Жаңалықтар

Президент поштасынан хаттар легі

ашық дереккөзі

Президент поштасынан хаттар легі

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еліміздің азаматтары мен түрлі ұжымдарынан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаға қолдау білдірген көптеген хаттар келіп түсті. Хат жолдаған еліміздің зиялы қауым өкілдері – академиктер С.Қирабаев пен У.Қалижанов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары М.Мырзахметов пен Ш.Елеукенов, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі С.Күзембай, сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бір топ ғалымдары: «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаңыз ерекше әсер етті, ойға ой қосты. Ұлттық мүдде мен парасаттық сезім тұрғысынан құнды байламдар мен ұсыныстар жасағаныңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз», – деп атап өткен. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Мемлекеттік академиялық би театры, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, «Астана балет» театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Астана қаласының мемлекеттік архиві, «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі ұжымдары да өз қолдауларын хат арқылы жеткізген. Сонымен қатар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және мәдениет пен өнер саласының қайраткерлері мақалада көтерілген бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға дайын екенін жеткізеді. «Мақаланың түрлі үдерістерді жаңа қырынан саралауға бағытталғаны рухани саланың жаңа өрлеу сатысына жетелейтіні анық. Сан ғасырлық тарихы бар жерімізді зерделеу үшін көтеріп отырған бастамаларыңыздың бәрі маңызды. Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін белсенді атсалысуға дайын», – деп өз лебіздерін жеткізгендер қатарында КСРО­-ның және Қазақстанның халық әртісі Б.Төлегенова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері С.Оразбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры А.Маемиров, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Мұсақожаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры А.Жүдебаев, Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры Б.Нүсіпжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері П.Момынов және А.Бақтыгереева, Қазақстанның халық әртісі Л.Кесоглу, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры А.Қалиева, П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Б.Хасанғалиев, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры Д.Досбатыров, Қазақстан театрлары қауымдастығының вице-президенті Л.Ни және Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Н.Дәуешов бар. Бір топ қолдау жеделхаттарын Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері А.Башмаков, Р.Челидзе, С.Вишняк, Б.Алтынбеков және В.Молотов-Луганский, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері С.Негимов, Х.Маслов және Р.Әлқожа, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары мен профессор-оқытушылары, сондай-ақ, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Т.Қалиев жолдаған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алматы қаласының құрметті азаматы Н.Оразалин Елбасының мақаласына қатысты жазған хатында: «Мұнда ұлттың ұлы қазынасын сақтау мен саралаудың, сұрыптау мен жинақтаудың жаңа кезеңі басталғаны «тайға таңба басқандай» анық айтылып, оны жүзеге асыру жолдары да нық көрсетілген. Ұлтты тану мен таныту дейтін кеңістікке қанат бітірер, ұрпақ санасын оң жолға бастар жүректен шыққан осынау тарихи еңбегіңіздің жүректерге жетері анық», – деп атап өткен. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы, Маңғыстау облысының зиялы қауым өкілдері, ұстаздар қауымы мен жастары, Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазақстан журналистер одағының Ақтөбе облыстық филиалының өкілдері, Түркістан облысы жастар ұйымдарының жетекшілері, Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері өз хаттарында төл тарихымызды бүкіл әлемге танытудың жолдарын айқын көрсететін мақалаға қатысты алғыстарын айтқан. Сондай-ақ, өздерінің ыстық лебіздері мен қолдауларын хат арқылы білдіргендер қатарында Қазақстанның Еңбек Ері А.Миразова, ақын Н.Айтұлы, жазушы, Өскемен қаласының құрметті азаматы Б.Щербаков, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ә.Әмзеев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М.Байғұт, археолог, тарих ғылымдарының докторы М.Қожа, Ақмола облысы, Біржан сал ауданы, Үлгі ауылындағы орта мектеп директоры А.Бекенова, Шымкент қаласының тұрғыны В.Андрюков, Ақмола облысы, Аршалы ауданындағы №1 орта мектептің оқушысы Л.Степанова және басқа да азаматтар бар. Елбасы өзінің атына келіп түскен хаттармен танысып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қолдау көрсеткендері үшін хат иелеріне ризашылық білдірді.