ҚАЗАҚША ҒАЛАМТОРДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

ҚАЗАҚША ҒАЛАМТОРДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

ҚАЗАҚША ҒАЛАМТОРДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
ашық дереккөзі
Ақпараттық заманда ақпаратқа деген сұраныс та, талап та өзгерді. Ерлан Қариннің сөзімен айтқанда, бүгінде газет тек газет емес немесе телеарна тек телеарна болудан қалған. Медиа атаулы ғаламтор кеңістігінен қоныс ала бастады. Ендеше, қазақ ақпарат сайттарының өрісі күн сайын емес, секунд сайын кеңейе түспек. Тек оның алғышарттарын қолға алсақ болғаны... Ол не? Ол – заманауи технологияларды игеру, жасанды интеллектімен жұмыс істеу алгоритмін түсіну, уақыт талабына сай жаңа біліммен қарулану, ең бастысы, тың жобаларды қолға алудан жүрексінбеу. QazForum алаңқайына жиналған ақпарат саласының мамандарының арасында осы қағидаттардың растығын іспен дәлелдеп жүргендер баршылық. Олардың дені тіпті журналист емес екенін есте ұстаңыз, яғни IT-маманы, режиссер, продюсер, т.б. «Қазақ интернетінде контент жасаушылардың форумы» деп аталған жиында ғаламторға қатысты шетін мәселелердің біразы талқыланды. Ең басты тұжырым – қазақтілді интернет кеңістіктің ауқымы кеңейіп, тынысы ашылып, сұранысы артып келеді. Енді бұл кеңістікті немен толтырамыз деген сұрақ – қазақ журналистикасының ғана емес, мемлекеттік тілдің және ұлттық құндылықтардың туын жықпау мәселесі. Технологияның дамуы туралы айтқанда, «Біз талқылау, көрермен және тұтынушы циклынан шыға алмай жүрміз» деп қынжылған Тимур Бектұрдың сөзінің жаны бар. Ақпараттық технология маманының сөзімен айтқанда, технология дамуы тұрғысынан басқа әлемнен «кемінде бір ғасыр артта келе жатырмыз». Иә, Астанада өткен үшінші QazForum басқосуында қазақ интернет-журналистикасының дамуы, сапалы контент жасау, қазақтілді аудиторияның сұранысын қамтамасыз ету, заманауи технологиялар көшіне ілесу мәселелері жан-жақты сараланды. Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:  width= Қазақша сайттар көбейсе,  мемлекеттік тілдің  мәртебесі өседі – Интернеттің қарқынды дамуы коммуникация құралдарын бір бағытта тоғыстырып, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен жаңа медианың байланысын нығайтты. Ең бастысы, қазір қазақтілді сайттардың саны да, салмағы да артып келе жатыр. Уақыт талабына сай өз аудиториясын қалыптастырған, бәсекеге бейім қазақтілді порталдардың да қарасы көбейіп келе жатыр. Осы қарқын жалғасса, біздің мемлекеттік тілдің мәртебесі өседі. Ақпараттық сайттар мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын қалың оқырманға жеткізуге барынша күш салып отыр. Мысалы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бағдарламалық мақалаларын қалың оқырман өзіміздің сайттар арқылы оқуға мүмкіндік алды. ...Осыдан бес жыл бұрын, он жыл бұрын біз «Қазақтілді сайттар болса екен» деуші едік. Қазір ондай сайттар бар, саны көбейіп келе жатыр. Енді осы сайттар сапасының өсуіне бәріміз бірлесіп еңбек етіп, бұл мақсатқа да жететінімізге сенемін. Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы:  width= 500 мың адам «Қазақстан» мобильдік қосымшасын көреді – Бүгінде ақпарат құралдарын телевидение, радио, интернет деп бөлуге келмейді. «Қазақстан» телеарнасы да қазақ интернетінде контент жасаушылардың бірі. Біздің өнімдеріміз әлеуметтік желілер арқылы, YouTube, Instagram, т.б. арқылы тарап жатыр. Сонымен қатар, биыл шілде айында «Қазақстан ТВ» деген мобильдік қосымша жасадық. Төрт-бес айдың ішінде осы қосымшаны 500 мың адам жүктеп алды. Яғни, қазақтілді аудитория бүгінгі таңда интернеттегі негізгі тұтынушылардың бірі. Осыны бәріміз түсінетін кез келді. Айдос Сарым, саясаттанушы:  width= Қазақ интернеті намыстан жаралған – Біріншіден, қазақ интернеті деген нобайы он жылдың ғана айналасында пайда болған құбылыс қой. Көптеген мәселе «өсу» деген мәселеге келіп тіреледі. Кезіндегі қазақ баспасөзі секілді қазақ интернет кеңістігі де намыстан жаралған. Ал интернеттегі қазақ аудиториясына қатысты екі терминді қатар қолдануға тура келеді: біріншіден, аудитория көбейіп келе жатыр. Ал екіншіден, аудитория интернетпен бірге «өсіп» келе жатыр. Екінші мәселе, «сапалы не сапасыз контент» дегеннен гөрі, «нишалық контент, нишалық аудитория» дегенге көшу керек шығар. Сапа дейтін болсақ, ол өте қиын нәрсе. Оның орнына басқа көрсеткіштер керек шығар. Үшінші мәселе, сөзсіз, ішкі ереже, ішкі мәдениет деген тақырыпқа негізделуі керек. Себебі бұл – нарық, нарық болғаннан кейін оның өз ішкі тәртібі, этикасы, эстетикасы болуы керек. Ербол Серікбай, baribar.kz сайтының негізін қалаушы:  width= Қазақтілді аудиторияның ауқымы өсе береді – Осыдан бес жыл бұрын baribar.kz сайтына тікелей кіретін тұтынушылардың саны 10 пайыздан аз еді, қазіргі таңда тікелей кіретін оқырмандардың саны 30 пайызға жетеді. Бұл статистиканы біз жыл сайын салыстырып көріп отырмыз. Ауылдық жерлерге жылдам интернеттің баруы есебінен қазақтілді оқырмандардың саны артып келе жатыр, кез келген әлеуметтік желідегі, мейлі ол Баян Есентаева болсын, Төреғали не Қайрат Нұртас болсын – олардың парақшаларындағы пікірлерді көріңізші, орысша сөз жоқ, бәрі қазақша. Немесе «Гәккудің» YouTube арнасындағы парақшасындағы пікірлерді көріңіз, онда да бәрі қазақша. Яғни, қазақтілді аудитория өсіп келе жатыр және алдағы бес жылда ешбір айғай-шусыз-ақ автоматты түрде басым болады. Тимур Бектұр, IT-сарапшы:  width= Сөз емес, іс керек – IBM компаниясының басшысы Томас Уотсон «әлемге бес компьютерден артық қажет емес» деп есептеген. Ойлап қараңыздаршы? Ал Билл Гейтс, Microsoft компаниясының басшысы «Адам баласына 625 килобайттан артық жады не үшін керек екені ақылыма да сыймайды» деген. Digital Equipment компаниясының басшысы Кен Олсен «Адамдарға жеке компьютер не үшін керек екенін мен түсінбеймін» депті. Жалпы, технологиялық болжам жасағанда, мына нәрсені ескеру керек: тоңазытқышты жасаған мұзбен айналысатын компания емес, электр лампасын өмірге әкелген балауыз жасайтын компания емес, автомобиль өндірісін жасаған адам ат көлігімен айналыспайтын және біз ұстап жүрген смартфондардың алғашқы прототипін жасап шығарған Apple компаниясы бұрыннан келе жатқан телефон шығаратын компания емес еді. Яғни, технология иелері өзінің технологиясын қорғайды, ал жаңа компания сол салаға өтуге тырысады. Біз жыл сайын түрлі форумдар өткізіп, әр түрлі тақырыптарды талқылағанды жақсы көреміз ғой. Дамып кеткен роботтың өкілі ретінде биыл Софияны Астанаға шақырдық. Ортамызға алып, селфиге түстік. Ал осы технологияның барлығын жасап жатқан Америкадан шығатын New Yorker журналы былтыр мұқабасына «Адамзат баласы қайда бара жатыр?» деген тақырыпты шығарды. Осы орайда, біз дамып кеткен роботтың өкілі ретінде Софияны форумға шақыратын болсақ, арада біраз жылдар өткеннен кейін дамымай қалған адамзаттың өкілі ретінде қазақтарды форумға шақыратын роботтар шығып жүрмесін. Талқылай бермей, іске көшейік. Саясат Нұрбек, BTS Digital білім орталығының басшысы:  width= Кім ақпаратты бірінші  береді, сол  жеңеді – Францияда биыл 15 жасқа дейінгі балаларға қалта телефонын қолдануға заңмен тыйым салынды. Себебі Францияда жасөспірімдер тәулігіне 13 сағат бойы қалта телефонын қолданатын болған. Сонда тәуліктің жартысынан көп уақытта олар цифрлы дүниенің ішінде жүреді екен. Осы тренд күннен-күнге күшейіп келеді. Бұл қайда апарады бізді? Сарапшылар екі лагерьге бөлініп алды. Бірінші топ «Біз сол цифрлы дүниенің ішіне кетіп қаламыз» деп санайды, 1999 жылы шыққан «Матрица» деген кино естеріңізде бар шығар. Осыдан 20 жыл бұрын осы мәселені алғаш рет көтерген: біз толығымен цифрлы дүниеге көшкен кезде не боламыз? Биыл «Ready Player 1» деген кино шықты, дәл осы сұрақты көтереді. Біз уақытымыздың көп бөлігін, 24 сағаттың 20-сын виртуалды дүниеде өткізгенде, өміріміз қалай өзгереді? Біздің тұлғамыз, ата-ана, туыстық байланысымыз қалай өзгереді деген мәселе. 2020 жылы болжам бойынша, адамдар виртуалды шындыққа жаппай қосылады екен. Соған басымдылық көбірек беріліп жатыр. Тамыз айында Statista ақпарат көзінен алынған дерек бойынша, қазір ғаламтор тұтынушыларының саны әлемде 4 миллиардтан асып кетті. Трафиктің 52 пайызы мобильдік ұялы құрылғыларда жасалады. Қазіргі таңда біздің қалта телефон – негізгі ақпарат жасау, ақпаратты тарату, ақпарат айналымының негізгі құралы. Әлеуметтік желілердің аудиториясына келетін болсақ, 3 миллиард адамнан асты. Егер Facebook мемлекет болса, онда 2 млрд 234 млн адамнан құралған ең ірі, ең үлкен мемлекет болушы еді. Бизнеске келетін болсақ, қазіргі таңда ең мықты, ең дамыған компаниялардың 71 пайызы Facebook желісін белсенді қолданады, ал 41 пайызы – Life Journal, 51 пайызы – Twitter, 33 пайызы – YouTube желілерін пайдаланады екен. 2008-2009 жылдардан бастап әлеуметтік желілер саясатқа да тікелей араласа бастады. Әлеуметтік желілерді өз сайлау кампаниясында ең озық түрде қолданған бірінші адам – Барак Обама. Одан кейін Меркель, Трамп, т.