Жаңалықтар

Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ұлттық өнім – «Электронды қазақ үй»

ашық дереккөзі

Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ұлттық өнім – «Электронды қазақ үй»

Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ұлттық өнімдердің бірі «Электронды қазақ үй» – бүгінде еліміздегі жұрт іздеп жүретін бағалы тауарға айналған.

Бүлдіршіндерге қазақтың аңыз-ертегілерін, бесік жырын, Абайдың қара сөздерін, дәстүрлі әндері мен күйлерін тыңдатуға және үйретуге арналған «Электронды қазақ үй» өнімін «Ұлас-Электрон» ЖШС жасап шығарған. Ерекшелігі сол, аты айтып тұрғандай электронды құрылғының сыртқы пішінін қазақтың ақ боз үйіне келтіріп жасаған. Жобаның авторы Ғалымбек Қызырбекұлының айтуынша, бұл құрылғыда топтастырылған 1200 дана аудиоматериал бар.

«Қазақ үйді» қолданушылар үшін өте ыңғайлы етіп жасаған. Ол үшін тиісті түймешіктерін басу арқылы мазмұны мен жанры әртүрлі төрт бөлімге өтіп, қалаған ән-күйіңізді немесе ертегілерді, бесік жырларын, Абайдың қара сөздерін тыңдауға болады.

Бірінші бөлім – ертегілер. Ертегі-аңыздар танымал актер Айдос Бектемір мен радио жүргізуші  Сауық Жақанованың даусымен жазылған. Екінші бөлім – балалар әні. Балаларға арналған жүзден астам әндер топтамасын талантты жеткіншектер орындайды. Үшінші бөлім – күйлер. Бұл бөлімде Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей сынды дәулескер күйшілердің музыкалық мұралары және жиырмасыншы ғасырдағы қазақ композиторларының күйлері топтастырылған. Мұнда балдырғандар домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген сынды аспаптар арқылы орындалған күйлермен сусындайды. Төртінші бөлімде – дәстүрлі әндер, терме-толғаулар, бесік жырлары, батырлар жырлары және дастандар, Абайдың қара сөздері жазылған.

Ұлттық өнімге елімізге белгілі ғалымдар мен педагог мамандар жоғары баға беріп отыр. Мәселен,филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып:

– «Электронды қазақ үй жобасы» – ойластырылып жасалған дүние. Мазмұнындағы шығармаларды тыңдап көрдім. Балаларға арналған ертегі, бесік жыры, әртүрлі аспаппен орындалатын күйлердің жеке-жеке берілуі, халық әндері, Абайдың 45 қара сөзі, осыншама ұшан-теңіз байлық бір жерге топтастырылған. Ал киіз үй — қазақтың брендті. Қазақтың киіз үйінің ішіне асыл мұралардың жинақталғаны өте жақсы идеямен жүзеге асқан. Әр қазақтың төрінде тұратын дүние. Осы қазақ үй арқылы Шалқар, Қазақ радиосының бағдарламаларын да тыңдауға болады екен. Жалпы қазақ үйдің бірнеше функциялары бар. Осының бәрі маған ұнады. Болашақта осы күйінде қалып қалмай, көлемін өзгертіп, басқа да күйлер мен халық әндерімен мазмұнын байыта түсу керек,– дейді.

«Электронды қазақ үй» Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалғанын айта кету керек. Жоба авторы, «Ұлас-Электрон» ЖШС директоры Ғалымбек Қызырбекұлы:

– «Электронды қазақ үй» жобасы біздің 3 жыл бойы жасаған жұмысымыздың жемісі. Ондағы 1200 аудиоматериалдар «Қазақ үйден» ғана емес, оның флешкасын қосу арқылы өзіңіз қалаған басқа да құрылғыдан тыңдауыңызға болады. Сондай-ақ, антеннасын қосып, радио тыңдауға да болады. Сатып алам деушілер үшін, бағасы шамамен 10 мың теңге төңірегінде,– дейді.

Балалардың денсаулығы аса маңызды екенін ескере отырып, құрылғы ISO  әлемдік сапа өлшемдеріне сай материалдардан жасалғанын да айта кету керек.