КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ҮШІН ЕҢБЕК ЕТКЕН
КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК ҮШІН ЕҢБЕК ЕТКЕН
Мен ол кісіні сырттай жақсы танушы едім. Өйтпегенде ше?! Маңғыстау аймағындағы бірден бір мемлекеттік жоғары оқу орны – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар университетінің тарихы айтылғанда, алдымен Табылдиев Кеңесбай Табылдыұлының есімі ойға оралады. Бүгінде Каспий жағасындағы осынау білім ордасы еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірінен саналады. Бастауы Каспий аймақтық тау кен-металлургия комбинаты жанынан ашылған Қазақ политехникалық институтының жалпытехникалық факультеті болып құрылғанда басы-қасында Кеңесбай мырза жүрген еді. Не нәрсенің де бастау алуы бірден бола салатын іс емес, оған көп қажыр-қайрат, күш керек. Жалпытехникалық факультеттің деканы болып Қазақ тау-кен институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) түлегі, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Кеңесбай Табылдыұлы Табылдиев тағайындалды. К.Т. Табылдиев 1931 жылы дүниеге келген. Қазақстан тау кен-металлургия институтын «Пайдалы кен орындарының геологиясы» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Шолақтау кенішінде геолог (1953-1957), Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология институтында кіші ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі (1957-1976) болып қызметтер атқарған. 1976 жылдан 1983 жылға дейін В.И. Ленин атындағы ҚазПТИ-дің Шевченко қаласындағы Жалпытехникалық факультетінің деканы болған ол қиын күндерде мойымай қасиетті топыраққа білімнің дәнін сеуіп, тұңғыш жоғары оқу орнының қазығын қағуға үлкен жүрекпен кірісті. Сол егілген дән жемісін беріп, бүгінгі таңда Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Қазақстан Республикасының Маңғыстау аймағындағы білім, ғылым және мәдениеттің жетекші орталығына айналды.
Кеңесбай ағаның 2006 жылы біздің университеттің 30 жылдық мерейтойы тойланған күні ақ тілекпен университетке келіп, өсу-өркендеу үстіндегі оқу ордасының тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, қуанып, ықыластана ізгі ниетін айтқаны есімде. Иә, ол Маңғыстауға, оның ішінде өзі негізін қалаған оқу орнына келуді, оның бүгінгі жағдайын көруді бақыт санайды. Бірақ 2011 жылы университеттің 35 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өткенде, Кеңесбай Табылдыұлы денсаулығына байланысты келе алмаса да, шын тілектес болып, ақ көңілмен жүрекжарды тілектерін жолдаған еді.
Міне, сол абзал жан 2012 жылы 29 сәуір күні 81 жасқа толғанда университет атынан арнайы Алматы қаласына барып, туған күнімен құттықтау бақыты маған бұйырған еді. Енді шегініс жасап, дәл сол күні күнделігімде жазылған жазбаларды келтіруді жөн көрдім:
«Алматының «Таугүл» шағынауданында орналасқан аға үйіне жеткенше, 7-қабаттағы пәтеріне көтерілгенше асықтым. Ақтаудың көгершін-қанат сәлемін, университет ұжымының аманатын жеткізу мен үшін үлкен бақыт еді. Пәтер есігінен енгенімде 4 бөлмелі пәтер лық толы қонақ екен. Шат-шадыман, думан. Сонау Ақтаудан жеткенімді естіп, жиналғандар думанды ортаға шақырды. Төрде Алатаудай болып Кеңесбай аға мен Рыстай жеңгей отыр екен. Хал-жағдай сұрасқан соң елдің сәлемін, университеттің сәлемін, оқу орны басшысының сәлемін жеткізіп, ұжым атынан дайындалған ақ тілектер жазылған құттықтау хатты оқып бердім. Оқу ордасының эмблемасы бейнеленген шапанды, Кеңесбай ағаның алғаш университетте қызмет еткен жылдардағы сыры мол сарғайған суреттері мен университет музейіндегі Кеңесбай ағаның қызмет еткен жылдарына арналған екі бұрыштың көріністері, кейінгі жылдары университетке келген кездері мен оқу ордасының бүгінгі күндерінен сыр шертетін фотолардан құрастырылған үлкен фотоальбомды, университеттің «Жас толқын» газетінің соңғы жылдардағы сандарын сыйға тарттым. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен тағайындалған Кеңесбай Табылдыұлының мерейтойына университет ректорының бір айлық жалақысы көлемінде сыйақыны және «Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ардагері» құрметті төс белгісі мен куәлікті салтанатты түрде табыстадым. Ардақты ақсақал Ақтаудың сәлемін ақжарма көңілмен қабылдап, қақ төрден орын ұсынды. Бұл да жөн шығар, бұны «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» деген баба тәмсілін ұмытпаған Табылдыұлы Кеңесбай ағаның кемеңгерлігі деп білемін. Бұл күні тек 81 жылдық қана емес, Кеңесбай аға мен Рыстай жеңгейдің шаңырақ көтергендеріне 60 жыл толыпты. Осынау қос мейрамды тойлау кез келген адамның маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Осынау қос тойдың куәсі болып, қуаныштарына ортақтасқаныма шексіз бақытты едім. Ағайын-тума, ұл-қыздары мен немере-шөберелердің ортасында отырған асыл жандарды құттықтау легі толастамады. Есіктен кіріп келіп, атасы мен әжесінің мойнына асылып, құшағына кіріп, еркелеген немере-шөбере, жиендері мейрамдарымен құттықтауға алып-ұшып, келіп жатты. Алты қыз бен бір ұлды тәрбиелеп өсірген Кеңесбай аға мен Рыстай жеңгей төрде отырып, ұрпақтарының думандатқан ән-жырын естіп, көңілдері шат-шадыман болды. Осынау бір бақытты сәттерін дүниенің ешбір байлығына теңгермес едім. Мен ағаны іштей жемісін төккен алып бәйтерекке балап отыр едім, бір кезде немересі үлкен мәуелі бәйтерек бейнеленген плакатты ашып, бәрімізге көрсетті. Қандай шебер ойластырылған дүние! Бәйтерек тамырында Кеңесбай ағаның әкесі мен шешесі, одан жоғары Кеңесбай аға мен Рыстай жеңгей бейнелері бейнеленген. Одан жоғары бұтақтары мен жапырақтарына ұл-қыздары мен немере-шөбере, жиен-жиеншарларының тарамдалған үрім-бұтақтары әсем көрініс тапқан. Кеңесбай аға мен Рыстай жеңгей шаңырағының тарамдарында – күйеу бала, жиен келіндерінде басқа ұлт өкілдері де бар екен. «Жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір үлкен интернационал жанұямыз», – дейді Кеңесбай ақсақал мейірлене. Кеңесбай аға мен Рыстай жеңгейдің ұлы Арман мен келіні Гүлнәр да ақ желең көңілмен қонақтарды құрақ ұшып қарсы алуда.
Кеңесбай аға әңгіме арасында Маңғыстауда еңбек еткен кездерде тілектес болған Өмірзақ Озғанбаев, Төкен Жұмағұлов, Төлеген Қалабаев сынды азаматтардың есімін құрметпен атап, қиын күндерде көмектескен достық ниеттерін ешқашан ұмытпайтынын айтты. Сол жылдардың жарқын істерін еске ала отырып, әсіресе, осынау игілікті де қиындығы мол жұмыста өзіне қолдау білдірген, көмектерін аямаған абзал тұлғалардың азаматтық істерін ерекше құрметпен атап өтеді. Тарихтың жады үшін, кейінгі ұрпақ үшін бұл есімдердің маңызы зор. Әсіресе, жалпытехникалық факультеттің аяғынан тік тұрып, күннен-күнге қарыштап өсуіне өлшеусіз үлес қосқан, тікелей қамқоршы болған мекемелер – Каспий аймақтық тау-кен комбинаты (КТКК) мен «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің (ММӨБ) қызметі туралы да айтып өтті. Ю.А. Корейшо басқарған КТКК сол кезде қалалық кәсіптік-техникалық училище мен бірнеше мектепке, колхоздар мен совхоздарға қамқорлық жасайтындығына қарамастан, ЖТФ қалыптасуы мен дамуына орасан көмек көрсетеді. Комбинаттың көптеген құрылымдық бөлімшелері ЖТФ-нің ұйымдастыру жұмыстарына жұмылдырылады. Жөндеу-құрылыс цехы (бастығы А.М. Сусанов) оқу орнының ғимаратын уақытында және сапалы жөндеуден өткізеді, зауыттың орталық зертханасы (бастығы В.С. Сахаров) жоғары дәлдікті электронды-талдау өлшегіштерімен, шкафтармен жарақтандырылған екі химиялық зертхана жасақтап береді, жоспарлау бөлімі (меңгерушісі В.Н. Ловицкий) Қарағанды өндірістік экспериментальдық мекемесінен лингафон кабинетіне арналған екі жаңа кешен алдырады, т.б. КТКК-нің жабық, құпия сипаттағы мекеме болғанына қарамастан, мекеме бастығы Юрий Александрович ЖТФ деканына тұрақты рұқсат қағазын беруге үкім етеді. Соның арқасында, Кеңесбай Табылдыұлының Ю.А. Корейшомен және комбинаттың кез келген бөлімдерімен шұғыл түрде іскерлік қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туады. ЖТФ-ге ықпалды көмек көрсеткен мекемелердің бірі – өлкедегі ММӨБ-ні В.И.Темонин, О.Бекбосынов, Н.А. Марабаев, Л.