КӨҢІЛІ ҚАЗАҚТЫҢ КЕҢ ДАЛАСЫНДАЙ

КӨҢІЛІ ҚАЗАҚТЫҢ КЕҢ ДАЛАСЫНДАЙ

КӨҢІЛІ ҚАЗАҚТЫҢ КЕҢ ДАЛАСЫНДАЙ
ашық дереккөзі
1990 жылдың 24 сәуірінде «Халық кеңесі» газеті ашылды. Ол алғашында Қазақстан халық депутаттарының, сосын республика Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметінің органы болды. Әуелде шағын қалыппен шыққан газет үлкен көлемде, аптасына бес рет жарық көре бастады. Осы кезде газетке еліміздің түкпір-түкпірінен хабар-ошар, жаңалықтарды алу қажеттілігі туындады. Бұл үшін әр облыстан меншікті тілші ұстау қажет болды. Бұны бас редактор, дарынды жазушы Сарбас Ақтаев маңызды іс ретінде қарап, ерекше мән берді. Тікелей өзі бас болып, ұжыммен ақылдасып, түрлі ұсыныстарды жинастырып, аталған жұмысқа осы лайық деген журналистерді таңдап алды. Солардың қатарында біз сөз еткелі отырған әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі Есенгелді Сүйінов те бар еді. Бұған дейін Қазақ радиосының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі боп жұмыс істеген Есенгелді үшін «Халық кеңесі» газетінің аталған облыстағы меншікті тілшісі қызметіне ауысуы оң өзгеріс болды. «Халық кеңесі» газеті басқалар секілді Есенгел­­дінің де есімін республика көлемінде танымал етті, оның бағын ашты. Тасқа таңба салғандай, қағазға басылған сөз ешқашан өшірілмейді, архивте болсын, жеке отбасында болсын мәңгілік сақталады. Ол меншікті тілші ретінде Қостанай облысындағы жылт еткен жақсы жаңалықтарды қалт жіберген жоқ. Жергілікті, аудандық, облыстық Кеңестердің, атқарушы органдардың жұмысы жайлы, өндіріс, мәдениет, білім салалары хақында сұхбаттар, репортаждар, хабарлар жазды. Наурызым қорығын көздің қарашығындай қорғау, байырғы жер, су атауларын қалпына келтіру, ана тіліміздегі мектептерді ашу, Моңғолиядан келген қандастарымыздың жай-күйін жақсарту төңірегінде көтерген түйткілді материалдары оқырман тарапынан қолдау тауып, күрмеулі мәселелердің шешілуіне септігін тигізген. Мен сол жылдары газеттің эконономика бөлімінің меңгерушісі едім. Жыл сайын облыстардағы меншікті тілшілер бас қосып, жиналыс өткізіп, бәрінің жұмысына баға беріліп, тілектер айтылатын. Баршамыз жиналып, әңгіме-дүкен құрып, арқа-жарқа әзілдесіп, мәз-мейрам болып қалатынбыз. Бұрын Есенгелдімен жұмысқа алынғанда танысып, анда-санда телефон арқылы ғана сөйлесетінбіз. Осындай жиналыстарда онымен жақынырақ танысып, етене араласа бастадық. Алғашында ұяң, биязы көрінетін жас жігіт жұмыс бабында төселіп, ел аралап, жер көріп, түрлі жайларға қанығып, сабақ алды. Жазу үстінде сөздік қоры байып, тіл шеберлігі жетіле түсті. Бұған бір жағынан оның мектеп қабырғасынан өлең, мақала жазуы игі әсер еткен. «Халық кеңесі» газетінде Есенгелді Сүйінов үлкен өмір мектебінен өтті, қаламгерлік қол­­таңбасы қалыптасып, нығайды. Баспасөздің қыры мен сырына қанығып, жазу мәнері әдеміленіп, ой-өрісі одан әрі кеңейді. Осылай болуға жоғарыда айтылғандай, газетіміздің бас редакторы, шетел жазушыларының атышулы романдарын, шығармаларын майын тамыза тәржімалаған жазушы, аудармашы Сарбас Ақтаев, соңынан асыл ағаның орнын басқан ұлттық журналистикамыздың бетке ұстары, қарымды қаламгер Жұмабек Кенжалин үйретті, тәрбиеледі. ...Түрлі себептерге, қаржылық қиындықтарға байланысты «Халық кеңесі» газеті жабылып қалды. Сүттей ұйып отырған ұжым жан-жаққа тарап кетті. Есенгелді «Жас Алаш» газетінің Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өз тілшісі қызметіне кірісті. Есенгелді Сүйінов «Жас Алаш» газетінде де жұмысын абыроймен атқарды. Өскелең ұрпақ тәрбиесі, қазақ тілін дамытып, оның қолдану аясын кеңейту, табиғатты қорғау, т.б. тақырыпта өзекті мәселелер көтерді. Биікке қанат қақты, облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы қызметіне тағайындалды. Қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхамеджан Сералин негізін қалаған, Бейімбет Майлин, Ғаббас Жұмабаев, Сырбай Мәуленов секілді үлкен тұлғалар еңбек еткен «Қостанай таңы» газетінің жағдайын жақсартуға Есенгелді жігерлене кірісті. Жер-жерлерде «Қостанай таңы» газетінің күндері өтіп, газет таралымы анағұрлым өсті. Редакцияда компьютер орталығы ашылды, журналистер дербес компьютермен қамтамасыз етілді. Редакцияның іші-сырты, шатыры жөнделіп, бөлмелерге жаңа жиһаздар қойылды. Мұхамеджан Сералиннің Қарабалық ауданының ескі «Өрнек» ауылындағы бейіті қалпына