ҰЛТ РУХЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

ҰЛТ РУХЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

ҰЛТ РУХЫНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ
ашық дереккөзі
Біздің халық – ғұндар мен сақтардың, түркі этностар тобының мұрагері. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын тариxи сананы жаңғыртуға бастайтын тағылымды мақаласында ұлттық идеологияның басым бағыттары мен ұлтты ұлт ретінде танытатын бас­ты алғышарттар айқындалған және оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілген. Сонымен қатар Ұлы Дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі, ұлттық тариxтың қайнар бастаулары сияқты маңызды мәселелер арқау болған. Мақала «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімдерден тұрады. Президент бұл жолы ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталған. Мемлекет басшысы тарих тағылымына құр тарихи деректер түрінде ғана қарамай, әлемдік деңгейдегі мәдени дүниеге айналдыру мәселесін қозғайды. Түркі жұртының тамырын тереңге тартқан тарихының байлығы тұрғысынан қарыштап дамыған Еуропаның белді мемлекеттерінен артып түсетінін көруге болады. Ұлы дала тарихын бүгінгі күнмен сабақтастырып, тұтастай қарайтын уақыт жетті. Президент жаңа мақаласында төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктей келе тарихи сананы жаңғырту мәселесін көтеріп, алты бірдей жобаны ұсынады. Олардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыра отырып, болашақта ұлт рухының салтанат құруына негіз болмақ. Әсіресе, Елбасы жас буынды ұлттық тәрбиенің бастауы болған әдебиетімізбен, фольклорлық мұраларымызбен, ұлт тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалардың шығармашылық мұраларымен сусындату қажеттігіне айрықша назар аударған. Ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материалдар ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне, осы орайда мемлекет басшысы ұсынып отырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобалардың мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деуге болады. Осы орайда Елбасы атақты тарихи тұлғалар мен олардың жетістіктері туралы: «Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек. Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Сондай-ақ, бұл жерде классикалық қалыптан тыс, балама жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн. Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет», – дейді. Мемлекет басшысы әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне жол ашқан ұлы тұлғаларды жас ұрпаққа үлгі тұту арқылы олардың талғамы мен тәрбиесін қалыптастыру жолында жасалуы тиіс маңызды шараларды атайды. Ұлы Дала ойшылдары, ақындары мен батырлары, ел тізгінін ұстаған даналары тек қазақтың жерінде ғана емес, дүниежүзіне әйгілеуге, танытуға тұралық тұлғалар екендігіне айрықша назар аударған. Өйткені Елбасы бастамасымен өз тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан қарап зерделеу қажет. Президент Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық мұраларын ұлт игілігіне айналдыру қажеттігін айрықша қадап айтады. Ол: «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар», – дейді. Қазіргі жаһандану процестері ұлттың өткен тарихын жаңаша көзқараспен сараптауға мәжбүрлеп, болашаққа бағдар жасауды талап етеді. Сондықтан далалық өркениетіміздің бай әрі сан-салалы екенін басқаларға да танытқан жөн. Мақаланың әр бөлімі осы мақсатты ашуға қызмет етеді. Ұлт тарихының түп-тамырын сараптай отырып, бүгінмен ұштастыра білген Елбасы толымды тарихымызды жүйелі зерттеп, ұрпаққа насихаттау қажеттігіне ерекше көңіл бөлген. Біз тарихымызбен ғана «Мәңгілік ел» бола аламыз деген ойды діттейді. Елбасы, сонымен қатар, тарихи сананы жаңғырту мақсатында «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асыруға және мектептер мен барлық өңірдегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құруға, ұлт тарихының үздіксіз дамуын көрсететін фильмдердің түсірілуіне қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ұлттық болмысыңды сақтап қалу үшін қашанда өзіңнің тарихыңмен мақтанып қана қоймай, сол тарихтың қыр-сырын танып, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасау қажет. Жаһандану заманында өзіміздің бет-бейнемізді, тарихи тамырымызды сақтап қалуымыз керек. Ұлттық тарихымызды танып, ұлт рухы мен тарихи сананы жаңғырту, түлету – кезек күттірмес мәселенің бірі. Отарлау саясаты түркі жұртын, қазақтарды, тарихы жоқ, болмысы бұлдыр, жабайы көзқарастағы халық ретінде көрсету әрекеттерін ұстанды. Міржақып Дулатов ХХ ғасыр басында: «Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт» – деп жазды. Қилы замандарды басынан өткерген қазақ өз тарихын сақтап қалды. Елбасының мақаласы ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша бағамдауға, барымызды түгендеп, жоғымызды табуға жол ашқаны анық. Терең тариxымызды түгендеуге мүмкіндік беретін бағдарламалық мақаланың Ұлы даладан бастау алатын тамырлас түркі жұрттарының да ортақ игілігіне айналып, ұлт рухының жаңғыруына әкелері сөзсіз.  

Жанар Қиынова,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы

Ерия Нұрланбекова,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Шетел тілін оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі