КӨРГЕН КӨЗДІҢ ЖАЗЫҒЫ ҚАНША?

КӨРГЕН КӨЗДІҢ ЖАЗЫҒЫ ҚАНША?

КӨРГЕН КӨЗДІҢ ЖАЗЫҒЫ ҚАНША?
ашық дереккөзі
2016 жылы қазан айының соңында бір шаруамен Қытайға бардым. Шетелге шыққаным бірінші рет. Майқапшағай шекара-кеден бекеті арқылы өттік. Шекараға ең жақын қала Жеменейге келіп, мейманханаға орналастым да, сол төңірекпен танысып, дүкендерге бас сұғып шықтым. Базарларға кірдім, асханадан тамақ іштім. Нөміріме келгеннен кейін, әдетім бойынша, күнделігімнің бірнеше парағын толтырыппын. Алғаш жазғанымда «...өз жеріңде жүргенде, көп нәрсені байқай бермейді екенсің: артықшылығың да, кемшілігің де жат жерде көрінетіні анық...» деген жолдар бар екен. Негізгі шаруам – сол өңірдегі белді кәсіпкер Кан Жунмен кездесу, оның фермерлік шаруашылығымен танысу. Келдім, көрдім, келістік. Сол келісім сиырқұйымшақтанып, Жеменей мен Алтай қалаларының арасында екі ай жүруіме тура келді. Жеменейден Алтай қаласына қарай шыға берістегі күре жолдың сол жағында әлгі Кан Жунның кеңсесі мен қоймалары, оң жағында есек пен ат қоралары, жем-шөп сақтайтын қоймалары бар. Сырты қоршалып, үлкен аумақты алып жатыр. Кеңсе жақтағы кіреберісте күзет бекеті орналасқан. Қора-қопсы мен жем-шөп тұрған жақта күзет жоқ, бірақ бейнебақылау бар. Неге екенін білмеймін, сол күзет бекетін көруге құмарттым. Қасымдағы сол жердің Табыс деген қазағына: – Рұқсат болса, кіріп шығайықшы, – дедім. Кірдік. ...Кіріп барғанымызда шылым мен шаң иісі қолқаны қапты. Бұл келгелі бері көзім үйреніп қалған жайт, сондықтан аса мән берген жоқпын. Табыс күзетші қытаймен шаң-шұң етіп сөйлесіп жатыр. Әлгі қытай азаматы езуіндегі шылымын алдындағы шөлмектің ішіне тастай салды да, екі қолын басынан асырып, арлы-берлі сермелеп, тез-тез сөйлей жөнелді. – «Қарай берсін. Қазақстаннан шаршап келсе, жатып демалып алсын», – дейді. Дүкенге барып, тамағы мен арағын, темекісін алып келетінін айтты, – деген Табысқа бажырая қарап: – Не? Күзетті тастап кетпекші ме? Бірдеңесі жоғалса, жаласы бізде қалады ғой, – дедім. Әрі лас күзет бекетінің ішінде көп бөгелгім келмеді. – Қытайда ешкімнің затына ешкім тиіспейді. Қолыңдағы сағатыңды шешіп, үстелге қойып кетші. Он күннен кейін келсең де, сағатың қойған жеріңде тұрады. Есіңе түскен кезде келіп аласың немесе таныған біреу өзіңе әкеп береді. Ұзыннан қойылған үстелдің үстінде бірнеше монитор. Мониторлар бірнеше шаршыға бөлінген. Әр шаршы белгілі бір жерді көрсетіп тұр. Ұзын үстелді жағалай өтіп, ашық тұрған есікке үңілдім. Оң жақта тоңазытқыш, одан әріректе кішкене үстел мен орындық, ал сол жағында ағаш төсек. Әйтеуір, ақ жаймасы да, ақ тыспен қапталған көрпе мен жастық та бар екен. Бірақ, әлгі ақ тыс пен ақ жайма кірлеп кеткен. Жеменей қаласында қазақстандықтардың сауда орындары бар. Зайсан қаласынан Жеменей қаласына автобус қатынайды. Осы автобуспен зайсандықтар визасыз үш күнге Жеменей қаласына келіп, сауда-саттық жасайды. Бірақ Жеменей қаласынан тысқары шығуға рұқсат жоқ. Және бір ғана қонақ үйге түседі, басқа жерде түнеулеріне тыйым салынған. Қонақ үйге тіркелген кезде барлық