келтірілді, оның мерейтойы құрметіне ас берілді. Қостанайда Сералин көшесіндегі жолға қиыршық тас төселіп, сол көшедегі ескерткіш тақта жаңартылды. Редакцияның ғимараты қабырғасына Мұхамеджан Сералинге ескерткіш тақта орнатылды. Газеттің алғашқы редакторын еске алу мақсатында жыл сайын облыстық желаяқтар жарысы ұйымдастырылды. Одан соң Есенгелді Сүйінов «Дала мен қала» газетінде, «Жаңа Сарыарқа» журналында еңбек етті. Қазір «Есіл» республикалық газетін шығарып, соның бас редакторы болып отыр. Ол қай жерде жұмыс істесе де, өзінің ізденгіштігімен еңбексүйгіштігімен, іскерлігімен көзге түсіп жүр. Біз екеуміз алғашқы танысқан уақыттан бастап тонның ішкі бауындай араласып, сыйласып тұрамыз. Осы жылдарда Есенгелдінің бойынан бауырмалдылық, елгезектік, кішіпейілдік секілді асыл қасиеттерді байқадым. Досқа құшағы ашық, адал. Барлығына жақсылық тілеп тұрады. Қазақтың байтақ даласындай кең пейілін, ақжарқын мінезін көріп, өзім оған риза боламын. Есенгелді Сүйінов қаламы жүйрік журналист қана емес, сонымен бірге танымал ақын, жазушы. Оның «Күңгіртау құпиясы», «Менің елім, менің жерім», «Мақпалды күндер», «Арайлы таң» кітаптары шықты. Өткен жылы «Жазушы» баспасынан «Тербеген теңіз әлдиі» кітабы мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрді. Ол өзінің сүйікті Отанын, туған елі, өскен өңірі – Көкшетауды сүйеді. Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістерге сүйсініп, саяси, мәдени өмірінде болып жатқан оқиғаларға қызу үн қосып, белсене араласып, қайраткерлік қырынан көрініп келеді. Таяуда ғана Астана төрінде өткен ақынның «Қазақстан – бақытымның бастауы» атты шығармашылық кеші соған куә. Оның алдында Ақмола облысының орталығында «Көкшетауым – мақтанышым» шығармашылық кеші өткен болатын. Әдебиет әлемінде Есенгелдінің бір ерекшелігі бар. Оның жұбайы Марфуға Бектемірова да Көкшетау өңірінде туған, қазақтың талантты ақыны. Щучье қаласындағы №9 қазақ орта мектебін бітірген, атақты «Аққуым менің қайдасың?» әнінің сөзін небары 14 жасында жазған. 10-нан астам кітаптың авторы, орыстың әйгілі ақыны Анна Ахматованың өлеңдерін аударған, Мәскеуде «Единная Россия» партиясы мен Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының қолдауымен «Белый парус мечты» кітабы 10 мың дана таралыммен жарық көрген. Бәріміз аялап, ардақтайтын Марфуға қарындасымыз, өкінішке қарай, өмірден ерте озды. Марфуға өлеңдері тұнып тұрған мөлдір сезім, ыстық сағыныш, терең философия. Мына бір өлең шумағы соның жарқын айғағы.   Сол кезде... дүние қайтадан жаңарар, Ұйқыдан аққулар оянар. Қыран да құздарға қона алар, Сапарға кеткендер оралар, Сол кезде... сені іздеп келемін бұл маңға, Бір ақын ғайып боп, бір ақын туғанда, Ай көзі мөлдіреп... тамшыға тұнғанда. Орта жастан асқанда әйеліңнен айырылу оңай емес. Марфуға жай ғана әйел емес, сонымен қатар талантты ақын, жазушы, қаламы жүйрік журналист, композитор еді. Домбыра, мандалина, баянда ойнап, тамаша ән шырқайтын. Ініміздің қуанышында да, қиындығында да бірге болған, сүйеу болған адал, сұлу сүйген жары, үш баланың ардақты анасы, қазақтың аяулы, қайраткер қызы еді. Есенгелді басына түскен ауыр қайғыны қара нардай көтеріп, төзімділік танытты. Артында қалған балаларына бас-көз болып, Марфуғаның өлеңдерін мерзімдік басылымдарға жариялады, «Нұрлы дүние» кітабын шығарды, Ұлттық Академиялық кітапханада еске алу кешін өткізді. Мен екеуінің мөлдір махаббатын, бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігін адамдарға, әсіресе жастарға үлгі етіп айтқым келеді. Мектеп қабырғасынан өлең шығарып, мақала жазып, болашағынан үміт күттірген Есенгелді жайлы көп айтуға болады. Оның өлеңдерінде сезім бар, ой бар. Қиыннан қиыстырып, ұйқасын келтіріп, ырғақтарын сақтап өлең жазу кез келген кісінің қолынан келе бермейді. Ақын осы талаптардың бәрін сақтап, әсем теңеулерді орынды қолданып, шабытына шабыт қосып, елінің тәуелсіздігін, туған жерінің ғажайып көріністерін, мөлдір махаббаты, іңкәрлік пен достықты еркін жырлап келеді. Қазақ елі, асқақ болсын тұғырың, Сеніменен еңселімін, ұғындым. Абыройың арта берсін әлемде, Мәңгі жаса, мәңгі болсын ғұмырың! Есенгелді ақын Қазақ елін осылайша өз жырына арқау етеді, туған елінің абыройының асқақ болуына тілектестігін білдіреді.

Бақытжан Тобаяқов,

ҚР Инженерлік академиясының

корреспондент-мүшесі, профессор

Астана қаласы