Жаңалықтар

Тіркелмеген телефондар Жаңа жылда байланыссыз қала ма

ашық дереккөзі

Тіркелмеген телефондар Жаңа жылда байланыссыз қала ма

Қазіргі кезде ұялы телефондардың 70 пайызға жуығы IMEI-коды бойынша тіркеуден өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына арналған Үкімет сағатында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Әрине, адамдар бұл мәселені уайымдап жүр, алайда құрылығыларын тіркеуден өткізуге асықпайды. Бүгінде мобильді байланыс абоненттер деңгейі халық санынан асып түскен. Егер де бізде 26 млн пайдаланушы болса, халық саны - 18 млн-нан астам. Яғни кейбір адамдар бірнеше телефон ұстайды, 3-4 телефонды қатарынын пайдаланатындар бар. Қазіргі кезде 70 пайызға жуығы тіркеуден өтті», - деп тоқталды Д. Абаев. Сонымен қатар ол құрылғылардың 2-3 пайызы тіркеуге жатпайтынын атап өтті. Олар көліктерді ұрылардан қорғайтын автодабылдарға қатысты. «Тиісті түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Барлық ұялы байланыс операторлары бойынша мәліметтер бар. Менің ойымша, бұл бағытта проблема туындамайды, сәйкесінше, Жаңа жылды мерекелеу кезінде адамдар байланыссыз қалмайды», - деп түйді министр. Еске сала кетсек, 2019 жылдан бастап IMEI-кодын тіркемеген абоненттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейтінін хабарлаған болатынбыз. Яғни, жоғалған телефондарды іздеу жұмыстарын жеңілдету, сонымен қатар қылмыстарды тергеуге көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін Қазақстан тұрғындары өздерінің ұялы құрылғыларына ЖСН-іне тіркеуі қажет. 2019 жылдан бастап тіркелмеген гаджеттерге ұялы байланыс қызметін көрсету доғарылады.