Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясының» 70 жылдығын атап өтуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясының» 70 жылдығын атап өтуде
2018 жылғы 11 желтоқсанда «Әл-Фараби» кітапханасында «БҰҰ адам құқығы Жалпыға ортақ декларациясының» 70 жылдығына арналған Алқасөз өткізілді. Шараны ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы, Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел күн тәртібінің өзекті сипат алуы «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясының» қағидаттарын жүзеге асыру жөніндегі БҰҰ қызметіне қатысты мәселелерді талқылау кезіндегі қатысушылардың мазмұнды ой-пікірлерінен көрініс тапты. Дөңгелек үстел жұмысы G-Global халықаралық коммуникативтік алаңы арқылы сол сәтінде жарыққа шығарылып, онлайн тәртібінде қолжетімді болды. Пікірталасқа Алматыдағы ҚР Сыртқы істер министрлігінің, БҰҰ, UNESCO, UNDP, UNAI бөлімшелерінің басшылары мен өкілдері, Қазақстан жоғары оқу орындарының жас ғалымдары, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Дөңгелек үстелдің салтанатты бөлігін Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму Институтының директоры, профессор Рафис Абазов ашты. Шараны ұйымдастырушылар атынан ол барлық қатысушыларды бүгінде бүкіл өркениетті әлем атап өтіп жатқан айтулы датамен құттықтады. Өз баяндамасында ол БҰҰ моделі — Жаңа жібек жолы сияқты Қазақстан жастар құрылымдарының Орталық және Оңтүстік Азиядағы бейбітшілікті нығайту және адам құқығын сақтау жөніндегі қызметіне талдау жасады. Профессор Р.Абазовтың баяндамасында мәдениет, саясат, әлеумет стандарттарын белгілеудегі мемлекет рөлінің маңыздылығы, сондай-ақ «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясының» қағидаттарындағы адамзат құндылықтарының әмбебаптығы туралы құнды пікірлер айтылды. Ғалым Орталық Азия елдерінің, БҰҰ елдерінің, атап айтқанда Қазақстан мемлекетінің өзге мемлекеттер мен аймақтардың құқықтары мен еркіндіктерін жалпыға ортақ құрметтеу стандарттарына адалдығы мен бұл жөніндегі ұстанымын атап көрсетті.
Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторының маманы Арина Мясоед өз сөзінде ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы мен Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасына, әл-Фараби ат. ҚазҰУ академиялық құрамына, тұрақты даму жөніндегі БҰҰ секторындағы әріптестеріне жастардың проблемалары мен құқықтарына ұдайы назар аударып отырғандары үшін алғыс айтты. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының тұрақты даму мақсаттарына орай ұйымдастырып жүрген іс-шараларына да ризашылық сезімін жасырмады. Ол ЮНЕСКО ұйымының ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп берді. Бұл ұйым білім беру, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, мәдениет, коммуникация және ақпарат сияқты маңызды бес бөліктен тұрады. Олардың әрқайсысы заманның ұдайы өсіп отырған талаптарына жауап беру үшін орасан зор күш пен қаржыны талап етеді. Адам құқықтары биік мінберлерден сөйлеу үшін емес, уақыттың көкейтесті сұраныстарын қанағаттандыру үшін жария етілген.
Қазақстандағы БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек конференция қатысушыларымен тікелей байланысқа шығып, бейне-конференция тәртібімен сөз алды. Ол «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясының» 70 жылдығының ерекше маңызына тоқталды. «Мұның өзі айырықша оқиға», – деді ол.
Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы Өкілдігінің Басшысы Бөлтіріков Руслан сөзін барлық қатысушыларды Декларацияны қабылдау күнімен құттықтаудан бастады. Ол БҰҰ мәжілісінде осынау ғаламдық маңызы бар құжат – «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясы» қабылданған 1948 жылғы оқиғаларды еске салды. «Адам құқықтары декларациясындағы» адам құқығы идеялары соңғы 70 жылда төңкерісті мән-маңызға ие болды», – деді ол. Ол қабылданғаннан кейінгі оқиғалар мен фактілер адам құқығы саласындағы 60-тан астам түрлі халықаралық құжаттарды қабылдауға түрткі болып, жағдай жасады. Бұл орайда 70 жыл ішінде Декларация өз маңызын жоғалтқан жоқ және күні бүгінге дейін бүкіл әлем жұртшылығы үшін әмбебап құқық қорғау бағдары болып келеді. Декларацияның әлемнің 500-ден астам тілдері мен диалектілеріне аударылуы кездейсоқ факт емес. Сөйтіп ол әлемдегі ең танымал құжаттардың біріне айналды. Бүгінгі таңда Қазақстан адам құқығы саласындағы барлық түйінді халықаралық тетіктердің барлығының қатысушысы болып табылады, мұның өзі біздің ұлттық құқық қорғау жүйемізді дәйекті түрде нығайтуға деген берік ұстанымымызға айғақ болады. Омбудсмен институты мен еліміз Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі Комиссия бұл жүйенің жүйеқұраушы элементтерінің бірі және азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасын байланыстыратын буын болып табылады. Сондай-ақ жуырда балалар құқығы жөніндегі институт құрылды. Қинап-зорлаудың алдын алу жөніндегі ұлттық дабыл тетігі өрістеп келеді. Мұның барлығының адам құқығын қамтамасыз етуге қатысы бар. Қазақстан адам құқығын қорғауды көтермелеу жөніндегі халықаралық тетіктермен белсенді түрде әрекеттесіп, БҰҰ тетіктерімен тығыз жұмыс істеп келеді. Өткен жылы біздің еліміз әйелдерге қатысты кемсітушілікті және қинап-зорлауды жою жөніндегі БҰҰ Комитетіне кезекті бяандамаларды табыс етті. Таяу арада нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі БҰҰ Комитетіне біріктірілген 8-10 баяндама беріледі. 2019 жылғы ақпанда экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтар жөніндегі БҰҰ Комитетінде Қазақстан Республикасының екінші баяндамасын қарау жоспарланып отыр. Ал, 2019 жылғы қазанда әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі БҰҰ Комитетіне Қазақстанның кезекті бесінші баяндамасы табысталады. Қазақстанның 2019 жылдың қарашасының басына жоспарланып отырған Адам құқығы жөніндегі әмбебап кезеңдік шолуының Үшінші циклынан өтуі келесі жылдың маңызды оқиғасы болмақ. Осы ретте Р.Бөлтіріков мырза сарапшыларға, азаматтық қоғам, ғылыми жұртшылық өкілдеріне Адам құқығы жөніндегі әмбебап кезеңдік шолудың Үшінші циклы аясындағы Ұлттық баяндаманы әзірлеуге жәрдемдесу жөнінде үндеу тастады. Баяндамашы сондай-ақ аудиторияны Қазақстан 2022-2024 жылдары адам құқығы жөніндегі БҰҰ Кеңесінің мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынғаны жөнінде хабардар етті.
