АТЫРАУДЫҢ  АҚЖОЛТАЙЫ

АТЫРАУДЫҢ  АҚЖОЛТАЙЫ

АТЫРАУДЫҢ  АҚЖОЛТАЙЫ
ашық дереккөзі

Аппақ-қара

Туа біткен түр-тұрпатына қарап, оны кино әлемінің жарық жұлдыздары Морган Фриманның баласы, Дон Чидлдың бауыры немесе Уилл Смиттің сыңары екен деп, шатастыра көрмеңіз. Бірден айтайын, бұл - Атырау өңірінің Қызылқоға ауданында туып-өскен қазақтың кәдімгі қара баласы, бүгінде аты елге мәшһүр журналист Жолдасбек Шөпеғұл. Екі жылдық әскерге дейін ол КазГУ-дің қабырғасында бірді бітіріп кетіп, қатарымызға 1989 жылы екінші курстан қосылған қырандардың бірі. Десек де, дәл осы жылдың жазында студент солдаттарды елге жедел қайтаратын жарлықпен жарылқай қойған Горбачевтан жақсы хабар жеткенше бұл бала екі жылды да жәукемдеп тастаған болатын. Танкист. Азаматтық борышын курстасымыз Жәнібек Әбілпейісов екеуі Оренбург өлкесінде танк полкінің көршілес әскери бөлімдерінде қатар атқарған. Байқасаңыз, Орынборда Жолдасбек пен Жәнібек, Мәскеудің түбіндегі дивизияда тап сондай құрыш қаруды тізгіндеп қайтқан Бекжан Сүлейменов, Ормаш Мырзағалиев, Мұрат Қожамқұлов сияқты бақандай бес танкисі бола тұра, «какой ты нафиг танкист» деп әнге басатын біздің курстың қамалын жау алмастай болғаны анық. Тағы бір қызығы – Жолдасбектің алғашқы алты айлық «учёбкасы» сонау 1942 жылы он сегіз жасында әскерге алынған әкесі Көшербай ақсақал майданға аттанар алдында дайындықтан өткен Тоцк полигонында өтіпті. Сыралғы бола келе жасалған жалпы ұйғарым бойынша - сырты қара болса да, жүрегі аппақтың нағыз өзі. Қызуы құрғыр «қырықтан» күрт көтеріліп кеткенде ғана кездейсоқ қырсығы ұстап қалып, сәл «мінез» көрсететіні болмаса, шатақ-шәлкес, асау-астам қылық атаулыдан ада. Осылайша, әу бастан-ақ курсымыздың қара баласы атанған ол өзінің байсалды да бауырмал болмысымен, жайдары да жарқын мінезімен ортамыздағы өзінің ауыстырғысыз орнын ойып тұрып меншіктеген болатын.

 Әкенің «әңгіртаяғы»

