11 ай: Экономикалық өсім бар
11 ай: Экономикалық өсім бар
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 11 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды.
Үкімет мүшелері алдында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің мәліметтеріне сай, елдегі ІЖӨ тұрақты өсімі 3 ай бойы 4,1 пайыз деңгейінде сақталған. Министрдің сөзінше, экономика өсіміндегі шешуші рөлді негізгі капиталға салынған инвестициялар алып отыр. Биылғы 11 айда оның көлемі 18,3 пайызға өскен. Сондай-ақ, қызмет көрсету саласы да ІЖӨ-ге айтарлықтай үлес қосты, бұл сала 4 пайыз өсімді қамтамасыз етті. Сыртқы сауда айналымында да тұрақты өсім сақталған. 9 айда өсім 21,6 пайызды құраса, экспорт 28,2 пайызға артты. «Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 468,6 мың адам жұмысқа орналасты (1 қарашадағы жағдай бойынша). Жалақы көлемі қарқынды түрде өсіп келеді. Биылғы қаңтар-қазан айларында орташа айлық жалақы 2,2 пайызға өсіп, 159,5 мың теңгені құрады», – деді Ұлттық экономика министрі.
Одан әрі сөз алған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев биылғы қарашада инфляция деңгейі 0,9 пайызды құрағанын атап өтсе, Қаржы министрі Әлихан Смайылов 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кіріс жоспары 102,6 пайызға орындалғанын айтты. Оның айтуынша, бюджетке 7,38 трлн теңге қаржы түскен. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 232 млрд теңгеге артық. Сонымен бірге, Әлихан Смайылов биыл бюджет қаражаттарын игеру қарқыны жақсарғанын тілге тиек етті. Мәселен, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98 пайызға, республикалық бюджет 98,6 пайыз, ал жергілікті бюджеттер 98,2 пайызға орындалыпты. Айта кетейік, 2018 жылдың 11 айында республикалық бюджетке 5,3 трлн теңге кіріс түскен. «Есепті кезеңде өңірлерге 698 млрд теңге мақсатты трансферттер бөлінді. 668 млрд теңге немесе 95,6 пайызы жергілікті деңгейде игерілді. 30 млрд теңге орындалмады. Оның 2 млрд теңгесі – үнемдеу сомасы. 28 млрд теңге игерілмеді. Бұл өткен жылдың 11 айындағы көрсеткіштен 34 млрд теңгеге төмен», – деді Қаржы министрі Əлихан Смайылов.
Ал Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өнеркəсіп, құрылыс, көлік кешені салаларының 2018 жылдың 11 айындағы əлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері жайында баяндады. Министрдің дерегінше, 11 айдағы қорытынды бойынша өнеркəсіп өндірісінің дамуы 104,5 пайызды құрады. Оның ішінде тау-кен өнеркəсібінде – 104,7 пайыз, ал өңдеу өнеркəсібінде – 104,9 пайыз. Еліміздің 14 өңірінде өнеркəсіп өндірісі дамуының оң қарқыны сақталып отыр. Тау-кен секторында ССТӨБ-те өндіріс көлемінің артуына байланысты темір кенін өндіру көлемі 7,3 пайызға артты. Түсті металл кенін өндіру көлемі 3,9 пайызға артқан. «Өңдеу өнеркəсібінде жылдық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, бірқатар салада өсім байқалып отыр. Атап айтқанда, машина жасау саласы 15,7 пайызға, былғары өндірісі 8,1 пайызға, химия өнер кəсібі 7,2 пайызға, қағаз өндірісі 5,1 пайызға, резеңке жəне пластмасса бұйымдар өндірісі 2,9 пайызға жəне жиһаз өндірісі 2,4 пайызға өскен», – деді Жеңіс Қасымбек.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2018 жылдың 11 айында отын-энергетика саласының негізгі көрсеткіштері оң өсім серпінін сақтап отырғандығын атап өтті. Министр келтірген деректерге сүйенсек, 82,4 млн тонна мұнай жəне конденсат өндірілген. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға жоғары. Оның ішінде, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 49 млн тоннаны құрады: Қашағанда – 12 млн, Теңізде – 25,9 млн, Қарашығанақта 11,1 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнай өңдеу көлемі шамамен 15 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6 пайызға жоғары.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев те баяндама жасап, осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 2,9 пайызға артқанын жеткізді. Өсім негізінен мал шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілген. Бұл саладағы өсім 3,9 пайызды құраса, өсімдік шаруашылығында ол 2,3 пайыз болған. Биыл гектарына 22,8 млн тонна астық бастырылды. Ал тірідей салмақтағы ет өндірісі 4,3 пайызға, сүт өндірісі 3,3 пайызға, жұмыртқа өндірісі 10,6 пайызға артты.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев баяндамаларды тыңдағаннан кейін жауапты ведомстволарға нақты тапсырмалар жүктеді. Бақытжан Әбдірұлы 11 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы оң даму қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. «Жыл қорытындысында ІЖӨ өсімін 4 пайыз көлемінде қамтамасыз ету бойынша Елбасы тапсырмасын іске асыру үшін барлық мүмкіндік бар», – деді Үкімет басшысы.
Мұнан кейін Үкімет мүшелері жекешелендіру жұмыстарының барысын талқылады. Аталған мәселе бойынша Қаржы министрі Əлихан Смайылов пен Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. «2018 жылы сатуға 243 нысан жоспарланды. Іс жүзінде 155 нысан сауда-саттыққа шығарылып, 88-і сатылды. 117 млрд теңге қаржы түсті. 67 нысан – сауда-саттықта. Тағы 8 нысан жылдың соңына дейін сауда-саттыққа шығарылады», – деді Қаржы министрі. Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі артық жəне қайталанатын функцияларды анықтау тұрғысынан мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынышты ұйымдарын функционалдық талдауды 2019 жылы аяқтайтынын жеткізді.
Мəселені қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жалпы нысандар сатылымы кестеге сəйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Үкімет басшысы 8 нысанның сауда-саттыққа шығарылмағанын жəне қазіргі кезде 67-сінің саудада тұрғанын ескере отырып, министрліктер, жергілікті атқарушы органдар мен холдингтерге жыл соңына дейін жекешелендіруге жататын нысандарды сауда-саттыққа шығару жұмысын аяқтауды, тізімдегі 48 нысанның сату алдындағы дайындық жұмыстарын жеделдету туралы тапсырма берді.