мәлімет полиция басқармасының мәліметтер жүйесіне барып түседі. Шыққан кезде басқарма базасынан да шығарылады. Қазақстандықтар базары үлкен ғимараттың жертөлесінде орналасқан, оның кіре берісінде өзім сөз қылып отырған күзет орыны бар. Кіре бергенімде ұзын бойлы, арықшалау, қалың шашы көмірдей қара, ат жақты, бадырақ көз, қара торы жігіт ағасы алдымды кес-кестеді. Жүзі жылы. Көзінде бір сағыныш сәулесі бар. Үстінде күзетші киімі. Есімі – Даму, қазақстандықтар базарының күзетшісі. Бұрын сақшы қызметінде істепті, қазір зейнетте болса да, күзетшілік қызмет атқарып жүр екен. Қазақ десе, жүрегін де жұлып беруге дайын екені көрініп тұр. Кеткенімше сыйласып, араласып тұрдық. Кей кездері іздеп барғанымда, күзет орнынан таппаймын. Сөйтсем, Қазақстаннан келген сатушылардың жүктерін тасып жүреді екен. Бір күні: – Сен жоқ кезде мыналарыңды ешкім көтеріп кетпей ме?, – дедім монитор мен басқа да асай-үсейлерді көрсетіп. – Басқа жақты білмеймін, дәл осы біздің Жеменейде ұрлық жоқ. – Дегенмен, орныңда отыруың керек қой. Бастықтар іздеп қалса қайтесің? – деймін беріспей. – Бастықтар мені не қылады? Өз орынымда өзім бастықпын. Маған ешкім бастық емес. Бұл жерде істегеніме үш жылдан асты. Кімнің қай уақытта кімге келетінін, не алатынын, қашан шығатынын бес саусағымдай білемін. Тіпті, қанша юаньға дейін сауда жасайтыны да маған белгілі. Қай суадагердің не сататыны, қанша тауары бар екені де аян. – Сонда, Қазақстаннан келген саудагерлерді аңдып, тыңшылық жасаймысың? – дедім шыдай алмай. – Жоқ, бұл тыңшылық емес. Бірдеңе сатып алуға келгендер бүкіл базарды аралап, уақытын босқа кетірмейді. Іздеген тауарының қай жерде екенін менен сұрайды. Мен жөн сілтеймін. Дереу тауып, сатып алады. Екіншіден, саудагер мен тауарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуім керек, сондықтан бәрін білуге тиіспін. Мына бейнебақылаулар барлық жердегі сыртқы әрекеттерді жазып тұрғанымен, осындай ішкі мәселелерді жаза алмайды ғой. – Бұның дұрыс екен, – деген қолпашымды естігеннен кейін Даму ағынан жарылды. – Турасын айтсам, осы жердегі тәртіпті реттеп жүрген өзім ғанамын. Зайсаннан бірінші рет келген саудагерлерді сауда орындарына өзім орналастырам да, тиісті адамдарға өзім хабарлаймын. Сендер жақтағы Қаратал деген ауылдан бір студент бала жаздай кәмпит тасыды. Қазақтың кәмпиті бұл жақта жақсы өтеді. Қазақстанның кәмпитін алу үшін ішкі Қытайдан келетіндер де бар. Қорап-қорабымен әкетеді. Әлгі баланың аты Дидар, Алматыдағы бір жоғарғы оқу орнының бірінші курсын бітіріпті. Жаздай бос жатқанша, сауда жасайын деген екен. Әлгі бала әуелде бір қорап қана әкелетін. Дидарға «...