Шоқан Уәлихановтың графикалық мұрасы күнтізбеге айналды

Шоқан Уәлихановтың графикалық мұрасы күнтізбеге айналды

Шоқан Уәлихановтың графикалық мұрасы күнтізбеге айналды
ашық дереккөзі

Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына орай Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы  2015–2017 жылдарға арналған тақырыптық күнтізбе шығарды. Жобаның басты мақсаты – Шоқанның графикалық мұрасын, Орталық Азия халықтарының этномәдениетін бейнелеген суреттерін кеңінен насихаттау.

Шоқан ағартушы һәм зерттеушілігінен бөлек, бейнелеу өнерінде де ерекше қабылетімен көзге түскені белгілі. Акварель мен қарындашты серік еткен суретші отбасы мүшелері мен достарының портреттерін шебер кескіндеді. Жетісу өңірінің тыныс-тіршілігін, Қашқария мен Жоңғария дәстүрінің өзіндік ерекшеліктерін ғалым саяхат күнделіктеріне бейнеледі.  Күнтізбеден Шоқан қолжазбаларының арасынан табылған сызбалары мен әзіл суреттерін де көруге болады.

Шоқан Уәлихановтың өмірі қамшының сабындай қысқа болғанымен, соңынан қалған мұрасы ғұмырлы. Ғалым дүниеден озғалы 2 ғасырға жуықтаса да, есімі елеусіз, еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Керісінше, жылдар алмасып, заман жаңарған сайын қазақ халқының дарынды перзентіне деген құрметі, мақтанышы еселене түскендей. Кішкентай бүлдіршіндердің аузында жүрген «Шоқан айтқан сөз», «Шоқан жүрген жер», «Шоқан еңбегінен алынған дерек» деген анықтамалар – ғалымның аты да, хаты да өлмейтініне кепілдік емес пе? Ұрпақтан-ұрпаққа көнермей жеткен мұра қарыштап дамыған ғылым мен технологияның көлеңкесінде қалады деп қорқудың қажеті жоқ.

Қазақ ғылымының бастауында тұрған дара дарын туралы өз заманында Мұстафа Шоқай көп жазды. Эммиграцияда жүрген кезде ол Шоқанның досы Григорий Потаниннің мына естелігін жиі ауызға алған: «Шоқан ең әуелі, өз халқым – қазағымды сүйемін дейтін. Одан кейін Сібірді, содан соң Ресейді, сосын бүкіл адамзатты сүйді. «Орыстар қазақтарды ұрса, орыстарға қарсы бас көтерем. Ал француздар орыстарға күш көрсетсе, жүрегім орыстармен бірге», – деуші еді.

Шоқанның мемлекет тарихына терең бойлағаны, Сырымбетке, Қызылжар мен Қопалға саяхатының негізгі мақсаты ауыз әдебиеті үлгілерін, тарихи дереккөздерді жинау болғаны баршаға мәлім. Бір қарағанда, ғалымның аз ғана ғұмыры, еңбектері әбден зерттеліп қойғандай. Ол туралы айтуға тиістінің бәрін айтып, жазуға болатынның бәрін жаздық деп ойлауымыз мүмкін. Алайда, Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми ізденістері туралы біз білмейтін дерек әлі де көп. Мәселен, 1924-1925 жылдары Орталық Азияны тарихи, ұлттық-территориялық тұрғыдан межелеп, мемлекеттердің (Қазақ, Өзбек, Қырғыз, Түркімен, Тәжік автономиялары) шекараларын белгілеу кезінде Шоқанның этнографиялық зерттеулері басшылыққа алынғанын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында жүргізілген ізденістер барысында анықтады.

Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған шаралар биыл еліміздің барлық өңірінде қолға алынбақ. Ғалымның шөбересі Баян Шотақызының бастамасымен жарық көрген күнтізбе – солардың бірі.  Баян Уәлиханованың баспа ісінде, әсіресе, талдамалы еңбектер шығаруда тәжірибесі жетерлік. 2011 жылы ол  Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының екі жинағын шығарған болатын. Қазір аталмыш қоғам Ш.Уәлиханов шығармашылығын насихаттайтын жаңа басылымдардың мазмұнын толықтыратын мерекелік шаралар сериясын әзірлеуде. ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор М.Әбусеитова бастаған Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары зерттеуші шығармаларының 8 томнан тұратын жаңа жинағын дайындап жатқанын атап өтуге тиіспіз. Келер ұрпақтың рухани азығын қамдау – бүгінгіге парыз.

Гүлнар Мұқанова, тарих ғылымдарының

кандидаты, доценті