Жолдасбектің сонау ашаршылық жылдардың азабын тартқан, атасы Шөпеғұлмен бірге қан майданға аттанып, ғазауат қырғыннан жиырма жасында ауыр жарақатпен елге оралып, еңбекке ерте араласқан әкесі Көшербай мен ғазиз анасы Ұлмекен - бес баласын үлкен өмірге ауыр да болса берекелі еңбекпен шыңдап, әбден ысылтып қанат қақтырған жандар. Кеңшарда шопан болған Көшекең жаз - жайлауға, қыс - қыстауға көшіп-қонып жүрсе де, өзімен бірге үнемі ала жүретін жәшік-жәшік әдеби кітаптары мен үнемі жаздырып алатын барлық қазақша, орысша газет-журналын үздіге оқиды екен. Оны балаларының да оқуын, түсінгендерін дәптерге жазып беруін қатаң талап ететін. Тағдырдың тауқыметімен өзі оқи алмай қалса да, көкірегі ояу, қамбасы шежіре қария ұрпағының терең біліммен сусындап, еңбекпен өркендеп, өзі жете алмаған биіктерге шыққанын қалады. Тіпті, олардың күнделікті оқудан қол үзіп қалмауы үшін тәуір мектебі бар Мұқыр ауылынан әжелері Жантөреге үй де сатып алып берген болатын. Әкенің осындай қатал сынағынан сүрінбестен өте жүріп, бастауышты әжесінің қолында бастаған сүт кенжебай Жолдасбек төртінші класқа көшкенде кейуана әжесі өмірден озған соң, онжылдықты тәмамдағанша осы ауылдағы интернатты мекен етті. Бертіннен соғыс мүгедегі ретінде зейнетке шыққан әкесі отбасын ферма орталығы - Қоңыраулыға қондырған. Бұрындары жаз болса-ақ жайлаудағы малды жайлап кететін Жөкең де бұл кезде Бердібек Соқпақбаев ағамыздың белгілі қара Қожасы сияқты жазғы каникулда осы ауылдың балаларымен бірге пішеншілер бригадасының бір мүшесі болып шыға келеді. Шөп шабатын тракторшының көмекшісі болған бұның ерен еңбегінің өтеуі – бір айға - бір көлік шөп, екі айға - екі көлік шөп. Сөйтіп, таңғы бестен түскі аптапқа дейін, түс қайта кешкі бестен түннің бір уағына шейін жем-шөп үшін жанталас жалғасады. Трактордың артындағы бес-алты орақ шалғысы бар КДП агрегатының соңына тіркелген сала-құлаш тырмауыштың темір отырғышына жайғасатын көмекшінің міндеті – шөпке толған тарақтың белдігін тартып қалып, белін босатып отыру. Мұндайда желге қарсы көп килікпейтін қара ала қою шаң ыққа қарай қозғалғанда онсыз да қайыстай қара Жолдасбегіміздің жылтыраған көздері мен ақ маржандай тізілген тістерін ғана қалдыратын. Десек те, шығармашылық өртіне шалдыққан пенде үшін қу тіршіліктің Құдай ұрған кез келген сәті романтикаға толы емес пе. Оның журналистика атты тылсымға деген талабы ең алғаш тап осы топырақтың шаңын тұншыға жұтып отырып-ақ тұтанған болатын. Түсінгенін қағазға түсіре қоюға жастайынан машықтанған жүгермекке мақала жазу қиын болып па? Күндердің бір күнінде шөп шабушы тракторшылардың жыл тұрмақ, апта сайынғы социалистік жарысынан оза шауып жүрген Аманжан тракторист туралы алғашқы мақаласы аудандық «Коммунизм туы» газетіне аттандап тұрып бір-ақ шығады. Тығыны осылайша тарс етіп атылған таланттың тынышсыз қаламынан бұдан былай шыға берген шағын дүниелерінен ауыл тынысының, мектеп өмірінің әрбір елеулі сәті тыс қалмаған болатын.

 Биіктерге бастаған белес

Студенттік кезеңде жапырақтай жазбамыз баспасөзде жарқ етсе - тау қопарғандай қоқиланып қалатын, ал жайлап жүріп, жұмысқа тұрғандарымыз - дүниенің төрт бұрышына тап бір өзіміз тіреу болғандай кәкірейіп кететін біздей бозөкпелер оның әке «университетінен» әлдеқашан өтіп қойғанын қайдан білейік. Әйтеуір, бес жыл бойы жазу-сызумен аса көп шатағы болмағаны анық. Сөйтсек, жастайынан тәжірибеге әбден төселген студент Шөпеғұлов журфактағы белесті жылдарын тек теориялық танымға ғана арнап жүріпті. Әкесі де оқудан өзгеге мойын бұрмауы үшін тиыннан таршылық көрсетпеген. Ендеше артынан ай құрғатпай кеп тұрған, жатақханадағы жүгермектер де жармаса жеп тұрған ақшалай «переводтың» сыры да осында. Сөйтіп, студент кезден-ақ қызметке тұрған кейбіреуіміз құсап қағынбай, орнымен жүріп оқуын бітірді. Қолына тек табақтай дипломын алған соң ғана, фамилиясындағы «ов»-ты шіреніп тұрып шертіп тастаған ол, батыл басып барып, анау-мынау емес, бірден қазақ баспасөзінің қара шаңырағы - «Егемен Қазақстандай» еңселі басылымның есігін қаққан. Құдіретті сөз өнерінің небір-небір хас шеберлерінің басын қосқан бас басылым ұжымы да тілші болып орналасқан қаламының қарымы, көзінің ұшқыны бар жас ұланды жатырқамай қабылдап, бірден бауырына басқан еді. Алайда, арада алты ай өткенде «Егемендей» үлкен мектептегі кенжелерінің бағын байлағылары келмесе да, ауыл-елге жақын жүргенін қалаған иманды болғыр қос қартының тілегін қимаған жанашыр ұлдың Атырауға оралуына тура келді. Сонда Жолдасбекке ақ жол тілеп тұрып: «Ата-ананың көңілін қалдырмаған дұрыс. Жұмыс ешқайда қашпайды. Қажет кезде сені өзіміз-ақ тауып аламыз» деп ағалық ақылын қосқан бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайылдай арда ағамыз кейін өзі басылымның бас редакторы болып тұрған шағында осы айтқанын айдай растаған. Айтқанындай, Атыраудағы алты жылға жуық уақыт ішінде облыстық «Атырау» және «Ақиқат жолы» газеттерінің экономика мәселелері бөлімінде тілші, бөлім редакторы болып жұмыс істеген Жолдасбек адамзат баласы жаңа ғасырға аяқ басардан бір жыл бұрын өзі еңбек жолын бастап, есті ұлындай еркелеткен «Егеменіне» қайтып оралды. Бұл жолы газеттің осы облыстағы меншікті тілшісі атанған. Сөйтіп, аюдай ақырған көршімізбен иықтасып жатқан, қойнауында мұнайы тұнып, бетінде бекіресі ойнақтаған тұңғиық теңізі шалқып жатса да, түрлі трансшекаралық, сан салалы экономикалық-әлеуметтік мәселелері атой салып тұрған Атыраудай алып өңірдің алдымен ақпараттық айнасына, бара-бара талдаушы тамыршысына айналған ақжолтай азамат осынау аса жауапты қызметтің жоян жүгін табаны күректей он жеті жыл бойы абыроймен арқалады. Артылған зор сенімнің үдесінен шыққан Жөкең кейіннен облыстық «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасарлығына жайғасып, бүгінде табысты еңбек етіп жатқан жайы бар. Асықпай жүріп, нық басқан, сөйтіп-ақ талай биіктерден асқан Жолдасбектей мықтының жанталасқа толы журналистік жорықтардан еншілеген қоржыны да қомақты. 1999 жылы Атырау журналистері арасында алғашқы «Жыл журналисі» атанса, 2004 жылы облыс әкімінің Тауман Амандосов атындағы сыйлығын иеленді. Одан беріде Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім, Мәдениет және спорт министрліктерінің, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамоталарымен, ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды. Ал, 2015 жылы «Ақпарат саласының үздігі» деген құрметті атақты да қанжығасына байлады бұл сабаз.