б. Болжамдарға келсек, біріншіден, алдағы 5-10 жылдың ішінде әр адамның өміріне интеграцияланған, біріктірілген, біртұтас интер­активті медиакеңістік пайда болуы мүмкін. Қазір қарап отырсақ, Facebook, Instagram, What’s Up сияқты бір-бірімен бәсекелес болған өнімдер көп. Әрқайсысы өз алдына бөлек сияқты, бірақ бәрінің иесі – бір. Қазір барлық әлеуметтік желідегі сіз туралы ақпарат бір жерге жиналады. Яғни, сіз біртұтас бір кеңістіктің ішінде отырасыз. Өзіңіз оны байқамасаңыз да солай. Осыған орай, үлкен медиа кеңістік пайда болуы мүмкін. Қазірдің өзінде жаңа БАҚ-тар шығуда, олар толығымен интернетте және толығымен әлеуметтік желілерде. Олардың BBC, CNN секілді тарихы жоқ, үлкен ғимараттары жоқ, редакциялық саясаты да жоқ, былай қарасаңыз, құрылымы да жоқ – бірақ бұл жаңа тұрпатты БАҚ-тар ақпаратты тез тауып, ешкім бара алмаған жерлерге бара алады. Себебі олардың кәсіби емес «тілшілер әскері» бар. Олар кез келген жерде, кез келген ақпаратты бір жерге жинағанда, сол ақпаратты бірнеше минуттың ішінде жасанды интеллект арқылы бір пішінге келтіріп тез таратуда. CNN, BBC сияқты ең үлкен БАҚ-тардың жылдамдығы жаңа медиаға жетпейді екен. Ал БАҚ-тың, журналистиканың ең бірінші қағидаты қандай? Кім ақпаратты бірінші береді – сол жеңеді. Сондықтан үлкен әлеуметтік БАҚ-тар пайда болуы мүмкін. Олар қазір қалыптасты, біртіндеп аяққа тұрды, енді ақырындап өседі. 5-10 жылда бірнеше миллион тілшісі бар үлкен желілік әлеуметтік БАҚ-тар пайда болуы мүмкін. Олар ақпаратты әр адамның, әрбір тұтынушының жеке өміріне, психикасына, күнделікті қажеттілігіне бейімдеп беруі мүмкін. Яғни, жасанды интеллект арқылы әр адамға жеке-дара контент беруге мүмкіндік пайда болады. Асхат Еркімбай, журналист:  width= Жаңа медиа видео контентпен байланысты болмақ – Жаңа медиа саласында жұмыс істеген кезде ең басты ескеретін мәселе – визуалды контент. Бұған дейін адамдар интернетке электронды поштаны тексеру үшін кіретін болса, қазір бірінші кезекте – визуалды контент, яғни YouTube бірінші орынға шықты. Екінші орында – белгілі бір ақпаратқа жауап алу, яғни адамдар әлі күнге дейін интернетті белгілі бір анықтамалық қызмет ретінде сұрағына жауап алу үшін қолданады. Үшінші орында – Yandex. Төртінші орында – әлеуметтік желілер, бесінші орында – сіздер ұнататын не ұнатпайтын Nur.kz порталы. Бұл негізгі «бестік» қазақстандық интернет қолданушылардың негізгі дағдысын көрсетіп отыр. Яғни, адамдар бізде видео көреді, әлеуметтік желіде отырады, оның өзі VKontakte, Facebook емес. Ал Google сайтынан қазақстандықтар қандай сөздерді іздейді дейтін болсақ, ол – «Рухани жаңғыру» емес немесе бірінші сессияда айтылғандай тарихи дүниелер емес. Осы жерде біз мына нәрсені ескеруіміз керек: өкінішке қарай, біз Қазақстанда өзімізге қажетті сұранысты өзіміз жасап, соған алданып отырмыз. Демек, келесі жылы интернетте көп ізделетін сөз, сөзсіз, «жастар» болмақ. Өйткені келесі жылы бізде Жастар жылы болады. Соған сәйкес YouTube-жобалар шығады. Соған сәйкес көптеген мақалалар жазылуы керек болады. Соған сәйкес мектептерде көптеген ашық сабақтар өтеді. Студенттер сол тақырыпта реферат не эссе жазуы керек болады. Тиісінше, «жастар» деген сөз іздеу порталында бірінші қатарға шығады. Бұл дегеніңіз бізде жастар мәселесіне деген қызығушылық көбейіп кетті деген сөз емес. Бұл қолдан жасанды түрде туындап жатқан сұраныс болады. Бұдан соң байқалғаны, адамдар Google арқылы ең көп қараған сайт – Kundelik.kz. Әр адам бұл сайтта 27 минут 28 секунд уақытын өткізеді. Баласы мектепке баратын ата-аналар не үшін күнделікті уақытының 27 минут 28 секундын осы сайтта өткізетіні түсінікті. Екінші орында – goszakup.gov.kz сайты. Қазақстанда бизнестің нышаны байқалады, адамдар тендерге мойынсұна бастады. Соңғы кезде интернетті қолдануда ақпарат алсам деген емес, қайтсем ақша тапсам деген ниеттің басым бола бастағанын көріп отырмыз. Ал жаңа медиа қалай өзгерді, біз оған бейімделіп отырмыз ба? Біз посткеңестік елдердің ішінде әлемдік трендтерден қалыспай, тіпті белгілі бір деңгейде басып озып немесе бейсаналы түрде соған ілесіп келе жатырмыз деуге болады. Бұл қазақтілді ортаға да қатысты. Жаңа медиа алдағы уақытта қай бағытқа қарай қозғала бастайды? Медиа-тұлға ретінде сіз не істеуіңіз керек? Біріншіден, видеомен жұмыс істеу. Егер сіз жаңа медиа маманы болсаңыз, сізге сөзсіз видеоны игеру керек және видеоны жақсы түсіретін телефон керек. Келесі орында – ол да видео, яғни life streaming. Қазір Facebook та, Instagram да осы мүмкіндікті іске қосып отыр. Қуаныш Бейсеков, «Шоу Ирины Кайратовны» жобасының авторы:  width= Шынайы өмірде қалай –  солай түсіреміз – Бүгінге дейін «Шоу Ирины Кайратовны» деген бағдарламаның он түсірілімін жасадық, әр шығарылымды 600 мыңнан астам адам көрген. Біз мұны «хайп» жасау үшін емес, кезінде телеарнада жұмыс істеген кезде өз идеяларымызды айтып, жүзеге асырмақ болған кезде еш қолдау таппағандықтан, өз қолымызға алдық. YouTube арнасында өз парақшамызды ашып, оған өз ақшамызды құйып, осы бағдарламаны түсіре бастадық. Көрермен саны артқан сайын бізге жарнама беретін компаниялар келе бастады. Бұл тапқан ақшаны қалтамызға салмай, келесі шығарылымдардың сапасын көтеруге жұмсадық. Қазіргі таңда бізде кино түсіруге керекті техникамыз бар, кино түсіруге дайынбыз. Сол себепті біздің өнім тек Қазақстанда емес, ТМД бойынша озық болып саналады. Себебі біз түсіретін кинокамералармен, біз қолданатын техникамен Қазақстанда кино түсіреді. Ол техникаға біз YouTube-та видео түсіреміз. Контент жағын айтатын болсақ, өзіміз не ойлаймыз, яғни қоғамда бар түйткілдерді күлкіге айналдырып көрсетеміз. Анайы сөздер қолданатын болсақ, ол сондай сөздер болуы үшін емес, шынайы өмірде қалай – солай түсіреміз. Егер жағымды тұрғыдан алғанда, хайп – аудиториядан feedback, яғни белгілі бір жұмысқа берілген аудиторияның бағасы. Мысалы, мен режиссер ретінде өз жұмысымды жақсы көріп, оны орындауға бар ынты-шынтыммен кіріссем, менің командамдағы актерлер, сценаристер де өз жұмыстарын жақсы көріп, бар ықыласымен істесе, бәріміз қосылып, хайп жасап жүрген боламыз. Бұл тұрғыдан алғанда, әрбір адам хайп жасай алады. Етікші болсаңыз да, өз ісіңізге жан салып істесеңіз, соған лайық өз салаңызда хайп жасайсыз. Не істесеңіз де, ықыласпен істеңіз.

Дайындаған  Гүлбиғаш ОМАР