрынғы Коммунистік партияның кезіндегідей біртұтас идеология жоқ. Нарықтық қатынастар кезеңінде бұл да дұрыс шығар, барлық адамдардың ойы, пікірі, көзқарасы бір жерде тоғысып жатуы мүмкін емес. Бірақ мемлекеттік және ұлттық ұстанымдарға келгенде, біртұтастық, бірізділік керек-ақ. Менің жеке көзқарасым осы. Бірақ бізде осы жағы кемшін.
– Неге?
– Оның басты себебі – тәуелсіздік алғаннан кейін көп жағдайда экономикалық мәселелерді алға шығардық, ал идеология, оның ішінде ұлттық идеология қағаберісте қалды. Мемлекеттің атауына орай, сол мемлекетті құраушы ұлттың идеологиясы мемлекеттік идеологияның темірқазығы болуы керек. Кез келген мәселе қазақ ұлтының мүддесіне сәйкес шешімін табуы керек еді. Ал бізде жалпақшешейлік басым. Мемлекеттік идеология кез келген салада көрініс табуы тиіс: мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу болсын, білім беру жүйесі болсын, тіпті, күнделікті тұрмыста, сауда-саттық орындарында, яғни өмірдің қым-қуыт салаларында көзге көрінбейтін желідей тарамдалып жатады. Өкінішпен айтар жайт көп: Қандай дүкенге кірсеңізде де, тауарлар мен қызмет көрсету мемлекеттік тілде емес, басқа тілде жүргізіледі. Басқа мемлекеттерде күнделікті сауда-саттықта сол мемлекеттің тілі қолданылады. Бұл орайда біз қоғамда плюрализм орнатамыз деп, идеологияны ақсатып алдық.
Кез келген дамыған мемлекетте сол мемлекетті құраушы ұлттың мүддесі үстем тұрады. Мысалы, Ұлыбритания босқындарды кіргізбеудің амалын жасап, шектеп жатыр. Себебі олар келешекте ағылшын қоғамының тұрақтылығына кесірін тигізуі мүмкін дейді. Алақандай аралда отырып өз халқының мүддесін қызғыштай қорғайды. Одан беріде шағын ғана Латвияға қараңыз. Бұл мемлекетке іссапармен барғанда көргенім – Латвияда латыш тілінсіз аттап баса алмайсыз, онсыз тіпті күн көру мүмкін емес. Біздің бір оңтүстік облысымыздың көлеміндей ғана халқы бар, ал барлық іс-шарасы латыш тілінде өтеді, барлық түйткіл тек латыш ұлтының мүддесіне сай шешіледі. Тіпті алысқа бармай-ақ, Қытайды алайықшы. Бұл елде қандай мәселе болмасын, тек қытай ұлтының мүддесі тұрғысынан қарастыралатыны жасырын емес. Осындай мемлекеттер бізге үлгі болуы керек.
Жалпы, мемлекет пен идеология жымдас. Оларды бірінен бірін бөліп қарауға болмайды. Мемлекет болғаннан кейін біртұтас идеологиясы болуы шарт.
– «Кез келген мәселе қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан шешілуі керек» дейсіз. Ішкі саясатта расымен солай болуы кәдік. Ал сыртқы саясатта ше? Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ құруда біз қазақ ұлтының мүддесінен қарай алдық па? Осы одақ құрылар алдында қоғамда түрлі пікір айтылды. Тіпті «Қазақстанның тәуелсіздігіне келер қауіп бар» деген де көзқарас бар. Бұған не дейсіз?
