Нұрсұлтан Назарбаев:Негізгі мақсат – қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту

Нұрсұлтан Назарбаев:Негізгі мақсат – қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту

Нұрсұлтан Назарбаев:Негізгі мақсат – қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпіріне қатысты. Телекөпір аясында индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлы жобалар іске қосылды. Сонымен қатар, Елбасы «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттады. Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жобамен танысты. Елбасы әлемдегі қалыптасқан жағдайларға қарамастан, елімізде құрылымдық өзгерістер мен институционалдық реформалардың іске асырылып жатқанын атап өтті. «Біз ел экономикасын әртараптандыру жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру, инвестициялық ахуал мен сот жүйесін жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Былтыр еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Биыл Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөнінде жария еттім. Қазіргі Жолдаудың негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айта келе, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды. «Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақ­стан­да шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз», – деді Елбасы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық даму және көлік-логистика салаларында жүзеге асырылған жобаларды атап өтті. «Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолайлы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік – елімізде 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қамтитын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 милллион шаршы метр тұрғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Телекөпір барысында Елбасы экономиканың түрлі салаларын цифрландыру және бірқатар кәсіпорынның өндіріс үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізу барысына тоқталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қамти отырып, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру индустрияландыру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін дамудың түбегейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі экономикалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет», – деді. Мемлекет басшысы индустрияландырудың үшінші бағдарламасының стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау қажеттігін ескертуді де ұмытпады. «2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады», – деді Елбасы. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырудың және жеке секторды нығайтудың маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады. «Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызметтер нәтижесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев университетінде 120 ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндеттерді шешуді көздейтін нақты кәсіпорындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуға тиіс», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Телекөпірдің соңында Мемлекет бас­­­шысы Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттады, сондай-ақ, бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасағаны үшін өңір басшыларына арнайы награда тапсырды. Айта кетейік, биыл бизнестің əлеуметтік жауапкершілігіндегі республикалық «Парыз» сыйлығының бас жүлдесі, Президенттің гран-приі «Қазцинк» компаниясына табысталды. Бұдан бөлек, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында «AZALA Textile» ЖШС-і лайықты деп танылса, «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша «KazTechInnovations» ЖШС  топ жарып, Елбасының қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды.