6 Желтоқсан, 15:03 163 0 Экология Арман Құдайберген

«АҚБАУЫР»: ЖАТБАУЫРЛЫҚ ТАНЫТҚАНЫМЫЗ ҚАЛАЙ?

Қазақ даласын мекендеген ежелгі тайпалар оның тұмса табиғатына ғана емес, жерінің шұрайлылығына да баса ден қойса керек. Құнарлы топырағы, қазба байлықтарымен қатар, сол заманның мәдени мұраларын, тарихи жәдігерлерін бізге аманаттады. Сол арқылы өткенін еске алып, болашақты жарқын етсе деген болар. Әйтеуір, еліміздің қай өңірі де «тасын түртсең тарихы сөйлеп» кетердей ерекше мән-маңызға ие. Солардың ішінде, Шығыс Қазақстан облысындағы археологиялық ескерткіштер ерте дәуірлерден сыр шертетіндігімен құнды. Сондай жәдігерлердің бірі һәм бірегейі «Ақбауыр» астрономиялық, археологиялық кешені. Бір өкініштісі, ол «жойылудың аз-ақ алдында тұр», – дейді мамандар. Неге?

Өскемен қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы Құржымбай тауының етегінде, ашық аспан астындағы Ақбауыр тарихи кешені қола дәуірінен сыр шертеді. Ел аумағында ғана емес, ғаламшарымыздағы ең көне жәдігерлердің бірі. Өңірдегі өлкетанушылар «соңғы жылдары туристердің көптеп келуіне байланысты тастың бетіндегі ежелгі таңбалар мен суреттер өшіп барады», ‒ деп дабыл қағуда. Ескерткіш тастарға қашалған петроглифтерді бұған дейін вандалдар бүлдіріп үлгерген. Онымен қоймай жәдігердің маңын туристер қазір кәуәп пісіріп, көңіл көтеретін орынға айналдырыпты. Ел тұрғындары мен өлкетанушы ғалымдар бас көтеріп, тарихи кешенді мемлекет қорғауына алу керектігін айтып жүргелі талай уақыт болды. Бірақ нәтижесіз. Бұлай жалғаса берсе, сан ғасырдан бері өңін бермеген маңызды таңбалар өшіп тынуы мүмкін. Өлкетанушылар бұл аумаққа кім көрінгеннің кіруіне шектеу қойып, шұғыл ғылыми зерттеу жүргізуді ұсынып отыр. Жергілікті тұрғындар болса, Дағыстанның халық ақыны Расул Гамзатовтың «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» ‒ деген сөзін қаперге ілмейтіндерді жазалау керек дейді.

«Ақбауыр» археологиялық кешенінің төңірегінде түйткіл көп. Соның бірі, күні бүгінге дейін ашылмаған құпиясы. Ол жайында «төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір ‒ адам табынатын киелі орын болған», «жұлдызды аспанның картасы болуы мүмкін» деген ғылыми дәлелденбеген түрлі пікірлер көп. Тіпті, бұл ежелгі кеншілердің балқытылған кендері үшін жасалған болуы мүмкін деген болжамдар да айтылады. Ал жергілікті Бестерек ауылының ақсақалдары: «Үңгірдің дәл ортасына түскен Күн сәулесі арқылы Наурыздың келгенін анықтап, жаңа жылды тойлау жоралғысы осы арада өткен» деген аңызды алға тартып жүр. Өйткені жартастардың біреуінде жасанды шұңқырлар бар. Солардың біреуіне су құйса күн мен түн теңескен кезде күннің сәулесі шағылысып, ең жоғарғы шұңқырға түседі екен. Қазба жұмыстарын жүргізіп, оны күтіп, баптап, негізгі мәнін анықтау келер жылғы жоспарда бар көрінеді. Бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе жоспардан мақсатқа, онан нәтижеге ауысса екен дейміз.