– Дүниежүзіндегі мемлекеттердің даму тарихына көз жүгіртер болсақ, түрлі мемлекеттердің одақ құруы табиғи процесс. Мысалы, Еуроодақты алыңыз. Еуропалық құндылықтардың негізінде құрылған мемлекеттер одағы. Адам құқығын бірінші кезекке қоятын, адам өмірін өте жоғары бағалайтын ұстанымдағы елдер бұлар. Бұл Одақтың өзегі, ұйытқысы – Германия, Франция, Италия, ал қалғандары осы мемлекеттердің айналасына топтасқан, қазақша айтқанда, қостаушылар. Олардың одақ құрудағы мақсаты – еуропалық мемлекеттердің басын құрастыра отырып, тауар айналымы, жұмыс күшінің келім-кетімі, бұдан басқа көп мәселені барлық елдердің бірлесіп, кеңесіп отырып шешуге деген ұмтылысынан туған. Одан басқа мысалдарды қарастырсақ, Оңтүстік Америкада, Азияда аймақтық одақтар бар. Мұндай аймақтық ұйымдардың пайда болуына себепкер нәрсе, ең әуелі, экономикалық мүдде. Осы тұрғыдан алғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың пайдасы бар екенін мойындауға тиіспіз. Еуразиялық одақ туралы түрлі пікір қайшылығы болды деп отырсың ғой. Мен де Еуразиялық одақтың Қазақстан үшін тиімсіз жағы көбірек болады деп санаған азаматтардың бірі едім.
Өкінішке қарай, Қазақстан әлі де импорттаушы мемлекет. Яғни, импортымыз экспорттан әлдеқайда басым. Сыртқа көмірсутектер мен бидай ғана шығарамыз, яғни шикізат қана. Ал бізге келетін импорт әлемдік валютамен, яғни доллармен есептеледі. Қазіргідей доллар бағамы құбылып, теңге құнсызданған кезеңде, бізге Еуропадан, Қытайдан тауар әкелу тиімсіз болды. Осы тұста біз Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігін көріп отырмыз. Біріншіден, Ресей мен Белоруссия халық тұтынатын тауарларды бізге қарағанда анағұрлым көп шығарады. Біздің осал тұсымыз да осы – олардың деңгейіне әлі жеткен жоқпыз. Адамға қажетті тауарлар, киім-кешек, жиһаз, құрылыс заттары, тұрмыстық заттардың 80-90 пайызын бұл мемлекеттер өздері жасап шығарады. Ал бізде сауда-саттық саласында, базарлар мен сауда орындарын ашып, өзін-өзі асырап жүрген қаншама отбасы бар десеңізші! Қолда бар деректерге қарағанда, мұндай шағын кәсіпкерлікте жүрген азматтардың саны екі миллионға жетеді. Ал теңге девальвациясынан соң Түркиядан, Қытайдан зат әкелетіндердің жұмысы қиындады, дағдарысқа ұшырады, себебі тауар құны күрт өсті. Ал Ресей мен Белоруссиямен арада кеден салығы болмағандықтан, олардан әкелген тауардың бағасы сол күйінде. Сондықтан бөлшек саудадағы азаматтар үшін қазіргідей қысылтаяң шақта бірыңғай экономикалық кеңістік тығырықтан шығар жол көрсетіп отыр. Олар өз бизнестерін Ресей мен Белоруссияға бағыттап құра бастады. Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс күшінің миграциясына тосқауыл жоқ. Олардың арасында тауар тасу, сапар шегу, сауда-саттық жасау бұрын түрлі кедергілерден қысым көрсе, қазір оның бәрі артта қалды.
Бірақ бұл құрылымның біз үшін тиімсіз тұстары да бар. Тәуелсіздіктің жиырма төрт жылында біз халық тұтынатын тауар шығаратын мемлекет бола алмадық. Біз әлі де шикізат тасымалына тәуелдіміз. Өндірісті жолға қойып, дайын тауарды ұсынатындай деңгейге жеткен жоқпыз. Бір сөзбен айтқанда, біз – тұтынушы мемлекетпіз. Шағын және орта бизнес сыртқа не шығара алады? Ештеңе. Біздің ең ұтылатын жеріміз осы. Біз дайын тауарды қай мемлекеттен аламыз – сол мемлекеттің экономикасына жұмыс істейміз. Бұл тұрғыдан келгенде, Одақтың ішінде дәрежеміз тең емес. Ресей де, Белоруссия да өндірісті бізге қарағанда біршама жолға қойған елдер. Мен Белоруссияға үш рет бардым. Олар нарықтық жүйеге толық көше қоймаса да, бұрыннан қалыптасқан өнеркәсіптік жүйені сақтап қалған. Шындығында, олар өнеркәсіп саласын жекенің қолына тәуелді етпей, мемлекеттік меншікте ұстап қалды. Бұл елде жекеменшік дүкен деген атымен жоқ, бәрі мемлекеттік дүкендер. Колхоз, совхоздары да өз орнында. Оларда бәрі керемет деуден аулақпын, кемшін тұстары көп, бірақ ол басқа әңгіме.
Сондықтан сенің сұрағыңа орай айтарым, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғанда біздің ұтқан жеріміз де бар, ұтылған тұсымыз да жетерлік. Бұл Одаққа мүше болғаннан кейін оның тиімді жағы көбірек болуы мемлекеттің өзіне байланысты. Ол үшін тауар тұтынушы мемлекеттен тауар өндіруші елге айналу керек.
Қазір Индустриалды бағдарламаның бірінші бесжылдығы қорытындыланып, екінші бесжылдық жоспары қабылданды. Бірақ алғашқы бесжылдықта салынды деп ақпар берілген нысандардың көбісі әлі іске қосылмаған. Миллиардтаған қаржы құйылған жобалардың пайдасын халық әлі сезінген жоқ. Экономиканы әртараптандыру дегеніміз не өзі? Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қажетті шикізат түгелімен өзімізде шығады. Ауыр өнеркәсіпті дамытуға қажетті жағдай толығымен жеткілікті. Әсіресе, ауылшаруашылығын өркендетуге барынша жағдай бар. Осы салаға ерекше ден қоюымыз керек деп ойлаймын. Ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығарсақ, ауыл тұрғындарын, яғни халықтың 46-47 пайызын толықтай жұмыспен қамтамасыз етуге болар еді. Ауылшаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар жетерлік, бірақ мемлекет бекіткен субсидиялар, жеңілдетілген несиелердің қайтарымы аз, толып жатқан кедергілерге тап болып, діттеген мақсатымызға жете алмай отырмыз.
Енді біз экономикамызды реформалаудың екінші кезеңін, дұрыс кезеңін қолға алуымыз керек. Ең әуелі, отандық өнімді өндіру керек. Екіншіден, ол тауар сапалы, арзан, өтімді болуы тиіс. Үшіншіден, отандық тауар бәсекеге қабілетті, экспортқа шығаруға жарамы болуы шарт. Бұған біздің қабілет-қажырымыз жетеді.
Моңғолияға барған бір сапарымда мынандай мәселеге қанықтым: бұл елдегі халық саны 2,5 миллион, ал мал басы 18 миллионға жетеді. Сонда әр моңғолға шамамен сегіз-тоғыз түліктен келеді екен. Оның ішінде ұсақ малы да, ірі қарасы да бар. Бұл елде 120 мыңдай қандасымыз бар. Қазақтар тұратын ауданға барып, ортасынан шыққан екі депутатпен пікірлестім. Өздерінің айтуынша, 18 миллион малдың 6,5-7 миллионы осы Баян-Өлгий мен ішкі аудандарда тұратын қазақтардың үлесінде екен. Бұл ресми дерек емес, өздерінің долбары ғана. Бірақ біздегі статистикамен салыстырып көрудің өзі қисынсыз. Себебі біз тұтас мемлекет бола тұра қой басын 10 миллионға жеткізе алмай отырмыз! Біз ұшқан құстың қанаты талатын даланың берерін пайдалана алмай, пұшайман болып отырмыз. Ал Моңғолия қазір ет экспорттаушы мемлекетке айналып отыр. Экономикалық тұрғыдан алғанда, малдың шығыны аз, өз аяғымен жүріп жайылады. Ал беретін өнімі – ет, сүт, жүн, яғни тамақ және жеңіл өнеркәсіпке қажетті шикізат. Өкінішке қарай, біз ата жолын былай қойғанда, кешегі Совет заманында қалыптасқан мал шаруашылығы саласы дәстүрінің өзін сақтай алмадық.
