Ұлтын сүйген жүректер

Ұлтын сүйген жүректер

Ұлтын сүйген жүректер
ашық дереккөзі
Қазақтың ұлдары әлемді мойындатуда. Мақтанарлық жайт. Қазақтың әлемге танымал болуы ұлтқа деген сүйіспеншілігіңді оятып, бойға сенім дарытады. Қай елде, қай жерде жүрсе де қаны туған ұлтына тартып тұратыны жүрекке жылу сыйлайды. Нағыз патриот осылар ма дейсіз?! Жетістікке жетіп, өз жағдайын түзеуге тырыспай, ең әуелі елін әлемге танытуды ойлайды. Бұл – шынайы патриоттарға ғана тән қасиет. Осыған қарап, қазақ тегінің мықтылығын байқауға болады. Бізде де, әлемге танымал болып жатқан тегі қазақ емес түрлі чемпиондар бар. Атажұртына, тарихи Отанына ұмтылмайды. Неге? Себебі қазақ бауырмал, жанашыр. Олар Қазақстанда орнын әлдеқашан тауып қойған. Ұлтпен сіңісіп кеткен. Бұл тұста да қазақы тәрбиенің мықтылығы көрініс береді.  width= АҚШ азматтарының барлығы бірдей Қазақстанды білмеуі мүмкін, бірақ Геннадий Головкин арқылы біліп-танып жатқандары жеткілікті. Ол салмақ дәрежесіне қарамастан үздік боксшылардың ондығына кіреді. 89 пайыз нокауттық үлесімен Головкин кәсіпқой бокс тарихында орташа салмақ бойынша бірінші орында тұр. Әлемдік танымалдылыққа АҚШ-та қол жеткізді. Геннадий Головкин бокс әлеміндегі ең атақты кәсіпқой конферансье Майкл Баффердің сүйікті боксшысы. «Әкем – орыс, шешем – кәріс. Ал мен – қазақпын» деген сөзі 18 миллион қазақтың жүрегін жаулағаны белгілі. Оны өз елінің атынан жұдырықтасуға Ресей талпынбады дейсіз бе, әлде АҚШ күш салмады дейсіз бе?! Екі алпауыт елдің атын қорғау кез келген боксшы үшін мақтаныш болар еді. Бірақ Геннадий Головкин қазақ жеріне беріктігін сақтады. Керісінше, туған жері Қарағандының жас боксшыларына барлық мүмкіндікті жасап беруде. Спорттық кешен салып, жастарды спортқа баулуда. Ұлы іс, адамгершілігі мол тұлға. Сондай-ақ, өте қарапайым адам.  width= Нағыз патриот ретінде танылған Қанат Ислам Қытайдың Шыңжаң қаласында туып-өскен. Кәсіпқой боксшы, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы. Әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы Ұлттық құрама командасының құрамында Пекин олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен Әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы. 2010 жылы азаматтығын ауыстырып, атамекені Қазақстанға көшіп келді. Қытайдың оңайлықпен жібере қоймағаны тағы белгілі. Қазір кәсіпқой боксшы, лақап аты – Қазақ. Қанат Исламның Қазақстанға оралуына Қазақстан құрама командасының бұрынғы Бас бапкері Тұрсынғали Еділов және Алматы облысының әуесқой бокс федерациясының президенті Бауыржан Оспанов себепші болған.  width= Алдымен Қытай танып, сол арқылы әлем мойындаған Димаш Құдайбергенов күні кеше әлемнің 200 елінде тікелей эфирде көрсетіліп, миллиардтан аса адам тамашалаған «Әлем аруы-2018» байқауын қазақша әнмен ашты. Қазақ тіліне асқан құрметі емей немене?! Өнер тіл талғамайды! Бұл – қазақ елі үшін зор мақтаныш. Байқау 8 желтоқсан күні Қытайдың Санья қаласында 68-ші мәрте өткізілді. Димаш кеште хедлайнер ретінде өнер көрсетіп, әлем көз тіккен шарада авторлық «Ұмытылмас күн» әнін орындады. Әлемге танылған жерлесіміз көпшіліктің қошеметіне бірден бөленді. «Халықаралық марапаттардың иесі, әнші Димаш таңғажайып вокалдық диапазонын көрсете отырып, тамаша ән орындау шеберлігімен көрерменді таңғалдырды», – деді ұйымдастырушылар. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаштың өнеріне тәнті болған желі қолданушылары да ризашылықтарын таласа жазды. «Бірнеше жыл бұрын қазақ тіліндегі ән «Әлем аруы» байқауында орындалады десе кім сенер еді. Димаш, сен мүмкін еместей көрінетін биіктерді бағындырып келесің», – деп жазды әншінің елдегі тыңдармандарының бірі. Осының алдында Димаш Нью-Йоркте жеке концертін беріп келген еді. Ал 2 желтоқсанда Ресейдің халық әртісі Игорь Крутой Димашты Ресейге шақырып, өзінің сүйемелдеуінде «Песня года» концертінде «Любовь уставших лебедей» әні шырқалған еді. Ресейліктерді ерекше даусымен таңғалдырған Димаш Ресейдің жаңа жылдық түсіріліміне де қатысты. Өз кезегінде, Игорь Крутой «Ресей аудиториясында Димаштың алар орны биік» деген баға берді. Сондай-ақ, Димашты әлемдегі ең атақты актерлардың бірі Джеки Чан мен «Алибаба» сауда желісін қалыптастырған ең бай қытай Джек Ма да сыйлап, құрметтейтіндіктерін, өнерін бағалайтындықтарын айтқан. Тіпті, Димаш Джеки Чанға қазақы шапан кигізіп, сыйға тартқан. Қазақ салты мен мәдениетіне деген шексіз құрметі емей немене?! Ал Димаштың Қытайдың «The Singer» жобасында таза қазақша сөйлеуі бір бөлек әңгіме.  width= Соңғы кезде қоғамды елең еткізген ендігі бір жаңалық – Орынборда туып-өскен Дамир Исмағұлов атты қандасымыздың ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-дегі өзінің тұсаукесер кездесуін жеңіспен аяқтауы. Аделайда қаласында өткен бәсекеге ол қазақтың әнімен және Қазақстан мен Ресейдің туын ұстап шықты. Осы күнге дейін алты жекпе-жек өткізіп өткізіп, барлығында жеңіске жеткен жергілікті спортшы Алекс Гордежске қарсы кездесу үш раундқа созылып, соңында Дамир күмәнсіз жеңіске жеткен. Барлық төрешілер қазақтың қайсар ұлының мықтылығын бірауыздан мойындады. Осылайша, Исмағұлов әлемдегі ең үздік промоушнде жеңіске жеткен тұңғыш қазақ спортшысы деген атпен тарихта қалды. «Осы жарыс барысында көптеген адамдар «мынау қай елдің туы?» деп сұрап жатты. Мен кең байтақ Қазақстанның байрағы деп айттым. Ең бастысы, енді олар қазақтың жігіттері қаншалықты қайратты екенін біледі», – дейді ол зор мақтанышпен. Шынайы патриотизм осы болса керек. Орал қаласына келген сапарында жастармен кездесіп, сұрақтарына жауап берген Дамир Қазақстанға көшіп келетіні туралы айтты. Оның мақсаты − елге көшіп келіп, күрес мектебін ашу, балаларды жаттықтыру. Тіпті, бұл ісінің алғышарттарын да жасап қойыпты. «Ойлаған ісім жүзеге асатынына сенімдімін. Маған Қазақстанда тұру ұнайды», – деді Дамир Исмағұлов. Осындай елін сүй­ер азаматтар барда қазақ аты мәңгі жасай бермек. Спорт саласында болсын, өнер саласында болсын бұларды біріктіретін басты қасиет – патриотизм, еліне, халқына деген берік махаббаты, жеріне деген адалдығы. Ол адалдық та жайдан-жай пайда бола салмайды. Ол халықтың ыстық ықыласы мен мейірбандығынан бастау алады. Сүйіспеншіліктерін іспен дәлелдеп жүрген осындай жандар көп болса, қазақ халқы, расында көркейер еді.