Айтматов әлемі

Айтматов әлемі

Айтматов әлемі
ашық дереккөзі
Шыңғыс Айтматов есімі бүкіл адамзаттың рухани өмірінде елеулі орын алып үлгерген тұлға десек, қателесе қоймаспыз. Қырғыз ұлтының мақтанышына айналып үлгергені өз алдына, әлем әдебиеті классиктерінің қатарынан тұрлаулы орынға ие екендігі де ақиқат. Туындылары да әлемнің сан тіліне аударылған. Сөз өнерінің асқар биігіне өзіндік өрнек, айрықша стиль, өзгеше нақышымен шыққан Шыңғыс Айтматов жарты ғасырдан астам уақытта толғаған тақырыптарының тосындығымен, суреткерлік қабілетінің ауқымдылығымен, адамзаттың көкейіндегі ең ауқымды мәселелерді көтеруімен т.с.с. ерекшеленіп келді. Адамзаттың ұстазы болуға лайық автордың әрбір шығармасының ой өзегі, басты ұстанымы адам баласын тек өмір сүру үшін ғана емес, өмірдің мәнін терең түйсіну, арыдан келе жатқан арлы істерді, ізгі қасиеттерді жоғалтып алмау, атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрден қол үзбеу, ұрпақ жалғастығын сақтау, қасірет атаулыға қарсы тұрып, ізгілікті, биік мұратты, адами құндылықтарды жырлау екендігін ұрпақ зердесіне ұялатып, санасына сіңіру қажеттілігі бүгінгі таңда да өзектілігін жоймағанын айқын аңғарамыз. Шыңғыс Айтматов есімі қазақ оқырмандары үшін де аса бағалы. Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйытқы болуымен  Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған «Шыңғыс Айтматов әлемі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде   ұйымдастырылып, оған шет елдерден және республикамыздың түкпір-түкпірінен сондай-ақ Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан келген қонақтар қатысты. Конференция жұмысын кіріспе сөзбен ашқан университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы өз сөзінде Айтматов кеңістігінің көкжиегі кең екенін тілге тиек етті: «Шығармаларында туған халқының тарихи тағдыр-талайындағы ұлылық пен қасіретті тұтастай көрсете білген Шыңғыс Айтматов осынау сан тарау мәселелердің адамзат баласына ортақтығын айқындай алды. Әлемдік әдебиет кеңістігінде өз орнын айқындау жазушының әдеби әдісіне емес, жазушының азаматтық тұлғасына  тығыз байланысты. Шыңғыс азаматтық тұлға ретінде өз шығармаларында жалпы адамзаттық мәселелерді өз уақытымен шендестіре  өзектендіріп, нақты адамдар тағдыры арқылы көтеретін өзіндік Айтматов стилін  қалыптастырды. Ол кезеңнен-кезеңге  күрделене, тереңдей  түсті. Адамды  ұлтын, тарихын  қалай сүюге, ұлттық тар  шектелуден ада  болуға,  мәдени ашықтыққа үндеген тұлғалық деңгей аясы  кемелдене түсті», – деп  айрықша атап өтіп, Шыңғыс шығармаларының бүгінгі  өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін  аса маңыздылығына тоқталды. Конференцияның салтанатты ашылуында құттықтау сөз сөйлеп,  лебіздерін білдірген Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасының Бас консулы Алиясбек Алымкулов, Қазақстан халқы Ассамблеясы  жанындағы Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Руслан Мамыров, Әзірбайжан ұлттық академиясының академигі, жазушы Теймур Керимли, белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин, т.б.  тек  қырғыз әдебиетінің ғана емес, тұтас түркі мәдениеті мен әлем әдебиеті кеңістігінде қаламгер әлемі «Адамзаттың Айтматовы»  қолтаңбасымен даралана түсетініне айрықша тоқталып өтті. Кембридж университетінің зерттеушісі Шоқан Лаумулиннің, Қырғыз Республикасы ҰҒА Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері Айнура Кадырманбетованың баяндамаларында Айтматовтың әдеби мұрасының жалпы адамзаттық құндылықтарды дамытудағы орны, түркі дүниесінің, әлемнің бірегей жазушысы екендігі, көркемдік ізденістерінің сан қырлылығы қамтылып, қаламгерлік ұстанымы сараланды. Жазушы, драматург және қоғам қайраткері  Роллан Сейсенбаев басып шығарған «Қош  бол, Гүлсары» атты кітаптың тұсаукесері жасалып, университет кітапханасына сыйға тартылды. Өз кезегінде Айтматов академиясының директоры, профессор Рахима Абдувалиеваның (Ұлыбритания),  Лондон шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы Джонатан Фрейердің (Ұлыбритания) шеберлік дәрістері өткізіліп, жиынға қатысушылар Еуразия жазушысының даңқ жолының бағыт-бастауларына, ағылшын, неміс, француз тілдеріне аударылуының жай-жапсарына қанықты. Екі күнге созылған конференция өз жұмысын «Ұлы дала өркениеті және Ш.Айтматов әлемі», «Шыңғыс Айтматов және әлемдік әдеби үдеріс» бағыттары бойынша жалғастырып, көрнекті қаламгердің әлемдік руханияттағы мәдени, көркемдік-эстетикалық әлемінің қайнар көздері, Шыңғыс шығармаларындағы қазақ тақырыбы, туындыларының өзегіндегі этно-мәдени құндылықтар сыры баяндамашылардың жұмыстарында көрініс тауып жатты. Қорытынды пленарлық мәжілісте Айтматов әлемінің сан қырлылығы, түркі дүниесіндегі тұғырлы тұлғасы нақты тұжырымдалып,  конференция материалдары алдағы уақытта Лондон қаласында, ағылшын тілінде де жарық көретін болды.  

Шоқан Шортанбаев,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің аға оқытушысы