Жамбылда 134 ауыл ауыз сумен қамтылмақ
Жамбылда 134 ауыл ауыз сумен қамтылмақ
Жамбыл облысында 2019-2022 жылдар аралығында 134 ауылды ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Ал, жыл соңына дейін 19 елді мекен ауыз суға қол жеткізеді. Бұл туралы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен баспасөз конференциясында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді.
«Ауыз суға келсек, қала тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамту көрсеткішін жылдың қорытындысымен 88%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін Тараз қаласында бірқатар жобалар іске асырылуда. Қаратау қаласында 138 көпқабатты тұрғын үйлер және 56 әлеуметтік нысандарға су кестемен берілуде. Жыл аяғына дейін суды тәулігімен беруді жоспарлап отырмыз. Тараз қаласында «Тараз су» мемлекеттік кәсіпорнында автоматтандырылған жүйе іске қосылды», – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.
Бүгінде облыста 373 ауылдық елді мекеннің 189-ы орталықтандырылған, 184-і орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған. 3 ауылға ауыз су тасымалданып жеткізіледі. «Орталықтандырылған су құбыры жоқ 184 ауылдың 50-нде барлығы 7 мың адам тұрады. Тұрғындар аз болғандықтан жаңа су құбырын салу экономиқалық жағынан тиімсіз. Бұл мәселені су тарату пункттері арқылы шешуді көздеп отырмыз. Бұл жерде де, газ сияқты, ауыз су құбыры бола тұра, 50 мың халық сол құбырға қосылмай отыр. Себебі – тарифтің қымбат болуында. Ендігі жерде, бұл мәселені республикалық бюджет есебінен субсидиялау мүмкіншілігін ескеріп, құжаттар әзірленуде. Бұдан бөлек, тарифті көтермеу мақсатында, жалпы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін облыста «бірыңғай оператор» құрғалы отырмыз», – деп атап өтті өз баяндамасында облыс басшысы Асқар Мырзахметов.
Облыстағы қалалар бойынша көрсеткішті ағымдағы жылдың соңына дейін 86,0 пайызға жеткізу көзделген. Көрсеткішке қол жеткізу үшін Тараз қаласында «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабында сервистік желілердің құрылысына биыл республикалық және облыстық бюджеттен 334,6 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 46,2 шақырым болатын құбыр жүйелері жүргізілуде екен.
Сонымен қатар, осы алқаптың 12,3 шақырым су құбыры желілерін кеңейтуге арналған құны 183,5 миллион теңге болатын жобаға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда осы екі жобаның мердігер компаниялары жобадағы жұмыстарды жүргізуде.
Бұдан басқа, «Тараз су» МКК Қант зауыты аумағында құны 205,6 миллион теңге тұратын жоба бойынша 8 көшеге 7,2 шақырым су құбырларын тарту жұмыстарымен айналысуда, қала бюджетінен бөлінген қаржыға 2017 жылы жұмыстар басталған, осы жылы аяқталады.
Мәселен, бүгінге дейін Жуалы ауданында 49 елді мекеннің 15-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
Бүгінде ауданда су жүйелеріне ЖСҚ әзірленген Шақпақата, Көлтоған, Қошқарата ауылдарының жобаларының сараптама қорытындылары алынып, республикалық бюджеттен 2019 жылға қаржы сұрату жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар 12,3 шақырым және ауылішілік 13,1 шақырым автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді.
Сонымен бірге, аудандық жергілікті салықтарының жоспары 939 190,0 мың теңге болса, нақты түсіп отырғаны 1 055 256,0 мың теңге, орындалуы 112,4 пайызды көрсетіп отыр. Аудан бюджетінің орындалуы кіріс бөлігі бойынша жоспарланған 7 239 674,0 мың теңге болса, нақты түсіп отырған соммасы 7 334 3744,3 мың теңгені құрап, 101,3 пайызға орындалды. Ал аудан бюджетінің шығыс бөлігі бойынша жоспардағы 7 400 046,0 мың теңге болса, нақты орындалғаны 7 374 750,4 мың теңгені құрап, нәтижесінде, 99,7 пайызға жетті.
Жолдауда көтерілген экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты мәселеге назар аударған ол облыс үшін бірден-бір күрделі мәселе болып отырған Тараз қаласының сарқын суларынан құтылатын кез алыс емес екенін меңзеді. Оның айтуынша, сарқын судан тазартатын кешеннің техникалық-экономикалық негіздемесіне биыл 35 млн теңге бөлініпті.