 «Көңілсіз» де көңілді көріністер

Алфавиттегі «Ф» қарпін мойындай қоймай, «журпак» пен «пилпактың» арасын жол қылып жүретін біздің қара баланың жоқ жерден «ұрынып» қалатын көріністері де жетерлік. Ондай «өнерінің» алдын журфакқа түсер жылдың жазында-ақ көрсетіпті. Ауылдан келген албырт абитуриент қалашықтағы терең бассейнге башпайларын батырып қойып, күншуақққа қара-қоңыр жүзін қыздырып, қос құлағы қалқиып, астыңғы ерні салпиып, жөнімен отырмай ма. Қасына жайғасқан қағынғыр бәле суға секіріп кеткенде қиқаң ете қалған қалақша тақтайдан ауып кеткен бұл қасқа күмп етіп, «теңіздің» түбінен бір-ақ шығады. Құдай айдап, өзімізден жоғары оқыған Юра Леухин келіп қалмағанда, бас-аяғы бес секундта бес литр суды сылқылдата сіміріп үлгерген бұл мықтының қарны қампия сол бір «тойғаны» – біткені болатын. Осылайша Атыраудың қазақтарының барлығы Каспий мен Жайықта балықша жүзіп өскен деген жаңсақ пікірді біржолата жоққа шығарыпты сусыз сары далада өскен сабазың... Жастықтықтың жалындаған бір түнінде көңілді кештен шыққан бір топ курстас қуғынбайлар тарсылдаған трамвайдың артқы жағына жайлы жайғасып алып, атақты Нұрғиса мен Адам ағаларымыздың «Аралдағы жеңеше-ай» әнін нақышына келтіріп тұрып, аңыратып келе жатқанбыз. Дәл «аққудай жеңешемізді жас балаға ұқсатып», көзімізді тарс жұмып алып, кеңірдегімізді кере «Аумайсы-ы-ың...» деп, апандай аузымызды арандай ашқан тұста көлікке милиция формасын киген бір жасақ кіре қалмай ма. Оны бірден байқап қалып, «Ауып кетіп жүрмейік, жігіттер, «адамы» кеп қалды!» деп аттанды салып, әншілік арынымызды сап тиған Жолдасбектің тентектер тарапынан өрескел бұзылған қоғамдық тәртіпті жанқиярлықпен жөнге келтіргені бар... Оқуды отбасылы болып бітіріп, курстас келіншегім екеуміз көшіп-қонудың жоспарын асыра орындап жүрген шақтарда қыс алдындағы кезекті бір құтты қоныс Каменкадан бұйырған. Енді Алматының іргесіндегі сол бір мекенге көше қоюға көліктің қисынын келтіре алмай қиналып отырғанда, курстас досымыз Ғалия Майкотованың әкесі Тілеуберген ағатай Балқаштан нән «КамАЗ»-бен зыр етіп келе қалсын. Есік пен төрдей кузовына толтыра балық тиеген екен. Бірақ, мәрт азамат еді марқұм, сөзге келместен, кешқұрым болса да балықтың үстіне азын-аулақ «құнды жиһаздарымызды» жарбита тиеп, оларды ұшып түспесін деп ұстап отыруға үй көшірісуден алдарына жан салмайтын жан жолдастарым - Жолдасбек пен Ғабит Мүсіреп үшеумізді қоса тиеп, жеткізіп салды жарықтық. Жүгімізді жайғап, енді жылы кабинаға жайғасып, кейін қарай бет түзегенде түннің бір уағы болып қалған. Қалаға кіріп, Сайын мен Жандосов көшелерінің қиылысындағы айналма жолдан сәл жоғары өрлеп барып, еңселі тұлпарын жол бойына қаңтарған бойда ағатайымыз секіріп түсіп, асығыс шаруасымен бір үйге кіріп кеткен. Аздан соң әрі-бері қысыр әңгімеден зеріккен Жолдасбек панельдегі түрлі тетіктерді түрткілеп, түгендей бастаған. Бір кезде не түлен түрткенін қайдам, болмаса, бәтшағардың есіне баяғы шөп тырмауыштың белдігін тартып қалатын ескі әдеті түсіп кетті ме, әйтеуір, төмендегі түпкірден бұралаңдай қылтиып тұрған әлдеқандай сым темірді тартып кеп қалғаны... Пыс-с ете қалған меңіреу мәшине артқа қарай жайлап жылжи жөнелсін. Кабинада дүрбелең басталды да кетті. Жандәлбес далбасалай, үшеуміз кезектесе қос аяқтап басқан тежегіш те бұйым болар емес. Әйтеуір Құдай сақтағанда, еркін екпін алмады. Әпсәтте әп-әдемі отырысымыздың әлем-тапырығын шығарған дәу дүлей көліктер ағылып жатқан айналмаға шығып кетпей, я болмаса, таяу тұрған үйдің қабырғасын гүрс еткізбей, он-он бес метрге шабандау шегініп барып, жиекте жатқан қойтасқа қорс етіп тіреліп қалмағанда – курстасымыздың көкесін көресінің қандай «көкесіне» душар ететінімізді ойласақ, әлі күнге дейін төбе шашымыз тік тұрады. Мәшине тоқтағасын, әйтеуір, қорыққанымыз ба, сасқанымыз ба, үш бейбақ отырып алып, жын ұрғандай, ішегіміз түйіліп, көзімізден жас парлағанша ессіз күлкіге ерік бергенбіз. Бассейн «апатынан» аман қалғанда да мұншалықты көңілденуге мұршасы келмеген болар батырдың... Кезінде Атыраудан ұшып шыққан әкесінің Алматыдағы қалың тұманның  салдарынан сол кездегі Фрунзеге барып қонған ұшақтан түсіп қалып, қырғыздың астанасынан туысының үйін іздеген қызығын жыр қылып айтатыны бар-ды. Кейіннен шетел асқан сол оқиғаны өзі сонау Америкада ірі масштабта жаңғыртқан. Арнайы іс-сапармен Калифорния штатында болып, қайтар жолда Сан-Франциско қаласының әуежайындағы ұшаққа шыға берісті шатастырып, рейстен қалып қойған Жолдасбектің Сэм ағайдың ауылында аудармашысыз қалып, артығымен бірнеше тәулік түнегенде басынан кешкендері де – өз алдына бір хикая.

