Инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда

Инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда

Инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында құны 1 миллиард доллар болатын 13 инвестициялық жоба іске асуда. Іске асырылатын жобалардың ішінде экспортқа бағытталған Казфосфаттың аммофос өндірісінің көлемін көбейту жобасын атап өтуге болады. Шикізаттық емес секторда жобаларды іске асыру үшін «Инвесторларға қызмет көрсету орталығының» жұмысы қайта қаралып, күшейтілді. Ағылшын, қытай, түрік, корей тілдерін білетін жастар жұмысқа алынды. «Бүгінде бұл салаға салынған инвестициялар 100 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға артқан. Ал, инвестициялардың ай сайын өсуінің оң үрдісі жеке меншік капиталының 30 пайызға өсуімен байланысты. Қазіргі таңда облыста шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 13 жоба іске асырылуда», – дейді Асқар Мырзахметов. Жуалы ауданында «Бурное Солар» күн электр станциясы құрылысының 2-кезеңі аяқталды. Қуаты 50 МВт болатын «Бурное Солар-2» жобасы іске қосылды. Жуалы ауданындағы “Бурное Солар” күн электр станциясы бүкіл Орталық Азиядағы ең үлкен нысан болып саналады. Алпауыт станция 224 гектар алқапты алып жатыр. Мұнда сағатына 100 мегаватт энергия өндіріледі. Бұл 70 000 үйге қажетті қуат көзі. Биыл нысанының 2-кезеңінің құрылысы аяқталып, қуаты 50 МВт болатын «Бурное Солар-2» жобасы іске қосылды. Жоба құны 26 миллиард теңге. Бұл компаниялардың барлығы да, өндірген энергиясын оны таратумен айналысатын арнайы мекемелерге тасымалдайды. 2020 жылға қарай бұл тізім тағы толығып, Жамбыл облысы өз қажеттілігінің 60%-ын баламалы қуат көздерінен алады деп жоспарланып отыр. Ал, жұмысқа 90 пайыз жергілікті тұрғындар тартылады. Күннен қуат өндіретін жобаның екінші кезеңі EXPO-2017 көрмесі аясында қолға алынған болатын. Жалпы жоба 15 жылда өз құнын ақтайды. Мәселен, бірінші кезеңі іске қосылғалы мұнда құны 6 миллиард теңге көлемінде ток өндірілген. Толық қуатқа шықса, өнім екі еселенбек. Сондай-ақ, Шу өңірінде де шағын макарон цехы ашылды. Тұтынушыларға дайын өнімді ұсынатын аталмыш цехтың қосымша құрылымы ретінде мұнда кондитерлік өнімдер де шығарылады. Бұл кәсіпорынның ашылғаны ең әуелі шулықтарға тиімді болды. Өйткені, жергілікті тұрғындарға тұрақты жұмыс орны ашылса, онымен қоса, өндірілген өнімдер де ауданның орталық базарына тасымалданады. Мұнда кондитерлік өнімдерді және макарон мен кеспе өнімдерін шығаруға арналған бірнеше құрылғы бар. Оның барлығын Астана қаласынан сатып алдық. Ендігі мәселе, өзіміздің жеке ғимаратымыз болса деймін. Осыған байланысты, жергілікті әкімдіктен қолдау болса кәсібіміздің көкжиегін кеңейтуге көп септігін тигізген болар еді, – дейді жеке кәсіпкер. Кәсіпорын басшылары цехтың өнімдерін нарықтағы бағадан төмен бағада сатуда. Мәселен, макаронның бір келісі базарда 120-130 теңге болса, мұндағы баға 110 теңгенің көлемінде. Сонымен қатар, цехтағы бірқатар кондитерлік өнімдер «Жасмин» және «Сәуле» атауымен базар мен дүкен сөрелеріне жол тартуда. Оған қоса, макарон мен «Айгерім» атты кеспе де арнайы қораптармен тұтынушыларына тұрақты жеткізіліп жүр. Егер   тұтынушылар макаронның әртүрлі келідегі түрлерін сатып алуды қолайлы көрсе, мұндай сұраныстар да толығымен өтеледі. Сонымен бірге, мұндағы кондитерлік өнімдер бірінші сортты ұннан дайындалса, макарон екінші сұрыптан әзірленеді. Мұндағы мамандардың айтуынша, олар тәулігіне 100-150 келі макарон өнімін, 50 келіге дейін кондитерлік өнім түрлерін шығарады екен. Әрине, цехтың қуаттылығы бұдан да мол өнім өндіруге қауқарлы. Тек, әлі де болса тапсырыс мөлшерінің төмен болуы кәсіпорынның толық қуатта жұмыс істеуіне қолбайлау болып отырған көрінеді. Макарон цехының бастапқы аяқ алысы жаман еместігі болса да, аудан нарығын игеруге әлі де біраз ізденістерді қажет етеді.