Жаңалықтар

Алаш желаяқтары әлемдік жеңіл атлетикада неге сәтті өнер көрсетпейді?

ашық дереккөзі

Алаш желаяқтары әлемдік жеңіл атлетикада неге сәтті өнер көрсетпейді?

Спорттық бәсекелерде Қазақстанның байрағын биіктен желбіретіп жүрген спортшылардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Еліміздің абыройын асқақтатқан мұндай үздіктер үшін бәріміз мақтанамыз. Қазақстанның боксшылары мен зілтеміршілерінің деңгейі аса жоғары екенін қазір күллі әлем білді. Тіпті, халықаралық спорт әлемінде олардың есімдері жиі жазылып, айтылып жүр. Соңғы уақытта үнемі артта қалып жүрген қазақ футболшылары да өздерін мойындата бастағандай. Алайда спортта қазақтың атын шығарар желаяқтардың қатары көрінбейді.

Желмен жарысқандар тарихқа айналды

Қазақстанның әлемдік спорт додасында еңсесі тік, беделі биік. Тарихқа үңілсек, ақ патшаның кезінде халықаралық, елішілік жарыстарға қатысқан жалғыз қазақ – Қажымұқан Мұңайтпасов болған екен. Оның өзінде, күш атасы тек цирк ойындарын көрсету мақсатында ел аралапты. Егер орыстың білектісі Иван Поддубный жекпе-жекке шақырмаса, қазақтың Қажымұқанының аты шықпас па еді, кім білсін?! Қарап отырсақ, ертеден-ақ қазақ спортшылары жекпе-жек өнері арқылы танылған. Алайда қазақтың тарихында желаяқтар да болды емес пе? Ертегілерден оқыған «аяғына тас байлап, киікті қуып жеткен желаяқтар» қайда кетті деп ойланатынымыз да рас. Өйткені бүгінгі күні спорттың биік белестерінен қазақстандық желаяқтардың есімін жиі ести бермейміз. Әрине, қазақтың қайсар ұрпақтары арасынан жүгірген аң, ұшқан құсты артына қалдыратын желаяқтардың көзге көрінбейтіндігі өкінішті-ақ. Ауылда жалаң аяқ жүгіріп өскен қазақ баласынан кешегі Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Совет Исамбеков, Бекен Күреңкеев секілді желаяқтардың жеңісін қайталайтын жастардың шықпауына не себеп? Аты аталған ардагер спортшылар да аяғымен құм кешіп, ауылда өскен қазақтың қарадомалақтары еді ғой.

Қазақтың қайсар ұлы Ғұсман Қосановтың 1960 жылы Римде өткен ХVІІ олимпиадалық ойындарда айы оңынан туды. Дәл осы бәсекеде желаяғымыз қазақ халқына ең алғашқы Олимпиада медалін сыйлады. Алғашында Украина астанасы Киевте өткен Олимпиада алдындағы жарыста жеңімпаз атанып, 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасының қатарына енді. Сөйтіп, Олимпиадада аузымен құс тістеген АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франциядан келген аты әлемге мәшһүр спортшылардың сапында өнер көрсетті. Құйын болып ұшатын желаяқтардың додасында Ғұсман Қосанов Олимпиаданың күміс жүлдесіне қол жеткізді. Бұл – қазақ баласы үшін үлкен жеңіс еді. Одан кейінгі жылдары да қазақтың желаяқ азаматы жеңіс тұғырынан түскен жоқ. 1965 жылы Киевте өткен КСРО-АҚШ матчына қатысып, жеңімпаз атанды. 100 метрге жүгіруден Молдавия, Украина, Қазақстанның чемпионы болды. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітіріп, нақ сол жылы қазақ спортшыларының арасынан алғашқы болып жеңіл атлетикадан КСРО спорт шебері атағына қол жеткізді.

