Шымкентте «Қазына» этно-тарихи кешені ашылды

Шымкентте «Қазына» этно-тарихи кешені ашылды

Шымкентте «Қазына» этно-тарихи кешені ашылды
ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұңғыш замануи урбанистік орталықтары ретінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларын атап көрсеткені белгілі. Аталмыш шаһарлар халықтың және инвестициялардың шоғырланған орталығына айнала отырып, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтерді жүзеге асыруы қажет.

Осы орайда, кеше Шымкент қаласында «Қазына» этно-тарихи кешенінің ашылу салтанаты өтті. Этно-тарихи кешеннің ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов қатысып, Шымкент қаласының тұрғындарын арнайы құттықтады.

Осы айтулы шараға орай, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың құттықтауын ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы оқып берді.

«Оңтүстік Қазақстан облысының мерейтойға арнаған бүгінгі тартуы халықтың мерейін өсіріп, мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттайтын және оның дамуына үлес қосатын рухани орталыққа айналады деп сенемін.

Ұлтымыздың салт-дәстүрі мен тарихи-мәдени құндылықтарын көпшілікке кеңінен паш ететін «Қазына» этно-тарихи кешенінде орналасқан өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Қазақ хандығына арналған монументі және тағы басқа нысандар қаланың ең көрікті жерлерінің бірі болуға әбден лайықты» – делінген құттықтау хатта.

Оңтүстікқазақстандықтарды сәулетті жобаның ашылуымен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметов тарихи кешеннің халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеудегі маңызы ерек екенін атап өтті. Сондай-ақ, осы келбетті кешен Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» идеяларымен үндесіп жатқандығын тілге тиек етті.

Күнгейлік тұрғындарға жолдаған тағы бір құттықтау хат Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтан келіп түсті. Оны ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов оқып берді.

Облыс әкімі Б.Атамқұлов қала келбетін айшықтай түскен бұл нысан Асқар Мырзахметовтың бастамасымен іске асқандығын тілге тиек етіп, оңтүстікқазақстандық жұртшылық атынан оған алғыс білдірді.

Шымқаланың шырайын ашатын сәулеттік жоба – «Қазына» этно-тарихи кешені 76,4 гектар аумақты алып жатыр. Этно-тарихи кешеннің құрамында «Бәйдібек» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны бар. Сонымен бірге, этносаябақтағы жаяу жүргіншілер аллеясының бойына аймақтағы 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылса, саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ орын тепкен. Кешендегі көлдің жағасында 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынған. Ұлттық болмысымыздан хабар беретін қазақы ауылды да осы кешеннен табуға болады. Қазақы ауыл киіз үйлерден тұрады. Қазақы ауылдан бөлек мұнда «Наурыз» алаңы да бар. Бұл алаң қазақша өрнекпен әрленген кілем тәрізді. Мұнда «Ауылым – алтын бесігім», «Туған жерім – тұғырым» атты барельефті сахна мен «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Бүркітші» сынды сәулеттік-декоративтік композициялар орнатылған. Тіпті, «Қазына» этно-тарихи кешенінен ұлттық спорт ойындарынан сайыстар өткізуге арналған Ипподром аумағы да орын алыпты.

«Қазына» этно-тарихи кешенінің аумағында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткіш те орнатылды. Қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген монументтің биіктігі 15 метр. Ал монументтің ортасының биіктігі 10 метр, ені 8 метр болатын пирамида тектес композиция орналастырылған. Пирамиданың қырларына Қазақ хандығының барелъефті композициясы мен Елбасының сөздері бедерленген.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент кешендегі жалғыз ескерткіш емес. Қала тұрғындары кешен аумағынан ұзындығы 50 метр, биіктігі 8 метрлік тарихи ескерткішті тамашалауға да мүмкіндік алды. Бұл – «Ұлы Жібек жол» сәулеттік композициясы. Аталмыш сәулеттік композиция оңтүстіктегі Сауран, Яссы, Отырар, Исфиджаб секілді көне қалалар арқылы өткен сауда-керуендік жол бағытын суреттейді.

Қазақтың ғұламаларының, шешендері мен ақындарының, сал-серілері мен жырауларының ғибраттары ойлары, саналы сөздері, өнегелі өсиеттері бүгінгі ұрпақ үшін құнды мұра екені даусыз. Сол даналардың тасқа қашалып жазылған аталы сөздерін Шымқаланың тұрғындары мен қонақтары «Қазына» кешеніндегі «Даналар өсиеті» тақтасынан таба алады.

«Қазына» этно-тарихи кешені енді қала тұрғындары мен қонақтары үшін замануи демалыс орнының біріне айналады. Ал мұндай қалаға көрік беретін мәдени кешендердің аймақтарда бой көтеруі еліміздің дамуының бір көрсеткіші десек қателеспейміз.

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ

9 8

5