сен бір қораппен шығыныңды ғана жабасың. Көбірек пайда табам десең, бес-алты қораптан әкел. Сатылуына өзім көмектесем», – дедім. Сөйтіп, жаздай оған да көмектестім. Зайсаннан шыққан автобус Қараталды басып өтеді екен. Әкесімен бірге бес-алты қорап кәмпитті автобусқа басатын көрінеді. Қазақстаннан келген саудагерлер алдымен мейманханаға орналасып, саудаларын содан кейін бастайды. Келетін уақытын білем ғой, күтіп алам. Базардың ішіне екеуіміз тасимыз. Сатып алатындар тосып тұрады. Қолма-қол өткізіп жібереміз. Көршілес аудандардан, тіпті, Алтайдың өзінен кәмпит іздеп келетіндер көп. Қытайлар да бар. Сондықтан, қытай тілін де білу керек. Бәрімен өзім келісіп қоямын. Кәмпитін бірден өткізіп жібереді екен. Сонда не, үш күндей бос жүре ме? Не істейді? – дедім. Дамудың бажырая қараған көзінен таңданысты байқадым. Қадалған жанарының ар жағынан ұшқын жалындайды. – Тепсе темір үзетін жап-жас жігіт бос жата ма? Осы базардың ішінде жұмыс деген көп. Дидар өзі де бір еңбекқор бала. Кіріп-шығып немесе қала аралап кеткен қазақстандықтардың саудасын жасайды. Кейде келгендердің тауарларын тасып, машиналарына тиеп береді. Әйтеуір бос жүрмейді. Қолы қалт ете қалғанда, кітап оқиды. Менің есебімше, бір күнде бес-он мың теңгенің аралығында ақша табады. Сонда, Қытайға бір айдың ішінде бес рет келіп кетсе, кәмпиті бар, жұмысы бар, барлық шығынын шығарып тастағанда, үш жүз мың теңгедей ақша табуға тиіс. – Бастығың «Міндетіңді атқар, өз жұмысыңды біл. Басқалардың шаруасына араласпа. Жұмыс орнында бір отырмайсың» деп, өзіңді қуып жібермей ме? – Тәртіп бұзылмаса, жұмыс жүріп жатса, бастықтың менде не әкесінің құны бар? Қуғанды қойып, айтып көрсін! Ісім сонымен болсын! – деді Даму күшейіп. Бастық демекші, өзім жатқан мейманханада екі вахтер-күзетші болды. Екеуі де қазақ. Тіпті, Қали деген жас жігіт Астанада құрылыста жыл жарымдай жұмыс істепті. Екінші күзетші жігіттің есімі – Мұрат. Күзетші көбінесе есіктің көзіндегі үлкен креслода көміліп отырады. Қастарында былпылдаған кең диван бар. Мұратты нағашы, қылып алдым. Бір күні бөлмелеріне кіріп бардым. Көзім атыздай боп кетті. Теледидар мен киноларда ғана көретін полицейлердің қалқаны, каскасы, резеңке тоқпағы, қылқындырғыш ұзын сырық, бәрі-бәрі тұр. Менің таңырқағанымды байқаған Мұрат: – Төтенше жағдай боп кетсе, сақшының киімін киіп, осы қаруларды алып, полицейлерге қосыламыз, – деді. Бір күні Мұрат креслода шалқайып, мен диванда оған қарап бүкірейіңкіреп отырғам. Ұзынтұралау, қыс болса да жеңіл киінген бір қытай кірді де, Мұратқа жалбақтап амандасып, шаң-шұң етіп, бірдеңелерді айтып жатты. Мұрат сол шалқайған күйі амандасу үшін ғана қолын бейжай ұсына салды. Қозғалған да жоқ. Әлгі қытай Мұратқа жаутаң-жаутаң қарап, күлімсірей кетіп қалғаннан кейін: – Мынауың кім? Сенің Шыңғыс ханның тұқымы екеніңді біле ме? Алдыңда жалбақ қағып, аузыңа кіріп кете жаздады ғой, – дедім қалжыңдап. – Ой, бұл – Қытайдағы шіріген байлардың бірі. Осы қонақ үйдің, базардың, мейрамхананың қожайыны. Басқа қалаларда да осындай дүниелері бар дейді. Соның бәрін өзінің ақшасына салдырған. Бізге жалақыны осы қытай төлейді. Біздің бастығымыз, – деген Мұраттың жауабын естігеннен кейін бұл қытай залым ба, әлде, шынымен, қарапайым адам ба деп таң қалдым. Өзі шіреніп, сызданып креслода отырып, бағыныштысын алдында қақитып тұрғызып қоятын біздің бастықтарды көргенде, осы жайт үнемі есіме түседі... Қайран қалам... Қазақстанда өзіміздің бастықтардың