Кемелдік кілті

«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, Жолдасбек өзінің қарапайым қалпымен, биязы болмысымен әсіресе қыздар қауымына майдай жаққан. Тіпті, сұлу көрсе, табан астында тілі түскірі күрмеліп, тұтығып қалатыны да бар сабаздың. Десек те, сол құрбы-құрғырларды құрмет атаулыдан кенде қылмай, қалтасынан үнемі үзілмейтін тиын-тебенге студенттер қалашығындағы «Комбинат питания КазГУ-град» атты май сорпалы мекемеге қаздай тізіп апарып жүріп, бес жыл бойы «бордақыласа» да, Жөкеңнің жүрек түпкіріне сары алтындай сақтап жүрген сыры бөлек екені кейін белгілі болды. Сөйтсек, мұндағы қаптаған көп қалқатайдың біріне де селт етпеген от сезімін ол он жыл бойы бірге оқыған кластасы Нұргүл сұлуға мектеп партасында отырып-ақ мәңгілікке арнап қойған екен. Ал, осыдан кейін адал махаббат дегенді жоққа шығарып көріңіз! Бесінші курста отау құрған Ғабит досымыздың тұңғышын перзентханадан шығарып алу шарасына жаны қалмай атсалысқан Жолдасбек сәл кейінірек курстас келіншегімнің аяғы ауыр екені туралы жүрекжарды қуанышымды да алғашқы болып бөлісіп, жақсы жаңалықты атап өту операциясының бел ортасында белсене жүрген болатын. Осылайша оқудың теориялық әдістерінен, нәзік жандылардың көңілін табу қарекеті мен сәбилі болудың бақытынан жинақтаған орасан мол тәжірибесі ел жаққа жетіп, жұмысқа тұрғанда да, сүйгеніне сызылып сөз саларда да, екеуі егіз туған төрт баласы дүниеге келген қуанышты кездерде де кәдеге асқанына күмән жоқ. Қазір ол – берекелі әулеттің берік тірегі, ұйыған отбасының үлгілі отағасы, мықты маман, білікті басшы. Кезінде біз оны өнер серкелеріне ұқсататынбыз. Ал бүгінде журналистикаға құмартқан жас өрендердің құйқалы өңірдің құнарлы топырағынан нәр алып, ауылдың қарапайым қара баласынан адаспай таңдаған төл кәсібінің айшықты тұлғасы болып қалыптасып, ердің жасын да кемелдене еншілеген жігіт ағасына айналған Жолдасбектей жарқын досымызға ұқсағылары келетіні қуантады.

Серікқали Мұқашев