– Еуразиялық экономикалық одақ жайлы әңгімені одан әрі жалғасақ, ортақ валюта мәселесін айналып өту қиын. Соңғы кезде доллар үстемдігінен құтылу үшін аймақтық валютаны іске қосу керек деген сөз желдей есіп тұр. Егер бұл сөз расқа шықса, ол біз үшін тиімді бола ма?
– Меніңше, біз сияқты жас мемлекетке ұлттық валютадан бас тарту үлкен қателік болар еді. Жаңа ғана еуропалық мемлекеттер одағын сөз еттік. Бұл құрылым аясында ортақ валюта түрінде еуро енгізілгенімен, көптеген мемлекеттер өзінің ұлттық валютасын сақтап қалды. Кей еуропалық мемлекеттерде доллармен немесе еуромен сауда жасай алмайсыз. Чехия Еуродақтың белсенді, беделді мүшелерінің бірі, сонда да олар ішкі сауданы тек өз валютасымен жүргізеді, сыртқы саудада ғана еуромен есептеседі. Жиырма төрт жыл ғана тәуелсіз мемлекет болып, ұлттық валютамызды енгізіп, оны күшейткеннен кейін, одан бас тарту, ортақ валютаға көшу – тәуелсіздігіміздің жартысын беріп қойғанмен бірдей болар еді.
Сондықтан ортақ валюта жайлы сөз қозғап жүрген саясаткерлердің өзіндік пікірі ғана бұл. Ресей президенті В.Путин үш-төрт мәрте осы мәселені айтып қалды. Бірақ экономикалық санкциялардан дағдара бастаған ел қандай валютамен есеп айырысқанды жөн көреді, қай валютаны таңдайды – ол ішкі шаруалары. Ал біз үшін мұндай алып-қашпа сөзге жол берудің жөні жоқ. Тәуелсіздікті қолдан берер жайымыз жоқ.
Жалпы, теңгенің құнсыздануы экономиканың дамуына байланысты. Мысалы, бүгінгі таңдағы әлемдік экономикалық дағдарыстан негізінен дамыған елдер пайда көріп отыр. Соңғы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, соңғы төрт айда Американың экономикасының өсімі артқан, ал жұмыссыздар саны күрт азайған. Еуропада – Германияның, Азияда – Жапонияның жағдайы өте жақсы. Себебі экономикалық дағдарыс негізінен дамушы мемлекеттерге орасан шығын әкелуде.
Жасырып-жауып не керек, Ресейге салынған экономикалық санкциялардың салқыны Қазақстанға да тиіп жатыр. Шикізат қоры бар, әскери қабілеті жақсы дамыған Әзірбайжан Ресеймен қарым-қатынасында аса сақтық танытып отыр. Еуразиялық экономикалық одаққа кіру жайында мүлде сөз қозғамайды. Ал Арменияның жағдайы өте төмен, жағдайы мүшкіл. Сондықтан олар осы Одаққа мүше болуға мүдделілік танытты, былайша айтқанда, мәжбүр. Қырғызстанның жағдайы өзімізге мәлім, экономикасының қауқары шектеулі, сондықтан да олар Еуразиялық одаққа кіруге ынталы. Ал Орталық Азиядағы армиясы мықты елдердің бірі Өзбекстан екені аян, 30 миллионға жуық халқы бар, сыртқы қарызы өте аз елдердің бірі. Кейбір кемшіліктеріне қарамастан болашақта өркендеуі мүмкін. Бұлар қандай да құрылымға кіруге аса сақтықпен қарайды.
Иә, ортақ валюта қабылдау, ортақ армия құру, ортақ үкімет құру деген әңгімені Ресей жағы жиі көтеріп жүр. Бірақ, меніңше, мұның ешқайсысы қазір жүзеге аспайды. Ресей үшін қару-жарақ сататын, шикізат экспорттайтын елдердің аясы тарылды. Ресей көбіне жаңа технологияны ең мықты мемлекеттерден алады. Оның бәрі, оған қоса қаржы институттары да санкция құрсауында қалды. Шетелдік банктерден құйылатын арзан несие сарқылды. Сондықтан Ресейдің халі онша емес. Егер санкциялар сақталып тұрар болса, келесі жыл Ресей экономикасы үшін өте ауыр жыл болғалы тұр. Бұл бір жағынан, Ресейдің ішкі мәселесі, екінші жағынан, бір Одақта болғандықтан, бізге де зардабын тигізуде.
– Ресей мен Қытай қазір өзара сауда-саттықта доллардан бас тартып, ұлттық валюталарда есептесуге көшті. Жалпы, Кремль Пекинмен сауда-экономикалық саласында ғана емес, әскери-қорғаныс мәселелерінде әріптестікті күшейтіп отыр. Аймақтық дамуда мұның салдары не болмақ?
– Әлемдің дамуға, тіпті ғаламдық тежеліске әжептәуір ықпал етіп отырған мемлекеттердің бірі – Қытай. Бұл ел дамыған елдер қатарына жатпайды, дамушы ел, екінші жағынан, тұтынушы мемлекет. Халқының саны өте көптігінен Қытайдағы кез келген саяси не экономикалық түйткіл төрткүл дүниеге әсер етіп отырады. Бірақ Қытайдың өзінде шикізат қоры шектеулі. Сондықтан олар шикізатты сырттан алады. Олар көрші отырған, ортақ шекарасы бар, шикізат қорына бай Ресеймен сауда-саттыққа өте мүдделі. 80-жылдардың ортасынан бері қарай Ресей мен Қытайдың қарым-қатынасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Саяси мәселелерді былай қойғанда, Қытай мен Ресейдің бүгінгі әріптестігі экономикалық мүддеге негізделіп тұр. Ал Қытай мен АҚШ арасындағы бақталастық бар екені біраздан бері байқалады. Шындап келгенде, ол бақталастық та экономикалық қажеттіліктерге байланған. Мысалы, Қытай юаны екі дүркін девальвацияға ұшырады. Бұған әсер етіп отырған тағы да АҚШ. Бүгінде Американың ықпал-күші Қытайға қарағанда анағұрлым басым. Сондықтан, түптеп келгенде, Ресей мен Қытай арасындағы ортақ валюта жасау туралы әңгімелер сөз жүзінде қалады, меніңше. Себебі Қытай еш уақытта юаньнан бас тарпайды. Сонау Конфуций заманынан бері келе жатқан қағида: Қытай тек өз мүддесін ойлайды, барлық мәселені тек өз мүддесі тұрғысынан шешеді.
– Ал долларға тәуелділіктен құтылуға болады деп ойлайсыз ба?
– Долларға тәуелділіктен құтылудың ең басты жолы – экономиканы дамыту. Әлемдік сауда-саттықта үш-төрт валюта негізге алынады. Оның ішінде басымы – доллар. Себебі Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Еуропа, Африка елдері, Таяу Шығыс елдерінде доллар басты есепте жүреді. Тіпті Қытайдың өзінде кей мәселелерде есеп-қисап жүйесінде долларды пайдаланады. Сондықтан тұрақты валюта ретінде, тұрақты айырбастау тетігі ретінде доллардың қажеттілігін ешкім жоққа шығара алмайды. Осы себептен де жуық арада доллар тұғырдан тайып, әлемдік сауда басқа бір валютаға, не юаньға, не еуроға, не фунт стерлингке, не йенге көшеді дей алмаймын. Доллардың үстемдігі әлі ондаған жылдар бойы сақталады. Ал отыз-қырық жылдан соң халықаралық экономика қалай дамиды, оны уақыт көрсетеді.
– Ресеймен қарым-қатынас сөз болғанда, ғарыш саласындағы әріптестігіміз еске түседі. Жақында ғана үшінші ғарышкеріміз бір аптадай Халықаралық ғарыш станциясында болып қайтты. Президент айтқандай, төрт ғарыш спутнигіміз бар екен. «Қазақстан ғарыштық державаға айналады» деп жоғары мінберден айтылып та жүр. Жөн. Екінші жағынан, Байқоңыр ғарыш айлағы Қызылорда обылысының жерінде тұр, оның жергілікті халыққа тигізіп жатқан зардабын сол елдің азаматы ретінде өзіңіз де жақсы білесіз. Гептил мәселесінің нүктесі қойылмады, құлаған зымырандардың қоршаған ортаға тиізіп жатқан зиянын, жергілікті халықтың денсаулығына келтірер кесірін ескеріп жатқан ешкім жоқ...
– Мен Парламент депутатының құзыретін пайдаланып, Байқоңыр мәселесіне қатысты Үкіметке үш-төрт дүркін сауал жолдадым. Үкімет басшысының атына тікелей жолдадық, «Қазғарыш» төрағасы Талғат Мұсабаев Парламентке келгенде төтесінен сұрақ қойдық. Оның бәріне де бірсыдырғы, жаттанды жауап берілді.
Байқоңырдың өзіне келсек, оның мәртебесі айрықша. Қазақ жерінде тұрғанымен, ғарыш айлағының өзі, оның аумағы Ресейге жалға берілген, яғни ол аумақта Ресейдің заңы күшіне ие. Халықаралық тәжірибеде мұндай жайт жоқтың қасы. Қазақстан ғарыштық державаға айналам дегенмен, оған әлеуетіміз жетіңкіремейді. Біріншіден, ғарыш саласын иегеретін білікті мамандар тапшы. Екіншіден, ғарышты игеру бағдарламаларына миллиондаған емес, миллиардтаған қаржы құю керек. Мұндай бағдарламаларды ұстап тұру дамушы елге қиын тиеді. Әрине, ғарыштық бағдарламалар бізге ауадай қажет. Ақпараттық технологиялар саласында, байланыс, қорғаныс саласында, ауа жайын болжау, тіпті ауыл шаруашылық саласының көп қажеттіліктері ғарыштық бағдарламаларға байланған.
Бірақ ғарыштық бағдарламаларды дамыту бар да, ғарыш айлағын өз күшімізбен ұстап тұру бар. Ғарыш айлағын өзіміз игере алмайтын болғандықтан, оны кімге, қандай шарттармен жалға беру мәселесін тыңғылықты ойлану керек еді. Кезінде, жылына 115 миллион долларға берілді. Оның өзін де Ресей тарабы ақшалай емес, құрал-жабдық, темір-терсекпен есептеседі. Өткенде ғана бір ғарышкерімізді ұшырдық, сол үшін 20 миллион доллар төледік. Ал Ресей Байқоңырдан жылына шетелдің қаншама ғарышкерін ұшырып жатыр. Есептей беріңіз, орта есеппен жылына бес ғарышкерді сапарға аттандырса болды, ғарыш айлағын жалға алу құнын өтейді. Ал негізгі түсім, пайдасы өздерінде қалады.
Шын мәнінде, кезінде Байқоңырды жалға алуға Франция да мүдделілік танытқан. Енді ерте ме, кеш пе, Ресей Байқоңырдан кетеді. Олар «Восточный» ғарыш айлағын салып бітіруге таяу. Сонда бұл мәселе саяси мүддеге ғана тірелуі мүмкін. Ресейден соң Қазақстан ғарыш айлағын кімге жалға береді, ол Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтірмей ме деген мәселе. Сондықтан олар мемлекеттің негізгі бағдарламалары аясындағы, федералдық бюджеттен қаржыландырылатын зымырандарды «Восточный» ғарыш айлағынан ұшыратын болады. Ал улы гептилді пайдаланатын «Протон» сияқты зымыран тасығыштарды «Байқоңырдан» ұшыруды жалғастырады.
2013 жылғы шілде айындағы апаттан кейін гептилдің зиянына байланысты бірде-бір ғылыми зерттеу жасалған жоқ, қорытынды сараптама берілген жоқ. Біздің үкімет Ресейге экологиялық зиян шектіргені үшін 11 миллиард теңге көлемінде айыппұл салды, ол әлі төленген жоқ. Олар «Біз бұл мәселені өз мамандарымызды жіберіп, зерттеуіміз керек» деген суыртпақтаған жауап жіберген, бірақ сол күйі аяқсыз қалды. 11 миллиард теңге соншалықты көп ақша емес, үлкен бір ауданның бір жылдық бюджетіне шамалас қаржы.