алдында пікіріңді қорғасаң, оның ойымен келіспейтініңді білдірсең, жұмыстан қуылдым дей бер. Әйтеуір, қызметіңнен кетірудің бір амалын табады. Қазақстанға қайта оралғаннан кейін, айналдырған бір жарым жылдың ішінде, «Юнион секьюрити», «Құдірет секьюрити», «UK секьюрити» және «АСиС секьюрити» атты күзетпен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестерде жұмыс істеппін. Осы серіктестердің бірінші басшыларымен тілдесу – қиямет. Олардан гөрі аспандағы бұлтпен сөйлескен әлдеқайда оңайырақ. Ешқашан орнынан таппайсың. Алматы қаласындағы, Қазақстанның барлық жеріндегі осы мәселе бірдей болуы да мүмкін: күзетпен айналысатын мекемелердің бәріне ортақ бір дүние бар. Ол – өзінің күзетшілеріне артық жұмыс істетіп, еңбекақысын төлемеу. Қалай дейсіз ғой? Еңбек нормасы бойынша, апталық жүктеме 41 сағат, ал төтенше жағдайларда, ары кеткенде, 48 сағатқа ғана рұқсат етіледі. Жоғарыда мен атаған ЖШС-нің әр күзет бекеттерінде үштен, ал кейбірінде екіден ғана күзетшілер бар. Еңбек заңдылықтары және норма бойынша, үш штат деп есептегеннің өзінде, әр күзетші 3 тәулік артық жұмыс істеген болып шығады. «Сіздер мені құл ретінде пайдаланып, қанап отырсыздар. Мен артық жұмыс істеп жүрмін. Сондықтан жалақымды өсіріңіздер!» десеңіз, басыңыз бәлеге қалып, бір жағдайға ұшыраймын деп сене беріңіз. Тіпті, «UK секьюритиде» екі тәулік жұмыс істегенді былай қойып, қатарынан бір аптадай күзетте болу дәстүрге айналып кеткен. Ақшадан тапшылық көрген, әрі аз-маз жалақым біраз көтерілсін деп, күзетшілер бірер сағат мызғып алады да, мең-зең боп жүре береді. Денсаулығына қаншалықты зиян келіп жатқанымен күзетшінің де, басқаның да жұмысы жоқ. Ең бастысы, әр айдың 31-інде кезегің келсе, кімге болсын, ол тәулік төленбейді. Бұл – «UK Секьюрити» ЖШС-нің бас директоры В.С. Кручевтің жасап алған амалы. Мен арада бес айдай уақыт өткеннен кейін ғана, келісімшартқа отырдым, мені қабылдау жөніндегі бұйрық сол кезде ғана шығарылды. Бес айдай жұмыс істесем де, сол кезде зейнетақы қорыма ақша аударылмаған болатын. Қазір түсті ме, түспеді ме, білмеймін, көңілімнің қалғаны соншалық, білгім де келетін емес. Осы «UK Секьюрити» мекемесінде өзіммен бірге күзетшілік атқарған бірер жігіт жұмыс істегендеріне бір жарым жылдай уақыт болса да, еңбек демалысына шықпағандарын, тіпті, сол еңбек демалысының ақысын да алмағандарын айтатын. Қазір қалай екенін білмедім. Кез келген елдің конституциялық заңы бойынша, бірінші кезекте адамның денсаулығы мен қауіпсіздігі тұрады. Ал жоғарыда аталған серіктестердің бір де бірі мұны ескермейді немесе күзет саласының қызметкерлерін сатып алған құлдарындай көреді. «АСиС секьюрити» ЖШС-інде істеп жүргенімде осы жайттарды қағазға тізіп, жазып та бергенмін. Сөзім дәлелді болуы үшін соны толық келтірейін. «АСиС секьюрити» ЖШС-і Бас директорының орынбасары Т.А. Мұңалбаев мырзаға №15 нысанның күзетшісі А.