UNAI Хабы директоры, профессор Ғ.Ж.Ыбыраеваның баяндамасына Тұрақты даму бағадрламасы мақсатындағы Жалпыға ортақ Декларация идеяларының сабақтастығы жөніндегі пікір өзек болды. Баяндамадағы ортақ ой әйел бейнесіне қатысты: Декларацияны түзу бастауында әйел – Элеонора Рузвельт тұрған, ол Редакциялық комитетке басшылық еткен. «Әлемнің түрлі елдері мен халықтарының әйелдері осынау тарихи құжаттың бастамашылары мен дем берушілері болған. Барлық адамдардың тең құқықтығы идеясы Адам және азамат құқығы жөніндегі Француз Декларациясынан алынған. Әйелдердің тең құқықтығы идеясы бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Журналистика факультеті үшін бұл өте өзекті. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары факультетте негізінен ерлер оқығаны, әйелдердің сауасақпен санарлығы ойға оралады. Бұл фактіні тілге тиек етсек, қазіргі кезде оқушылардың денін қыздар, әйелдер құрайтыны көзге түседі. Мұндай көрініс әлемнің көптеген елдеріне тән. Яғни, әйел құқықтарының көптеген жылдар бойы кеңейіп келген үрдісі жөнінде ой қозғауға болады, журналистикада әйелдерге халық атынан ерлермен тең құқықта сөз алу бостандығы берілген. Мен мұны заманымыздың ұлы жетістігі деп білемін, бұл халқымыз әйелдерінің тарихи табыстарының бір парасы. Бұл – еңбекпен келген жеңіс», – деп түйіндеді профессор Ғ.Ж.Ыбыраева.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, г.ғ.д., профессор В.Г. Сальников: «Адам құқығы декларациясы» – жүйеқұраушы бағдарлама болып табылады. Қандай қағидаттар қорғалып, қандайлары мұқтаждық көреді? Бұл нақты үдеріс, ол белсенді азаматтық ұстанымды талап етеді. Бүгінде «Адам құқығы декларациясы» туралы айта келе, біз адам құқықтарына бағытталған Тұрақты даму мақсаттарын еске аламыз. Біз тұрақты даму мақсаттарына тән адалдық жөнінде айтуымыз керек. Адам құқықтары — мәніне бойлаған бостандық. Біздің бостандығымыз өзге адамның құқығына нұқсан келтірмеуі керек. Тұрақты даму идеяларының негізінде жақыныңды жақсы көру идеясы жатыр», – деді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор Н.Т. Шыңғысова: «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясының» 26-бабы білім берудің маңыздылығын атап өтті. Декларация негізінде жатқан құқықтар Тұрақты даму мақсаттарында көрініс тапқан. Біздің кафедра 4, 15, 16, 17 мақсаттар бойынша белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл жұмыс аясында жыл сайын маусымдық PR Мектептері (Күзгі, Қысқы, Жазғы), дөңгелек үстелдер өткізіледі. Мәселен, 2018 жылғы 29-30 қарашада «Медиа және коммуникациялар: тұрақты даму стратегиясы» тақырыбындағы V Халықаралық Күзгі PR Мектебі табыспен өткізілді. Жоғары білікті тренерлер, шетелдік және отандық журналистер, белгілі БАҚ қайраткерлері және PR мамандары шақырылды. Шеберлік сыныптарының тақырыбы мен бағыттары Тұрақты дамудың 16, 17 Мақсаттарын одан әрі жылжыту идеяларын жүзеге асыруға орайластырылды. Сондай-ақ біз гендерлік даму бойынша бағдарлама жасап, қазір оның идеяларын қоғамдық дамуға енгізу жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір кафедра Бүкіләлемдік шала туған балалар күніне арналған бағдарламаны жасау үстінде. Ол 2009 жылы жаңа туған балаларды күту жөніндегі Еуропа қорының бастамасы бойынша белгіленген (European Foundation for the Care of Newborn Infants, EFCNI). Кафедраның бұл бағытта жұмыс істеуге ынталылығын, өз стратегиясы мен әлеуеті бар екендігін айтқым келеді», – деді.
Г.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Т.Базарбаева қазіргі замандағы білім берудің құндылығына қайыра тоқталды. Баяндамашы жас ұрпақтың мақсаттары мен міндеттерінің келешегі молдығын атап өтті.
Қорыта келе, қатысушылар «БҰҰ Адам құқықтары Жалпыға ортақ Декларациясының» қабылдануының 70 жылдық мерейлі күнімен бір-бірін тағы да қызу құттықтап, бұл құжат әлі де бүкіл әлемнің дамуы үшін стратегиялық бағдар болып отырғанын атап көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Студенттік баспасөз Орталығы