Ақан Сатаев боксшы Серік Сәпиев туралы фильм түсіріп жатыр
Ақан Сатаев боксшы Серік Сәпиев туралы фильм түсіріп жатыр
Режиссер Ақан Сатаев олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірі туралы «Боксшы» атты фильмді түсіруді бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Достар, біз өте ауқымды, қызық жобаға кірісіп кеттік», - деп жазды режиссер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Ол сондай-ақ аталмыш жазбасында жаңа фильмнің ұранын келтіре кетті: «Соңына дейін күрес. Қиындықтар уақытша. Ал жеңіс - мәңгілік». Ақан Сатаев - заманымыздың ең табысты режиссерлерінің бірі. Ол сондай-ақ, актер, сценарист және продюсер ретінде де белгілі. Қарағанды қаласының тумасы. 1994 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетін бітірген. «Рэкетир», «Адасқандар», «Жаужүрек мың бала», «Хакер», «Ол» және «Томирис» секілді танымал фильмдерді түсірген. Ал жақында Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы» киноэпопеясының «Астана» атты бесінші бөлімін аяқтап, оны Мемлекет басшысы тамашалаған болатын.