Жаңалықтар

ҚАЗАҚША ҒАЛАМТОРДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚША ҒАЛАМТОРДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

Ақпараттық заманда ақпаратқа деген сұраныс та, талап та өзгерді. Ерлан Қариннің сөзімен айтқанда, бүгінде газет тек газет емес немесе телеарна тек телеарна болудан қалған. Медиа атаулы ғаламтор кеңістігінен қоныс ала бастады. Ендеше, қазақ ақпарат сайттарының өрісі күн сайын емес, секунд сайын кеңейе түспек. Тек оның алғышарттарын қолға алсақ болғаны... Ол не? Ол – заманауи технологияларды игеру, жасанды интеллектімен жұмыс істеу алгоритмін түсіну, уақыт талабына сай жаңа біліммен қарулану, ең бастысы, тың жобаларды қолға алудан жүрексінбеу. QazForum алаңқайына жиналған ақпарат саласының мамандарының арасында осы қағидаттардың растығын іспен дәлелдеп жүргендер баршылық. Олардың дені тіпті журналист емес екенін есте ұстаңыз, яғни IT-маманы, режиссер, продюсер, т.б. «Қазақ интернетінде контент жасаушылардың форумы» деп аталған жиында ғаламторға қатысты шетін мәселелердің біразы талқыланды. Ең басты тұжырым – қазақтілді интернет кеңістіктің ауқымы кеңейіп, тынысы ашылып, сұранысы артып келеді. Енді бұл кеңістікті немен толтырамыз деген сұрақ – қазақ журналистикасының ғана емес, мемлекеттік тілдің және ұлттық құндылықтардың туын жықпау мәселесі. Технологияның дамуы туралы айтқанда, «Біз талқылау, көрермен және тұтынушы циклынан шыға алмай жүрміз» деп қынжылған Тимур Бектұрдың сөзінің жаны бар. Ақпараттық технология маманының сөзімен айтқанда, технология дамуы тұрғысынан басқа әлемнен «кемінде бір ғасыр артта келе жатырмыз». Иә, Астанада өткен үшінші QazForum басқосуында қазақ интернет-журналистикасының дамуы, сапалы контент жасау, қазақтілді аудиторияның сұранысын қамтамасыз ету, заманауи технологиялар көшіне ілесу мәселелері жан-жақты сараланды. Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі: 500 мың адам «Қазақстан» мобильдік қосымшасын көреді – Бүгінде ақпарат құралдарын телевидение, радио, интернет деп бөлуге келмейді. «Қазақстан» телеарнасы да қазақ интернетінде контент жасаушылардың бірі. Біздің өнімдеріміз әлеуметтік желілер арқылы, YouTube, Instagram, т.б. арқылы тарап жатыр. Сонымен қатар, биыл шілде айында «Қазақстан ТВ» деген мобильдік қосымша жасадық. Төрт-бес айдың ішінде осы қосымшаны 500 мың адам жүктеп алды. Яғни, қазақтілді аудитория бүгінгі таңда интернеттегі негізгі тұтынушылардың бірі. Осыны бәріміз түсінетін кез келді. Айдос Сарым, саясаттанушы: Қазақтілді аудиторияның ауқымы өсе береді – Осыдан бес жыл бұрын baribar.kz сайтына тікелей кіретін тұтынушылардың саны 10 пайыздан аз еді, қазіргі таңда тікелей кіретін оқырмандардың саны 30 пайызға жетеді. Бұл статистиканы біз жыл сайын салыстырып көріп отырмыз. Ауылдық жерлерге жылдам интернеттің баруы есебінен қазақтілді оқырмандардың саны артып келе жатыр, кез келген әлеуметтік желідегі, мейлі ол Баян Есентаева болсын, Төреғали не Қайрат Нұртас болсын – олардың парақшаларындағы пікірлерді көріңізші, орысша сөз жоқ, бәрі қазақша. Немесе «Гәккудің» YouTube арнасындағы парақшасындағы пікірлерді көріңіз, онда да бәрі қазақша. Яғни, қазақтілді аудитория өсіп келе жатыр және алдағы бес жылда ешбір айғай-шусыз-ақ автоматты түрде басым болады. Тимур Бектұр, IT-сарапшы: Кім ақпаратты бірінші  береді, сол  жеңеді – Францияда биыл 15 жасқа дейінгі балаларға қалта телефонын қолдануға заңмен тыйым салынды. Себебі Францияда жасөспірімдер тәулігіне 13 сағат бойы қалта телефонын қолданатын болған. Сонда тәуліктің жартысынан көп уақытта олар цифрлы дүниенің ішінде жүреді екен. Осы тренд күннен-күнге күшейіп келеді. Бұл қайда апарады бізді? Сарапшылар екі лагерьге бөлініп алды. Бірінші топ «Біз сол цифрлы дүниенің ішіне кетіп қаламыз» деп санайды, 1999 жылы шыққан «Матрица» деген кино естеріңізде бар шығар. Осыдан 20 жыл бұрын осы мәселені алғаш рет көтерген: біз толығымен цифрлы дүниеге көшкен кезде не боламыз? Биыл «Ready Player 1» деген кино шықты, дәл осы сұрақты көтереді. Біз уақытымыздың көп бөлігін, 24 сағаттың 20-сын виртуалды дүниеде өткізгенде, өміріміз қалай өзгереді? Біздің тұлғамыз, ата-ана, туыстық байланысымыз қалай өзгереді деген мәселе. 2020 жылы болжам бойынша, адамдар виртуалды шындыққа жаппай қосылады екен. Соған басымдылық көбірек беріліп жатыр. Тамыз айында Statista ақпарат көзінен алынған дерек бойынша, қазір ғаламтор тұтынушыларының саны әлемде 4 миллиардтан асып кетті. Трафиктің 52 пайызы мобильдік ұялы құрылғыларда жасалады. Қазіргі таңда біздің қалта телефон – негізгі ақпарат жасау, ақпаратты тарату, ақпарат айналымының негізгі құралы. Әлеуметтік желілердің аудиториясына келетін болсақ, 3 миллиард адамнан асты. Егер Facebook мемлекет болса, онда 2 млрд 234 млн адамнан құралған ең ірі, ең үлкен мемлекет болушы еді. Бизнеске келетін болсақ, қазіргі таңда ең мықты, ең дамыған компаниялардың 71 пайызы Facebook желісін белсенді қолданады, ал 41 пайызы – Life Journal, 51 пайызы – Twitter, 33 пайызы – YouTube желілерін пайдаланады екен. 2008-2009 жылдардан бастап әлеуметтік желілер саясатқа да тікелей араласа бастады. Әлеуметтік желілерді өз сайлау кампаниясында ең озық түрде қолданған бірінші адам – Барак Обама. Одан кейін Меркель, Трамп, т.б. Болжамдарға келсек, біріншіден, алдағы 5-10 жылдың ішінде әр адамның өміріне интеграцияланған, біріктірілген, біртұтас интер­активті медиакеңістік пайда болуы мүмкін. Қазір қарап отырсақ, Facebook, Instagram, What’s Up сияқты бір-бірімен бәсекелес болған өнімдер көп. Әрқайсысы өз алдына бөлек сияқты, бірақ бәрінің иесі – бір. Қазір барлық әлеуметтік желідегі сіз туралы ақпарат бір жерге жиналады. Яғни, сіз біртұтас бір кеңістіктің ішінде отырасыз. Өзіңіз оны байқамасаңыз да солай. Осыған орай, үлкен медиа кеңістік пайда болуы мүмкін. Қазірдің өзінде жаңа БАҚ-тар шығуда, олар толығымен интернетте және толығымен әлеуметтік желілерде. Олардың BBC, CNN секілді тарихы жоқ, үлкен ғимараттары жоқ, редакциялық саясаты да жоқ, былай қарасаңыз, құрылымы да жоқ – бірақ бұл жаңа тұрпатты БАҚ-тар ақпаратты тез тауып, ешкім бара алмаған жерлерге бара алады. Себебі олардың кәсіби емес «тілшілер әскері» бар. Олар кез келген жерде, кез келген ақпаратты бір жерге жинағанда, сол ақпаратты бірнеше минуттың ішінде жасанды интеллект арқылы бір пішінге келтіріп тез таратуда. CNN, BBC сияқты ең үлкен БАҚ-тардың жылдамдығы жаңа медиаға жетпейді екен. Ал БАҚ-тың, журналистиканың ең бірінші қағидаты қандай? Кім ақпаратты бірінші береді – сол жеңеді. Сондықтан үлкен әлеуметтік БАҚ-тар пайда болуы мүмкін. Олар қазір қалыптасты, біртіндеп аяққа тұрды, енді ақырындап өседі. 5-10 жылда бірнеше миллион тілшісі бар үлкен желілік әлеуметтік БАҚ-тар пайда болуы мүмкін. Олар ақпаратты әр адамның, әрбір тұтынушының жеке өміріне, психикасына, күнделікті қажеттілігіне бейімдеп беруі мүмкін. Яғни, жасанды интеллект арқылы әр адамға жеке-дара контент беруге мүмкіндік пайда болады. Асхат Еркімбай, журналист: Шынайы өмірде қалай –  солай түсіреміз – Бүгінге дейін «Шоу Ирины Кайратовны» деген бағдарламаның он түсірілімін жасадық, әр шығарылымды 600 мыңнан астам адам көрген. Біз мұны «хайп» жасау үшін емес, кезінде телеарнада жұмыс істеген кезде өз идеяларымызды айтып, жүзеге асырмақ болған кезде еш қолдау таппағандықтан, өз қолымызға алдық. YouTube арнасында өз парақшамызды ашып, оған өз ақшамызды құйып, осы бағдарламаны түсіре бастадық. Көрермен саны артқан сайын бізге жарнама беретін компаниялар келе бастады. Бұл тапқан ақшаны қалтамызға салмай, келесі шығарылымдардың сапасын көтеруге жұмсадық. Қазіргі таңда бізде кино түсіруге керекті техникамыз бар, кино түсіруге дайынбыз. Сол себепті біздің өнім тек Қазақстанда емес, ТМД бойынша озық болып саналады. Себебі біз түсіретін кинокамералармен, біз қолданатын техникамен Қазақстанда кино түсіреді. Ол техникаға біз YouTube-та видео түсіреміз. Контент жағын айтатын болсақ, өзіміз не ойлаймыз, яғни қоғамда бар түйткілдерді күлкіге айналдырып көрсетеміз. Анайы сөздер қолданатын болсақ, ол сондай сөздер болуы үшін емес, шынайы өмірде қалай – солай түсіреміз. Егер жағымды тұрғыдан алғанда, хайп – аудиториядан feedback, яғни белгілі бір жұмысқа берілген аудиторияның бағасы. Мысалы, мен режиссер ретінде өз жұмысымды жақсы көріп, оны орындауға бар ынты-шынтыммен кіріссем, менің командамдағы актерлер, сценаристер де өз жұмыстарын жақсы көріп, бар ықыласымен істесе, бәріміз қосылып, хайп жасап жүрген боламыз. Бұл тұрғыдан алғанда, әрбір адам хайп жасай алады. Етікші болсаңыз да, өз ісіңізге жан салып істесеңіз, соған лайық өз салаңызда хайп жасайсыз. Не істесеңіз де, ықыласпен істеңіз.

Дайындаған  Гүлбиғаш ОМАР