К. Қиынов секілді белгілі азаматтар басқарған болатын. Осы мекеменің көмегімен Свердловск қаласынан тау жыныстары мен минералдардың оқу коллекциясы алдырылып, олар геологиялық мұражай жасауға негіз болады. ЖТФ-нің мұнай мамандықтары үшін қосымша зертханалық база жасақталады. Терең ұңғыларды бұрғылау әдістерін студенттерге үйретуге арналған оқу полигонын жасау, сырттан келіп оқитын студенттер үшін жатақхана ұйымдастыру секілді мәселелер де бірте-бірте ММӨК көмегімен шешімін тапты. ММӨБ-нің құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Жаңаөзен бұрғылау жұмыстары басқармасы Жаңа Өзен қаласынан оқу-консультациялық пункт ашуға ықпалдасты, оны зертханалық жабдықтармен жарақтандырды, арнайы штаттық бірлік бөлді, т.б. Д.С. Юрченко басқаратын Маңғышлақ энергокомбинаты (МАЭК) «Механика және молекулярлық физика», «Электр және магнетизм» бөлімдері бойынша физика зертханаларын жасақтауға, оқу, ғылым мақсаттарына арналған геологиялық құрылғылар мен құрал-жабдықтар сатып алуға көмектеседі. Сондай-ақ, М.Б. Батырбеков, Г.Б. Померанцев, Е.Т. Божанов, Б.Қасымжанов, Г.С. Фищук, Р.А. Машурова, Г.М. Осипова, З.Ж. Жұманова, Г.Н.Шарипова, С.С. Исабаева, Қ.Д. Қараджаева Р.Құрманғалиева, М.Е. Сегізбаева сияқты Маңғыстаудағы тұңғыш оқу орнының іргетасын қалауға атсалысқан ұстаздар мен қызметкерлер қауымын тебірене еске алды. Университеттің бүгінгі ректоры, профессор Ә.Әбжаппаров туралы: «Әбдімүтәліп деген бір жақсы бала. Университеттің қандай атаулы шарасы болса да, шын көңілмен шақырады, барғанда құшақ жая қарсы алады, осылай біздерді ұмытпай, елеп-ескеруі де, арнайы құттықтау жіберуі де басшының көрегенділігі мен біліктілігін, тектілігі мен парасаттылығын танытады», – деп ризашылығын білдірді Кеңесбай аға.
Кеңесбай ағаның әкесі соғысқа аттанғаннан оралмапты. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұл мен бір қызды бағып-қағып өсіру Әнипа анасына бұйырыпты. қайсар ана ұлдары мен қызын ел қатарына қосу үшін еңбектенуден ерінбепті. Туған бауырлары Кеңескүл мен Майданбек те бұл күнде Кеңесбай ағаның ізімен өсіп-өніп, жапырақтары жайылған үлкен парасат иелері екен. Бүгінгі тойдың төрінде отырған бұл кісілер де өткен күндерден естеліктер айтып, көздеріне жас алды. Майданбек ағамыз тамаша әнші екен. Шәмшінің, Ескендірдің әндерін шабытпен тамылжыта орындағанда «неге әнші болмаған?» деген ойлар туындары сөзсіз. Өзінің әнші болғысы келген арманын айтып, егер әнші болып кеткенде қасындағы Нағима жеңгемізге ұстатпауы мүмкін екенін айтып, жиналғандарды бір күлдірді.
Кеңесбай аға мен Рыстай жеңгейдің табиғатына біткен сырбаз да сабырлы мінездері, сұлу мәдениеті мен айналасына білім мен өнеге нәрін төгетін шуағы мол мейірімді жүректері, жылдар өзені жылжып озған сайын арнасын молайта түскен азаматтық тұлғасы мен парасат әлемі шаңырағына жадыраған ізгілік отын жаққан. Алпыс жыл бірге өмір сүрген екі абзал жан бір-бірін қадір тұтудан жаңылған емес. Осы бақытты күнге жетуінің басты себебі бір-біріне деген адал махаббаты мен сыйластығы екені айдан анық. Сексеннен асқан айтулы ағаның басынан ащы да өтті, тұщы да өтті. Өмірінің негізгі мәні – халқына адал қызмет ету деп білді. Рыстай жеңгеймен өмір бойы қол ұстасып келе жатқанын бар бақыттың бастауы деп таниды. Жылылық ұялаған ұлағатты ортадан ерекше бір әсермен, көңілім өсіп, марқайып шықтым. Далаға шықсам, Алатаудың ақ нөсері құйып тұр екен. Бүгінгі тойға Алланың нұры іспетті. 29.04.2012 ж. Алматы қаласы».
Бұл осыдан алты жыл бұрынғы жазбалар еді.
Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласын жариялап, қалың жұртшылыққа серпін сыйлады. Тарихымыздың жеті қырын атай отырып, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткенімізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зерделеуге үндеп отырғанын да сезіндік. Маңғыстау облысында «Маңғыстау мақтаныштары» сериясымен түбекке еңбегі сіңген тұлғаларды дәріптеу қолға алынып жатқан тұста Маңғыстау өлкесіндегі мемлекеттік жоғары оқу орнын құру үшін, ұлт руханияты мен елінің кемелді келешегі үшін аянбай еңбек еткен Кеңесбай ағадай тұлғаларымызбен мақтанамыз. Көрнекті ғалым, талантты ұйымдастырушы болған Кеңесбай Табылдыұлы 2016 жылы 85 жасында дүниеден озды. Артында саналы ұрпағы, талантты шәкірттері қалды.
Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы
Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің
профессоры, ҚР Журналистер
одағының мүшесі