Ж. Сәбитовтен Сіздердің құзырыңыздағы мекеме тарапынан өз қызметкерлеріңізге, олардың конституциялық-зайырлық хұқтарын елемеу және оларға қысымшылық жасау жайтын хабарлауға рұқсат етіңіз. Қандай мемлекетте болса да адам факторы, яғни қызметкер қауіпсіздігі мен денсаулығы бірінші орында тұрады. Осыны ескерсек, аталған нысанда күзет бекеті арнайы жабдықталмаған. Күзет иті, тегіс ұңғылы ату қаруы немесе түнгілікте тағы бір күзетшімен қамтамасыз ету қарастырылмаған. Ұрының немесе бұзақының күзетшіге шабуыл жасауына толық мүмкіндік бар. 7 минуттың ішінде көмек жеткенше, қорғануға мүлде жағдай жоқ. Осыны ескеріңіз. Әлеуметтік-тұрмыстық мәселе шешімін таппаған. Тоңазытқыш мәселесі көтерілді, бірақ әлі орындалмай жатыр. Жаздың шіліңгір ыстығында тоңазытқыш жоқ жерде сапалы тамақ жөнінде сөз болуы мүмкін емес. Ал сапалы тамақ жоқ жерде, денсаулықтың дұрыс сақталуына кепілдік берілмейді. Бұзылған денсаулығымыздың өтеуі кімнен болады? Күзет нысанының айналасы қаулаған шөп. Сөнбеген темекі тұқылы мен жанған шырпыны тастай салса, лап еткелі тұр. Өрт қауіпсіздігі жөнінде Сіздің құзырыңызға да, қойма басшыларына да жазбаша-ауызша түрде неше мәрте ескертілді. Бірақ осы уақытқа дейін еш шара қолданылатын түрі көрінбейді. ҚР заңдары және қабылданған нормативтер бойынша апталық жұмыс істеу жүктемесі – 40-41 (қырық-қырық бір) сағат. Ең бастысы, осыны басшылыққа алсақ, біз бір айдың ішінде 3 (үш) тәулік артық жұмыс істейміз. Мекеменің әрбір күзетшісіне 3 (үш) тәулік тегін жұмыс істетуді, жылдық демалыс еңбекақысы мен ауруы жөніндегі парақтың ақысын төлемеуді қылмыс деп санамайсыз ба? (ҚР Еңбек жөніндегі кодекс пен нормативтер, Еңбек жөніндегі Алматы қалалық мемлекеттік инспекциясы, телефон нөмірі – 277-83-13; 277-82-97). Еңбек тәртібін бұзғанымыз үшін бір тәуліктің жалақысы тұтас неге қиылады? Қиылған жалақы қайда барып түседі? Зайырлық-хұқықтық мемлекетте Сіздер басқарып отырған мекеме тарапынан мұндай құл иеленушілік әрекетке неге жол беріледі? Ең төменгі жалақы алып жүргенімізге қарамастан, айыппұлдық санкция деген желеумен тегін жұмыс істеуге мәжбүр етуге Сіздерге кім хұқ берді? Бұл жазалық шара кіммен келісілген? Оны прокуратура, Еңбек инспекциясы, Адам хұқын қорғау жөніндегі мемлекеттік және қоғамдық комитеттер, ұйымдар мақұлдай ма? Қызмет кезінде сіздер басқарып отырған мекеме басшылары тарапынан қызметтік-этикалық, ахлақтық-әдептік, униформалық талаптар неге сақталмайды? ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың мә­лім­­­деуінше, республика көлемінде сандық жүйе толық енгізіліп болды. Ендеше, біздің жалақымыз банк арқылы карточкамызға неге түсірілмейді? Әрі күзетшілердің еңбек тәртібін сақтауын бақылау бейнекамералар немесе басқа да техникалық-автоматтық құралдар арқылы жүзеге неге асырылмайды? Бақылауды дуалдан секіріп түсіп, ұрылардай баспалап келіп жүргізетін инспекторлар (инспектор Шаяхметов) арқылы атқаруды сталиндік-репрессиялық жүйенің сарқыншағы деп санамайсыз ба? Көкейкесті осы сұрақтарыма жауап болмаған жағдайда, прокуратураның, Сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы күрес Департаментінің, Еңбек жөніндегі инспекцияның құзырына жүгінуіме тура келеді. Және осы мәселенің бәрін телеарналар мен баспасөздерде, ғаламтор сайттарында көтеретінімді ресми түрде хабарлаймын. №15 күзет нысанының күзетшісі А.