Замандасы Ғұсман Қосанов секілді Олимп шыңын бағындырмаса да, КСРО желаяқтарының қатарынан ойып тұрып орын алған екінші қазақтың желаяғы – Әмин Тұяқов. 1959 жылы Бүкілқазақстандық IX спартакиадада 100, 200, 400 метрге жүгіруден Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанған. 1960 жылы Одессада өткен Бү-кілодақтық «Буревестник» ерікті спорт қоғамының жеңімпазы болып танылды. Осы жетістігінің арқасында КСРО спорт шебері нормасын орындап қана қоймай, Кеңес Одағының құрама командасына мүше болып қабылданады. 1960-68 жылдар арасында КСРО құрама командасының қатарында болды. Осы уақыт ішінде 200 метрге жүгіруден Әмин Тұяқовқа тең келер желаяқ болған жоқ. Оның 1965 жылы Киев қаласында өткен Кеңес Одағының чемпионатында көрсеткен КСРО рекорды тек үш жылдан кейін 0,1 секундқа ғана жаңарған еді. Спорттық ғұмырында 100 метр, 200 метр қашықтыққа жүгіруден және эстафетаға жүгіруден 8 рет КСРО чемпионы атанып, 10 мәрте күміс және қола жүлдеге ие болған. КСРО халықтарының IV спартакиадасында 200 метрлік қашықтықта алтын, ал 100 метрге жүгіруден күміс медальге қол жеткізді. Еуропа кубогымен қатар, Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Киевте өткен АҚШ пен КСРО арасындағы эстафета жарысында Әмин Тұяқов Олимпиада чемпионы атанған америкалықтың алдына түсіп, өзінің шын жүйрік екендігін дәлелдеді. «Деген екен...» деген атаумен жарық көрген жинақта желаяқ Әмин Тұяқов жайлы мынадай қызықты жайт бар: «Көше бұзақылары Әмин Тұяқовқа жолығып қалып, ақша сұрап, қоқан-лоққы жасайды. Сонда ағамыз: «Қуып жетсеңдер, алыңдар!» деп жүгіре жөнеледі. Жол торыған қарақшылар тілдері салақтап, өкпесі өшкенше қуады. Әмин ағамыз оқ бойы озып, оларды шаң қаптырып кетеді». Бұзақылар өздері қуған адамның даңқты желаяқ Әмин Тұяқов екенінен бейхабар еді. Ал Ғұсман, Әмин секілді ағаларымыздың ізін жалғайтын қазақ желаяқтарының қазір жоқ екендігі жанды жабырқатады.

Жеңіл атлетиканың жеңісі аз ба, көп пе?

Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де Олимпиада ойындарында қазақстандық жеңіл атлетшілер өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріне бастады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері жеңіл атлетикадан қанжығамызға түскен медальдар да бар. Бүгінге дейін Қазақстан Олимпиада ойындарынан 2 алтын, 1 қолаға иелік етті. Ал әлем чемпионаттарынан екі күміс, үш қола жүлде бұйырып, әлемдік рейтингте 64-орында тұр. Азия ойындарынан да жеңіл атлетшілер құр алақан қалған жоқ. Ерлер сайысында 10 алтын, 11 күміс, 4 қола медаль болса, әйелдер арасында 10 алтын, 9 күміс, 13 қола жүлде Қазақстанның еншісінде.

Жеңіл атлетика – әлемде спорттың ең көп тараған түрі. Бірақ бүгінде Қазақстандағы спорт саласында жеңіл атлетикаға деген көзқарас дұрыс қалыптаспаған. Жалпы, жеңіл атлетикаға әр түрлі қашықтықта жүгіру мен жүру, ұзындық пен биіктікке секіру, спорттық снарядтарды лақтыру, жеңіл атлетикалық көпсайыстар енеді. Жеңіл атлетиканың алғашқы жүлдесі егеменді Қазақстанның еншісіне 1994 жылы Күншығыс елінде өткен додада тиді. Бұл сында Тәуелсіз елдің ұландары 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медальді олжалады. Үш рет қарғып секіруде Олег Сокиркин, 50 шаршы шақырымға спорттық жүрісте Сергей Корепанов, алтылыққа секіруде Игорь Потапович жеңіс туын желбіретті. Ал 100 метрге жүгіруде Виталий Савин, алтылыққа секіруде Григорий Егоров, ядро серпуде Сергей Рубцов екінші орынға тұрақтаса, үш рет қарғып секіруде Сергей Арзамасов пен спорттық жүрісте Валерий Борисов қола жүлдені қанағат тұтқан болатын.

Одан кейінгі жеңіл атлетшілер жеңісінің айқын көрінісі Сидней ойындарында орын алды. 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алдына жан салмаған Ольга Шишигина өзінің шеберлігін көрсетті. Сондай-ақ, Ольга Шишигина 1994 жылғы Жапонияның Хиросима қаласында өткен Азия ойындарында жеңімпаз атанып, 1995 жылы Швецияда өткен жазғы және Испанияда өткен қысқы әлем чемпионаттарының күміс медаліне қол жеткізді. Содан кейін 1999 жылы Жапонияда жабық жайда өткен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Ал 2007 жылы Канаданың Эдмонтон қаласында өткен әлем чемпионатында екінші орынға тұрақтады. Осы бәсекеден кейін спортшы жарақат алуына байланысты үлкен спортпен қош айтысты. Олимпиада және Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Ольга Шишигина спорттық мансабын аяқтағандықтан, Пусанда өткен әлем чемпионатында жеңіске деген сенім мен күмән арпалысқаны рас. Наталья Торшина Ольганың орнын жоқтатпайтынына қазақстандықтар іштей сенген еді, сенім ақталды.  Өзінің әбден төселген 400 метрлік бағдарламасында Торшина қарсылас шыдатпады, алтын алқаны өзі тақты.

Ольга Шишигина жалауымызды жеңіс тұғырынан желбіреткен  Сидней олимпиадасында биіктікке секіруде Светлана Залевская күміс медальге қол жеткізсе, 400 метрге кедергілер арқылы жүгіріп өтуде Наталья Торшина қола медальді еншілеген еді. Сиднейде Қазақстан командалық есепте Қытай мен Жапониядан кейінгі үздіктердің қатарынан табылды. Ал ерлер арасында үш рет қарғып секіруде Сергей Арзамасов, алтылыққа секіруде Игорь Потапович алтын медальге қол жеткізді. Одан бөлек 50 шақырымдық спорттық жүрісте Сергей Корепанов, 20 шақырымдық спорттық жүрісте Валерий Борисов алтын медальге бір қадам жетпей, күміс жүлдені қанағат тұтты. Андрей Скляренко кедергілер арқылы жүгіру бойынша күмістен алқа тақты. Ал қола жүлде ядро серпуден Сергей Рубцовқа бұйырды.

Пусан қаласында өткен додада да қазақстандық жеңіл атлетшілер өз үлестерінен қағылмады. Екі алтын, екі күміс жүлдемен Қазақстан құрамасы өз орнынан табылды. Қазақтың абыройын асырған 20 шақырымға спорттық жүрістен Валерий Борисов пен алтылыққа секіруде Григорий Егоров болды. Олардың алтын жүлдесінен кейін ұлттық құраманың қоржынына 200 метрге жүгіруден Геннадий Черновой, онсайыс бойынша Дмитрий Карпов күміс медаль салды. Аты аталған Дмитрий Карпов қазақ жеңіл атлетикасындағы спортшылардың бірегейі. Алғаш Корей түбегіндегі үлкен сыннан елімізге күміс жүлде әкелсе, бір жылдан кейін Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Доха төрінде өткен сайыста да қазақстандықтардың еңсесін көтерген осы – Карпов болатын. Өзінің шеберлігін дәлелдеген Дмитрий Карпов бұл жолы Пусандағы күміс жүлдесін алтынға айырбастады. Одан кейін жеңіс төрінен Ольга Рыпакова көрінді. Үш рет қарғып секіруде қарсыластарынан үздік нәтиже көрсеткен Рыпакова 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағып, қазақ халқының мәртебесін бір көтеріп тастады. Ольга Рыпакова 2014 жылы Қытайдың Гуанчжой қаласында өткен Азия ойындарында да білгенінен жаңылмады. Жеңіс тұғырынан көрініп, ел қоржынына тағы бір алтын салды. Ал онсайыс бойынша ел мақтанышы Дмитрий Карпов екінші рет Азия ойындарының жеңімпазы атағына ие болды. Сондай-ақ, бұл додада 400 метрге жүгіруде Ольга Терешкова мен 800 метрге жүгіруде Маргарита Мацко қарсыластарға есе жіберген жоқ. Соңғы Азия ойындарының нәтижесінде Қазақстанның жеңіл атлетика өкілдері 5-орынға жайғасты.

Қазақтан желаяқ шықпады

Жеңіл атлетиканың да жеткен жетістігі аз емес екен. Бір өкініштісі, еліміздің атағын әлемге танытқан жеңіл атлетшілердің арасында қазақтың қарадомалақтары мен қаракөздері мүлдем көрінбейді. Бұл – тарихта ізі қалған желаяқтардың өнерін қайталайтын қазақ ұрпағы табылмай тұр деген сөз. Жеңіл атлетикадан Қазақстанның ұлттық құрамасында қазақтардың жоқтығы кім-кімнің де жанына бататыны сөзсіз. Қазір қазақ балалары жеңіл атлетикадан гөрі ұлттық спорт түрлеріне айналып кеткен күрес, бокс, шығыс жекпе-жегін меңгергенді құп көреді. Бірақ олар спорттың тек жекпе-жектен тұрмайтынын түсінуі тиіс. Олимпиада ойындарында атой салатын қазақ баласының ауылдарда құм кешіп жүргеніне күмән жоқ. Сондықтан, жүгіруге қабілетті балаларды спорт интернаттарына орналастырып, бейімдеу керек.

Қазақ жастарының жеңіл атлетикаға, жүгіру спортына ден қоймауына қазақ бапкерлерінің аздығы ықпал етуі де мүмкін. Қарап отырсақ, еліміздегі қазағы аз спорт түрлерінің барлығында қазақ жаттықтырушылар жоқтың қасы. Ал өзге жаттықтырушылар қазақ жасының бетін қақпаса да, қолынан ұстап, алға жетелемейтіні айтпаса да түсінікті. Еліміздегі бапкерлерге көңілі толмайтындығын атақты қазақ желаяғы Әмин Тұяқов та өз сұхбаттарында жиі айтады. «Еліміздегі бапкерлердің біліктілігіне көңілім толмайды. Әрине, бірді-екілі бапкерлер спортшылардың әлемдік бәсекелерде ара-тұра жүлдеге қол созғанын мақтаныш етіп, соған мәз. Шыны керек, әлем біріншілігінде алтын медальді даусыз иеленіп, жүлдеге именбей қол созатын спортшыларымыз өте аз. Қазіргі таңда жеңіл атлеттерді дайындайтын мамандар жоқтың қасы. Бұрынғы бапкерлер қартайды, ал жаңа буыннан білікті бапкерлер табылмай тұр. Кәнігі бапкер даярлайтын Қазақ спорт және туризм академиясының түлектері де өз нәпақаларын басқа кәсіптен іздеп, күйкі тірліктің шекпенін киіп кетті», – дейді бір сұхбатында ардагер спортшы Әмин Тұяқов.

Даңқты желаяқ Әмин Елемесұлын бүгінгі жеңіл атлетиканың жайы қатты алаңдатады. Өзі спорттағы мансабын тоқтатқаннан кейін спортшы бапкерлікпен айналысуды бастаған. Сол кезде спортшы еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарды аралап, жүгіруге бейімі бар балаларды жинақтап, интернатқа орналастырды. Бірақ ардагер спортшының бұл әрекетін қайталайтын жаттықтырушыны табу бүгінгі таңда оңай шаруа емес. Ол өзінің кезекті бір сұхбатында: «Ең басты түйткілді мәселе, әрине, спорт нысандарының аздығы. Әсіресе, елімізде жеңіл атлеттердің қысы-жазы дайындық жүргізетін манеждерінің саны аз. Менің пікірімше, ел спортшыларының әлемдік сындарда өнер көрсетуін қаласақ, қазақ балаларының болашағын ойласақ, облыс орталықтарында мектеп-интернаттарды ашуды қолға алған жөн. Кезінде 1970 жылдары КСРО басшылығы жер-жерлерде спорт үйірмелері мен мектеп-интернаттарды ашуға бұйрық шығарды. Соның нәтижесінде Алматыдағы Қ. Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат дүниеге келді. Осы шаңырақтан талай бала тәлім алып, спорттық жетістіктеріне даңғыл жол салды. Өкінішке қарай, мұндай интернаттар 2-3 қалада ғана бой көтерді. Қазір әр облыстың орталығынан мектеп-интернаттардың салынатын мезгілі әлдеқайда жетті», – дейді.

Қазір қазақ жастары аз да болса жеңіл атлетикаға бет бұра бастады. Бірақ әзірге шашасына шаң жұқтырмай, топ жарып шығатын қазақтың желаяғы табылған жоқ. Әрине, еліміздің жеңіл атлеттері әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарында жерге қаратқан емес. Десек те, қазақ елінің абыройын асырған Ғұсманнан кейін бірде-бір қазақ баласы Олимпиада ойындарында жүлде алып, желаяқ атанған жоқ. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовтың ізін жалғайтын қазақ баласы топты жарып шыға алмай келе жатқаны қамықтырады.

Әсел ӘНУАРБЕК