Үлкен Алматы көлінде сырғанау қауіпті
Үлкен Алматы көлінде сырғанау қауіпті
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті Үлкен Алматы көлінде конькимен сырғанау қауіпті екенін ескертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қатып тұрған су қоймаларының үстімен жүру əрқашан қауіпті. Себебі, мұз қашан жарылып кететінін ешкім болжай алмайды. Қазір бұл көлде мұздың қалыңдығы - 10 см ғана, ал көлдің тереңдігі - 20 метр»,- деді департаменттен.
Қауіпсіздік нормаларына сəйкес, адамдар конькимен сырғанау үшін мұз қалыңдығы кем дегенде 12-25 см болуы шарт.
Сонымен қатар, құтқарушылардың айтуынша, ҮАК су айдынында су ағатын шлюздер болғандықтан, ағынды тұстарында мұз өте əлсіз болуы мүмкін.
«Қазгидромет» РМК жақын арада ауа температурасы жоғарылайтынын болжап отыр. Осыған байланысты көл бетіне шығу үлкен қауіп туғызып отыр. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарына демалыс күндері Үлкен Алматы көліне серуенге шықпауға кеңес береміз»,- деді ТЖД.
Айта кету керек, Қазақстанда жыл басынан бері су қоймаларында 186 адам суға кетсе, 367 адам мұз астына түсіп кеткен.