Ж. Сәбитов.» Міне, «АсиС секьюрити» ЖШС-тің басшылығына осы жайттарды хабарлап, ресми жауап күтіп ем, арада бірнеше ай өткенімен, жауап болмады. Одан бері мен де жұмыстан шығып кеттім. Осы шағымымды тапсырған күннің ертеңінде «АсиС секьюрити» ЖШС-нің бас директоры А.Т. Аккушеков мырзаның өзі дәу қара джип машинасымен 71-разъезде орналасқан күзет бекетіне жетіп келді. Кезекте мен болатынмын. Шағымды жазған адамды арнайы көру үшін келгенін ішім сезді. Бірақ шағымда көтерілген мәселелер қозғалған жоқ, бастық мен отырған жерді тексеріп, тапсырыс берушінің өкілінен біздің қалай жұмыс істейтінімізді сұрап, сес көрсететіндей әңгіме айтып, кетті де қалды. Осы мекеменің атынан біз күзететін қойма 71-разъезде, Жетісу елді мекеніне қарай кететін күре жолдың бойынан шалғайлау жерде орналасқан. Қоршауы бірнеше гектар жерді алып жатыр. Темір торлы қоршаудың үстінен тікенді сым жүргізілген. Бұл сырт көзге ғана, темір тордың астынан қаңғыбас иттер ары-бері өтіп, емін-еркін шапқылап жүреді. Ит өтетін тесіктерге адамдар да сияды. Менің түсінігімде, осы қойма қауіпті аймақта орналасқан, өйткені ол елді мекеннен тысқары аумақта. Әрине, Құдай сақтасын, лақша бақыртып, шыңғыртып, сені біреу бауыздап жатса да, ешкім естімейді. Мұндай қауіпті аймақтағы күзет бекеттерінде түнгілікте екі күзетшіден кезекшілік ету тәжірибеде бар. Және түнгілікте күзетші тегіс ұңғылы ату қаруымен, күзет итімен жүрсе, торуылдаушылардың тайсалатыны, жүректерінің дауаламайтыны анық. Инспекторлар да ұрылардай баспалап, тексергендерін қояр еді. Өкінішке қарай, жұмыс берушілер күзетшілерді адам деп емес, қалтама ақша түсіретін табыс көзі деп қана қарайды. Олардың мүлде төменгі жалақы алатынына қарамастан, оларды шырмап-байлап ұстап тұру үшін түрлі айла-шарғыны пайдаланады. Мысалы, «АСиС секьюрити» ЖШС-нің бас директоры А.Т. Аккушеков мырзаның «Сіздер 20 күн демалып, 10 күн ғана жұмыс істейсіңдер. Мұндай жерді қайдан табасыңдар?» дегенін өз құлағыммен естідім. Бұл – 70-80 күзетшінің алдында айтылған сөз. Бір ғажабы, әлгі күзетшілер Аккушековтың дегеніне бас шұлғығанды ғана біледі, өзіндік пікір айтқандарды тарпа бас салып, бастықтың сөзін қорғап, әлгіні жан-жағынан жұлмалай бастайды. Мұндай жағдайда, атам қазақ айтпақшы, көк ит жеңе ме, көп ит жеңе ме? Шынымен, Аккушеков мырза ҚР азаматының конституциялық хұқтарын, республикалық санитарлық Бас дәрігердің бекіткен еңбек жөніндегі нормасын, ҚР Еңбек жөніндегі кодексі мен нормативтерін білмегені ме? Білсе, бұлай неге айтады? Әлде, қол астындағы қызметкерлерін надан санағаны ма? Надан санаса, кілең надандарды қайдан және қалай жинап алған? Және өз компаниясында мұндай монархиялық жүйені қалай орнатқан? Күзет компанияларының барлығында дерлік айыппұлдық санкция енгізілген. Өз басым осы санкцияның қаһарына екі рет ұшырадым. Алғаш рет, сынақ мерзімінде жүргеніме қарамастан, аяқ киімімді шешіп отырғаным үшін «Юнион секьюритиде», екінші рет аяғымды созып, демалып жатқаным үшін «АСиС секьюритиде». Айыппұлдың ауыр жазасы қолданылғанда, бір тәулік тегін жұмыс істеп, сымпиып шыға келесің. Осы айыппұлдық бір тәуліктік жалақының 50 пайызы инспектор мен басшылардың қалтасына кетеді, ал 50 пайызы жақсы жұмыс істеген күзетшілерге сый-ақы беруге жұмсалады. Турасын айтқанда, біреуден жылатып тартып алып, шүленсіп, басқа біреуге береді. Бұл біздің қоғамымыздың конституциялық-демократиялық, ахлақтық-ізгілік жүйесінің қандай принциптеріне сәйкес? Және бұл айыппұлдық санкцияның компанияның жалпы жиналыстарында қабылданып, хаттамасы неге жазылмайтынын, оның прокуратура, Еңбек инспекциясы немесе адам хұқтарын қорғайтын ұйымдар тараптарынан неге мақұлданбайтынын түсіне алмай-ақ қойдым... Өз басым айыппұлдық санкцияға қарсы емеспін. Оның мақсаткерлік бағытына және бір тәуліктің жалақысы тұтас ұсталатынына қарсымын. Осы айыппұлдан жиналған қаражаттан қор құрып, осы қордың ақшасын мұқтаждар үшін көмек беруге және мәдени-бұқаралық шараларды (Наурыз, Жаңа Жыл, Құрбан айт мейрамдары) өткізуге пайдаланса, ешкім де қарсы болмас еді. Қарсы болғанды былай қойып, өз еріктерімен ақша да тапсырады. Ал «кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ақылмен ойластырса, сыйақы мәселесі де шешіледі, ҚР заңдылықтары мен нормативтерін сақтауға да мүмкіндіктер бар. Күзетшілердің артық жұмыс істейтінін, ол үшін компания басшылары басыңнан сипамайтынын қайталап айтуға тура келеді. Тіпті, ауырып қалсаң да, өліп жатсаң да пысқырмайды. «UK Sekyritu» компаниясының күзет нысаны – Байланыс-энергетикалық университетінің «В» корпусындағы күзет бекетінде Айдар деген жігіт екеуіміз ғана жұмыс істедік. Постта қатарынан екі тәулік отырып, үшінші тәулікте ғана ауысатынбыз. Бір күні жұмысқа келсем, Айдар «ауырдым» деп, постты тастап кетіп қалыпты. Алты күн бойы посттан кетпей, жалғыз өзім отырдым. Кезек бастықтары тарапынан «...әбден қалжырадың ғой. Постқа біз ие боламыз. Жуынып-шайынып, демалып кел» деген емеурін де білдірген жоқ. Жетінші күн дегенде Айдардың қайтыс болғаны жөнінде хабар келді. Мен осы постқа келгенше Айдардың анда-санда үйіне күндіз барып келіп, қатарынан 10-15 тәулік жұмыс істегенін естігенмін. Оның неше жыл бойы осылай жұмыс істеп келгенін, жұмыс орнынан қалай ауырып кеткенін ескерген ешкім жоқ. Сонымен, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Айдар марқұмның алдында осы постта тағы бір жігіт жаздыгүні қайтыс болыпты. Қалай өлгенін кім білсін, ең бастысы адам өлімі орын алды ғой. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Айдар өліп, сол қайғылы жайт тағы қайталанды емес пе? Мұндай жайттың алдын алу, яғни, профилактикалық шаралар қолдану «UK Sekyritu» ЖШС тарапынан да, күзет лицензиясын беретін мекеме тарапынан да, күзет қызметін тікелей бақылауға тиісті прокуратура тарапынан да тысқары қалған. Ал компания басшылығы аузын буған өгіздей үндемей жұмыс істей беретіндерді ғана жұмысқа қабылдауға сондықтан да құштар болса керек. Егер, қазақ өлмей, басқа ұлт өкілі өлгенде, жағдай басқаша болар ма еді? Қазақтардың ең бір осал тұсы осы. Қалай өлсе де, артында қалған туған-туысқандары «Алланың басқа салғаны» деп, көне береді. Ізденбейді, тірілер үшін қам-қарекет қылмайды. Компаниялардағы былық пен шылық, заң бұзушылық, күзетшінің хұқтарын аяққа таптау, оларға зекіп сөйлеу, «ұнамаса, кете бер!» деу Алматы қаласындағы күзет саласында қалыптасып кеткен заңдылық. Осыдан он шақты жыл бұрын күзет жүйесі мәселесімен айналысқан бір жорналшыны кездестірдім. Ол сол кезде Алматы қаласындағы күзет жүйесінде мыңдаған адамның жұмыс істегенін айтып, «Әй, қазір солар 40-50 мың болып қалған шығар» деп еді. Жоңғар шапқыншылығына қарсы тойтарыс берген Абылай ханның қарамағында да осы шамалы ғана әскер болған. Ал осыншама күш өз іштеріндегі бассыздық пен заңсыздыққа қарсы күресіп, тәртіпке келтіре алатын емес. Өйткені олардың басын қосатын не кәсіподақ, не ассоциациялық бірлік жоқ. Білегін түрініп, осындай қоғамдық ұйым құрамын деп жүрген ешкімді естімедім де, көрген де жоқпын. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Егер прокуратура және күзет жүйесіне лицензия беретін мекемелер компанияларды тексеріп, былық-шылықтың бетін ашпаса, мұның асқына беретіні, күндердің күнінде дес бермей кететіні анық. «UK Sekyritu»-де істеп жүргенімде кезек бастығы М.Қожахметов «Бүгін Игорь Вячеславович Кручев келеді. Бәленбайдың долясын әкеледі» деп айта беретін. Бұл сөзге ден қоймайтынмын, енді ойлап отырсам, бұл сөзде үлкен астар бар екен. Тапсырыс берушінің есепшотынан шыққан ақшаның қалай талан-таражға ұшырап, қарапайым күзетшінің қалтасына жұқанасы ғана түсетініне енді ғана көзім жетіп отыр. Осы аз жалақының өзін компания басшылары жұлмалайды кеп. Сонда қарапайым күзетшілер отбасыларын қалай асырап, қалай толыққанды өмір сүрулері керек? Көптеген күзет компанияларында кілең қазақтар ғана жұмыс істейді. Олардың қабілет-қарымының жететін жері осы ма, әлде олар шынымен, жалқаулар ма? Қалай дегенмен, тоналып-қаналып, хұқтары аяққа тапталып жатқан солар ғой. Күзетшілер күзет нысандарының сыртқы мәселелерін ғана біледі. Ішкі шаруаларына араласпайды. Адамилық сезіміңе, намысыңа нұқсан келтірсе де шыдайсың, сабыр қыласың. Сөйтіп, көре тұрып көрмегенсіп, ести тұрып, естімегенсіп, күнәға белшеңнен батасың. Соңғы жұмыс орыным «АСиС секьюрити» ЖШС-тің №15 күзет нысаны болды. Сол арадағы азық-түлік қоймасын күзеттік. Сол қоймада мерзімі өтіп кетіп, дүкендердің қайтарған тауарларының этикеткасын алып тастап, жаңа мерзіммен этикеткаларын қайта шаптайтынын айтсам сенетіндер бар ма екен?! Жә... ...Өлең деген өсекші жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей – деп, Абай атам айтпақшы, мен де тоқтатайын. Бір сөйлегенге осы да жетер. Егер прокуратура қызметкерлері қолымнан жетектеп жүріп, өзім атаған компанияларды аралатып, осы айтқандарыңды дәлелдеп бер десе, мен дайынмын. Өйткені бұл – Қазақстан бойынша жүз мыңдаған қазақтардың тағдыры.  

Асқар ЖҰМАХАНҰЛЫ,

                               бұрынғы күзетші