Ал дамыған елдерде ше? Мысалы, Америкада зымыран ұшырылған кезде сол аймақта тұрып жатқан халыққа міндетті түрде компенсация төленеді. Олардың тұрып жатқан жері, ішкен суы, қоршаған орта мен денсаулығына келтірілген зиянның өтемақысы беріледі.
Ал Байқоңыр Совет одағы кезінде жабық қала болған, тәуелсіздік алғалы бері әлі де жартылай жабық қала есебінде. Оның айналасында тұрып жатқан халықтың тұрмыс жағдайы өте ауыр. Осыдан бір ай бұрын Байқоңырдың бір топ депутатынан хат алдым. Олардың жазуынша, биылғы жылдың соңына дейін 2000 адам жұмыстан қысқарады деген мәлімет бар. Олардың басым көпшілігі Ресейдің ғарыш саласына жақын мекемелерінде түрлі шаруашылық жұмыстарды атқаратын қарапайым қазақстандықтар. Бұл үлкен әлеуметтік мәселе. Байқоңырдың маңайында жасанды түрде пайда болған екі ауыл бар: бірі – Төретам, екіншісі – Ақай. Төретамда қазірдің өзінде 12 мыңға жуық халық тұрады. Шағын ғана ауыл, тұрғындары не мал ұстай алмайды, не егін еге алмайды, оларды жұмыспен қамтамасыз ететін не зауыт, не фабрика жоқ ол жерде. Бұл ауылдардағы елдің көбісі Байқоңырға барып-келіп, нәпақасын айырып жүр еді. Байқоңырдың түбінде тұрған Ақайда 3,5 мыңға жуық адам бар. Осы жазда депутаттық іссапар кезінде мен бұл ауылдарды аралап, тұрғындармен пікірлестім. Сонда байқағаным, мұндағы халықтың әлеуметтік жағдайы өте мүшкіл.
Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе – біздің үкімет ішкі миграция мәселесіне жіті көңіл бөлмей келеді. Мысалы, Қызылорда облысында қазір 850 мыңға жуық халық бар. Бірақ халықтың көбісі экологиялық апат аймақтарында шоғырланып қалған. Бұл жерлерде мал ұстау да, егін егу де қиын. Ішкі көші-қонды реттеу, жүйелі түрде бақылау жолға қойылса, осындай мәселелер ескерілер еді. Мұндай апатты аймақтарға қанша жол салсақ та, қанша мектеп тұрғызсақ та, қанша субсидия бөлсек те, оның бәрі құмға құйған сумен тең, нәтижесі жоқ. Одан да ішкі миграцияны реттеп, халықты жері шүйгін, суы мол жерлерге көшіруге болады ғой! Әрине, ешкімді күшпен көшіре алмаймыз. Бірақ мемлекеттік тұрғыда бағдарлама қабылдап, материалдық қолдау көрсетіп, шекаралас аудандарға, жақын облыстарға, табиғаты жақсы, келешегі бар жерлерге қоныс аударуды ұсынуға болар еді. Қажет болса, тұтас ағайын болып, ауыл болып көшуді ұйымдастыруға болады. Осындай мәселелер шетін қалып жатыр.
Байқоңырдың зардабы оның түбіндегі Төретам мен Ақай ғана емес, оның бер жағындағы Қазалы, Қармақшы аудандарының халқына да тиюде. Жергілікті тұрғындардың денсаулығына тигізіп жатқан зиянын «Қазғарыш» қызметкерлеріне түсіндіре алмадым. Сол мекемеде жұмыс істейтін қызылордалық лауазымды қызметкер бар. Күйіп кеткенде соған былай дедім: «Өзіңіз сол жерде туып-өстіңіз, бәрін бастан өткердіңіз, білесіз ғой! «Байқоңырдан» зымыран ұшырғаннан соң үш күн бойы алапат