Ұлттық банк номиналы 100 теңгелік "Зодиак белгілері" сериясын шығарады

Ұлттық банк номиналы 100 теңгелік "Зодиак белгілері" сериясын шығарады

Ұлттық банк номиналы 100 теңгелік "Зодиак белгілері" сериясын шығарады
ашық дереккөзі
Ұлттық банк 12 желтоқсаннан бастап номиналы 100 теңгелік, күмістен және танталдан «Зодиак белгілері» сериясынан биколорлы коллекциялық монеталарды айналысқа шығарады, деп хабарлайды «Хабар 24». Атап айтқанда, «Тоқты», «Арыстан», «Мерген», «Торпақ», «Бикеш», «Тауешкі», «Суқұйғыш», «Егіз», «Таразы», «Балықтар», «Шаян», «Сарышаян» монеталары айналысқа шығарылады. Монеталардың дизайны жартастағы сурет стилистикасында орындалған. Әрбір орнатылған танталдың түсі монета арналған стихияның түсіне сәйкес келеді. Олар әрбір зодиак белгісіне сәйкес келетін он екі түрде және түс өзгерту технологиясын қолдана отырып күмістен және танталдан дайындалған. Монеталардың бет жағында (аверсінде) «Қазақстан Ұлттық банкі» деген жазба, зодиак белгілері, түрлі түсті басу технологиясын қолдана отырып орындалған күннің стильдендірілген бейнесі орналасқан. Монетаның төменгі бөлігінде номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазба бар. Оң жағында монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 10g» және «Ta 15g» деген жазбалар, соғылған жылын білдіретін «2018» деген жазба орналасқан. Ал сырт жағында (реверсінде) зодиак шоқжұлдыздарының стильдендірілген бейнелері, олардың схемалық белгіленуі және тиісті атаулары орналасқан. Монеталар сегіз қырлы. Монеталар 925/1000 сынамды күмістен және танталдан дайындалған, жалпы массасы – 25 гр. (күміс сақина массасы 10 гр., танталдан ішкі диск массасы 15 гр.), диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – әрбір түрінен 1 000 дана. Номиналы 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Аталған монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Бұл коллекциялық монеталарды ҚР Ұлттық банкінің барлық аумақтық филиалдарында, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтындағы интернет-дүкен арқылы сатып алуға болады.