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ӨРКЕНИЕТТЕРІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында төл тарихымызға баса ден қойды. «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту ‒ еліміздің табысты болуының кепілі», ‒ деген еді. Біз жоғарыда бір ғана Ақбауырдың ахуалын сөз еттік. Онан өзге Сайрам, Сауран, Сығанақ, Отырар сынды көптеген ежелгі қалалар мен тарихи мекендердің жағдайы «көңіл көншітерлік» деп айта алмаймыз. 2014 жылдың сәуір айында БАҚ өкілдері Сайрам қаласындағы «сұмдық» жайында жазып, өлкетанушылар шыр-пыр болып, дабыл қаққан-ды. Ең өкініштісі, тарихи мұралар табылған жерге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, құнды жәдігерлер қиратылып, қоқыстан бір-ақ шыққан. Ежелгі қалашықтың орнына салынғалы жатқан коммерциялық нысанды ғалымдар кездейсоқ байқап қалған. Арнайы рұқсатсыз қазба жұмыстарын жүргізуге болмайтынын білсе де, нысанның құрылысын бастап жіберген кәсіпкер бірде-бір тиісті құжат көрсете алмай құрақ ұшты. Қиратылып жатқан тарихи нысан жергілікті әкімдіктің маңында болса да, тиісті орган өкілдері мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп, оны тоқтатуға құлық білдірмеді. Тіпті, құрылыстан тура бір жыл бұрын бұл маңнан Ақсақ Темір заманындағы тиындар да табылған. Кейін ондағы жұмыстар түбегейлі тоқтатылу керек еді. Сол кезде Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев: «Құрылыс салдарынан IX ғасырдың және XVI ғасырдағы жәдігерлер жойылып кетті. Жергілікті билік бәрін біледі. Бірақ немқұрайлы қарап отыр. Бұл бірінші оқиға емес. Жылда болатын жағдай», ‒ деп күйініп тұрып айтқан-ды. Құмның үстінде, тақыр бетінде күн кешіп жатқан талай мемлекеттер мұндай жәдігерлерді арман ететіні ақиқат. Тиын тұрмақ түйме табылса, жаһанға жар салып, кезбе туристерді үйір етіп аламыз деп жүргені айқайлап айтпаса да сезіледі. Ал біз ше? Барды бағалап, тарихымызды тағалап, сананы қашан жаңалап боламыз?
Тарихи ескерткіштер жайында сөз бола қалса, үшінші тарап «ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұра» тізіміне алу керек» деген пікірді алға тартады. Өзіңді өзің бағаламай жатқанда, жаттан не қайыр күте аламыз. Оның үстіне «Әлемдік мұра» тізіміне ену үшін қойылатын талаптар тым қатаң. Қазақстанда әзірге бес мәдени-табиғи нысан ЮНЕСКО қарауында. Олар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглиф тас кешені және Сарыарқа ‒ Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері. Бұлардың қатарына «Халықаралық Ұлы Жібек жолы» мен «Батыс Тянь-Шань таулары» кіреді. Үміткерлер тізіміне «Беғазы-Дәндібай ескерткіштері», «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркі», «Ақсу Жабағалы» қорығы сынды 11 нысан тіркелген. Өкініштісі, біз жоғарыда айтып өткен «Ақбауыр» аталған тізімде жоқ. Жалпы, ЮНЕСКО әлемнің 140-тан астам елінің 962 нысанын қорғауға алыпты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Италияда 47 нысан ЮНЕСКО қорғауында. Онан кейін Испания (44), Қытай (43), Франция (38), Германия (37), Мексика (31), Үндістан (29), Ұлыбритания (28), Ресей (25), АҚШ (21) сынды мемлекеттер бар. Кім келіп көсегемізді көгертеді демей, болашақтың теңдесcіз құндылықтарын уақытында бағалап, оны қорғауды қолға алатын кез келді.

ҚОЛДА БАРДЫ ҚАДІРЛЕГЕН ЖӨН

Тарихи жәдігерлер турасында іздене бастағанда талай қордаланып қалған түйткілдерге тап болдық. Елбасының «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру туралы айтқан идеясы нақ уақытында, зәру шақта жүзеге асқалы тұр. Дегенмен, жобаны жүзеге асыру барысында түрлі түйткілдер қамтылса. Мәселен, тарихи ескерткіштерден табылған жәдігерлерді қаз-қалпында сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу де оңайға соқпай тұр дейді мамандар. Осыдан бірнеше жыл бұрын, қазіргі Түркістан облысы тарихи өлкетану музейіндегі 15 мың жәдігер тұрғын үй жертөлесіндегі бір ғана бөлмеде сақталып келгені айтылғанда талай жұрт жаға ұстаған-ды. Дәл осы секілді тарихи жәдігерлердің көбі ғылыми, заманауи тәсілдерді пайдалана отырып сақтауды талап етеді. Бұл өз кезегінде аманатқа қиянат етпей, болашаққа сый ретінде ұсынар ұлттық құндылықтарымыздың қадірін арттыра түспек. Елімізде 238 музей болса, оның ішінде ҚР Ұлттық музейі мен Мемлекеттік орталық музейден бөлек облыс, аудан орталықтарында 140 тарихи-өлкетану музейі, ондаған салалық музейлер рухани-мәдени қызмет көрсетіп келеді. Бұл мекемелердің негізгі қорындағы жәдігер саны 2,5 миллионға жететінін ескерсек, қазақ ұлттық құндылықтарының бұл көші кім-кімді де қызықтырмай қоймасы сөзсіз. Біз Батысқа қарап, Шығысты саралап өздігімізді танытқымыз-ақ келеді. Өзекті өртейтіні Еуропа елдері болсын, ағылшындар болсын, тіпті, өзімізбен іргелес Азиядағы алыптардың барлығы мұндай түйткілдің түйінін әлдеқашан тарқатып алған.

Елдегі туризм саласын дамыту да қолға алынбақ. 2017 жылы Қазақстан шекарасынан 7 миллион 701 мың 201 шетел азаматы өткен. Туристерді тартудың тың тетігі дәл осы тарихи жәдігерлерді жандандыру екендігі жасырын емес. Біз жоғарыда тарихи жәдігерлерді қорғау-қолдау жөніндегі ЮНЕСКО тізіміндегі үздік 10 елді атадық. Туристерді көп қабылдайтын мемлекеттер көшін де сол елдер бастап тұр. Атап айтсақ, Франция 2017 жылы 88,9 миллионға жуық турист қабылдаса, онан кейінгі орындарға Испания (82,2 млн), АҚШ (72,9 млн), Қытай (59,3 млн), Италия (57,8 млн), Түркия (39,9 млн), Мексика (39,3 млн), Ұлыбритания (38,7 млн), Германия (37,6 млн), Таиланд (34,7 млн) жайғасқан. Қазақстан туризмін дамыту үшін қызмет құнын арзандату жайы жиі сөз болады. Бірақ Франция әлемдегі қымбат мемлекеттер қатарында екендігі тағы бар.

P.S: Қазақ философиясында: «Толған ел ‒ тарихын таспен жазады,
Тозған ел – тарихын жаспен жазады» деген тәмсіл бар. Айтпақ ойымыз тасқа жазылған тарихымызды жаспен шайып жібермесек екен. Бір ғана Ақбауырдың жойылуы, қазақ өркениетіне орны толмас нұқсан әкелетінін айтқымыз келеді.

Соңғы жаңалықтар